• Тарих
  • 21 Қараша, 2019

НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ

Серік ҚИРАБАЕВ, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

1965 жылдың жазының аяқ кезі. Белгілі мүсінші Хакімжан Наурызбаев 40 жасқа толғанын атап өтемін деп үйіне қонақ жинады. Біз де шақырылған едік, бірақ сенбі күні бірнәрсе қабаттасты да, бара алмай қалдық. Ертеңіне демалыс күні, ­Хакім­жанды құттықтап қайтуды ұйғардық. Хакімжанмен біраздан бері танысып, жолдас боп жүргенбіз. Әйелі Арсангүл менімен институтта бірге оқыған. Оған қоса өткен жылы Сочидің түбінде Хостада бірге демалып, жақындаса түскенбіз. Қырық үлкен жас болмағанмен, өзі атап өтуді ұйғарып, біраз адам жинаған соң, елемеуге ­болмайды. Оның үстіне таяуда ғана Педиатрия институтының қорасынан (қазіргі Орманов көшесі) екі қабатты үй, өзіне шеберхана салып кірген. Біз кіріп, құттықтап, үйін, шеберханасын аралап көріп, әңгімелесіп отырғанда, сыртқы есіктің қоңырауы ­шырылдады да, Нұртас Оңдасынов келіп кірді. Кәдімгі бала кезімізден жиналыстардың төрінен көріп, сырттай көзіміз қаныққан, 13 жыл Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы болып, Жұмабай Шаяхметовпен бірге істескен Нұртас Дәндібайұлы. Ол кісі орнынан босап, Мәскеуге Жоғарғы Партия мектебіне оқуға кеткеннен кейін көп көріне бермейтін. Оқудан кейін аз уақыт Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы болып істеді де, Гурьев облысына кеткен. Сол жақтан зейнетке шықты деп естігенбіз. Мәскеуге тұрақтап, тіл мәселесімен шұғылданып жүргенінен, «Арабша-қазақша», «Парсыша-қазақша» сөздіктер шығарғанынан да хабарымыз бар-ды. Бұрын бетпе-бет кездесіп, тілдескен, дәмдес болған адамымыз емес. Енді, міне, халық сүйген қазақтың бір үлкен перзентімен кездесіп қалдық. Біз орнымыздан тұра сәлемдестік. – Бұл кісі – менің әкем, – деп таныстырды Хакімжан. «Қалай әкесі болады. Әкесін біз білетін едік қой». Ойда сұрақтар көбейді. Мұны сезген Хакімжан қысқа ғана Нұрекеңнің өзіне жасаған әкелік қамқорлығын, сол кісінің арқасында мамандық алып мүсінші болғанын, содан бері әке тұтатынын, әдейі шақырып кеше өзінің 40 жылдығына қатыстырғанын айтып өтті. 

1942 жылдың қысында, Екінші дүниежүзілік соғыстың нағыз дүрілдеп тұрған кезінде Нұрекең Қостанай облысына барады. Онда Ұзынкөл ауданында болады. Аудандық атқару комитеті төрағасының кабинетінде саз балшықтан жасаған Абай мен Жамбыл мүсінін, қой, ешкі, жылқы, түйе сияқты үй жануарларының бейнесін көреді. Оны қызыға қарап, кім жасағанын сұрастырады. «Осында бір 16 жасар ат бағушы бала бар. Соның суреттері» дейді аудан иесі. Нұрекең баланы шақырып сөйлеседі. «Осының оқуына жіберейін» дейді. Саздан мұндай мүсін жасауды оқусыз-ақ жасаймын деп ұққан бала оқуға көнбейді. Нұрекең оған мүсін деген өнердің үлкен түрі екенін, қазақта әзірше мүсінші жоғын, оқып, білім алса, үлкен өнер иесі болып кететінін түсін­діреді. Әуелде тәтті басталған әңгімені бала бұлдана берген соң, қаттырақ сөйлесуге бұрады. Бала үлкен кісіні ренжітіп алғанына ыңғайсызданып: – Ойланып көрейін, – дейді. Содан келесі жылдың (1943) жазында Нұрекең­нің тапсырмасымен Хакімжанды оқу министрі Ә.Сембаев шақыртады. Ол Нұ­рекеңе алып келеді. Ол сол кезде соғыстың әсе­рінен Алматыға қоныс аударған үлкен суретші, мүсіншілермен таныстырады. Бәрі ақылдасып, Алматыдағы Көркем сурет училищесіне орналастырады. Ольга ­Николаевна Кудрявцева деген Харьковтен келген мүсіншінің жетекшілігімен училищеге осы мамандық бойынша жалғыз оқушы болып түседі. Училищені бітірген соң Хакімжан Харьков Көркем сурет институтына түсіп, Мухинаның жетекшілігімен оқиды. Осының бәріне Нұрекең қамқорлық жасайды. Сол кісінің айтуымен Хакімжан Алматыда, Мәскеуде, Украинада сурет, мүсін өнерінің көр­мелерін аралайды. Нұрекеңнің Хакім­жанға қамқорлық ­жасау мақсатымен әркімге жазған хаттары сақталған екен. Әңгіме үстінде Хакімжан оның Мухинаға жазған бір хатын әкеп оқыды. Бұл әңгіме бұрын да аты ел аузында жүрген азаматтың қалдырған игі істері жөнінде көп естіген бізге оның тұлғасын тіпті биіктетіп көрсетті. Сол күнді біз Нұрекеңнің қа­сында өткіздік. Оның әңгімелерін жалықпай тыңдадық. Өзіміз бұрын естіген кейбір әңгімелерді сұрақ арқылы қайта қозғап қойып, шын жағдайларына қанықтық. Асықпай, баппен әдемі сөйлейтін кісі екен. Тілді де таза, нағыз қазақы қалпын бұзбай, орысша араластырмай сөйлейді. Кетерде біз көп жыл сағынысып көрісіп, шер тарқатысқан бауырларша айырылыстық. Нұрекеңе риза болғанымыз соншалық, мен оны қонаққа шақырдым. – Нұреке, есіміңіз халық жадында сақталған үлкен ел ағасысыз ғой. Сізбен танысып, әңгімелеріңізге қанық­тық. Ризалықпен, қуанып кетіп барамыз. Мына балаңыз Хакімжан – біздің досымыз. Бір үйге келіп, бір үйден қайтпаңыз, уақытыңыз болса, бізге қонақ болып кетіңіз, – дедім. Нұрекең келісім берді. Ертең оны Хакімжандар алып келуге келісті. Мен үйге келіп, Әбділда Тәжібаевқа телефон соқтым. Жас кез­дерінде интернатта бірге оқығанынан бастап, қарым-қатынас­тарын үзбеген достар екенін білетін едім. Әбекең талай әңгіме қылатын. Кешегі Хакімжан үйіндегі кеште де бірге болғанын естідім. Әбекең мен Сара апам да келуге уәде берді. Сол кешті тағы да бірге өткіздік. Ертеңіне Әбекең (Әбділда) үйі шақырды. Сонымен мен Нұрекеңмен бірге өткен үш күннің (кеш) куәсі болдым. Бәріміздің қонағымыз – Нұрекең. Негізгі әңгімені сол кісі айтады. Біз әңгіме тақырыбын нұсқап, кейде сұрақ беріп, қозғау салып қоямыз. Сол өзім, өз құлағыммен естіген, бүгінгі көзі тірі Хакімжан мен Арсангүл куә болған кейбір әңгімелерді еске түсіріп көрейін. Бұл әңгімелер Нұрекеңнің азаматтық, қайраткерлік, халықтық тұлғасын аша түсуімен бірге, ол өмір сүрген заман, ­замандастары туралы ұғым-түсінікті кеңейте түседі ғой деп ойлаймын. Нұрекең кешегі Сталин заманында, ­саяси бюроның басшылығымен, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовпен (осы қызметке қазақтан шыққан бірінші адам) бірге істеген адам ғой. Ол Шаяхметовпен бірге Сталиннің қабылдауында болған, әртүрлі жиналыстарға қатысқан. Саяси бюро мүшелерінің көбінің қабылдауында ­болып, Қазақстанға қатысты мәселелерді шешкен, соның ішінде өз тұсындағы Министрлер кеңесінің төрағасы, өзінің тікелей бастығы В.М.Молотовпен, оның орынбасарлары А.И.Микоянмен, А.Н.Косыгинмен, Мемлекеттік Жоспарлау комитетінің бастығы К.Н.Бай­­баков­­пен жиі кездескен. Олар­дың бас­шылық биік қабілетін, адаммен жұмыс істеудегі әдіс-амалын көрген. ­– Олар­,­ – деді Нұрекең бір әңгімесінде, – адамның жағдайын түсінетін, оның үлкен жиналыстарда қысылмай, шындықты дұрыс түсіндіруіне мүмкіндік беретін психолог кісілер еді ғой. Осыған мысал ретінде ол В.М.Молотовпен өткен бір жиналысты есіне алды. Қазақстан үкіметіне жаңа басшы болып келген кезінде оны Мәскеуге, Молотовта өтетін мал шаруашылығын өркендету ісіне байланысты бір жиынға шақырады. Жиынды В.М.Молотов өзі басқарады. Нұрекең сөз сөйлей бастаған кезде ойламаған жерден И.В.Сталин кіріп келеді. Атағы үлкен, қаһары қатты көсемді бұрын көрмеген Нұрекең оның айбарынан-ақ сескеніп, абдырап қалады. Мұны сезген Молотов дереу үзіліс жасап жіберіп, ­Сталинге: «Қазақстан үкіметінің жаңа басшысы, мал шаруашылығын жақсы біледі» деп таныстырады. Қатысушы­лардың қысы­лып қалғанын байқаған Сталин де: «Тыңдайын деп келіп едім, Вячеслав, артынан өзің айтарсың» деп шығып кетеді. Осындағы жиналыстың атмос­ферасын тарылтпай, елді қорқы­тып, үркітпей, кең ұстауға, еркін сөйлеуге жағдай жасаған екі басшының психолог екенін Нұрекең риза сезіммен әңгімеледі. Молотовпен қарым-қатынасы жайлы сұрағанымызда: – Қызмет бабымен талай кездестік қой. Оның іскерлігін, шешім­ділігін айтпай-ақ қояйын. Ол кісінің үлкен бір адамгершілігін, маған жасаған жақсылығын айтайын, – деді Нұрекең. – 1951 жылы, 13 жылдан кейін мен Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының қызметінен босадым. Мәскеуге партия мектебіне оқуға баратын болдым. Мәскеуге барған соң Молотовқа телефон соқтым. Ол кісі трубканы өзі көтерді. Амандасып, қабылдауын өтіндім. ­– Қандай жұмыспен? – деп сұрады ол. ­– Өзімнің­ жеке шаруаммен. – Онда кешкі сағат алтыда келіңіз. Мені дәл алтыда қабылдады. Ол кісілер уақыт режимін қатты ұстайтын еді ғой. Мен кабинетінің есігін ашып кіре бергенімде, өзі орнынан көтеріліп қарсы жүрді де, қол алысып, амандасып жатып: – Не болды, жолдас Оңдасынов, не болды? – деп қайталап сұрады. Мен «ешнәрсе болған жоқ» деп, қызметімнен босап, оқуға келгенімді айттым. О кісі абыржыған қалпынан байсалды күйге түсті де: – Мен бірнәрсе болып қалды ма деп қорқып ем. Сізбен біз ұзақ жылдар қызметтес болдық. Сонда сіз бір рет те жеке басыңыздың мәселесін қозғамап едіңіз. Бүгін «жеке басымның шаруасы» дегенге бірдеңе болып қалды ма деп шошығаным сол еді. Оқығаныңыз дұрыс. Оқу еш уақытта кештік жасамайды. Мүмкіндік берсе, мен де оқыр едім, – деп күлді. Жақсы әңгімелесіп тарастық. Менің қызметіме рақмет айтты. Кешікпей И.В.Сталинге қол қойдырып, «Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Д.Оңдасыновтың оқуы туралы» қаулы алдырып берді. Мәскеуден үш бөлмелі үй бергізіп, алып жүрген жалақымды сақтады. Үкімет гаражынан көлік мінуіме рұқсат етті, – деді Нұрекең. Одан әрі Молотовпен қазір де кездесіп қалып жүретінін айтты. – Бір рет ­поликлиникада кездестім. Мен барсам, дәрігердің алдында кіру кезегін күтіп отыр екен. Сәлемдесіп, «Қазақстаннан Оңдасынов қой» дегенімде: – Есімде, жолдас Оңда­сынов, есімде, – деп жауап берді. Аз отырып, дәрігерге кірудің кезегі жеткенше әң­гімелестік. Мен: «Сіздің мемуарлық кітабыңыз шықты деп естіп едім» дегенде: – Жазып жүрген ­мемуарым бар екені рас. Бірақ оны менің көзім тіріде бас­пайды ғой. Шыққаны бекер, – деді. Тағы бір рет В.И.Ленин атындағы кітапхана залында кездестірдім. Онда жазып жатқан естеліктеріне материал қарау үшін барады екен. – Менің үкімет басшылары ішінде көңіліміз жақын, үй-ішімен араласқан адамым – А.И.Микоян болды, – деді бір сөздің кезегінде Нұрекең. – Молотовты үнемі мазалай бермейміз. Сонда мәселені Микоян шешіп беретін. Бөгде сөзі жоқ, тік айтып, шаруаны тез бітіретін. 1948 жылы Қазақстанға келгенде жақсы танысып қалып едім. Кейін Мәскеуде де араласып жүрдік. 1962 жылы әйелі өліп жатқанда, оны жерлеуге мұрсат бермей, Хрущев Кубаға, Кариб дағдарысын басуға жіберді ғой. Сонда шығарып салып едім. Қиналып кетті. Зейнетке шыққан соң Микоян одақтық дәрежедегі зейнеткерлер қоға­мын басқарды. Мен де Мәскеу қала­лық зейнеткерлер ұйымының жұмысына қатысып жүрдім. Сонда да ескі беделімен көп мәселелердің шешілуіне көмектесіп жүрді. Кезінде Нұрекеңнің Қазақстанның халық шаруашылығын көтеруге, мәдениетін өркендетуге сіңірген еңбегі жөнінде көп айтылған. Ол соғыс­тың қиын кезінің өзінде талай өндіріс пен мәдениет ошақтарын ашуға көмектескен. Теміртаудағы алғашқы құрыш, магнит­каның салынуы, Мойынты-Шу темір жол құрылысы, Консерватория мен Қыздар институтының ашылуы, Опера және балет театры үйінің іске қосылуы, Ұлттық Ғылым академиясы үйінің іргетасын қалау сияқты ұлы істердің басы-қасында Нұрекең болған. ­­Ж.­Шаяхметовпен­ ақылдасып, бюрода келісіп алғаннан кейін осылардың орындалуына тікелей өзі жүрген. Соның бір мысалы ретінде ол Л.П.Бериямен сөйлескенін еске алды. – Мойынты-Шу жолының құрылысы жөнінде әуелде Мәскеуге хат жазып ек, «Мұның жергі­лікті ғана маңызы бар» деген қысқа жауап алдық, – деді ол. – Енді оның соңына түсу керек болды. Жолдың картасын түсіртіп алып, Қазақстан үкіметі атынан жол қаты­настары министрінің атына хат жазып, Мәскеуге бардым. Министр мені қабылдады да, бірден: «Мемлекеттік ­жоспар бекіп кетті. Менде басы артық ақша да, техника да жоқ» деп жылай бастады. Мен одан ақша да, техника да сұрамайтынымды айтып, қағазға қол қойып беруді сұрадым. Ол: «Госплан көнбейді ғой» дейді. Мен тағы да: «Мынаған қол қойып бер, госпланды өзім көндірем» деймін. Ақыры қол қойғызып алдым. Одан соң білетін адамдармен ақылдасып едім. Олар: «Жоспарға Сталин қол қойған жоқ. Ол Берияның қолында. Сонымен сөйлесу керек» деді. Мен Берияға телефон соқтым. Ол: «Ертең сағат 6-да кел» деді. Бірақ ертеңіне де, оның ертеңіне де қабылдаған жоқ. Үш күн тостым да, өзіне тағы телефон соқтым. – Мұнда қанша боласың? – деді ол бірден. – Ұзақ жүретін уақытым жоқ. Самолет күтіп тұр. Барлық мәселе шешілді. Бір-ақ мәселе қалып тұр. – Ол қандай мәселе? Сол-ақ екен, мен Мойынты-Шу жолын салудың қажет­тігін, оның Оңтүстік пен Солтүстік Қазақстанды жалғайтынын, жол болса қатынас ұлғайып, экономикаға зор ықпал ететінін айта бастадым. Мені үнсіз тыңдаған Берияның сөзімнің аяғын бітіртпей: – Бәрін де түсіндім. Барлық құжаттарды менің көмекшіме жет­кізіңдер. Мойынты-Шу жолы қалтамда деп есепте. Үйіңе қайта бер, – демесі бар ма? – Мен Орталық комитет пен үкіметке Мойынты-Шу жолы бесжылдық жос­парға кірді деп айта алам ба? – Айта бер. Рақметімді жаудырып, елге қайттым. Он төрт күннен кейін бекіген жоспар келді. 10 миллион сом бөлініпті. Әрине, ол ақша жетпейтін еді. Біз құрылысты «халықтық» деп жариялап, ішкі мүмкіндіктерімізді пайда­ландық. Ал құрылыстың ішкі қиын­­дықтары да аз емес еді. Құрылысқа қажет су табу да оңай болған жоқ. Көптің көмегімен оны да шештік. Нұрекеңнің Мәскеуден оқудан келгеннен кейін 1954 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы болып сайланғанын, бірақ онда ұзақ істетпей, Гурьев облысына жіберілгенін білетін едік. Саяси бюро мүшелерімен таныстығы жайлы айта отырып, оның себебін де Нұрекең өзі түсіндірді. – 1961 жылы Н.С.Хрущевтің ұсынысымен Оңтүстік Қазақстанның мақта өсіретін үш ауданы Өзбекстанға берілгенін білесіңдер. Бұл әңгіме мен Жоғарғы кеңесте істеп жүргенде көтерілген. Оған мен қарсы болып, көнбегем. Хрущевтің маған өшігіп жүргені сол. Мен Гурьевте істеп жүргенде, 1961 жылы Хрущев Қазақстанға келді. Республиканың 40 жылдығына арналған жиналысқа қатынасты. Кешкісін үкіметтің №2 демалыс үйінде болған қабылдауда, қолында арағы бар маған таяп келіп: «Сен мақта өсіретін үш ауданды Өзбекстанға беруге үнемі қарсы болушы ең, ертең Жоғарғы кеңестің мәжілісінде соны шешеміз» деді. Мен орнымнан тұрдым да: «Егер мен үкімет басында болсам, бүгін де қарсы болар едім» дедім. Ол ашуланған қалпы қабылдаудан кетіп қалды. Осыдан кейін Хрущев менің соңымнан қалмады. 1962 жылы Қазақстанға келгенде менің сөзіме жармасып, Гурьев облысын өркендету жөніндегі ұсынысымды күлкіге айналдырды. Онда мен Маңғыстаудағы мұнай көзін кеңейту, барлау мен өндіруді қатар жүргізу, Маңғыстаудағы түрлі-түсті ­тастар қорын құрылысқа пайдалану, осы міндеттерді орындау үшін оған темір жол салу мәселелерін көтеріп едім. Хрущев: «Сен, Оңдасынов, өзгермеген екенсің, жаңа жағдайды түсінбейсің» деп балағаттады да, менің ұсыныстарыма қарсы шықты. Мен мәжілістен кейін зейнетке кететінімді айтып, арыз бердім. Алайда, өмір менің айтқандарымды дұрысқа шығарды. Қазіргі Маңғыстауды өздерің білесіңдер, – деп аяқтады сөзін Нұрекең. Консерваторияны ашарда Нұрекең К.Е.Ворошиловтың қабыл­дауында болған. Соғыс кезінің жетім­сіздігіне қарамай, Нұрекеңді сыйлаған Климент Ефремович Консерваторияны ашу жөніндегі ұсынысқа қол қойып берген. Бір сөздің ретінде мен Жұмабай Шаяхметов жөнінде сұрадым. Кезінде абыройлы басшы болғанын білетін едім. Алайда, орнынан түскен кезде Мәскеуден келген басшылар мен кейбір жергілікті адамдар әртүрлі сөздер айтып жүрді. Нұрекеңнің үкімет басшысынан кетуін Жұмекеңнен көрген деген әңгімелер естідік. Алайда, Нұрекең Жұмекеңнің атына бір ауыз теріс сөз айтқан жоқ. ­– О кісімен мен 13 жыл бірге қызмет істедім. Қояр кінәм жоқ. Ұйымдастырушылық қабілеті күшті, қарамағындағы адамдарға талап қоя білетін, өз қызметіне зор жауап­кершілікпен қарайтын, іскер адам еді. Ел қамын көп ойлайтын. Өз басына, денсаулығына көңіл бөлген емес. Кейін аурулы болды ғой. Ол кезде бәріміз де өз жайымызды ойламай, үкімет, халық жұмысы деп шаптық қой. Бір құмары болатын. Ол – қарта ойнау еді. Оны да таңдап, талғап, сенген адамдарымен ­ойнады. Маған да үйренуді ұсынатын. Бірақ мен үйрене алмай кеттім, – деді Нұрекең. Үш күндік әңгіме арасында Нұрекең замандастарын, Қазақстанда қызметтес болған, сыйласып еңбек еткен достарын еске алды. Қаныш Сәтбаевтың білімді­лігін, ақыл-парасатын жоғары бағалады. КСРО Ғылым академиясы қазақ филиа­лының жұмысын өркендету қажеттігін ойлаған тұста Қанышты іздеп тапқан өзі екенін айтты. Жезқазған геологиялық партиясының жетекшісіне Алматыдан гөрі Мәскеуге бару оңай екенін ескеріп, өзі іссапарға барғанда, Мәскеуге ша­қыртқан. Екеуі республика өкілдігінде кездесіпті. Қанышты ол КСРО Ғылым академиясының президенті Комаровқа ертіп барып, филиал төрағасының орынбасары етіп өткізген. Кейін төраға қызметіне ұсынған. Оның Академияға мүше-корреспондент болып өтуі жағдайын сөйлескен. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастыру жөніндегі комис­сияның бастығы ретінде оның ашылу салтанатын басқарған. Академияның мате­риалдық жағдайын көтеруге көмек­тескен. Сөйтіп, қазіргі академия үйінің іргетасын қаласқан. Ел ішіндегі Нұрекең туралы әңгімелерде ол халыққа жақын адам ретінде бейнеленеді. Нұрекеңнің өз айтқандары да оны бекіте түседі. Жауапты қызметтерде жүргенде ол елге көп шығып, қарапайым адамдармен әңгімелесіп, заманның қиын, жетіспеушілігі көп кезде іс тетігін ақсақалдардан тыңдаған, халықтық тәжірибеге сүйеніп шешкен. Әкім боп дауыс көтеріп көрмеген, байсалды, қасындағыларды ойын еркін айтуға үйреткен басшының маңына ел үйірілген. – Мойынты-Шу жолының құрылысын «халықтық» деп жариялағаннан кейін басталған жұмыс жағдайын көруге келдім, – дейді Нұрекең. – Келсек, жұмыс қайнап жатыр, адам көп. Үсті-бастары шаңнан көрінбейді, көздері ғана жылтырайды. Сұрасам, жуынуға су жоқ екен. Ауыз судың өзі арбамен алыстан әкелінеді екен. Бізге дайындалған кешкі асқа ақсақалдарды, еңбек озаттарын шақыртып, әңгімелестім. Елдің суға мұқтаждығы алға шыға берді. Мен олардан осы жерді бұрын қоныстанған адамдардың малды қалай суарғанын сұрадым. Далада құдық болған ғой. ­Соларды іздеп тауып, аршып, тазартуды ұсындым. Бұрын қазақ байлары да өзен жағаламай-ақ көп малын құдықтан суарған. Ел құдық қазып, суға кенелді де қалды. Құдық қазушылардың еңбегіне тиісті ақшасын қолма-қол төлеттім. ­– Жақсы ой мен пайдалы идеялар халық ішінде ғой, – деп жалғастырды сөзін әрі қарай Нұрекең. – Ел аралау, озат еңбек адамдарымен, ақсақалдармен әңгімелесу – менің жаным сүйетін, әдетке айнал­дырған ісім. Солардың әңгімелерінен іске пайдалы ой сабақ­таймын. Гурьевте жүргенде осыны еркін пайдаландым. Облыста өзің би, өзің қожа. Республика басшылары іздеп қалса, аудандарда іссапарда жүр дейді. Облыс еңбек­керлерін, малшыларды көп араладым. Маңыма қажырлы, бастамашыл жас жігіттерді жинадым да, оларға тапсырма беріп, өздерін іске жегіп, ел аралауға шығып кетем. Құрманғазы мен Динаның елі домбырашы, өнерге бай. Бір жағы – соларды тыңдап, көңіл көтерем. Өнершіл жастармен танысам. Солар облыста халық аспаптары оркестрін ұйымдастыру идеясын берді. Өндіріс маңындағы тәжірибелі жұмысшылар Каспий теңізінің жағалауында жатқан ұлу қабыршақтарын құсқа жем етіп пайдалануды, мұнай қалдықтарымен араласқан қиыршық тасты жол салуға жұмсауды, ұлутасты кірпіш сияқты құрылысқа пай­да­лануға болатынын үйретті. Нұрекеңді халық сол үшін де, қарапайым­дылығы, елмен етене табысып кететіні үшін жақсы көрген. Ол бастық екенін білдіріп, мінез білдірмей, өзін жиындағы көптің біріндей ұстаған. Ескі досы Әбділда Тәжібаев осыны: Көрген емес ешкімге сөзін пұлдап, Алдамайтын көзімен я жылпылдап. Мол тануға, білуге құмартатын, Үлкеннің де, кішінің сөзін тыңдап. Көп аралап кететін кең өлкесін, Көру үшін байтақ жер берекесін. Егіншімен қырманда бірге түнеп, Қызықтасқан қойшының мерекесін. Алай-дүлей ақ боран соққан қарда, Айдалада қос тігіп жатқандарға. Сәлемдесе баратын, жәрдемдесе, Сарыарқадан Сырға жол тартқандарға, – деп өлең жолдарына түсірген. Әнебір жылдары Сарыағашта демалып жат­қандар ішінде естіген бір әңгімем бар еді. Нұрекең ел аралап жүріп, кешкі асқа бір колхоздың бастығының үйіне түседі. ­Облыс, аудан басшылары бар – бір топ адам. Дәм алдында арақ құйылатын салт бар ғой. Соны жасауға үй иесі бата алмай, аудан, облыс басшыларына сыбырлап, солардың рұқсатымен арақ құяды. Нұрекең әңгімемен отырып, оған көңіл аудармайды. Ас келеді, Нұрекеңнің әңгімесін бөле алмай әрі үлкен кісіге «арақ алыңыз» деп айта алмай, ел бөгеліп қалады. Осы тыныштықты тамақ аларда Нұрекең өзі бұзыпты. «Ал, жігіттер, күні бойы ат үстінде жүрсіңдер, демалыңдар, мынаны алып жіберіңдер» депті. Сонда колхоз бастығы сасып қалып: «Алыңыз, Нұреке, сіз алыңыз. Біздің күнде ішіп жүрген арағымыз ғой» депті. Жұрт ду күліпті. Осыны сұрағанда, күліп отырып, Нұрекең растығын мойындады. Осында да қаншама қарапайымдылық, қазақы мінез кеңдігі жатыр. Әңгіме Нұрекеңнің зейнетке шыққаннан кейінгі кәсібіне ­ауысты. – Мен зейнетке алпысқа толмай, Хрущевтің зорлығымен 58 жасымда шықтым. Жұмыс істеп қалған адамға бос отыру қорлық қой. Жас кезімде ғылыммен шұғылдансам деп армандаушы едім. Енді қол босаған соң, сол арманыма жете алмасам да, талап жасауға бекіндім. Содан арабша, парсыша сөздік жазуға кірістім. – Нұрекең қазір де баяғыдай таңертеңгі шайын сегізде ішіп, тоғызда жұмысқа кетеді, түсте үзіліске келіп, түстен кейін қайта кетіп, сағат алтыға шейін жұмыс істейді, – деді Әбекең сөзге араласып. – Зейнетке шыққаннан соңғы не жұмыс? – деп аңтарылып қалып едік. Оның мәнін Нұрекең өзі түсіндірді. – Мен өмір бойы уақытты сыйлап, бағалап өскен адаммын. Баратын жерге дәл уақытында барамын. Маған келетіндердің де уақытында келгенін қалаймын. КСРО Ғылым академиясының президенті ­Комаровпен уәделесіп қойып, бес минутқа кешіккенім бар. Ол ренжіп тұр екен. «Кремльде ұстап қалды» деп кешірім сұрадым. Жұмыс режиміне де берікпін. Ерте тұрам. Гимнастика жасаймын. Сағат 8-де шай ішуге отырам. Шайдан соң киініп, сағат 9-да өзімнің жұмыс бөлмеме кіріп, сөздігімді айналдырамын. Түскі тамаққа сағат бір мен екінің арасын пайдаланып, сағат 6-ға дейін жұмыс істеймін. Бұл – менің өмір бойғы әдетімді бұзбау үшін ойлап тапқаным. Егер ол режим бұзылып кетсе, әрі қарай сақтау қиын ­болады ғой. Осы еңбекқорлығы Нұрекеңнің зейнеттегі өмірін де мәнді, мағыналы етті. Ол «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» жасады. Кейін алғашқы еңбегін екі том етіп толықтырып қайта жазды. «Араб текті қазақ есімдері», «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері» атты кітаптар бастырды. Бұл еңбектер Нұрекеңнің жас кезіндегі ғалым болу арманының шынайы негізі ­барын, бірақ уақыт басқа жұмысқа ыңғайлап кетті дегенінің шындығын дәлелдейді. Ұлғайған кезіндегі осы еңбектерімен ол қазақ тіл білімінің белгілі бір саласын толықтыруға елеулі үлес қосты. Нұрекең өмірі мен еңбегін барлап, әңгімелерін тыңдаған кісі оның халқының тарихы мен өткенін жақсы білетін, бүгінгі ісін бірге атқарған, болашағын болжай алған, көреген адам болғанын танитыны даусыз. Ол жаңа заман қайраткері ішіндегі нағыз халықтық тұлға еді.

1279 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы