• Әдебиет
  • 04 Желтоқсан, 2019

АҚАЙ ӨМІРІНІҢ БЕЙМӘЛІМ БЕТТЕРІ

ХХ ғасырдың 40-50 жылдары­ тарихшы-ғалым болып қалып­тасып, 1956-1982 жылдары Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология­ ­институтын басқарған Ақай Нүсіпбеков – 1937-1938 жылдардағы зұлматта қаза болған алдыңғы буын қазақ тарихшыларының жолын жалғас­тырушы, соғыстан кейінгі жылдардағы қазақстандық тарих ғылымы көшбастаушыларының бірі әрі бірегейі еді.

Ол Алматы қаласында әртүрлі партиялық қызметтерді атқарған жылдары алдыңғы аға буын тарих­шылардың көзін көріп, олармен етене­ араласқан, олардан тәлім-тәрбие алған тұлға ретінде сол замандағы тарихи жадты кейінгі буынға аса сақтықпен аманат етіп бере білген абыз ақсақал болды. Сонымен қатар А.Нүсіпбеков 1968-1976 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті қызметін атқарған ірі ғылым ұйымдастырушысы әрі ғалым-қайраткер еді. Оның қаламынан бірнеше монография, жүзден астам ғылыми еңбек дүниеге келді. Бір сөзбен айтқанда, биыл туғанына 110 жыл толатын көрнекті ғалым, академик, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның ғылымға еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақай Нүсіпбековтің өмірі мен қызметі өнегеге толы еді. Осы уақытқа дейін А.Нүсіпбековке қатысты біраз зерттеулер жарық көрді. Олардың ішінен К.Нұрпейісовтің, Т.Балақаевтың, К.Байпақовтың, Қ.Алдажұмановтың, И.Ерофееваның, Б.Көмековтің еңбектерін ерекше ілтипатпен атап өтуге болады. 1997 жылы ізденуші К.Досжанова академик А.Нүсіпбековтің өмірі мен ғылыми мұрасын зерттеуге арналған кандидаттық диссертация қорғады. Сонымен қатар ғалымның туғанына 80 жыл, 90 жыл, 100 жыл толуына ­ар­налған мерейтойлық конференция­лар қарсаңында біршама еңбек­тер жарық көрді. Әсіресе, 2009 жылы жарық көрген «Айтулы Ақаң еді» атты естеліктер мен ғылыми зерттеу­лер жинағы ақайтану саласындағы барлық жетістікті топтастырған құнды еңбек еді. Ал осы жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ­баспа­сынан «Өнегелі өмір» сериясы­ бойынша жарық көрген «Акай ­Нусупбеков» жинағы ғалымның 110 жылдық мерейтойына арналған ­тамаша тарту болды. Жарық көрген осынау еңбектермен таныса келе, біз А.Нүсіпбековтің 1946-1982 жылдардағы өмірі мен қызметі біршама жақсы зерттеліп, тарих ғылымына қосқан үлесі мен ғылым ұйымдастырушысы ретіндегі рөлі жан-жақты ашылғанымен, оның 1932-1941 жылдардағы қоғамдық-саяси және педагог басшы ретіндегі қызметінің зерттелмегенін, Екінші дүниежүзілік соғыстағы саяси қызметкердің жалынды жауынгерлік жолының беймәлім қалып отырғанын анық байқадық. Сондықтан алдағы уақытта А.Нүсіпбеков өмірінің 1932-1945 жылдардағы кезеңін зерттеуге баса назар аударылуы тиіс деп ойлаймыз. Ақай Нүсіпбеков 1909 жылы, 9 желтоқсанда қазіргі Алматы ­облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш ауылын­да шаруа Нүсіпбек Молда­баевтың отбасында дүниеге келген.­ Нүсіпбек Молдабаевтың өзі бай адам болмағанымен, М.Әуезов ­ро­манындағы кейіпкер – болыс бас­қарушысы Серікбай Қанаевтың ­немере ағайыны еді.

Басынан қар кетпейтін Солтүстік Тәңіртаудағы Хантәңірінің етегін мекен еткен албан руының ауылдары – әсемдігімен көздің жауын алатын ерекше сұлу алқапта көшіп-қонып жүретін. Нүсіпбек пен жұбайы Сымбаттың Қыстаубай, Нұрақын, Ақай (Рысбек), Нұрбай, Нұрлыбек деген бес ұлы болған. Ақайдың екі інісі жастай қайтыс болыпты. Әсілі, Ақайдың азан шақырып қойған аты – Рысбек екен. Ол туралы Есен Нұрақынұлы: «Кішкене күнінен ерекше аппақ бала болады. Үй-іші, ауылдағы туыстары «ақ-аппақ» деп жүріп, Ақай атанып кеткен. Кейін құжаттар осы атпен жазылыпты» деп еске алады. Табиғаты тамаша таулы өлкеде дүниеге келген бала Ақайдың бал күндерін 1916 жылғы 25 маусымдағы патша­ жарлығы ойран-топыр етті. Патша үкіметінің отарлық саясаты мен озбыр ояздардың аяусыз әрекеті нәтижесінде бірте-бірте шұрайлы жерінен түгелге жуық айырылып, мал-жанымен тау-тасқа ығысып отырған албан еліне патшаның бұл жарлығы қатты тиді. Жарлық бойынша патшаның жергілікті шенеуніктері албан руының басшыларын Қарқараға жинап, 19 бен 43 жастың арасындағы азаматтардың тізімін жасап, жарлықтың тез орындалуын ­талап етеді. 1916 жылы 6 шілдеде Ақбейіт алқабында болған албан руының (Жаркент уезі) 16 болысы өкілдерінің жиналысында ел ақсақалы Жәмеңке Мәмбетов: «Бала өлгенше, шал өлсін, ақ патшаның жарлығын орындамаймыз» деп мәлімдеді. Оны Ұ.Саурықов, С.Қанаев, Қ.Шорманов, Қ.Құдайбергенов, Қ.Шотаманов сияқты ру басшылары мен басқа да жиналысқа қатысушылар қолдайды. Бұл шешімді Ж.Мәмбетов 11 шілдеде пристав Подворков пен урядник Плотниковқа жеткізді. Патша шенеуніктері «бала бермейміз» деген албанның би-болыстарын ұстап, Қарақолға апарып тергеуге алады. Бірақ Жәмеңке сияқты ел ақсақалы «бала бермейміз» деген бетінен қайтпайды. Ниетінен қайтпаған Жәмеңкені олар улап өлтіреді. Мұны естіген түрмедегі қазақтар көтеріліс жасап, түрмені бұзып шығады. Ұсталған ел басшыларының он жетісі патша әскерлерінің оғынан қаза табады. Мұндай сұмдыққа шыдамаған қалың ел тік көтеріле қол жиып, сарбаз құрады. Тамыз айының алғашқы күндерінде бес мыңға жуық албан сарбазы патшаның Қарқарадағы штабына шабуыл жасап, айдың ортасына қарай штабты басып алады. Осыдан соң, көтерілісті басып-жаныштау үшін патша өкімет орындары Жетісуға 8750 найзалы мылтығы бар 95 рота, 3900 қылышкері бар 24 жүздік, 16 зеңбірек және 47 пулемет жіберді. Патша өкіметінің жазалау саясаты нәтижесінде облыстағы ондаған қазақ және қырғыз ­ауылдары жойылды, қарусыз бейбіт халық аяусыз қырғынға ұшырады. Патша өкімет орындарының қудалауы салдарынан Жетісудағы халықтың төрттен бірі немесе 300 мыңнан аса қазақ-қырғыз Қытайға қашуға мәжбүр болды. Қарқарадағы көтеріліс жеңіліс тапқан соң, әкеден айырылып, от пен оқтан ыққан елмен бірге ағайынды Нүсіпбековтар да Қытайға қашады.Осылайша, тағдырдың қатал жазуымен жастайынан жетім атанып, анасы Сымбаттың қарауында қалған Ақайлар 1918 жылы жазға салым туған жеріне қайта оралады. Туған жеріне келген Нүсіпбековтар отбасы күнкөріс қамымен байларға жалданып жұмыс істейді. А.Нүсіпбеков өзінің балалық шағы туралы­ 1952 жылы: «Менің еңбек жолым 1918 жылдан, орыс, ұйғыр байларына жалданып, малшы болған кезден басталады» деп еске алған болатын. Кеңес өкіметінің билігін Жетісу облысының қазақтары тек 1921 жылдың жазынан сезіне бастады.­ Осы жылдың соңында Түркістан ­Республикасы басшылығының нақты іс-шараларының нәтижесінде, Жетісу облысының уездерінде алғаш рет кедейлер комитеттері құрылды. 1921 жылғы Жетісудағы жер-су реформасы өз мақсатына толық жете алмаса да, қазақ халқының Кеңес өкіметіне деген сенімін оятты. Кеңес өкіметінің кедейлердің балаларын тегін оқыту жолындағы ­бастамасы аясында 1922 жылы кейбір қазақ ­ауылдарында мектептер ашылды. Түркістан ­Республикасы ХКК төрағасы Т.Рысқұловтың күш салуымен, оның сенімді серігі әрі бала күннен бірге өскен досы Қ.Сарымолдаев Жетісу облыстық әскери революциялық комитетінің төрағасы (14.10.1922-18.07.1923) болған уақытта барлық уезд орталықтарында кедей балаларына арналған мектеп-­интернаттар ұйымдастырылды. Осы саясат аясында 1923 жылы Жаркент қаласында Н.К.Крупская атындағы мектеп-интернаты ашылады. 1925 жылы жалшылықта жүрген А.Нүсіпбеков жергілікті Кеңес өкіметінің билік ­органдары тарапынан осы интернатқа оқуға жіберілді. Бұл интернатта сол жылдары Нұрбапа Өмірзақов, Тәліп Мұсақұлов, Иманбек­ Бидайбеков, ­Самсалы Қожабеков, ­Бейсенбек Байұзақов, Мұстафа Ұзақбаев, Нұрқасым Жанаев, Инаш Шорманов, Жұмаділ Кәрібаев сияқты Ақайдың жерлестері де білім алған болатын. Ақай Нүсіпбеков Жаркенттегі ­балалар коммунасында бір жыл ғана білім алған. Интернат басшылығы 1926 жылы А.Нүсіпбековті Алматы ауылшаруашылық техникумының дайындық бөліміне, Н.Өмірзақовты Алматыдағы Жетісу губерниялық кеңестік-партия мектебіне оқуға жібереді. Дайындық бөлімінде үш жыл, негізгі курста үш жыл оқыған А.Нүсіпбеков 1932 жылдың басында техникумды үздік бітіреді. Осы техникумда оқыған жылдары ол Н.Өмірзақовпен, техникумдағы бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болған М.Бейсебаевпен жақсы достасады. 1929 жылдан республиканың астанасы болған Алматыдағы қоғамдық-саяси өмірдің бел ортасында жүріп, саяси көзқарастары қалыптасады. 1931 жылы желтоқсанда өзі де коммунистік партия қатарына мүше болып қабылданады. 1931 жылы Талғар қаласына көшкен техникумды жаңа ғана бітірген А.Нүсіпбеков «техникумды жергіліктендіру» саясаты­ аясында ҚАКСР Жер-су халкомы­ Қ.Сарымолдаевтың (25.09.1931-22.08.1933) қолдауымен техникумға жалпы жер өңдеу (егіншілік) бойынша оқытушы болып қалдырылды. Талғар ауылшаруашылық ­политехникумында оқытушы болып жұмыс істеп жүрген А.Нүсіпбеков 1932 жылы 20 шілдеде ­БК(б)П­ Алматы обкомы мен ҚАКСР Жер-су халкоматының шешімі бойынша Талғар ауылшаруашылық политехникумының директоры болып тағайындалды. Ал М.Бейсебаев бұл уақытта Қ.Сарымолдаев басқарған ҚАКСР Жер-су халкоматында жауапты қызметтер атқарды. А.Нүсіпбеков Талғар техникумын бір жыл төрт ай басқарды. Осы аралықта бұл техникум Жер-су халкоматы жүйесіндегі ең үздік оқу орны деп танылған болатын. 1933 жылы тамыз айында кезекті еңбек демалысына шыққан А.Нүсіпбеков Мәскеу қаласына барып, сол жердегі К.А.Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясының Агро-топырақтану бөліміне оқуға түседі. Бірақ сол кездегі БК(б)П Алматы обкомының екінші хатшысы М.Н.Төлепов бұған қасарыса қарсы тұрып, тез арада­ ­обком қарауына келуін талап етеді. Осыдан кейін обком қарауына келуге мәжбүр болған А.Нүсіпбеков Талғар техникумының ­директоры қызметін одан ары жалғастырды. 1933 жылы 13 қарашада БК(б)П Алматы­ обкомы хатшылығының шешімі бойынша өзінің қарсы болғанына қарамастан А.Нүсіпбеков Алматы обкомының бірінші хатшысы К.В.Таболовтың ауылшаруашылық бөлімі жөніндегі аға көмекшісі қызметіне тағайындалды. Ал Талғар техникумының директоры қызметіне ҚАКСР Жер-су халкоматының жауапты қызметкері М.Бейсебаев жіберілді (Техникумды 1933-1936 жылдары басқарған М.Бейсебаевтың есімі 1997 жылы 3 қарашада осы оқу орнына берілді). Архив құжаттарына қарағанда, А.Нүсіпбековтің БКП(б) Алматы обкомындағы қызметі 1933 жылғы 15 қарашадан басталған сияқты. Сол кезде обкомның бірінші, екінші және үшінші хатшыларының жалақысы 500 рубль болса, аға көмекші А.Нүсіпбековтің айлық жалақысы 400 рубльді құрапты. А.Нүсіпбеков 1933 жылғы қарашаның екінші жартысы үшін обком бухгалтерия­сынан 200 рубль жалақы алады (АОМА, 8-қ., 1-т., 158-іс., 48-п.). Алматы облысы бұл кезде бүкіл Жетісу жерін түгел қамтып жатқан болатын. 1932 жылғы 16-20 ақпан аралығында Алматы қаласында РКФСР Халық Комиссарлары­ Кеңесінің төрағасы Д.Е.Сулимовтың қатысуымен өткен 8-ші сайланған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 2-ші сессиясы «Облыс құру туралы» қаулы қабылдады. Бұл қаулы 1932 жылғы 10 наурыздағы «Қазақстан облыстарын құру туралы» БОАК қаулысымен бекітілді. Осыған орай, Қазақстанда Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, ­Алматы облыстары құрылды. Осы қаулыға сәйкес ұйымдастырылған Алматы ­облысы Қаратал, Талдықорған, Жаркент, Шелек, Калинин, Іле, Қоңырат, Қордай, Алакөл, Ақсу, Шет (1933 жылы 22 ақпанда Қарағанды облысының құрамына берілді – Ш.С.), Үржар, Балқаш, Аягөз, Октябрь, Кеген, Еңбекшіқазақ, Қастек, Шу, Лепсі, Шұбартау аудандарынан құрылды. 1933 жылдың соңы – Қазақстан халқының 1931-1933 жылдардағы аштықтан есін жия алмай жатқан кезі болатын. 1933 жылы 21 қаңтарда БКП(б) ОК Саяси Бюросы Ф.И.Голощекинді қызметінен босатып, оның орнына Л.И.Мирзоянды Қазақстанға жіберген күннен бастап, аштықпен күрес ­шаралары дұрыс жолға қойылып, Қазақ өлкелік партия комитеті мен Қазақ Халық Комиссарлары Кеңесі аштық босқындарын орналас­тыру ісіне барлық күшті жұмылдырды. Қазақстан бойынша жүргізіліп жатқан игі шаралар аясында Алматы облысында босқындар мен Қытайға көшіп кеткен шаруа қожалықтарын қайтару және оларды жерге орналастыру шаралары жүргізілді. Мұрағат құжаттарына қарай отырып, 1932 жылдың соңынан бері Алматы облыстық атқару комитетінің жанында Отырықшыландыру және көшіп кеткендерді орналастыру комитетінің құрылып, облатком төрағасы Ілияс Молдажановтың басшылығымен жұмыс істегенін көруге болады.А.Нүсіпбеков бірінші хатшының ауылшаруашылық істері бойынша көмекшісі әрі Ерекше­ сектор меңгерушісі ретінде аштық босқындарын орналастыру жөніндегі жұмыстарға тікелей араласты. А.Нүсіпбеков обком қарауына келген уақытта, 1933 жылы маусым айында Ташкенттегі В.Ленин атындағы Орта-Азиялық Коммунистік университетті бітіріп, Алматыға БКП(б) Қазақ өлкелік партия комитетінің қарауына келген оның досы Н.Өмірзақов 10 шілдеден бастап БК(б)П Алматы обкомында сектор меңгерушісі болып жұмыс істеп жүрген болатын. Сол кезеңде БКП(б) Қазөлкекомының мүшесі әрі Жер-су халкомы болған Қ.Сарымолдаев бір кезде өзі ашқан оқу орындарын бітірген Жетісудың дарынды жігіттері А.Нүсіпбеков, М.Бейсебаев, Н.Өмірзақовтармен араласып, оларға ағалық қамқорлық танытып отырған көрінеді. Ал Қ.Сарымолдаев ертеден Т.Рысқұлов басқарған Мұсбюроның белді мүшесі болған қайраткер еді. Бірқатар естеліктерге қарағанда, 1930 жылы мамырда Түріксіб теміржолының Айнабұлақта түйісуіне арнайы келген Т.Рысқұлов біраз күндер Алматы мен оның айналасын аралап, қызметте көзге түсіп жүрген бірқатар жас жігіттермен танысады. Сол кезде қазіргі Райымбек батырдың кесенесі маңын мекен еткен Меңліахмет ақсақалға бір топ жігітпен бірге сәлем беріп, одан ары Өжет колхозына барған екен. Кейіннен, А.Нүсіпбековтің «Рысқұловтың құйыршығы» деп қудалануының бір сыры осында жатса керек... 1934 жылы 26 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өткен БКП(б) ХVII съезінде қабылданған жаңа редакциядағы партия жарғысына сәйкес, Алматы обкомында құрылған Ерекше сектор меңгерушісі болып А.Нүсіпбеков бекітілді. Ол, ­сонымен қатар Алматы обкомы бірінші хатшысының көмекшісі қызметін қатар алып жүруі тиіс болды. Екі қызметті қатар атқарған А.Нүсіпбековтің еңбегі елеусіз қалмады. 1934 жылы 18-20 наурыз күндері өткен БКП(б) Алматы обкомының ­«Облатком үйіндегі пәтерлерді бекіту туралы» мәселе бойынша қабылдаған шешіміне сәйкес, А.Нүсіпбековке жаңа пәтер берілді (АОМА., 8-қ., 1-т., 182-іс, 72-п.). 1934 жылдың маусым айынан­ ­бастап А.Нүсіпбеков БКП(б) Алматы­ обкомының бірінші хатшысы­ К.Таболовтың алдына бірнеше рет кіріп, өзін оқуға жіберу туралы өтініш жасайды. К.Таболов А.Нүсіпбековті оқуға жіберуге уәде бергенімен, уәдесін сағыздай созып оқуға жібере қоймайды. Аса ауыр жағдайда жүріп екі бірдей қызметте тынымсыз жұмыс істеген А.Нүсіпбеков тамыз айының соңында қатты сырқаттанады. Дәрігерлік бақылау комиссиясының қорытындысы ­бойынша 2-ші дәрежелі неврастения диагнозы қойылып, асқазаны қоса ауырған А.Нүсіпбековке тез арада емделу қажеттігі туындайды. А.Нүсіпбеков денсаулығы туралы дәрігерлік қорытындыны К.Таболовқа көрсетеді. К.Таболов 1 қазаннан бастап А.Нүсіпбековке демалыс беремін деп уәде береді(АОМА, 8-қ., 1-т., 188-іс., 206-п.). Бірақ 1934 жылы 25 қыркүйекте БКП(б) Қазөлкеком бюросы астық даярлау ­жоспарын орындауды қамтамасыз етпеген Алматы обкомының бірінші хатшысы К.Таболовты орнынан алу туралы БКП(б) ОК шешімін бекітті. 1934 жылы 15 қазанда А.Нүсіпбеков жаңа ғана қызметке кіріскен БК(б)П Алматы обкомының бірінші хатшысы А.Д.Киселевке өтініш жазып, өзінің денсаулық жағдайының обкомдағы жұмысқа жарамайтынын алға тарта отырып, бір жарым ай кезекті еңбек ­демалысын беруді және одан ары өзінің теориялық білімін жетілдіру үшін оқуға жіберуді сұрады. А.Нүсіпбековтің өтінішін қараған Алматы обкомының бюро мүшелері сұрау салу жолымен А.Нүсіпбековті Ерекше сектор меңгерушісі және хатшының көмек­шісі қызметтерінен босатып, 1934 жылдың 17 қазанынан бастап бір жарым айлық еңбек демалысын беру туралы ше­шім шығарды (АОМА, 8-қ., 1-т., 188-іс., 205-п.). ­Осылайша, өз денсаулығын Қы­рымның оңтүстік жағалауында түзетуге мүмкіндік алған А.Нүсіпбеков одан ары 1934 жылдың соңында Мәскеудегі Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік уни­верситетіне (КУТВ) оқуға жіберіледі. А.Нүсіпбеков КУТВ қабырғасында 1937 жылдың қазанына дейін білім алды. Коммунистік универси­тетте А.Нүсіпбеков білім алуға деген ерекше­ ынтасымен, алғырлығымен көзге түседі. Осы университеттің баспасөз ор­ганының 1937 жылы 8 ақпанда шық­қан санында А.Нүсіпбековтың озық студенттердің бірі екендігі жазылған еді. Бірақ бұл университетті толық аяқтау А.Нүсіпбековтің маңдайына жазылмаған екен... А.Нүсіпбеков1935-1937 жылдары­ Қызыл профессураның Москва экономикалық институтында оқып жүрген Кереку өңірінің көркем де өжет қызы – Зайда Акишевамен танысып, кейіннен онымен шаңырақ көтереді. ­Зайда Акишева да қаражаяу адам болмаған. 15 жасынан комсомол мүшесі, 18 жасынан партия мүшесі болған Зайда апамыз 1929-1931 жылдары Қазақ өлкелік жас пионерлер бюросының төрайымы болса, 1931 жылдың қыркүйегінен 1932 жылдың қыркүйегіне дейін БЛКЖО Қазөлкекомының хатшысы, екінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1937 жылдың қазанында ҚК(б)П ОК А.Нүсіпбековті өз қарауына шақырып, оны 2 қараша күні Орталық комитеттің Мәдени ағарту бөлімінің меңгерушісі етіп бекіту туралы шешім шығарды. А.Нүсіпбеков осы шешім негізінде 5 қараша күні қызметіне кірісті. Бұл кезде оның бір досы – Н.Өмірзақов ҚК(б)П ОК бюросының мүшесі әрі ҚазОАК төрағасы болса, екінші досы – М.Бейсебаев ҚК(б)П ОК ауылшаруашылық бөлімінің нұсқаушысы әрі ҚК(б)П ОК екінші хатшысы Садық Нұрпейісовтың көмекшісі қызметінде еді (М.Бейсебаев 1937 жылдың 9 желтоқсанында ҚК(б)П ОК бірінші хатшысы Л.Мирзоянның көмекшісі қызметіне бекітілді – С.Ш.). А.Нүсіпбеков мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі ретінде қызу жұмысқа кірісті. Бұл уақытта қазақтың бетке ұстар қайраткерлері күн сайын «халық жауы» ретінде қамалып, үрейлі ажал елесі билік дәліздерін кезіп жүрді. А.Нүсіпбековтің ҚК(б)П ОК-дегі қызметін Л.Мирзоянның «халық жауы» ретінде ұсталғанына дейінгі кезең және одан кейінгі қудалану кезеңі деп екіге бөліп қарастыруға болады. А.Нүсіпбеков ҚК(б)П ОК бюросының 1938 жылы 21 қаңтардағы шешімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы аудандарындағы ­саяси ағарту жұмыстары мен ересектерге арналған мектептердің жай-күйін тексеру үшін іссапарға аттандырылды. Осы іссапардан келе салысымен, жыр алыбы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығын атап өту жұмысына жетекшілік жасады. 1938 жылы 8 ақпанда өткен ­ҚК(б)П­ ОК бюросының мәжілісінде Ақай Нүсіпбеков «Жамбылдың ақындық қызметінің 75 жылдық мерейтойын өт­кізу туралы» баяндама жасады. Баян­дамаға орай, бюро төмендегідей шешім қабылдады: «1. 1938 жылғы 20 мамырда Қазақстанның халық ақынының – орденді Жамбылдың ақындық қызметінің 75 жылдық мерейтойын өткізу ұйымдастырылсын; 2. Мерейтойды дайындау және ұйымдастыру үшін ҚКЖО (ССПК) басқармасы жанынан мынадай құрамда комиссия құрылсын: Қаратаев (төрағасы), Мүсірепов, Нүсіпбеков, Сүйіншәлин, Елеуов, ­Терентьев, Арыстанов және Шураков; 3. Мерейтой күні Алматы қаласында Қазақстанның кеңестік жазушылары одағының пленумы және 40-50 адам мөлшерінде халық ақындарының слеті шақырылсын; 4. Республикалық және облыстық газеттердің редакторларына Жамбылдың шығармашылық қызметінің 75 жылдығын баспада сәйкесінше ­насихаттау міндеттелсін; 5. 1938 жылдың 15 наурызынан кешіктірмей Жамбыл үйі бойынша барлық жетіспеушіліктерді аяқтау Алматы облаткомының төрағасы жолдас Баровқа жеке міндеттелсін; 6. Жолдас Тәжібаевқа, бюродағы пікір алмасуға сәйкес, Жамбылға көмек ұйымдастыру тапсырылсын» [ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 42-іс, 30-п.]. Ж.Жабаевтың ­мерейтойына дайындық жұмыстары ­туралы А.Нүсіпбеков 1938 жылы 8 сәуірде өткен ҚК(б)П ОК бюросы мәжілісінде екінші рет баяндама жасап, тағы да 6 пункт­тен тұратын шешім қабылданды. 1938 жылы мамырда Қазақстанда жүргізілген сталиндік қуғын-сүргіннің келесі кезеңі басталды. 1938 жылы 7 мамырда өткен ҚК(б)П ОК бюросының мәжілісінде ҚК(б)П ОК-нің екінші хатшысы Садық Нұрпейісов орнынан босатылып, ҚК(б)П ОК екінші хатшысы болып БК(б)П ОК тарапынан ұсынылған Н.А.Скворцов бекітілді. Ал 1938 жылы 16 мамырда өткен ҚК(б)П ОК бюросының мәжілісінде БК(б)П ОК қаулысына сәйкес, Л.И.Мирзоян бірінші хатшы қызметінен босатылып, ОК қарауына Мәскеуге жіберілді. ­Осылайша, Қазақстандағы сталиндік қуғын-сүргінді жүзеге асыруға еш тосқауыл қоймаған Л.Мирзоян көп ұзамай, 1938 жылдың қаңтар айында Орталықтан келіп Қазақ КСР Ішкі істер халкомы қызметіне тағайындалған И.В.Сталиннің бажасы, өзінің ескі «досы» (шын мәнінде, Бакуден бергі ескі жауы – С.Ш.) С.Ф.Реденстің құрған торына түсіп, Сталинге қарсы оппозиция өкілі ретінде 31 мамыр күні тұтқындалып, «халық жауы» ретінде атылып кете барды. ҚК(б)П ОК бірінші хатшысы болып, С.Ф.Реденстің сыбайласы – Мәскеуден келген Н.А.Скворцов бекітілді.

[caption id="attachment_55532" align="aligncenter" width="1000"]Ысмайыл Шыңғысбаев, Нұрбапа Өмірзақов, Ақай Нүсіпбеков Ысмайыл Шыңғысбаев, Нұрбапа Өмірзақов, Ақай Нүсіпбеков[/caption]

Осыдан соң-ақ, Л.Мирзоянның кезінде мемлекеттік биліктің жоғарғы органдары мен орталық басқару халкоматтарында жұмыс істеген бірқатар қазақ жігіттері тағы да қуғын-сүргінге ұшарады. Олардың қатарында Н.Өмірзақов, О.Исаев, А.Нүсіпбеков та бар еді. Осы мамыр айының екінші жартысынан бастап, А.Нүсіпбековтің үстінен домалақ арыздар қардай борады. А.Нүсіпбеков бұл туралы ҚК(б)П ОК бірінші хатшысы Н.А.Скворцовқа 1939 жылы 23 ақпанда жазған өтінішінде толығырақ баяндайды. Осындай домалақ арыздардың кесірінен ҚК(б)П ІІ съезіне делегат ретінде ұсынылған А.Нүсіпбековтің кандидатурасы Алматы облыстық партконференциясында өтпей қалды. Ол аз болғандай, бірінші хатшы Н.А.Скворцовтың бастамасы бойынша «А.Нүсіпбековтің ісін» тексеретін арнайы комиссия жасақталып, тексеру жұмыстарын жүргізу үшін Кеген ауданына аттандырылды. Осылайша, 1938 жылдың мамырынан бастап қыркүйегіне дейін А.Нүсіпбеков шығу тегі ерекше­ партиялық сүзгіден өтті. Комиссия жұмысының нәтижесінде арызқойлардың жазғандары дәлелденбеді. Бірақ осыған орай қабылданған партком шешімінде жалақорларға қатысты ештеңе айтылмады. Осының өзі-ақ, мұның барлығының қолдан ұйымдастырылғанын айқындап тұр. А.Нүсіпбеков бұл қызметте 1939 жылдың мамырына дейін жұмыс істеді. Бөлім 1939 жылы 10-21 наурызда өткен ХVIII партия съезінің «партия жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ­туралы» қаулысына сәйкес мамыр айында өз жұмысын тоқтатты. А.Нүсіпбековке қарсы ұйымдастырылған жалалардың дәлелденбегеніне қарамастан, ҚК(б)П ОК оны Семейге жер аударып, колхозға басшы қызметкерлерді даярлайтын республикалық мектепке директор етіп жібереді. Ол 1941 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аталған мектеп директоры қызметін атқарды. Ұлы Отан соғысы басталған соң әскер қатарына шақырылған А.Нүсіпбеков Семейдегі эвакогоспиталь партбюросының хатшысы қызметін атқарады. 1942 жылы қаңтар-наурыз айларында Ош қаласында әскери дайындықтан өтіп, И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар ­дивизиясы құрамына майданға жіберіледі. А.Нүсіпбековтің майдандағы өмірі мен қызметі соғыс тарихының маманы, тарихшы ағамыз Қ.С.Алдажұманов­тың мақаласында кеңінен баяндалса, оның соғыстан кейінгі ­ғылы­ми­-ұйымдастырушылық қызметі Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары ­тарапынан кеңірек зерттелген. Сондықтан оның барлығын қайта тізбелеп жатуды жөн көрмедік.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты

2146 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы