- Тіл
- 28 Қараша, 2019
Тіл білімінің абыз анасы
Қазақ тіл білімінің абыз анасы атанған Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың 95 жылдығы кеңінен атап өтілуде. Есте қаларлық игі шара таяуда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтті. Бұл да жайдан-жай емес. Өйткені академиктің соңында сағымдай бұлдырап қалған студенттік жылдары осында өткен.
«Рәбиға Сыздық феномені: «Қазақ тіл білімінің бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны аталған оқу орнының басшысы Такир Балықбаев ашып, жүргізіп отырды. Алқалы жиында сөз сөйлеген академик Ө.Айтбайұлы, қоғам қайраткері А.Жағанова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек, Түркиядағы Түрік тілі институтының директоры Г.Гүлсевин, филология ғылымының докторы, профессор Қ.Есенова және басқа да отандық, шетелдік ғалымдар тіл саласында, түркітануда қыруар еңбек сіңірген атақты ғалым жайлы толғақты ойларын ортаға салды. Сонымен қатар бүгінгі тіл білімінің өзекті мәселелері де кеңінен қозғалды. Рәбиға Сәтіғалиқызы жастай өмірдің сан қиындықтарын бастан өткерді. Әкеден ертерек айырылады. Анасының қамқорлығында өседі. Конференцияда сөз сөйлеген белгілі тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиев ғалымның әкесі Сәтіғали жайлы назар аударарлық деректерді келтірді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде болған ол «халық жауы» деп ұсталған Сәтіғалидың Алаш қайраткерлерінің бірі болғанына анық көз жеткізеді. Яғни байланыс, пошта саласындағы министр деңгейіне көтерілген ұлт ардақтысы деуге әбден болады. Демек, Рәбиға апамыздың бойындағы жігерлілік, өрлілік әрі ұлтжандылық әкеден дарыған қасиет деп айта аламыз. Жиынға қатысушылар университетте ашылған Р.Сыздық атындағы дәрісхананы, кітап көрмесін де қызыға тамашалады.
Нұркен Жандәулетұлы
1076 рет
көрсетілді0
пікір