• Руханият
  • 21 Қараша, 2019

ТҮРКІСТАН – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Түркістанның Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып, Түркістан облысы атанғанына да бір жыл толып отыр. Аз уақыт ішінде атқарылған іс те аз емес, атқарар дүние де жетерлік. Еліміздің рухани астанасы, түркілердің екінші Атажұрты атанған киелі өңірдің маңызы жайлы елге белгілі ғалымдарымыз бен қоғам белсенділерінің пікірін назарларыңызға арнайы ұсынып отырмыз.

Келер ұрпаққа  тартылған сый

Тұрсын СЫДЫҚОВ, филология ғылымының докторы, профессор

Түркістан түркі дүниесінің түрленген дәуірінің озық жетістігі. Бұл шаһар ғасырлар бойы бүтін бір өркениеттің қайнаған қазаны атанып, озық ойлар мен ұлы ойшылдардың отаны атанды. Тарихтың қатпар беттерінде ойып тұрып із қалдырған көне қала қазақ тарихының сан қилы кезеңдерін өткерді. Әбу-Насыр әл-Фараби бастаған ұлылар көші кешегі күнге дейін дамудың даңғыл жолында өлшеусіз үлес қосып, бір ұлттың ғана емес, күллі әлемнің жақсаруы жолында еңбек етті. Көне Фараб қаласының маңында дүниеге келіп, Самарқанд, Бұқара, Ташкент шаһарларында өмір сүріп, Аристотель мен Платонның еңбектерімен танысып, өз еңбегімен Бағдадқа жеткен әл-Фараби өз заманында Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанып, жер жүзін мойындатқан. Ұлы ойшылдың ізін жалғап, бір ғана Фараб қаласынан отыздан астам ғұлама-ғалымдар түлеп ұшқан. Сол сынды Түркістанды мекен еткен, жұмыс жасаған яки шаһарға қатысты тұлғалар тек бір өңірдің ғана емес, бүтін бір контигенттің дамуында сүбелі қосты. Қазіргі күні Түркістан облысы болып, Түркістан қаласы облыс орталығы атанып, сол бір құмға сінген тарих қайта түлегендей күй сездіруде. Бұл дегеніміз тарихқа құрмет, елге мәртебе, болашаққа өлшеусіз мұра деп түсінемін. Өткен мен бүгін сабақтасқан көне шаһар қазір қайнаған құрылыс орталығына айналып, ескірген ғимараттар жаңарып, өзгеше бейнедегі нысандар бой көтеруде. Бірақ қала өзінің келбетін жоғалтпай, тарихи айнасын сақтап қана қоймай, жаңаша деңгейге көтеруде. Сондықтан өзгерту туралы шешім өте орынды деп білемін. Алдағы уақытта қаланы кеңейту, облысты таныту кезеңінде тарихи тамырынан ажыратпай, оны бұл күнгі жаһандану дәуірімен сабақтастыра отырып, ұлтымыздың өткенін көне кітап беттеріндей парақтауға жол ашатын қала қылсақ келер ұрпаққа алдағы жүз жылда сыйлар сыйымыз болар еді. Не болса да Түркістанның жаңа мәртебесі тек береке мен бірлік әкелсе дейміз.

Түркі дүниесінің ордасы

Мәрзия АСЫЛБЕКОВА, педагогика ғылымының кандидаты, доцент 

Түркістан жаңа дәуірімізде ұлтымыз бен ұлттық болмысымызды сақтауда ерекше үлес қосатын еліміздің мақтанышы, түркі дүниесінің рухани астанасы. Бұл қаламен мың жарым жылдық тарих сабақтасып жатыр. Он ғасырдан астам тарихтың қолтаңбасы жатқан қала өткен жылы жаңа құрылған Түркістан облысының орталығы болып бекітілді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан болып, орталығының Түркістанға көшуі – стратегиялық тұрғыдан да, саяси-экономикалық жағынан да, бастысы рухани-мәдени жағынан өте орынды шешім болды. Бұл Шымкенттің республикалық қала мәртебесін иеленуіне, Түркістан облысының басқа аудан­дарының дамуына жаңа серпін бермек. Қазақстанның экономикалық дамуы үшін, әрі геосаяси мәселеде ұтымды шешімдер қабылдауда Түркістанның облыс орталығы болғаны дұрыс. Көршілес елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, түркі елдерімен етене араласуда Түркістанның маңызы зор. Себебі түркі дәуірінің даму сатысының екінші көшпелі кезеңінде түркі жұртының атажұрты атанған дәл осы Түркістан еді. Жиырмадан аса хандарымыз бен атақты батырлардың қорымы жатқан жерде атақты Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі орналасқан. Орта ғасырдың керемет сәулет ғимараты бүгінде көпшіліктің жыл сайын ағыла келетін тарихи-мәдени кешеніне айналды. Ежелде Шавгар деп аталған көне қалада ЮНЕСКО-ның қорғауындағы ғимараттар да жетерлік. Бүгінде облыс орталығы атанған шаһар қайнаған құрылыс ортасы. Жаңа бас жоспар бойынша қалада бой көтеретін барлық нысандар шығыстық стильге негізделіп, ұлттық нақышта салынады екен. Оның өзі көңіл қуантады. Ұлттық бейнемізді жоғалтпай, жаңа дәуірдің жаһандану кезеңінде дамудың келесі сатысына батыл қадам басуға мүмкіндік беретін мұндай бастама әлі талай игілікті істерге әкеледі деп есептеймін. Мемлекетіміз үшін саяси-экономикалық тұрғы­дан да, рухани-мәдени жағынан да пайдалы бұл шешім өз жемісін берсе, Тәуелсіз Қазақстанның картасында жаңа, келбетті әрі сәулетті дамыған өңірдің пайда болғандығын дәлелдейді деп есептеймін.

Атауының өзі түркілікті еске түсіреді

Есбол МҰХАНБЕТҚАЛИЕВ, философия ғылымының кандидаты, доцент

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір көреген саясаты Оңтүстік Қазақстан облысының атауын Түркістан деп өзертуінде. Осылайша, аймаққа үстемдік еткісі келетін күштер ұмытып кетуге тырысқан тарихи Түркістан атауы тағы да тарих сахнасына шықты. Бұл жаңалық Түркі әлемінде «Түркістан» концепциясын ұлттық жадта ояту белгісі деп түсіндірілуде. Түркістан облысы өз атауымен түркілікті еске түсіреді. Бұл үшін Түркістанның көптеген артықшылықтары бар. Осы артықшылықтардың бірі – туристік табысты қамтамасыз ету. Түркістанда тарихи туризмді жетілдіру үшін, көне түрік әдет-ғұрыптары бойынша­ миниатюралық жазықтарды салуға болады. Тек қана тарихи емес, үстірт туризмін кеңейту арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен турис­тер ағынын жинай аламыз. Әлем жұртшылығы шатырлы қалаларда тұрып, өзгерістерді іздеуге уақытты өткізуге бейім екендіктерін білеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Әлемдік мұра тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі, тарихи орындар, жыл сайын миллиондаған туристерімен бірге діни орталыққа айналуы тиіс деп ойлаймын. Түркістан қаласы мен Ясауи кесенесің көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Түркі­мен­стан сияқты туысқан елдер үшін ұлттық және рухани маңызы бірдей. 2002 жылы Н.Ә.Назарбаевтың Орталық Азия Одағы туралы идеясы көршілес елдер тарапынан да қабылданып, Түркістан облысының осы одақтың орталығы бастамасы көршілес елдер тарапынан да үлкен ықыласпен қабылданды. Түркістан – Қазақстанның ежелгі қалалары­ның бірі, Шымкенттен 160 шақырым жерде, Қазақстанның оңтүстігінде, Өзбекстанның ­шекарасында орналасқан. Өзбекстанмен ­шекаралас болудың артықшылықтарының бірі – бірлескен жобалардың жасалу мүмкіндігін береді. Ендігі кезекте облыс туризмы мен экономикасы, демографиялық көрсеткіші тоқтаусыз өседі деп сенеміз. Түркістаннан халықаралық теміржолдар мен автокөлік жолдарының Ескі Жібек жолы трассасы арқылы өтуі қалаға стратегиялық маңыз беруі тиіс. Түркістанда жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы, құрылыс және тоқыма фабрикалары облыста жеңіл өнеркәсіптің ­дамып келе жатқандығын көрсетеді. 1992 жылы Қазақстан және Түркия елдері арасындағы келісім қорытындысы бойынша құрылған Ахмет Ясауи Қазақ-түрік университетінің ұйымдастырған әртүрлі ғылыми және қалалық мәдени іс-шаралары Түркістанның әлеуметтік және мәдени дамуына өзіндік ықпал етуде. Бүгінде әлемде елдер емес, қалалар бәсекелеседі. Сондықтан да Түркістан басқалардан дәстүрлі туризммен ерекшеленсе деймін. Түркістанды қайтадан түркі әлемінің астанасы деңгейіне көтеруіміз қажет. Дұрыс жасалған әрекеттер мен оң бағыттағы бастамалар арқылы осы міндетті орындай аламыз. Мысалы, Қазақстандағы шетелдік білім алушыларға жазғы экскурсиялар жүргізіп, қазақ тілін үйретіп, домбыраға қызығушылығын оятсақ, рухани дүниемізді танытып, олардың таным көкжиектерін кеңейтіп, елімізге деген қызығушылықтарын арттыра аламыз. Қасиетті Түркістанымыздың бір жылдығы мың жылдық болып, әрбір қазақстан­дықтың мақтан тұтар өңірене айналады деп сенім білдіремін.

Күн сайын түрленуде

Дәулет ЕСТАНОВ, экономист-сарапшы

Түркістан – бабадан қалған, ұлтымыздың тарихымен етене сабақтасқан қасиетті ­мекен. Қаншама батырларымыз қызғыштай қорғап, хан-сұлтандарымыз ордасын тіккен құтты аймақ ­саналады. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіріп, облысты Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Әрине, бұл көптен бері айтылып, талқыланып жүрген мәселе еді. Дегенмен соңғы нүктесін қойып, батыл бастаманы қолға алған Елбасы шешімі көпті қуантып, халық ризашылығын алды. Себебі Түркістан тек халқымыздың емес, түркі дүниесінің рухани ордасы, мәдени шаһары саналады. Ғасырдың үнін шертіп, ұлтымыздың айрылмас бөлшегі аталатын қаланы жаңаша түрлендіріп, өзгеше образда танытуда біздің де міндетіміз бар деп есептеймін. Түркістан ешқашан елеусіз қалған емес. Ол – ескерткіш қала, ежелгі жердегі ежелгі қала. Енді тек тарихи шындықты қисынды қалпына келтіре алсақ, бізді алда Түркістанның қайта өрлеу дәуірі күтіп тұр. Түркістанда бір жыл ішінде елеулі өзгерістер орын алды. Қаланың келбеті өзгеруде. Жаңа құрылыс нысандары пайда болып, ірі жобалар іске асырылып жатыр. Тыныш қана қаладан көп ұзамай әлемнің төрт бұрышынан туристерді қызықтыратын көзтартарлық шығыс орталығына айналатынына күмән келтірмейміз. Келешек алда, сеніміміз де мол. Шаһардың алдағы уақытқа межелеген міндеттері де аз емес. Нақты тапсырмалар беріліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде екен. ­Керемет нысандар бой көтеріп, ерекше ажар бермек. Көне шаһарды жаңа дәуірдің озық қаласы атандыруда жастардың да белсенділік танытқанын қалар едім. Қарапайым әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап, насихаттап отырса, оның өзі тамшыдай болсын үлес болар еді. Осы орайда, сол бір мекенде туып-өскен әрбір азаматты­ Түркістанды бірге түлетіп, жаңашыл бейнеде танытуға шақырамын.

Рухани орталық

Таир ТАСҚАЛИ, жеке кәсіпкер 

Түркістан – қазақ халқы үшін қастерлі де қадірлі мекендердің бірі әрі бірегейі. Тарихи санаға сінген тармақталған тізбекті іздер қатарында Түркістандағы ғасырға бергісіз кесенелер мен ғимараттар атаулары ерекше жаңғырып тұрады. Бір ғана Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесін көру үшін түркі елдерінен жылына мыңдаған адам ағылып келеді. Сол секілді көне Отырар қаласы мен Арыстан баб мазары мәдение мұрамыз саналады. Көне Жібек жолының тармақтарының ойысып, сауда қалашықтарының көп болуы да шаһарға да, аймаққа да өзіндік артықшылық сыйлайды. Жер жүзі мойындаған әл-Фараби секілді ойшыл туған құтты мекен кезіндегі Алаш туын көтерген қоғам қайраткерлері үшін де пана болды. Хандарымыз жиын өткізіп, билеріміз төрелік еткен қасиетті жер бүгінде облыс орталығы ретінде Түркістан облысы деп аталатын болды.­ Бұл тарихи шешімді қабылдаған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір сөзінде «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан» деген болатын. Осы бір жыл ішінде айтарлықтай өзгерістер орын алып, батыл бастамалар қолға алынды. Шаһардың қайта жанданған жоспары бекітіліп, қалада күрделі қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әр облыс Түркістанға сый ретінде әлеуметтік маңызда ғимарат сыйға тартып, қызу құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа Халықаралық әуежай шет елдік туристердің ыңғайлы жетулері үшін мүмкіндік сыйласа, жаңадан бой көтеретін қонақүйлер барлық стандарттарға сай ­келмек. Мұнан өзге, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған жаняұларға пәтер беру ісі де қолға алынып, алғаш қоныс тойын тойлағандар тізімінде есімдері аталуда. Бір жыл аз уақыт. Мұндай қысқа кезеңде белгілі бір жобаның ақ-қарасын ажырату мүмкін емес. Дегенмен, бастамасы жаман емес. Келер он жылдықта түрленген Түркістан түркі жұртын ғана емес, төрткүл дүниені таңырқататын кербез шаһарға айналарына нық сенімдімін.

2588 рет

көрсетілді

79

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы