• Қоғам
  • 14 Қараша, 2019

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ – ҚАЖЕТ ІС

Жаңа жылда жалпы денсаулық сақтау саласына бюджеттен бөлінетін қаржы айтарлықтай артады. Қазынадан қаралатын қаражаттан бөлек, медициналық ұйымдарға Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан да қосымша  ақша бөлінеді. Сонымен қатар, аймақтар медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін жаңа  нысандар ашып, дәрігердің жүктемесін төмендетпек. МӘМС жүйесімен қатар өңірлерде тағы қандай өзгерістер болады? Бұл жайында біз Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтан білген едік. 

– Марат Сейтбекұлы, Жамбыл об­лы­сында жеңілдік жасалған 15 санат­қа қанша адам кіреді және оларға МӘМС пакетінен бөлек, өзге де қымбат медици­налық қызметтер тегін көрсетіле ме? – Облыстағы халықтың 58 пайызы жеңілдік жасалған 15 санатқа кіреді. Олар: зейнеткерлер, 18 жасқа дейінгі балалар, жоғары оқу орындарының студенттері, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, жүкті әйелдер немесе үш жасқа дейін бала күтімімен отырғандар, сотталушылар, жұмыссыздар мен жұмыссыз оралмандар. Медициналық сақтандыруы бар адамдарға медициналық көмектің барлық түрі, оның ішінде жоспарлы стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту, диагностикалық-кон­суль­тациялық көмек, медбике күтімі мен паллиативтік көмек көр­сетіледі. Біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы Қазақстан азаматы өзі таңдаған емханада емделеді, ал шығынды Қор өтейді. Екіншіден, тегін ме­дициналық көмектің кепіл­ден­дірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында азаматтар қосымша төлемдердің барлы­ғынан босатылады. Үшіншіден, ме­дициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтер, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар туралы ай сайын ақпарат алуға болады. Төртіншіден, сапасыз қызмет көрсетілсе немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қаты­сушылардың құ­қығы бұзылған жағ­дайда Қор олардың мүдделерін қорғайды. Бесіншіден, МӘМС жүйесін енгізу көрсетілетін меди­циналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. – Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры МӘМС жүйесі бойынша Жамбыл облысына қанша қаржы бөлмек? – Қаржы қажеттілікке қарай бөлінетінін ескеруіміз керек. Жаңа жылда жалпы денсаулық саласының бюджеті 13 пайызға артады. Яғни қазір медициналық көмекке бөлінетін облыстық бюджет 51,8 млрд теңге болса, МӘМС қорының Жамбыл облысындағы филиалы арқылы қосымша 10 млрд тенге бөлінеді деп жоспарлануда. Бұл қаржыға қымбат диагностикалық көмек және зеттеулер, КТ, МРТ және оңалту емі, күндізгі стационарлық көмек көрсетіледі. – Тұрғындардың денсаулық сақтау, емделуге жұмсайтын жеке шығындары үнемделе ме? – Сақтандыру халықтың қалта­сынан шығатын шығындарды қыс­қартуға емес, оның өспеуіне әсер етеді. Олай дейтін себебім, халық саны алдағы уақытта да артады, соның ішінде медициналық қызметтерді көп пайдаланатын балалар мен қарттар қатары көбейеді. Бұған қымбат технологияларды қосыңыз. Сонымен қатар, медицина үздіксіз даму үстінде, болашақта медициналық сақтандыру, кепілдендірілген тегін медицина­лық көмек пакеттерінен бөлек жаңа қызмет түрлері пайда болады. Осының бәрі жұрттың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығындарына әсер етері сөзсіз. – Денсаулық сақтау министрлігі ­инсульт, инфаркт, ауыр жарақат алған немесе күрделі ота жасатқан нау­қас­тарды оңалту көмегін дамыту үшін қыруар қаржы қарастырып, осы салаға көп көңіл бөлмек. ­Жамбыл облысында оңалту орталықтары жеткілікті ме, қанша адам мұндай көмекке мұқтаж? – Жамбыл облысында да оңалту орталықтары жеткіліксіз. Сақтандыру жүйесінің мақсаты – оңалту көмегін қолжетімді ету. Жаңа жылдан бастап облыстық және қалалық ауруханаларда оңалту орталықтары ашылады. Сонымен катар, жекеменшік нысандарда да оңалту-медициналық көмегі көрсетіледі. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Б.Мұратқызы

2862 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы