• Тіл
  • 04 Желтоқсан, 2019

Түйткілді мәселелер әлі де бар

Анар САЛҚЫНБАЙ, филология ғылымының докторы, профессор

Мемлекеттік тіл мәртебесі туралы соңғы уақытта көп жазылып, айтылып жүргені баршамызға белгілі. Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесіне сай күнделікті қолданыстық (коммуникативтік) қызметіне ие бола алмауының басты себебін, көбінесе, Конституциядағы орыс тілінің ресми сипатына байланысты қарастырып, қазақ тілінің тұғырына орныға алмауының себебін заңдағы қиғаштықтан да іздейміз. Бұл пікір - маңызды, әрі орынды. Өйткені «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілінің қолданылуын талап ету -  заңды талап екені, әрі бүгінгі күнде заман талабының өзі осы екенінде дау болмасқа керек. 

Дей тұрғанмен, қазіргі кейбір түсінік бойынша «қазақ тілі мемлекеттік тіл ­болып, орыс тілі ресми түрде қолданылатын тіл болып жарияланған» сияқты болып көрінетіні рас (Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақс­тан даму институты, 1998 жыл, 509 бет). 1995 жылдан бастап мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі ­туралы Қазақстан Республикасының Конститу­циясының 7-бабы мен Тіл ­туралы заңның өзі толығымен орындалып отыр ма деген заңды сұрақ қойғымыз келеді. Ол үшін Заңдағы мәтінге назар аударалық: 7-бап. 1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. 3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды [https://www.akorda.kz/kz/official_documents/constitution]. Байқап отырғанымыздай, 1-тармақта қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі екені анық жазылған. Яғни Еліміздің барлық жүйесінде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қолданысқа ие болуы тиіс деген сөз. 2-тармақта Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны нақты жазылған. Осы тармаққа ерекше мән беріп, мағынасын анықтау қажет сияқты: Конституция бойынша орыс тіліне мемлекеттік тілмен бірдей қолданылатын ресми тіл мәртебесі беріліп тұрған жоқ; Орыс тілі ресми түрде тек «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында» тең қолданылатыны аталып көрсетілген. Демек, мемлекеттік емес ұйымдардың барлығында мемлекеттік тіл қарым-қатынас тілі болуы қажет. Көріп отырғанымыздай, даулы мәселенің негізгі себебі болып жүрген орыс тілі мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылуы тек қана мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ғана қатысты болса, мемлекеттік емес ұйымдар бұл тармақты неге негізге алады деген заңды сұрақ туындайды. ­Сонымен қоса Конституцияның 4-бабының 2-тармағында Конституцияның ең жоғары заңды күші бар екені және оның Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылатыны туралы айтылған. Яғни Конституцияға сәйкес, Қазақстандағы мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан басқа қоғамдық қарым-қатынастың барлығы тек мемлекеттік тілде жүруі тиіс болады. Егер осы Конституция талабы орындалғанның өзінде қазақ тілінің мәселесі ертеректе-ақ шешіліп қалар еді. Себебі бүгінгі таңда аталған талапты бұзушылардың басым көпшілігі осы мемлекеттік емес ұйымдарда орын алып жатады. Қазақстанда мемлекеттік емес ұйымдарда орыс тілін мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданысқа енгізу бойынша қандай да тілдік қатынасты реттеуге бағытталған кейбір құқықтық актілер бар болса, олар Конституцияға қарама-қайшы болып табылады. Қазақстандағы кез келген заңнамалық құжат Конституцияға негізделіп шығарылуы тиіс, қарама-қайшы келетін заңнама немесе құқықтық актілер болса, олар заңсыз болып табылады. 1997 жылы 11 шiлдедегі Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы Заңы мәтініне назар аударып қаралық: 3-бап. Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасындағы тiл ­туралы заңдар Қазақстан Республика­сының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. Тiл туралы заңдар Қазақстан Республи­касының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. 4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi. 5-бап. Орыс тiлiн қолдану Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. Қазақстан Республикасы­ Конс­титуциясы­ мен соған сәйкес жазылған «Тіл туралы заң» бүгінгі таңда тура осы қалпында орындалып отыр дей аламыз ба? Заңды орындау әрбір қазақстандықтың ғана емес, сонымен бірге «Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қол­данылады» деп анық жазылған. Қазіргі кездегі күнделікті мемлекеттік тілдің қолданысына қатысты әртүрі түсінбеушіліктердің Мемлекеттік емес ұйымдар мен мекемелерде болып ­жататынын ескерсек, кей мекемелер мен ұйымдарда, негізінен, орыс тілінің қолданылуы Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келеді. Заңда көрсетілгендей, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелерде ғана орыс тілі тең қолданылып, қалған жерде, яғни азаматтарға күнделікті қызмет көрсететін мемлекеттік емес ­мекемелер мен ұйымдарда (жекеменшік дүкендер мен маркеттерден бастап, жеке­меншік ұшақтар, жекеменшік банктер, жекеменшік оқу орындары, жеке­меншік мектептер, жекеменшік жанар-жағар май құю орындары, т.б. сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдардың арасын­дағы келісімшарттар, нотариустер, сауда орындарының барлығы, ЖШС, ЖК, т.б.) мемлекеттік тілде қызмет көрсетуі тиіс. Егер заң дұрыс орындалса, онда Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығын іске асыру мақсатында бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді ­дамыту мен қолданудың 2011- 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының да уақытында орындалу мүмкіндігі артар еді. Яғни бағдарламаның бірінші бағытының мақсаты саналған «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің ­басты факторы» болып, мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі (азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың «ҚазТЕСТ» жүйесі бойынша емтихан тапсыру нәтижелері бойынша 2017 жылға қарай – 80%, 2020 жылға қарай – 95%); мемлекеттік тілді В-1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі (2017 жылға қарай – 70%, 2020 жылға қарай – 100%) болуы тиіс. Мұнымен қоса, бағдарламада көрсе­тілгендей, «Осы шараның нәтиже­сінде мемлекеттік тілдің А-1 және А-2 деңгейіне мектепке дейінгі мекемелер мен мектептің төменгі сыныптарындағы балалар қол жеткізсе, мемлекеттік тілді меңгерудің В-1, В-2 деңгейіне мектептің орта және жоғарғы буындарында, сондай-ақ орта арнаулы білім алу кезінде оқитындар, ал С-1, С-2 деңгейіне жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кезеңде білім алатындар қол жеткізетін болады». «Бұған қоса, тілді меңгеру үлгілерін жетілдіру мен жаңғырту да көзделеді. Қазақ тілі толыққанды күнделікті қызметтік және кәсіптік қарым-қатынас тіліне айналуға тиіс» делінген бөлігі заң аясында мемлекеттік тілдің қолданылуын талап етсек, толық орындалуы мүмкін болар еді. Бағдарламада айтылған «Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқытудың стандарты негізінде оқытудың жаңа әдістемелерін әзірлеуде шығармашылық педагогикалық ізденістің тұрақты үдерісі сөзсіз қажеттілікке айналатын болады. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, қазақ тілі оқытушыларын оқыту мен біліктілігін арттыру құрылатын жүйенің қажетті құрамдас бөлігінің бірі» ретінде танылса, нұр үстіне нұр болар еді. Латын әліпбиіне көшу үдерісіне байланысты қазақ тілі оқытушыларын қайта даярлықтан өткізу мәселесінің өткір тұрғаны бәрімізге белгілі. Осы ретте де істелетін істер мол-ақ. Бұған Жоғары оқу орындарында қоғамдық негізде құрылып жатқан орталықтардың шамасы жете алар ма екен? Көңілге алаң туғызар мәселелер әлі де болса бар.

1453 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы