• Басты мақалалар
  • 28 Қараша, 2019

БҮТІН БАҚЫТ пен БИІК БАҚ БҰЙЫРҒАН...

(Ұстазыма хат)

Қымбатты Фаузия апай! Өмірдің осынау адами, ғылыми, кәсіби, пендәуи сан түрлі мәселелерінде жолымыз тоғысып, шәкірт боп ізіңізге еріп келе жатқанымызға ширек ғасыр уақыт өтіп барады екен. Өзгермелі өмір жағдайындағы әртүрлі арпалысты дүниелерді, әсіресе, қазақ тілін оқыту мәселесіне қатысты аумалы-төкпелі замана сынын бірге бастан өткеріп келеміз. Осы сын Сіз бен біздің арамыздағы Ұстаз-Шәкірт ретіндегі қарым-қатынасымызды шыңдап қана қойған жоқ, Сіздің кісілік қалыбыңызды, ғылымға деген адалдығыңыздың мәнін ұғынуға, тағылым түюге, сол арқылы Адами болмысыңызды тануға себеп болды. Сондықтан, міне, Сіздің жаңа өмір белесіне көтерілген кезіңізде ішімдегі бар сырымды ақтарып хат жазғанды жөн көрдім. Мұндай ойдың тууына түрткі болған екінші бір себеп: ұлы Абайдың тереңіне даналық тұнған, ой түбіне мың қатпарлы сыр ұялатқан, бойлаған сайын таңғалдыра түсетін, тарта түсетін құпия тұңғиығы, иірімі ерен сөздері. Фаузия апай, мен қазір техникалық жоғары оқу орнында «Абайтану» пәні­нен сабақ беріп жүрмін. Бұрын Абай қазаққа ақыл айтқан, ғылым мен білімге үндеген, ұлтына жаны ашып, оны қатал сынаған деп қана түсінуші едім. Сонау 80-жылдардың басында ҚазМУ-де «Әдебиеттану» сабағынан дәріс оқыған қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырзалиевтің Абай шығармашылығына қатысты айтқан екі сөзі есімде қалып қойыпты. Бірі – «Абай – түпсіз терең әлем, оның шығарма­ларын қырықтан кейін ғана түсіне бастайсың...». Екіншісі – «Қазақты Абайша сынау үшін Абайша сүю керек!». Сол кезде, балалық қой, «Абай бәрін анық айтқан ғой, оның түсінбейтін несі бар?» деп, білімпаз ұстазымыздың осы сөзіне таңғалғаннан шығар, әйтеуір көңіліме қозғау салғаны хақ. Ал екіншісіне...жоқ, оған балаң санам жете түсіне қоймағаны анық...

Міне, енді Абайдың шығармашы­лығына ден қойып оқыған сайын­ мүлде жаңа пайым, ­тосын ой табамын... тапқан сайын Қадыр ағаның сол сөздері жадымда ылғи жаңғырып тұрады... Себебі Абайдың сөздері жалаң дидактика емес, жаратылыстың мәнін ұғуға, дүниенің сырын тануға, жұмбағын табуға жетелейтін, айналаңдағы әрбір заттың, құбылыстың себебін іздеуге, салдарын түйсінуге жол көрсететін шамшырақ ойдың кені екен. Абай әлемі Адамзат пен Табиғаттың, Жаратушы мен Жаралушының арасындағы тылсым жұмбақтың сырын танытатын кілтті қолыңа ұстататындай... Сол арқылы айналаңдағы адамдардың болмысындағы өзгешелікті ұқтырады... Оның мәніне, қайдан бастау алатынына көзіңді жеткізе түседі екен... Түйсініп болдым демеймін, бірақ өзім түсінген Хакім Абайдың кейбір байламдарын тірек ете отырып, Өзіңіздің таныс та бейтаныс болмысыңыз жайлы ой толғағым келді. Абайдың тұжырымынша, «адам ­баласы – Алланың шексіз махаббатпен жаратқан, сұлтан болмысты» туындысы. Сондықтан 27-қара сөзінде: «Ғажайып ақылды және ғажайыппен жасаған денеге­ кіргізіп, мұнша салихат иесі қылғаны хикмет­пенен сұлтан қылғаны емес пе?» дейді ойшыл тұлға. Сол махаббаттың мәнін түсінудің, маңызын ұғынудың белгісі – адам қалпыңды сақтау. Бірақ әуелде сұлтан болмысты боп дүниеге келген көп адам өзіне берілген осы нығметтің мәніне бойлай алмағандықтан, ергежей ойлы пенделерге айналады. Ал жаратылысындағы тазалық пен бекзаттықты сақтай алған, тәубасынан таймайтын, арзан күлкінің жетегіне ермейтін, «нұрлы ақылы мен ыстық қайратын жылы жүрегіне бағындыра білген», сөйтіп, Ақиқатқа ғана бас иген адамдар Бақытқа бөленеді, өзгелерге арман болған Баққа қол жеткізеді екен. Мұның да сырын «Махаббаттың төлеуі – ­махаббат» деп, өзі шешіпті ұлы Абай. Міне, Абайдың осы түйіні арқылы өзім білген, сезген, сезінген кісілік қалыбыңызға ой көзімен қарай отырып, Сізге бұйырған бүтін БАҚЫТ пен биік БАҚтың мәнін түйсіне бастағандаймын... «Адамның Бақыты – үйде, Бағы – түзде». Бұл – өзімнің өмірден түйген байламым. Әйел баласы үшін үйдегі Бақыт – ата-ананың мейірімінен нәр алған ­Перзент бақыты, өзі қалап қосылған адамның сүйіспеншілігімен нұрланған Жар бақыты, тұлымды ұл, бұрымды қыз тәрбиелеп, олардың құрметіне бөленген Ана бақыты, балдан тәтті немере көріп, олардың қызығынан қуат алған Әже бақыты... Осы тұрғыдан келгенде Сізді, шын мәнінде, бүтін Бақыт бұйырған жан деп санаймын. Өйткені Сіз, ең алдымен, туған жерінде білімнің туын тігіп, мектеп ашып, талай толқынды оқытып, тәрбиелеген қадірлі Ұстаз Шәмси Оразбаевтың берекелі ­отбасында өмірге келген тұңғыш перзентсіз. Әкеңіз Шәмси елге сыйлы, қайырымды Оразбай атаның шаңырағында туған он үш ұлдың ең сүйіктісі болыпты. Сол он үштен аман қалған соңғы аманат та – сіздің әкеңіз. Тағдырдың жазуы ғой: бір үйдің емес, бір ауылдың, аймақтың көркіне айналған сол аталарыңыз жігіт болып, ел тізгінін ұстар шаққа жеткенде, талай зұлматты бастан кешіреді: репрессия, аштық, соғыс... Он сегізге енді толған әкеңіз де соғысқа аттанады. 7 жыл қан майданды кешіп, елге оралған Шәмсиді сол мәуелі бәйтеректей үлкен әулеттен аман қалған үлкен жеңгесі – жиырма сегіз жастағы Торғынша ғана Фарида есімді қызымен бірге күтіп алады. Екі мұңлық құлауға шақ қалған әке шаңырағында ұзақ көріседі, жеңгесі ішіндегі бар мұңы мен шерін айтып, екі сағат бойы жоқтау айтады. Содан бастап олар жеңге мен қайын емес, ана мен бала болып табысады, бірін-бірі аялап, қадірлеп бірге ғұмыр кешеді. Жас күнінен бала оқытуды армандаған әкеңіз майданнан келген бетте оқу ісіне кіріседі. Жаны жомарт, көзі ашық, көкірегі ояу жан жеке отбасының ғана емес, өзі өскен елдің көсегесін көгертіп, еңсесін тіктеп, ауыр тірліктің қамытын киген жұртының үкілеген үмітін жалғауды мұрат тұтады. Ауданға, облысқа қайта-қайта ­барып жүріп, киелі Алтай өңірінің өзі туған өлкесіндегі «Көкжыра» ауылында бастауыш­ мектеп ашып, кейіннен ол мектепті жетіжылдық, одан соң онбіржылдық мектепке дейін жеткізіп, өртеңде өмірге келген өркендерге білім нәрін береді. Бұрын оқу іздеп жан-жаққа сабылатын елдің баласы ауылда оқитын болады. Көп ұзамай, сіздің анаңызға үйленеді. Сөйтіп, жеті баланың әкесі болады. Тәңір ол кісілерге құндыздай алты қыз, қошқардай бір ұл береді. Ата-анаңыз тұңғыш баласын – Сізді Торғынша апаңыздың бауырына салады. Сізге еміренгені сонша, апаңыздың әлдеқашан суалған омырауынан сүт шығып, қос ананы тел еміп өсіпсіз. Жақсы тәрбие, өнегелі өмір қағидасына қанып есейіпсіз. Бұл – Сіздің перзенттік бақытыңыз. Апай, адам екі нәрседе қателеспеуі ­керек дейді: бірі – кәсіп таңдауда, екіншісі – өмір серігіңді таңдауда. Сіз осы екі таңдауда да жолы болған адамсыз. Алматы – Сіз үшін өмір бойы алақанында аялап келе жатқан жан жарыңызды, Нұрлан ағаны, қазақтың арда ұлы, ақиық ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Нұрлан Оразалинді кездестірген құтты орда. Бірі Алтайдың, бірі Алатаудың баурайында тауға қарап бой түзеген, биіктікке ұмтылған бозбала мен бойжеткен боп танысып, мәңгілікке табыстыңыздар. Ессіз кезде Жыр қолымен айды алған... Қалай? Қашан? Көрдім сені қай маңнан?! Есіңде ме, менің есті сыңарым, Талайыма тағдырым боп байланған?!

Алматының нұр саулаған кешінде, Көктөбенің көк мұнарлы төсінде... Жиырма жасар жас ақынды жаулаған, Кекілді қыз, жымиғаның есімде...

...Жыл құсындай оралатын алыстан, Жады, шіркін, секілді бір ән ұшқан. Тағдырыма мың шүкірлік айтамын, Ессіз кезде... Естім болып табысқан... Міне, бүгінде ақын Музасына айналып, сандаған махаббат жырына арқау болған Сіздің бейнеңіз де ұлттық поэзия­мызда сомдалған қазақ аруларының ­галереясын толықтырып тұр. Бұл жайында қазақ педагогикасында қайталанбас із қалдырған ұлағатты ұстаз, КСРО ­Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты, ұлттық педагогикадағы көшбасшы тұлғала­рымыздың бірі, көшелі Адам, марқұм Қанипа Бітібаевадан артылтып не айтуға болады? Ол кісі «Ғазал-жырдың ғарышкері» атты мақаласында: «Ақынның махаббат жырлары өз сүйген жары, ақын еркелете сөйлейтін Фаукеніне арналады. Лаурасын аялап өткен Петрарка, Патиматын өле-өлгенше жырлап өткен Расул Ғамзатовтай ақын да сүйген жар келбетін мөлдір де сәулелі жырларымен биіктете, аялай жырлайды. Оның Фаукеніне жазған жырлары шығыс шайырларының ғазалдарымен үндес. Ол – текті, ақсүйек жырлар. Қоғам, оның адамдары туралы сөз өрнектеріндегі буырқанған сезім, найзағай жырлар енді ­сабырлы, салиқалы, даналыққа толы парасат жырларына айналады. Махаббат жырларынан ақынның адамдық келбетін, адами ұстанымын да танисың, танисың да сол адамдыққа, ерге тән мәрттікке, азаматтыққа табынасың» дейді («Дала мен қала», 16 қараша, 2007 жыл). Иә, Апай, «асықтық та – жүректің ісі» дейді ұлы Абай. Жүрегі таза адамдарға ғана осындай адал махаббат бұйыратыны сөзсіз. Сіздердің өзара өзгеше сыйластықтарыңыз ел арасында аңыздай айтылады. Өзім де алыс сапарларға бірге шыққанда Нұрлан ағаның Сізді әуежайда қимай шығарып салғанына да, құшағыңызды гүлге толтырып, қуанып қарсы алғанына да талай рет куә болдым. Жасыратын несі бар, ағаның қазақ ер-азаматтарының бойында кездесе бермейтін бұл қасиеті қай-қайсымызды да таңғалдыратын. Бір замандасымыздың осы жайтқа қатысты айтқан әзіл сөзінің астарынан да көп мән-жайды аңғаруға ­болар еді. Өзіңізбен іссапардан бірге қайтқан сол келіншекті аға екеуіңіз үйіне дейін жеткізіп салыпсыздар. Түн ортасында ­ойында ештеңе жоқ ұйқыны соғып жатқан жолдасына: «Нұрлан аға ылғи Фаузия апайды гүлмен шығарып салып, гүлмен қарсы алады. Сен болсаң, ойыңда түк жоқ, ұйықтап жатсың... келдің, кеттің демейсің...» деп назданады ғой. Сонда әлгі жігіт: «Мен Нұрлан аға сияқты болу үшін сен Фаузия апай сияқты болуың керек қой» деп сөз тауып кеткен екен. Қапелімде жолдасынан мұндай сөз күтпеген келіншек жауап­ қайтара алмай, жеңілгенін мойындапты. Осы әңгімені алғаш естігенде, күлкіге қарқ болғанбыз. Бірақ бәрімізді де ойландырып тастап еді бұл сөз... Шын мәнінде, осы бір отбасылық әдемі салттарыңыздан адами биіктік пен шексіз сүйіспеншілікке құрыл­ған қарым-қаты­настарыңыз айқын танылып тұрар еді. «Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ» деген сенімді серік еткен жұбайлық жарасым мен жылдар өткен сайын­ тамырланып тереңге бойлаған шынайы сыйласымның көрінісі бұл. Ессіз ғашық қос жүректің бірін-бірі аялауы, бірін-бірі бағалауы арқылы бір бүтінге, бір бітімге айналуы деген де осы болар, бәлкім... Бүгінде Нұрлан аға екеуіңіз ұлды ұяға, қызды қияға қон­дырып, ұрпақ қызығын бірге көріп отырсыздар. Осы тұста Сіздің отбасына қатысты барлық қуанышқа ерекше­ мән дарытатын тап­қырлығыңызды айтпай кете алмаймын. Келін тү­сірсеңіз де, қыз ұзат­саңыз да ұлт­тық дәс­түрді берік ұстанасыз. Сіздің үйдің тойы мақтан мен «мал шашпақтан» алыс, жалаң мадақ, қолпаштаудан құралатын тостардан жырақ... Есесіне, әр тойыңыз танымдық, тағылымдық дәстүрлерді жаңғыртудың үлгісін көрсететін ойлы һәм құнарлы басқосуға айналады. Мәселен, немереңіз Ақеркенің ұзату тойындағы құрбыларына үкі тарату, сіңлісіне тақиясын аманаттау, ұзатылған қызға сәукеле кигізу және т.б. тосын да жарасымды дүниелер келгендердің көңілін тойдырды, қызықтырды, ең ­бастысы, жаңарған, жаңғырған үрдіске жол салды... Бұл да өзіне бұйырған Бақытты, махаббатпен жаратқан Иенің берген бүтін Бақытын махаббатпен бағалап, ұлықтай алудың бір белгісі екені сөзсіз.... Қадірлі Фаузия апай, Сіздің үйіңіздегі Бақытыңыз түздегі Бағыңыз­дың өрлеуіне, өркендеуіне жол ашқаны кәміл. Сіз еңсерген биіктер, бағындырған белестер, қол жет­кізген жетістіктер кез келген жан қызығардай тағылымды. Иә, Апай, Сіз мектепте үздік оқып, күміс медальге ие болдыңыз. Алматыдағы ұлтымыздың киелі білім ордасы – Қазақ мемлекеттік уни­верси­тетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетінде өзіңіз сүйген мамандықты игердіңіз. Бүгінде Сіз – қасиетті қазақ тілінің дамуына, оның өсіп-өркендеуіне, ғылыми негіздерінің тереңдеуіне, ең бастысы, өзінің мемлекеттік мәртебесіне сай қолданылуына бар ­саналы ғұмырын арнаған, «туған тілін тұмарына» балаған аяулы ғалымдардың көш­басындасыз. Осы ұлы жолда ұлтымыз­дың ұлық тұлға­ларының аманатына адалдығыңызды таныттыңыз, олардың ізгі істерін жалғастыруда ізденістен танбайтын табандылығыңызды көрсеттіңіз. Сіз ұлт болашағының діңгегі болып ­табылатын ана тіліміздің шынайы жоқшысы бола білдіңіз. Сіз­дің қаламыңыздан туған тіл білі­мінің коммуникативтік, лингво­мәдениеттанымдық, этнолингвис­тикалық, психолингвистикалық, этно­п­сихологиялық қырлары жайлы жазған дүниелеріңіздің тұжырымы тастай берік, өресі биік, тағылымы зор. Сіздің тілдік қатынас теориясының тереңге кеткен тамырын айқындап, оның «адамдық қатынастың түп қазығы» екенін жүйелі дәйектеуіңіз, әдістеме ғылымында тың да қуатты серпілістер тудырып, қазақ тілін оқыту жүйесіндегі соны соқпақтың, тың бағыттың іргетасын қалады. Сіз тілді игерудің халықаралық үлгілері мен еуропалық тілдік эталондарын және әлемдік кеңістіктегі тілдік білімді бағалау жүйелерін ескере отырып, мемлекеттік тілді игерудің қазақстандық үлгісін ұсындыңыз. Ел тарихында тұңғыш рет қазақ тілін көпсатылы деңгейде игерудің, үйренудің әдістемелік жолын жүзеге асырдыңыз. Сіздің тікелей басшылығыңызбен «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін өз бетінше оқып-үйренуге бағытталған 36 кітаптан, 6 электронды оқулықтан тұратын оқу-әдістемелік ­кешен дайындалды. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде меңгертудің 6 деңгейлік жаңа жүйесінде кешенді инновациялық оқыту басшылыққа алынды. Қазақстан Республикасының көпұлттық сипаты мен өзіндік ерекшелігін және тілдік білімді бағалаудың халықаралық, европалық стандарттары негізінде TOEFL, DALF/DELF, ALTE, IELTS сияқты бағалау жүйелерін ескере отырып, Қазақстанда мемлекеттік тілді деңгейлік оқыту тұңғыш рет өз шешімін тапты. 2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрі Б.Сәрінжіповтың арнайы тапсырысымен, сол тұстағы қазақ тілін оқыту мәселесімен тікелей айналысқан ұлтжанды тұлға Роза Батталдың бастамасымен отандық білім беру саласында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде деңгейлік оқытудың тұңғыш Концепциясын, Білім стандартын, Типтік оқу бағдарламасын түзген авторлық топтың жетекшісі болдыңыз. Сол топпен бірге 1-11-сыныптарға арналған «Қазақ тілі» пәнінің оқулықтары мен 67 аталымнан тұратын оқу-әдістемелік кешендерін даярладыңыз. Алғаш рет үздіксіз білім беру саласында қазақ тілін деңгейлеп үйретудің тірек ұстанымдары анықталып, білім алушы меңгеруі тиіс лексикалық-грамматикалық минимумы нақтыланды. Өкінішке қарай, әртүрлі субъективті факторлардың салдарынан еліміздің пилоттық мектептерінде абыроймен сыннан өткен «Қазақ тілі» пәнінің 11 сыныптағы жаңа тұрпатты сол оқулықтары мен кешендері ­педагог жұртшылықтың ықыласы мен қолдауына ие бола тұра, министрліктегі ауыс-түйісті сылтау еткен жекелеген мамандар­дың қарсылығына ұшы­рап, оқу жүйе­сінен әді­лет­сіз түрде аластатылды. Әйтсе де, одан бергі кезеңде білім жүйесіне енген жаңар­­тылған оқу бағдарламасы бойынша­ 2-11-сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулық­тарын дайын­дау тобының жетекшісі ретінде өз идеяларыңыздың жаңа аспектіде жүзеге асуына қызмет еттіңіз. Қоғамда белең алған әділетсіздіктер мен бетпе-бет келген түрлі қайшылықтарға қарамастан, сол дүние­­лер жас ұрпақтың қажетін өтеп келеді. Фаузия апай, бағыңыз жанып, Сіздің ғылым жолыңыз да сәтті болды.­ Қа­зақ­­­тың нар тұлғалары К.Аханов, О.Төлегенов, Ә.Қайдар, М.Жолдасбеков сын­ды ұс­таз­дардың жетекшілігімен студент кезіңіз­ден бастап ғылыми додаларға қатыс­тыңыз. 1979 жылы «Қазіргі қазақ ті­лін­дегі сын есім ­синонимдер» тақыры­бында кандидаттық диссертация қорғап, фи­лология ғылымының кандидаты дәре­жесін иемдендіңіз. 1996 жылы «Тілдік коммуникация мен қатысым әдісінің ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, педагогика ғылымының докторы атандыңыз. 1982 жылы доцент, 1999 жылы профессор ғылыми атағын алдыңыз. Міне, бүгін сол зерттеу еңбегіңізде ғылыми негізделген жаңашыл бағыттар өзінің өміршеңдігін танытып отыр. Тілдік қатынасқа, қатысым әдісіне байланысты Сіз айқындаған әдіснамалық тұғырлы идеялар шәкірттеріңіздің ізденістері арқылы кең қанат жайып келеді. Сіздің жетекшілігіңізбен қазақ тілін оқыту әдістемесінде сөйлесім әрекетінің компоненттерін, қатысымдық әдістің тілді оқытудағы мән-маңызын, замана сұранымына қарай қашықтықтан оқытудың, тірек-кестелер арқылы білім сапасын арттырудың, уақыт талабымен үндес оқытудың жаңа технологияларын қолданудың, сөз мәдениетіне баулудың қыр-сырын зерделеп, ғылыми дәйектеген ондаған кандидаттық, докторлық еңбектер қазақ ғылымының көкжиегін кеңейте түскені кәміл. Осы тұста айта кетер бір жайт – Сіздің қазіргі таңда іргетасы берік қаланып, өз дәстүрі қалыптасқан ғылыми мектебіңіздің өзара іргелес екі ғылым саласын қатар қамтып отырғаны. Оның біріншісі қазақ лингвистикасындағы антропоцентристік бағыттағы зерттеулерден тұрса, екіншісі қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі тың тұжырымдарды негіздеуге арналған еңбектерден құралады. Жақсы шәкірт бола білген жандардан ғана жақсы ұстаз шығатынын да Сіздің болмысыңыз дәлелдей түседі. Ұстаз алдындағы қарызына, шәкірт алдындағы парызына адалдықты танытар талай ісіңізге куә бола жүріп, ғылымды бақытқа ­балауда да, сол бақытты шынайы бағалап, ­аялауда да өзіңізден алатын өмір сабағы қаншама десеңізші?! Сізден тәлім алған шәкірттеріңіз де халық алдындағы өз ­парызына адалдықты, елге сатусыз қызмет етудің мәнін, ұлттық ділдің алтын өзегі саналатын ана тілін қастерлеп, құрмет тұтудың, оған қалтқысыз беріле еңбек етудің қажеттілігін сезінсе, ол – ұстаздық ұлағатыңыздың жемісі. Сандаған жылдар­ еткен еңбегіңіздің нәтижесі кафедра ұжымының, өзіңіз дәріс берген студенттер мен ғылымға қанат қақтырған сандаған ғалым-шәкірттеріңіздің тарапынан жасалатын риясыз сыйласымдылықтан, шексіз құрметтен толық аңғарылады. Өзіңіздің осы уақытқа дейінгі білім қорыңыз бен ғылыми жарияланым­да­рыңызды саралап жинақтап, жаңа кезең­дегі жаңа толғамдарыңызды жүйелеп, ғылыми еңбектеріңіздің 5 томдық жинағын шығардыңыз. Бұл Сіз отандық педагогика ғылымында өзіндік орны бар, сапалы да салиқалы зерттеулеріңіз арқылы танылған көшбасшы әдіскер-ғалым екеніңізді танытады. Білім беру саласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінен басталған өмір белесіңіз қазақтың үлкен білім шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры лауазымына дейін жалғасып жатыр. 1996 жылдан 2014 жылға дейін осы университеттің қазіргі қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі деп аталатын үлкен кафедрасының меңгерушісі қызметін атқардыңыз. Бүгінде университет жанындағы «Латын әліпбиін үйрету бойынша оқу-әдістемелік орталықтың» директоры болып, жаңа істің басында жүрсіз. Байламын саралап, сараптап барып жүзеге асыратын әдетіңізбен, жаңа әліпбидің ұлттық мәдениетіміздегі орнын нық бағамдап, дұрыс бағыттауға ұмтыласыз. Еліміз тәуелсіздік алған кезеңде «Қазақ тілі теориясы мен әдістемесі», «Орыс тілі теориясы мен әдістемесі» мамандықтары бойынша филология (10.02.02.) және педагогика (13.00.02.) ғылымының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі мамандандырылған диссертациялық кеңестің, жаңа үлгідегі PhD-философия докторы дәрежесін беру жөніндегі Диссертациялық кеңестің төрағасы ­болып отырсыз. Осы Кеңестер арқылы сандаған ізденушілердің ғылымдағы еңбегінің бағалануына дәнекер болып жүрсіз. Мемлекеттік тіл бойынша мектеп оқушыларының Республикалық олимпиадаларының төрағасы ретінде жас ұрпақтың тілге деген ықыласына қуанып, білім додасында шын жүйріктердің жұлдызы жарқырай жануына әділ қазылық етесіз. 1999 жылдан бері Қазақстан Республи­ка­сының Президенттікке үміткерлерінен мемлекеттік тілден емтихан алушы «Лин­гвис­тикалық комиссиясының» мүшесі әрі хатшысы қызметінде де өзіңіздің сабырлы да сырбаз, қарапайым да қанағатшыл қалпыңыздан өзгермедіңіз. Осының бәрі де Абайша түйіндегенде, «иман сақтауға қажет айнымас көңіліңіз бен босанбас буыныңыздың беріктігін», тұғырыңыздың биіктігін дәлелдесе керек. Абай дана «Ғылымды, ақылды сақтай­тұғын мінез деген сауыты бар. Мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты болсын!» дейді. Сіздің бойыңыздағы биік парасат пен терең білім көркем мінезіңізбен үйлесім ­тауып, арлы әрекетке ұласып, түздегі Бағыңыздың мерейлі болуына алғышарт қалағаны хақ. Осы уақыт аралығында Сіздің әлдебіреулермен жүз шайысып, артық сөзге барған кезіңізді көрмеппін. Дос сүйініп, дұшпан күйінетін ұстамды, берік, бекем, сырбаз қалыбыңыздан танбайсыз. Ғылымдағы көзқарастар қайшылығына бола адами қатынасына селкеу түсіретін пенделік ұсақтықтардан биік тұрудың да шынайы үлгісін әр қадамыңыздан көруге болады. «Өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейінгілерге «әттең дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім киген кісінің арманы бар ма екен?!» дегізетін даңғазалықтан бойыңызды аулақ ұстайсыз. Сондықтан да өршелене алға өрлеп, төрге де таласпайсыз. Мадақ күтіп, асып-тасуға жоқсыз. Ақырын жүріп, анық басуға дағдыланғансыз. Қымбатты Фаузия апай! Сіздің оқытушы­лық ісіңізде де басқаларда байқала бермейтін қасиет мол. Өзіңіздің арнайы ұсыны­сыңызбен 2001-2002 оқу жылында ҚазҰПУ-да сіз басқарған кафедрада қызмет еттім. Әлі есімде, бір күні Сіз: «Бүгін мен сабақ өткіземін, соған қолы бостар келіңіздер» дедіңіз. Мен қуанып кеттім. Өйткені өзім де Сіздің дәріс бергеніңізді көргім келетін. Бірақ өзім бастап «Сіздің дәрі­сіңізге кірейінші» деуге батылым жетпей жүрген. Сіздің дәрісіңіз мен көріп жүрген дәрістерден мүлде бөлек, тың да жаңаша болып шықты. Қазіргі айтып жүрген нағыз интерактивтік дәріс. Студенттерді білмеймін, маған ерекше әсер етті. Өзімше мен де қазақ тілін оқыту әдістемесіне арналған күнделікті дәрістерімде студенттерді сөйлетуге, ойландыруға ­тырысатынмын. Түрлі сұқбаттар өріс алып жататын. Өзімше сонымды жаңа әдіс деп санайтын едім. Ал Сіздің дәрісіңіз «Лексикологиядан» еді. Тақырыбы сөз мағынасына қатысты болды. Дәрісханаға кіргеннен шыққанға дейін төгіліп тұрған поэзия.... Қазақ сөздерінің сан алуан құбылған мағыналары, бірінен-бірі асып құлпырған сұлу тіркестер мен шұрайлы сөйлемдер... Сіз сөйлеп тұрғанда шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнайды да, студенттерге тапсырма берген кезде аудиторияның іші араның ұясындай дуылдап кетеді. Байқаймын, студенттер Сіздің әдісіңізге әбден төселіп алған. Ұстаз аузынан шыққан мәнді сөзді қапы жіберіп алмайық дегендей, ықыластана тыңдап, қажет дегендерін тез-тез жазып алып жатыр. Сіз өзге дәріскерлер секілді мынаны жазып алыңдар деп нақты ережелер мен қағидаларға арнайы тоқталып, жаджазу етіп жаздырмайды екенсіз. Тек студенттердің түсініп алуы үшін маңызды деген тұжырымдарды аса бір мән дарыта отырып, екі-үш түрлі нұсқада қайталап айтасыз. Студенттер сол сәтте өз түсініктерімен жазып ала қояды. Аудиторияда өлең жазатындар тіпті қанаттанып отыратындай көрінді маған. Сіз барлық студентті атымен атап, өте бір жылы қарым-қатынас жасайсыз. Өзіңіз айтқан теорияны мысалдармен бекіту үшін студенттерден өз өлеңдерін оқып жіберуін өтіне қоясыз. Өлең де оқылып, қара сөз де құйылып жатыр. Қатысып отырған оқытушылардың кейбірі Сіздің студенттерге қойған сұрақтарыңызға өздерінің қалай жауап беріп қалғанын байқамай, күлкіге де кенеліп жатырмыз. Әйтеуір сабақтың қызықты болғаны соншалық, уақыттың қалай өте шыққанын байқамай қалыппын. Тек елдің бәрі сыртқа шығып жатқанда да мен әлі сабақтың әсерінен айыға алмай отырғаным есімде...Көп уақытқа дейін сол дәріс, сіздің әр сөзіңіз, қимылыңыз, студенттермен қарым-қатынас әдебіңіз, сабақ өткізу мәнеріңіз көз алдымнан кетпей қойды. Ең ғажабы, сіз сабаққа қатысушылардың ешқайсысынан мадақ сөз, баға күтпестен, түк болмағандай кабинеттегі өз орныңызға барып жайғасып, кезекті жұмыстарыңызға қайта кірісіп кеттіңіз. Жаңа ғана сиқырлы сөз әлемінің көгінде шарықтаған, өзгені де қанаттандырып, шарықтатқан патша көңіл кафедраның аяқталып болмайтын ресми тірлігімен оңай алмасып кеткендей... Апай, сіздің атыңызды Торғынша апаңыз Фаузия деп қойыпты. Ат демекші, мен Сіздің атыңызға байланысты жұл­дызшылардың болжамын оқыдым (бұрын жұлдызнама мен нумерологияға аса мән бермейтінмін, соңғы кезде бүкіл дүние үндестікте болады деген заңға сүйенгенді қалайтын сияқтымын). Сөйтсем, дәл Сіздің сипаттамаңыз тұр. Олар: «Сіздің бүкіл тіршілігіңіздің тетігі – сүю және сүйікті болу. Бақытыңыз осы тетікті дұрыс таңдауыңызға байланысты. Барлық мәселеде сұлулық пен үйлесімге құштарсыз. Сондықтан өз айналаңыздағы барлық үндесімді сақтауды қалайсыз. Өзіңізге қастық ниеттегі адамдардың өзімен де «күресуге» жоқсыз, керісінше, дұшпанмен де тіл табысуға ұмтыласыз. Бірақ бұл жерде сіз келісімпаздық жолын емес, өзіңіздің ниетіңізді танытуды көздейсіз» дейді. Ал керек болса, осы сипаттаманы Сізді анық білдетін адам жазған деп ойларсың... Арманы асыл, жүрегі таза Ананың ақ тілеуімен таңдалған, араб тілінен аударғанда түпкі мағынасы «жеңімпаз, ақжолтай, жолы болғыш» дегенді білдіретін ФАУЗИЯ есімі сіздің болмысыңыз бен тағдыр жолыңызды сызып бергендей екен. Жеңімпаздығыңызға бүгінгі адамдық, ғалымдық биігіңіз куә. Ақжолтайлығыңызға жалаң марапаттар­дың жетегінде кетпеген, қылау түспеген кісілік мәртебеңіз дәлел, арзан атақ қумай, адал еңбегіңізбен жинаған абыройыңыз айғақ. Сылдырмаққа ұмтылған баладай шылдыр қаққан темір-терсекке құмар кейбір пенделерді көргенде, неге екенін білмеймін, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» деген атағынан басқа мемлекеттік бір де бір марапаты жоқ Сіз есіме түсесіз. Бәлкім, дана Абай айтқан «арсыз болмай, атақ жоқ» дегеннің дәлелі ме екен? Рухани қорегінің құнары әлсіз, тарататын тағылымы татымсыз болған кезде адамдар өзіне жетпей жатқан нәрселерді сырттан іздеп, оны атақ-даңқпен толтырамын деп ойлай ма екен әлде?!.. Ал жолы болғыштығыңыздың дәлелі Жаратушының өзіңіз сүйген кәсіптен нәсіп табуға, өзіңіз сүйген Адаммен бірге бақытты өмір сүруге мүмкіндік бергені емес пе?! Ендеше, мерейтойыңызда сізге сол Бақытыңыздың өрісі кеңейе берсін, Бағыңыз өркендей түссін деген тілек айтамын...­

Үлкен құрметпен, шәкіртіңіз Жанат ДӘУЛЕТБЕКОВА, Қазақ-Британ техникалық университетінің профессоры, педагогика ғылымының докторы

1805 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы