• Руханият
  • 04 Желтоқсан, 2019

ҚАЙРАН, ҚАРА ШАЛДАР

«Қарты бар елдің қазынасы бар» деген мақал құлаққа жағымды естіледі. Соған қарағанда бұл мақал тегіннен-тегін айтылмаса керек. Әке қай кезде де отбасының ­айбары. Бала-шаға сол әкенің әңгімесіне қарап тәрбие алып, тәжірибе жинақтайды. Әке де бұрынғы ата-бабалар дәстүріне сай бойына біткен қасиетін барынша өз ­жанашырына беруге құлшына түседі. Әрине, кейбір әкелер мұндай биік дәрежеде өзінің жақсы істерін көрсете алмауы мүмкін. Бірақ жақсы қартайып, естіген әңгімелерін айналасына жеткізуге тырысатындар қатары аз емес. Сондықтан да қарттарымызды әр уақыт қазынаға теңейтіні мәлім. 

Аралдың оңтүстік-батысында Ақшатау деген ауыл болды. Кезінде бұл ауыл ірі колхоздың орталығы еді. Бұл колхозда алты жүздей үй болған. Колхоздың негізгі тіршілігі балықшылық және мал шаруашылығы. Ақшатау көп жердің көлемін алып жатқан, суының тереңдігі алпыс алты құлаштан кем түспейтін айдынды шалқар көл болды. Табиғаттың өзі кескіндеп пішкендей, биік жотаны көлдің біраз жеріне дейін ендіре енгізіп салдырғаны ғажайып іс. Шамамен, ­XIV-XV ғасырларда жер бөліске түскен кезде Әлім атаның үлкені болып есептелетін Жақайым атаның киіз үйін осы жотаның ұшар басына тігіп берген. Сазаны тайдай тулаған, жылқылары көл жағалауын жайлаған жерді аманаттайды. Осы жотадан сәл ілгері табиғаттың өзі қолдан қойғандай кіші Ақшатау деп аталып кеткен құс базары бар. Бұған көктем және жаз айларында түрлі құстар ұшып келіп қоныстап, балапандарын көкке ұшырып жатады. Осындай берекелі құтты мекенді отыздан астам тұрғын қазірге дейін иеленіп келеді. Биік жотаның шығыс бетінде Жақайым атаның бел баласы болған, ізіне мың баланы ертіп жоңғарларға қарсы күреске шыққан Сартай бабаның қонысы тұр. Мұны «Сартай төбесі» деп атайды. Бұл төбені біреу білсе, біреу біле бермейді. Ауылдың орталығында жалғыз көше болды.­ Көше бойын жағалай қоныстанған үйлер біркелкі жатаған тамдар еді. Ауылдың ортасын белдеу сияқты кішкене қырат бөліп тұратын. Қыраттың батыс беттегі көл жағалауында биікте тұрғызылған бағананың басында ұшаққа ұқсас екі қанатты желдиірмен болды. Біз бала күнімізде сабақтан кейін жел тұрса гуілдеп шыр айналатын бағана басындағы әлгі желдиірменді қызықтап қарайтынбыз. Сөйтсе, ол жел арқылы күн көзінен тоқ жинап, ауылға кешкілік бірер сағат қана электр жарығын беретін. Бір қызығы, сол әр үйден кеуіш-мәсі киген аталар мен әжелерді көп көретінбіз. Бұл кісілер жаз айында әрбір он шақты үйден кейін көлеңкеге жиналып, бұрынғылардан есте қалған шежіре-әңгімелерін айтып отырғандары тамсандыра түсетін. Ересек­ балалар жандарына отырып, сол кісілердің әңгімелерін тыңдайтын. Енді бір үйлердің алдында үлкен кісілер талабы бар жастарға күй тартқызып, жыр жырлататын. Сол үлкен кісілер жастар үшін бір ұлық адамдай көрініп, олардың алдынан қыздар мен жас келіндер кесе өтпей, сәлем салатын, құрметтейтін. Ауыл адамдары Нұралы ақсақалдың батасын алу үшін той-томалаққа, тұсаукесер рәсімдерге жиі шақыратын. Ол кісі ауылдың жалғыз имамы­ ­­болатын. Шариғатты көп білетін, отырған жерінде адамдарды адалдыққа, күнәһар болмауға, біреуді сыртынан ғайбаттамауға шақыратын. Бір үйлерде отбасылық жанжал шыға қалса осы кісіге барып төрелігін сұрайтын. Содан да болар, бұл ауылда бала кезімізде ешбір үйде ұрыс-керіс, некеден ажырасу дегенді естіген емеспіз. Бұл сонау соғыс аяқталған өткен ғасырдың елуінші жылының бас кезі ­болатын. Соғыс аяқталса да жұқа жоқшылықтан арылмаған ауылдың үлкен-кішілері жоғарыдағы парасатты ақсақалдардың тәрбиесінен нәр алып, зорлық-зомбылыққа, ұрлыққа, қарақшылыққа барған емес. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде туған жерді түлеткен, елдің көзіне түсіп, халықтың ой-мүддесінен шыққан тұлғалардың еңбегін бағалау керегін баса көрсеткен еді. Шын мәнінде, бұл мақалада бұрынғылар туралы жақсы пікір қалыптастыру жағы кеңінен баяндалады. Саралап айтқанда, байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне орналасқан ауылдардан шыққан аузы дуалы жомарт жандар аз болмаған. Біз сөз етіп отырған Ақшатау ұжымшарын соғыстан кейін көп жылдар басқарған Әкімұлы Ералы атаның сіңірген ересен еңбегі зор болды. Ауылдың шаруашылық жұмысын жоғары деңгейде жүргізумен қатар, балықшылар мен малшылардың өзара қарым-қатынасын құрметтеуі, бірін-бірі ренжітпей, сыйластыққа мейлінше тәрбие берді. Желтоқсан айының аяғында мұз қатып, көлік көтеретін уақыт болған күндері Ақшатау көліне ауданның бүкіл балықшылары жиналып, көлге мұз астынан жылым тартатын бұл күн ауыл үшін думанды мерекеден кем түспейтін. Ол кезде бүкіл колхоз Бөген МРС-не бағындырылатын. Алдымен МРС бастығы Тілеулес Жаппасбаев келіп бүкіл балықшыларды құттықтап, оларға осы көлден мол олжамен оралуына өзінің ықыласын білдіретін. Содан кейін жарысқа түсетін жылым бригадирлерін қатыстырып, орталарына қағаз шиырып ­жеребе тастайды. Ширатылған қағазда көлдің жылым түсетін атау­лары жазылып қойылған. Сол атаулар арқылы әр бригада бұйырған жеріне барып жылымын салады. Осылардың ішінде Ақшатау ұжымшарының бригадирі болған Раш атаның дәу жылымы қатысқан еді. Дәу деп отырған себебі, үш жүз метрдей жерді орап жататын. Капрон жіптен тоқылған тор болатын. Жылымшылар бір тәулік бойы екінші тәулікке прогон арқылы жылымдарын салып, үшінші тәулікте сыртқа шығара бастайды. Осы бір балықшылардың өзара жарысында Раш атаның дәу жылымы майланып, салмағы алты килограмм тартатын біркелкі сарыбауыр сазандар мұз үстінде тау болып үйіліп жатты. Осы балықты аудандағы балық комбинатына апта бойы тасып, колхоздың табысы еселеп артқандығы жөнінде жетінші сыныпта оқитын біздерге соғыстан бір аяғынан айырылып келген, орыс тілі пәнінің мұғалімі, ұстазымыз Орынбасар Сүлейменов ағай қуана жеткізген еді. Колхозда ел басқарып, қызмет атқарған ағалар мен аталар көп болды. Жоғарыда айтқандай, Әкімов Ералы, Үмбетов Әбдіраш, Құлымсақов Жұмағали, Ормахан, Дәрібай аталарды ел аузынан тастамайтын. Оларды мақтаныш тұтатын. Бір ерекше айта кететін жай, бұл кісілердің бәрі жүйрік ат, жорға ұстап, аламанға қосатыны көптің аузында жүретін. Әсіресе, Тілеулестің кер жорғасы десе Аманөткел, Бөген, Шөмішкөл, Райым колхоздарының әрбір адамы тамсана әңгімелейтін. Қыстың аязды күндерінің бірінде аудан орталығына бүкіл колхоз басшылары, МРС директорын жиналысқа шақырады. Ол кезде­ машина тапшы, жиналысқа тек атпен ­барады. Аманөткел мен аудан орталығының арақашықтығы жүз он шақырым. Жиналысқа Ералы ақсақал сары жорғасымен, Құлшымақтың Жұмағалиы қара жорғасымен, Үмбеттің Әбдірашы жүйрік кер атымен, Жапасбайдың Тілеулесі кер жорғасымен барған еді. Жиналыс біткеннен кейін ауданның бірінші хатшысы болған татар азаматы Ешкенов Тілеулесті шақырып алып: «Сендер кете беріңдер, атпен жүрсіңдер, менің машинама ілесе алмайсыңдар. Мен Аманөткелге баруға тиіспін. Сендерді сонда күтемін» дейді ғой. Тілеулес ақсақал осы әңгімені бірге келген колхоз басшыларына жеткізеді де: «Сіздер жайлап келе бересіздер, мен кете берейін» деп атына қонады. Күн аязды. Жорға жүрісті жылдамдата түседі. Қамшы салдырмайды. Жылқы малының киелі екені соншалық, өз иесінің ықыласы мен ниетін байқағандай, қардың қалыңдығына қарамастан, жүрісті одан әрі ұлғайта түседі. Сөйтіп, бірінші хатшының «сендерді күтемін» деген сөзінен үш жарым сағат бұрын МРС директоры Тілеулес атаны Аманөткелге жеткізіп, бір шай ішіп болғаннан кейін жеңіл машинасымен жеткен бірінші хатшыны таңғалдырған екен. Тілеулес атаның сол жорғасы отыз екі жыл жасап, үйірге салған жерінде көз жұмады. Мұны естіген Тілеулес ата өзінің серігі болған аяулы жорғасын жерге көміп, басына ескерткіш орнатты дегенді естіген едік. Бұрынғылар жайлы сөз айтар болсақ, осы кісілердің халыққа жасаған еңбектері жастар үшін үлгі-өнеге. Кейде жасы сексенге жақындаған кісілердің әңгімелерін тыңдағанда онша көңілден шыға бермейтін, тәрбиеден қашықтау сұрықсыз сөздерін естігенде көңіл қобалжиды. Бұрынғыларға қарағанда бүгінгі ардагерлер мен ақсақалдар арасындағы айырмашылықтың көп екеніне көз жеткізгендей боламыз. Ер жетіп, азамат болған, кейінде бізді басқарған ағалардың өнегесі ерекше қызықтырады. Атап айтқанда, Арал және Қазалы аудандарын он жылдан астам уақыт басқарған Әбдіжами Байшуақов, Әубәкір Тыныбаев, Елеу Көшербаев, Қаһарман Табынбаевтардың қызметтеріне аудан жұртшылығы жақсы пікір қалыптастырады және сол кісілердің атқарған қызметтерін көзімізбен көрдік. Бұл кісілер қызмет атқарған аудандарда із қалдырған, жақсы маман тәрбиелей білген атпал азаматтар. Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» еңбектері бүгінгі күннің ­жастары мен орта жастағы азаматтар үшін маңызды, құнды еңбек. Ата-бабаларымыздың салып кеткен жолдары, хандарымыз бен батырларымыздың осыншама жерді бүгінгі ұрпаққа жеткізгені, оның кең байлықтар игерудегі құндылықтарын тиімді пайдалана білу керектігін меңзейді. Сондықтан бұл еңбекте айтылған әрбір сөзді жете түсіне отырып, келешек ұрпақ үшін пайдалана білу үлкен еңбекті қажет етеді. Біз айтқандай, кез келген ауылда, ауданда өз тұстарында жоғары білімі болмай-ақ табиғат өзі сыйға тартқан дарынымен елдің құрметіне бөленген адамдар көп болған. Сол кісілердің көбі көзі тірісінде туған топырағын түрлетіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын көтеріп, уығын шанышқан абзалдар еді. Қайран, қара шалдар, қазағымның өрісін кеңейтіп, табысын молайтып, жетімдерін жылатпай, жесірлерін жібермей, тәрбиелік, танымдық істерімен таныла білген абыздар еді. Бүгінде ­солардай сұңғыла, ойлы кісілер қатары майдаланып бара жатқаны кімді болса да ойландыра түседі.

Киікбай ІЗЕТҰЛЫ АЛМАТЫ

1083 рет

көрсетілді

55

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы