• Тарих
  • 28 Қараша, 2019

Есет батыр – ел есінде

Қазіргі таңда Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Есет Көтібарұлына орталық қалада ескерткіш қою мәселесі шешіліп, ескерткіш жобасы республикалық «Қазақстанда орнатылатын монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның» талқылауынан өтті. Мүсінші Нұр-Сұлтан қаласында болған конкурстық жобаны ұтып, комиссия шешімімен бекітілді, ескерткіш бой көтеретін жер телімі берілді. Есет – атақты Көтібар батырдың шаңырағында 1803 жылы дүниеге келген. Оның есімі «Айман-Шолпан» эпосы арқылы иісі қазаққа тегіс мәлім.

Есет 15 жасында-ақ Жайық казак­тарына қарсы күресте көзге түсіп, «Батыр бала», ал кейін ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары Жоламан Тіленшиев қозғалысында ерлік көрсетіп, сол кезден бастап халық ішінде «Есет батыр» атанған. Әкесі Көтібар батырдың тапсырысымен Хиуа хандығына әлденеше рет ­барып, қазақтар мен хиуалықтар арасындағы даулы мәселелерді шешуге атсалысқан. Есеттің әкесі ­Сырым Датұлының көте­рі­лісіне қатысса, баласы Есет өз тұстасы Исатай-Махамбет көтерілісіне демеу береді. Есет батыр 1847-1858 жылдар ара­лы­ғындағы патшалық Ресейдің отар­шылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісін басқарды. Ол ба­тыр­лы­ғының үстіне ақылды, аруақ қонған адам еді. Сол көтеріліске қатыс­қан Ақпан ақын Есет туралы: «Ер Есет елдің басы еді, Арыстандай азулы, Аруағы жұрттан озулы, Патшаның құрған торына, Бой бермеді бағынбай...» дейді. Оны көрген орыстың белгілі ғалымы Е.П.Ковалевский: «Дала Геркулесі оның келбеттілігі мен парасаттылығына еуропалықтар да тәу етер еді» деп жазды. Ұзындығы 230 шақырымға созылған үлкен Борсық, Кіші Борсық құмын қыстайтын, бір шеті Елек өзенінің орта тұсы, екінші шеті Хиуа хандығымен шектесетін алып аумақты жайлайтын Шекті руы 1858 жылға шейін Ресейдің үстемдік етуіне мойын­ ұсынбады. Көкбөріше алысты. Осы өңірді ұзақ зерттеген ғалым И.Ф.Бларамберг 1852 жылы Санкт-Петербургтен шыққан «Земли Киргиз-­Кайсаков ­Малой Орды» деген кітабында: «Самые воинственные, т.е. наиболее вооруженные роды кайсаков ­находятся там, где русские влияние еще слабо. Таков вес, чиклинский род, самый мятежный наиболее запутанный в баранте! Особенно отделение Тилеу-Кабак» деп жазды. Кенесары ханнан соңғы, Кавказ­дағы Шәмілден кейінгі патша отаршыл­дарына үлкен үрей әкелген адам Есет батыр болды. Бұл жөнінде 1858 жылы Санкт-Петербургтен шығатын «Русский художественный листок» журналында «Бии Есет Кутыбаров» деген мақала жарияланады, сол мақалада: «Бии Есет Кутыбаров, известный возмутитель Киргизской степи Малой Орды, лет пятнадцать опустошал ее в различных направлениях и несколько раз уже настигаемый нашими отрядами постоянно ускользал от преследования и погонии. Имя Есета в Малой Орде было также грозно, как и соотечественник его Кенесары, убитого в сороковых годах, из пределах Сибири, закаменными Киргизами или имя героя Кавказского Шамиля» деп таңбаланған. Зеңбірекпен, пулеметпен, мыл­тық­пен мұздай қаруланған, арнайы дайын­дықтан өткен Ресей ­отарлаушылары әскеріне он бір жыл бойы бой бермеуі – көтеріліс басшысы Есет­тің даналығына байланысты болатын. Он бір жыл бойы патша үкіметі кө­теріліс басшыларын қолға түсіре алмады. Олар жазалаушы отрядтарды біресе құмға салып, біресе шөлге ұрындырып тұтқиылдан шабуыл жасап, қиын жағдайға ұшырата берді. Патша өкіметі енді айуандық іс-шараға көшті, тұтас ауылдарды от қойып өртеп жібереді. Қазақ ­ауылдарын өртеп, бала-шағаны қырған, әйел, қызды зорлап, қарттарды қорлаған жазалаушы жендеттер туралы Лондонда шығып тұрған Герценнің «Колокол» журналы 1858 жылғы №28 санында: «Ежелгі соғыстар немесе моңғол шапқыншылығы замандарынан бері полковник Кузьмин мен майор Дерышевтың шапқыншылығынан асып түскен айуандық болған емес» деп жазды. Немістің «Аусбург газеті» де үрейлі мақалалар жариялады. Поляктың демократ-револю­ционері, суретші Бронислав Залесский 1865 жылы Парижде француз тілінде шығарған «Қазақ сахарасына саяхат» ­деген кітабында былай деп жазған: «Мен бір күнімді Есет Көтібаров деген қырғызбен өткіздім. Ол осы замандағы қазақ даласына танымал ерекше тұлға... ол көсем болып қалды... және қазының міндетін атқарды». Б.Залесский осы сапарында қара қарындашпен Есеттің суретін салып алған. Есет сол заманда суреттері газет-журналдарда жарыққа шыққан санаулы адамдардың бірі болған. Ел тағдырын ойлаған көтеріліс басшысы Есет 1858 жылы амалсыз Ресей­мен келіссөзге келіп, өз күресін тоқтатады. Ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушылар өзге елдерге барып бой тасалайды. Қолға түскен Ерназар мен Бекет Сібірге айдалады. Бұл батырлар туралы жыраулар «Ерназар-Бекет», «Бекет батыр» жырларын шығарады. «Бекет батыр» жыры бүкіл қазақ даласын шарлап кетеді. Кейіннен Мұхтар Әуезов бұл жыр туралы ғылыми зерттеу жазып, мұнымен тоқтамай «Бекет батыр» пьесасын жазып, оны 1939 жылы Алматыдағы Опера және балет театрында сахналатады. Биыл қазан айында ұлы классик М.Әуезовтің «Бекет батыр» пьесасының желісімен «Ерназар-Бекет» спектаклі 80 жылдан соң облыстық Т.Ахтанов драма театрында қойылды. Тарихшы Самат Құрманалин «1847-1858 жылдар­дағы Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көте­ріліс» деген тақы­рыпта диссертация қорғап, көтері­лістің бүкіл жағдайын бір­жолата ғылыми айналымға қосты. Есет Көтібарұлы­ның Шалқар ауда­нындағы мазары Ақтөбе облысы бойынша «Қазақ­станның киелі орындарына» жат­қы­зылған 100 нысанның қатарына енді. Ел азаматтары осы ескерткіш қою шарасына үлес қосып, атсалысады деп сенеміз. Қаржылай қолдау көрсеткісі келгендер төмендегі мақала авторларына хабарласуларына болады.

Аманғали Мұханбетулин, Жұманазар Асан, өлкетанушылар АҚТӨБЕ

2411 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы