• Білім және ғылым
  • 14 Қараша, 2019

Рухани жаңғыру өзегі – тіл

Еліміз Тәуелсіздік алғалы жиырма сегіз жыл ішінде көптеген табысқа жеткені сөзсіз. Оның ішінде мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруда игі қадамдар жасалды. Соңғы жылдары іске асырылып жатқан – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы да рухани құндылықтарымызды түгендеуге, ғылыми тұрғыдан зерттеуге байланысты ауқымды жұмыстармен жалғасын тауып отыр. Бұл орайда қазақ тілі де рухани жаңғырудың өзегі ретінде қарастырылып, оның аясындағы құндылықтарға ерекше назар аударылуда. Елбасы «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп өз мақаласында, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты өз жанынан «Рухани жаңғыру» ғылыми-тәжірибелік орталығын ашып, салт-дәстүрді, тіліміз бен діліміздің қадір-қасиетін жастар бойына сіңіруде көп істерге ұйтқы болуда. Осы ретте институт қабырғасында атқарылып жатқан іс-шаралар легіне тоқтала кетейік. 

ІЛКІМДІ ІСТЕР, МАҢЫЗДЫ ҚАДАМДАР

Алдымен қасиетті тілімізге қатысты дүниелерді айтайын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деген ойын білдірді. «Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп нақты тұжырымдады. Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру бағытында әлі де көптеген жұмыстарды жүзеге асыру керек екені түсінікті. Біз оқу мекемемізде осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, Тіл айлығын өткіздік. Ол бірнеше шаралармен көрініс тапты. Соның бірі – «Тіл – тіршілігімнің тірегі» деген зияткерлік байқау. Студент жастардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру, тіл мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыруды көздейтін байқауға 2, 3 және 4 курс студенттері қатысты. Әртүрлі тапсырмаларды орындап, алғырлық пен тапқырлықтарын көрсетті. Сирек кездесетін сөздердің мән-мағынасын түсіндірсе, енді бірде мақал-мәтелдердің жалғасын айтты. «Сөз жұмбақ», «Ой ұшқырлығы», «Еркін пікір алаңында» ой бөлісу, «Мақал-мәтелдің жалғасын табу» тақырыптарындағы ой-пікір сайыстары ұтымды шықты. Тіл айлығы шеңберінде «Тілім менің тірлігімнің тірегі» байқауы, «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Тіл – айбыны әр ұлттың» суреттер көрмесі, «Тіл – ұлттың негізі» тақырыптары да кеңінен қамтылды. Сондай-ақ институтымызда зиялы қауым өкілдері­мен де кездесулер өткізіліп тұрады. Мұндай шаралардың тағылымдық мәні қашанда бөлек. Сөзіміздің дәлелі ретінде көрнекті ғалым әрі ақын Нәсіпқали Сейітовпен өткен жүздесуді айтсақ та жеткілікті. «Тіл тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында ұйымдастырылған басқосу мәнді өтті. Кеш қонағы 150-ден астам ғылыми, оқу-әдістемелік, ғылыми-танымдық, анықтамалық еңбектің авторы. Бірнеше монография, оқулық пен түсіндірме сөздіктердің сыртында жыр жинақтарының да авторы. «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен және медальдарымен марапатталған. Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетінің тапсырысы негізінде осыдан төрт-бес жыл бұрын дайындалған 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер топтамасын жасауға елеулі үлес қосқан тұлға. Студенттермен кездесуде Нәсіпқали Сейітұлы жемісті еңбек жолынан сыр шертті. Ана тіліміздің өзекті мәселелері жөнінде әңгіме өрбітті. Өлеңдерін оқыды. «Шетел тілдері» кафедрасының меңгерушісі, ғылым докторы Нұрайна Қақпанбаева, «Экономика және кеден ісі» кафедрасы меңгерушісі Алмас Садықов, оқытушы Болат Қадыров кездесудің маңыздылығы жайында өз ойларын қосты. Сөз соңында ақын ағамыз өз ризашылығын білдірді. Қазақстан Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлі­гінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» ақционерлік қоғамы министрлік тапсырысына сәйкес жоғары оқу орындарындағы оқыту тиімділігі мен түлектердің еңбек нарығындағы жетістіктері жайында зерттеу жүргізіп, рейтингілерін жариялаған еді. Зерттеуге Қазақстандағы 101 жоғары оқу орны алынып, олардың 2015-2017 жылдары бітірген түлектерінің жұмысқа орналасуы, еңбек ақылары мен тәжірибелері, дуальды білім берудің нәтижелері, т.б. факторлар негіз болған. Осы рейтингілік жоғары талаптан еліміздің 20 жоғары оқу орны үздік деп танылса, соның бірі – Атырау инженерлік-гуманитарлық институты болды. Міне, осындай жетістігі бар оқу орны студенттерге сапалы білім мен тәлімді тәрбие беріп қана қоймай, ­бойында өнері бар жастардың шығармашылығын одан әрі дамытып, дарынды студенттерді анықтау мен қолдауға көңіл бөледі. Осы орайда «Біз таланттарды іздейміз!» атты байқау келешегінен мол үміт күттіретін жастарды анықтауға мүмкіндік берді. Байқау бірнеше аталымдар бойынша әр факультетте өткізілді. «Институтта «Саналы ұрпақ», «Дипломат», «Сырғалым» және т.б. ұйымдар мен «Оқуға міндетті 100 кітап» үйірмелері жұмыс істейді» дейді институттың жастар ісі және тәрбие бөлімінің басшысы Алтынай Түгелбаева.

КІТАП ОҚУ –  САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ

Жастар тәрбиесінде ерекше мән берілетін дүние – олардың кітап оқуы, жалпы осынау рухани байлық көзіне деген талғамы мен ықыласын қалыптастыру. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамымызда кітаптың алдына ұялы телефон, компьютер, ғаламтор, смартфон дейтін құралдар шығып кетті. Әрине, айналысқа енген жаңа технология мен техникалардың жетістіктері қажет те болар. Бірақ, кітаптың орнын алмастыра алмасы белгілі. Жастар кітап оқудан алшақтап барады дегенде біз сол кеңестік дәуірдегі кітап оқу деңгейін және кітап оқу мәдениетін еске аламыз және салыстырамыз. Бүгінде мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік қызметкерлер не керектің барлығын ғаламтордан алатыны анық. Кітаптан алыстап бара жатқан ұрпақ үшін жасалып отырған «Бір ел – бір кітап» шарасының мәні зор деп білеміз. Осы акция аясында өткен оқу жылында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Осы ретте Елбасымыздың бастамасымен аударылып жатқан «100 жаңа оқулық» жобасы дер кезінде жүзеге асырылуда деп білеміз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес үстіміздегі жылдың 1 қазанынан бастап оқу жылы аяғына дейін Атырау инженерлік-гуманитарлық институты мен коллежінде «Оқуға міндетті 100 кітап», «100 жаңа оқулық» жобалары бойынша іс-шаралар қолға алынды. Барлық студенттеріміз бен оқытушы-профессорлар құрамы арнайы тізімдегі кітаптарды 2019–2020 оқу жылында оқуға кірісті. Арнайы жоспарға сәйкес оқылған кітаптар бойынша пікір-сайыс сағаттары, семинар-тренингтер өткізілмек. Айта кетейік, институт кітапханасының кітап қоры – 160359 дана, оның ішінде оқу-әдістемелік құралдар – 98723 дана, ғылыми-әдістемелік құралдар – 61636 дана. Мемлекеттік тілде – 114098 дана кітап бар.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жақсы нәтиже береді деп сеніммен айтамыз. Алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау. 2018-2019 оқу жылынан ­ба­­­стап студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастады. «100 жаңа оқулық» аясында аударылған 48 кітап институтқа келді. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық бойынша «Рухани жаңғыру» жобасы аясында институт кітапханасына 2018 жылдан бері екі мыңға жуық кітап кітапхана қорын толықтырды. Институт кітапханасының оқу залы 150 адамға шақталып, интернет желісіне тіркелген. Студенттер саны – 2023, педагог қызметкерлер барлыгы 80 окытушы. Кітапханада кітап оқуға, электрондық басылымдармен танысуға барлық жағдай жасалған. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі де «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, латын әліпбиін жастар жақсы қабылдауда. Институт қабырғасында осы тақырыпқа арнап ай сайын шаралар өткізіп келеміз. Студенттер диктант, эссе, шығарма жазып, өз дағдыларын шыңдайды. Түйіндей айтқанда, мемлекеттік тіл – ұлттық сананың ең басты кілті. Осы қағиданы әрбір жастың санасына сіңіріп, бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыра білсек, жарқын келешекке кемел жетістіктермен жетеріміз хақ.

Ермек БИҒАЛИ, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, ҚР Ақпарат саласының үздігі

1312 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы