• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2019

І. ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ

Серік ҚИРАБАЕВ, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Өмірімен де, еңбегімен де туған халқының ілтипатына бөленіп, оның сүйіктісіне айналатын ұлдары болады. Біз көрген тұста жазушылар ортасындағы осындай ұлы тұлғалар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин болды. Олардың жазушылық өнерін қазақ халқы ғана емес, әлем мойындап, шығармалары көптеген шет тілдерінде басылды. Өздері де елінің еркесіндей шалқып өмір сүрді, партия да, мемлекет те бағалады. Олардан бұрынғы ұлылар заманының ауырлығынан халқымен дәл солардай қоян-қолтық бола алмады. Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжандар ел есін жия алмай жатқан заманда өмір сүріп, жасаған еңбегінің қызығын да көре алған жоқ. Сәкен, Бейімбет, Ілияс та өмірдің ауыртпалығынан өтіп, халқымен енді табыса бастағанда мерт болды. Халқымен, оқырмандарымен ұзақ бірлікте өмір сүріп, қызығын көрген де жоғарыда аталған төртеуі.

Біздің әдебиетке араласа бастаған кезімізде ақын-жазушылар көп болмайтын. Сондықтан да сол ағаларымыз әдебиет айналасындағы әр жасты көз алдарына ұстап, кімнен не шығатынын байқап жүретін сияқты еді. Жазғандарыңды оқып, ақыл-кеңестерін беретін. Атағы үлкен болғанмен, өздері қарапайым, кішіпейіл ағалар қолтығына біз өстіп жүріп қалай кіріп кеткенімізді байқамай да қалдық. ­Жазушылар одағы маңында, Көркем әдебиет баспасы мен «әдебиет» журналы­ ­редакциясында қызмет істей жүріп жақындап, олармен ресми емес, отбасымызбен де араласып кеттік. Мұқаңның ақыл-парасаты, Сәбеңнің көпшіл әңгімешілдігі, Ғабеңнің маңғаз тұлғасы, Ғабекеңнің ақсақалдық даналығы бірін-бірі толықтырып, олардың өз тобындағы орнын да айқындап тұратын. Сәбең мен Ғабеңді мен бірінші рет 1947 жылдың күзінде өткен жас жазушылардың кеңесінде көрдім. Сәбеңнің баяндама жасап тұрып, бір сөздің орысшасын сұрап, Қайнекейге (Жармағамбетов – Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы) қарағаны, Қайнекейдің: «Анда Ғабең отыр ғой, баяғыда достобрен жазып берген» деп Ғабитке жұмсағаны, Сәбеңнің «Ей, Ғабит, айтып жіберші, баяғыда достобрен жазып беріп ең ғой» деп күлдіргені есімде қалыпты. Сәбит президиумда, Ғабит залдың алдыңғы қатарында отырған. Сәбең кеңеске бастан-аяқ қатысты, Ғабең баяндамадан кейінгі үзілісте кетіп қалды-ау деймін, қайтып көзге түспеді. Мұқаң мен Ғабиден сол кеңесте болмағанға ұқсайды, есімде қалмапты. Кейін оларды мен театрда кездестірдім. Ол кезде жұрт театршыл болатын. Жаңа спектакльдерге билет табылмайтын. Күнделікті қойылып жүргендерінің өзінде де халық көп болушы еді. 1947 жылдың күзінде қазан мейрамына арнап Опера және балет театрында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Төлеген Тоқтаров» атты операсы қойылды да, студенттер болып таласып-тармасып, билет алып бара қалдық. Мұхтар, Сәбит, Ғабиден үшеуі де барыпты. Үшеуінің үзіліс кезінде қатар әңгімелесіп жүргенін көріп, олардың нар тұлғасына сүйсінгеніміз де есімде. Ол кезде үзілісте қазіргідей аңтарылып, топ-топ боп тұру емес, астыңғы қабаттың кең вестюблінде айналып, әңгімелесіп жүру салты болатын. Бұл менің театрдан алған алғашқы тәрбиемнің бірі еді. Екі-үш студент үш жазушының артынан ере жүріп, әңгімелерін, әзіл-қалжыңдарын тыңдауға тырысқанбыз. Ғабит ол кеште болмады. Сол бір жылдары Қарағанды тақырыбына роман жазып жүрген ол Алматыда­ аз ­болып, көп уақытын көмірлі қалада өткізді. Бұл жайлы әңгімені біз ұстазымыз Қайнекей Жармағамбетовтен еститінбіз. Қайнекей Ғабеңнің серілігін, маңғаздығын, шешендігін, тағы басқа қасиеттерін аңызға айналдырып айтатын. 1950 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы ашылды­ да, мен сол баспаға қызметке бардым. Баспаға Жазушылар одағы өзі отырған шағын ағаш үйді босатып берді де, өзі ­сонымен қатарлас тұрған кеңдеу үйге кірді. Онда бірер жыл істеп, кейін «Әдебиет және искусство» журналына ­ауыстым. ­Редакция одақтың өз үйінің ішінде болатын. Менің жазушылармен, оның ішінде аға жазушылармен жақынырақ білісіп, танысқан тұсым да – осы кез. ­Баспада мен Ғабиденнің «Қарағанды» атты романының алғашқы нұсқасының редакторы болдым. Журналда­ Ғабиттің «Оянған өлке» романының ­басылуына қатыстым. Қайнекей бұл кезде Орталық Комсомол комитетіндегі қызметінен ­ауысып, ­Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы және «Әдебиет және ­искусство» журналына ­редактор боп келген. Әрі мен оқитын ҚазПИ-де сабақ береді. Мені журналға ауыстырып алған да сол еді. Редакция қызметкерлерінің құрамы шағын болатын. Жаппар Өмірбеков – редакцияның жауапты хатшысы, Айқын Нұрқатов – сын бөлімінің, Аманжол Шамкенов – поэзия бөлімінің, мен проза бөлімінің меңгерушілері болып саналамыз, бір бөлімде бір-бір қызметкерміз. Бір күні Қайнекей бәрімізді жинап алды да, жаңа жылдан (1952) бастап, Ғ.Мүсіреповтің Қарағанды туралы жазған жаңа романын­ басатынымызды айтты. Қолжазбаны танысу­ үшін бізге берді. Біздің қызметіміз шын мағынасында танысу ғана болды. Оған пікір айту қайда? Оқып, таңырқап, мақтап, баспаға жіберумен тоқтадық. Тек екі-ақ нәрсе ойландырды. Бірі – шығарманың аты «Қарағанды» екен. Ғабиден Мұстафиннің осы аттас романы басылып кеткен. Екеуін де бір атпен атау қалай болар екен?! Екіншісі – роман аяқталмаған, жазылып бітпеген. О жағы қалай болар екен? – дестік. Бұл мәселенің шешімін редакцияға келген Ғабеңнің өзі айтты. – Мен басында бұл романды «Қарағанды» деп атап едім, аздап созып алдым, солай бара берсін. Жұрт қай «Қарағандыны» қалар екен, көрейік, – деді. Және романды аяқтау үшін үздіксіз жұмыс істеп жатқанын, алды басылғанша, артын аяқтайтынын айтты.­ Сонымен, 1952 жылдың басынан біз журналға «Қарағанды» деген атпен Ғабит Мүсіреповтің жаңа романын баса бастадық. Тек аяғы біткенше соза тұру мақсатымен аз-аздап бірнеше нөмірге беруге ұйғардық. Роман 1-5 нөмірлерде шықты. Бірақ аяғы бітпей, үзіліп қалды. Оқырмандардан хат келе бастады. Қызық басталған романның «соңы қайда, қашан басылады» деп сұрайды. «Бітпеген дүниені басып, неге оқырмандарды әуре қыласыңдар?» деген ашулы бір хат түскені есімде. Бұл жағдайдан шығу үшін Қайнекей Ғабеңмен келісіп, күнделікті жазғанын алып келіп, машинкаға бастырып, дайындап отыру және Ғабеңнің жұмыс істеуін асықтыру жағын ойластырды. Айқын марқұм екеуміз күнде таңертең кезекпен Ғабиттің үйіне барып отырамыз. Біз отырған соң, ол жұмысын үзіп кете алмайды. Түсте біткен жағын алып, редакцияға қайтамыз. Ал, Ғабең түстен кейін жазбайды, қыдырады, демалады, ертеңгі жазуына керек материалдарды дайындайды. Бұл біздің Ғабеңмен, оның отбасымен жақын танысуымызға себеп болды. Кітапханасы бай, соны қарап, қалағанымызды оқып отыруға рұқсат етті. Оқи отырып, оның жұмыс істеу әдетін бақылаймыз. Ғабең өзінің жұмыс үстелінде емес, соның алдына көлденең қойған шағын үстелде отырып жұмыс істейді екен. Үстелінің үстінде өзінің керек жабдығынан басқа ештеңе болмайды. Ал жабдық дегенің кәдімгі беттік форматты екіге бөліп (одан сәл жіңішкелеу ме, қалай?) дайындап қойған ақ қағаз, қалам сауытына толтырып қойылған ұшы өткір ғып ұшталған қарындаштар, өшіргіш қана. Сол қағазға қарындаштың ұшын баспай жеңіл, анық етіп жазады. Бетте бірде-бір сызылған, үстінен өшірілген сөз болмайды, тап-таза. Егер белгілі бір сөзді өшіру қажет болса, ол жазуын тоқтатып, әлгі сөзді өшіргішпен өшіріп, дабын үріп ұшырып, орнын тазалап, әрі қарай жазады. Егер өшіретін сөз көбейіп кетсе немесе сөйлемді қайта құру қажет болса, беттің бәрін қайта көшіреді. Асықпайды, оның жазуының өнбейтіні де осыдан сияқты. Жалпы мұндай баптылық Ғабеңнің бүкіл өмір стилінде қалыптасқан әдет екенін кейін байқадық. Ғабең көбіне жұмысын түске қарай тоқтатады. Түс болып қалғанын хабарлап, Құсни апай есікті екі рет тықылдатып кетеді. – Ал, біздің бәйбіше шайға шақырып жатыр ғой, жинақтайық, – деп Ғабең асықпай қағазын жинас­тыра бастайды. – Жүр, шай ішейік. Біз үлкен кісінің шай ішуіне бөгет болмай, әрі ыңғайсызданып, қолымызға тиген қағазды алып кетіп қалуға тырысамыз. Кейде Ғабең зорлап үстелге отырғызады. Құснидың үстелі бай, тамағы дәмді болатын. Мен беляши, чак-чак сияқты тағамдарды алғаш сол үйде жедім. Ондай тамақтар әлі қазақ ортасына кең жайыла қоймаған, оның үстіне біздің елде, таза қазақ ішінде пісірілмейді. Соғыстан кейінгі жүдеушілік кез ғой. Жалғыз ғана бүтін костюмім бар. Оны қонаққа, театрға, жиналыстарға ғана кием. Ғабең үйіне киіп барам. Өйткені шешініп отыруға тура келеді. Қалған уақытта, әсіресе, жұмысқа барарда шалбарының құйрық жағы жыртылған ескілеу костюм киемін. Кеңсе суық. Жұмыста пальтомен отырамыз. Бір күні осы күйіммен кешігіңкіреп, түске қарай жұмысқа барсам, Ғабит үйіне баратын Айқын ауырып қалыпты. Редактор мені: «Ғабең тосып отыр, жазғандарын алып кел» деп жұмсады. Барып, ала салып қайтам ғой деп ойладым. Есік қағып кірсем, үй ішінің бәрі Ғабең бастап шай үстінде отыр. Бір топ адам. – Кел, кел, Серік, шайға кел, – деп шақырды Ғабең мені көріп. Шешініп ішке кірдім. Қысылмай кірдім, киімім ескілеу болғанмен, алдыңғы беті бүтін, таза. Шет жағына отырып, бір-екі кесе шай іштім. Бір беляши жедім. – Бұл жігіт – біздің жас сыншымыз, Серік Қирабаев – журналда істейді. Менің романымды басып ­жатыр, – деді маңғаз сөйлеп Ғабең. Отырған кісілерге таныстырғаны. Отырғандары негізінен өз балалары екен. Соның алдында ғана Роза деген екінші қызының Шәбал Бейсекованың інісі Бабасқа тұрмысқа шыққанын естігем. Шәбал – біздің елдің қызы. Сыртынан білем. Ел адамдары айтып отырады. Қаратайдың Бейсегі деген белгілі адам болған, інісін де көргем. Төрде отырған сол екенін аңғардым. – Ал, болдың ба, болсаң тұр, кеттік, – деді Ғабең. Алдымен батыл кірген маған артыммен шығу қиын болды. Шалбарымның арты жыртық. Дегенмен, артыммен шегіншектеп барып, есікке таянғанда бұрылып, кабинетке тез кіріп кеттім. Ғабең үйіне барғаным еске түскен сайын әрдайым осы оқиға ­ойымда тұрады. Қолжазбасын осы жолмен жинаған романның аяғын сол жылдың 10-12 нөмірлерінде жарияладық. Маған романның аяғы асығыс біткендей көрінеді. Басы асығыссыз, эпикалық кеңдікпен, үлкен суреткерлікпен басталған романның соңғы жағында оқиға жүйесі тым тез өрбіп, уақыт жылдамдықпен дамитыны осыны аңғартқандай. Егер бас жағын жарияламай тұра тұрып, тұтас күйінде біткен соң жария­ланса, оқырман қысымына түспес пе еді деп ойлаймын. 50-жылдардың басындағы идеология маңындағы айғай-шу Ғабеңді де айналып өтпеді. Тікелей сынға сылтауы болмағанмен, әрқилы мақалаларда іліп-тартып сыналып жүрді. «Қазақ батыры» повесінде («Қазақ солдаты» әуелде осылай болған) соғыс шындығы нашар көрсетілген деп сынағаны есімде. Соғыс кезінде жазған «Желкелері неден қышиды» деген бір очеркінен «ұлтшылдық» іздеді. Соның салдарынан 1952 жылдың соңғы кезінде өткен жазушының елу жылдығы тым жүдеу болды. Құттықтаулар да аз, орден бермеді, баяндама­ да сынға құрылды. Бірақ қазақ драма ­театрында әдебиетсүйгіш халық көп жиналып, жазушыға құрмет көрсетті. ­Бастысы – ел сүйіспеншілігі ғой. Бұдан кейінгі жылдары Ғабеңмен қарым-қатынасымыз ресми ғана өтті десе де болады. Мен баспасөз маңында істедім. Үлкен жазушыға, оның шығармашылығына деген құрметім өзгерген жоқ. «Социалистік Қазақстан» бетінде ол кісі жайлы бір мақала жариялағаным да бар. 1957 жылы Бейімбет ақталған соң, Ғабең партиялығын қайтып алып, қайтадан атқа міне бастады. «Бейімбет жау болса, мен де жаумын»­ деген сөзі оны осы уақытқа шейін партиядан да, жауапты қызметтен де ысырып келіп еді. Сондай қиын заманда ұсталмай қалғанының өзіне шүкіршілік. Әуелі жаңадан ашылған «Ара» журналына ­редактор болды да, кейін Қазақстан ­Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып сайланды. Бұл тұста мен Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде істедім. Ол кезде мәдениет бөлімі болмайтын, мәдениет жұмысын үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің бір орынбасары басқаратын. Маған сондай міндет жүктелді. Сыпайы, келісіп жұмыс істеген сияқтымыз. Менің де төрешілдік мінезім жоқ, Ғабең алдында баяғы күйде балаша сезінеміз. Ол кісімен сөйлесу керек болса, шақырмай өзім барам, оны-мұны асығыс шаруа болса, одақтың жауапты хатшысы Сейтжан Омаровқа тапсырамын, елгезек Секең әрқашан керек қағазды уақытында дайындайды. Осы жолмен одақтың пленумдарын өткізуге, тағы басқа шараларды жүзеге асыруына қолғабысым да тигені есімде. Әкімшілік қызметпен қоса, сыншылық қызметімді де жалғастырып жүрдім. Сәкен ақталып, бір томдық шығар­малары шыққан кезде, «Лениншіл жас» газетінің бірнеше санында «Сәкеннің ­поэзиясы» атты үлкен мақала жариялағам. Осы және басқа жазғандарымды жинап, бір сын мақалалар жинағын бастыруды ойлап, «Жазушы» баспасына ұсынғам. Ол баспаның 1959 жылғы жоспарына да кірді. Ол кезде сын жинақтарын шығару дәстүрі біздің әдебиетімізде қалыптаса қоймаған еді. 1958 жылы өзі баспаға ­директор боп барған Мұхамеджан Қаратаев «Туған әдебиет туралы ойлар», «Рожденная ­октябрем» деген атпен екі тілде мақалалар кітабын жариялаған. Соны көріп, біздің де талпынғанымыз ғой. 1958 жылдың тамызында мен басқа қызметке ауысып, Орталық комитеттен кеттім. Кешікпей менің жинағымның жоспардан түсіп қалғанын естідім. Сұрастырсам, Ғабит баспаның жоспарын алып қарапты да, көп нәрселерді сызыпты. Ішінде менің де кітабым кеткен. Оған келген кезде: «Ондай мақалалар әркімде бар, менің де жазғандарымды жинаса, бір жинақ болады»­ депті. Мен өзім сыйлап жүрген үлкен жазушының бұл мінезіне әрі таңдандым, әрі ренжідім, бірақ алдына барғам жоқ. Алда жазушылар съезі тұр. Сонда бір есесін қайтарармын деп ойладым. Міне, менің алдымда сол съезде сөйле­ген сөзім жатыр, қолжазбам да, съездің стенограммасы да бар. Бұл – менің өмірім­дегі ең бір қатты сөйлеген сөзім. Ғабитке: «Менің ЦК-м Серік болды» деп айтқыз­ған сөз. Бұл сөздің қандай жағдайда айтыл­ғанын, оның мазмұнын білмейтін кейінгі ұрпақтың кейбір өкілдері Ғабеңнің сөзін тікелей түсініп, ЦК-да істеген кезінде Серік Ғабиттің соңына түсіп, тыныштық бермеген екен деп ұғады. Солай деп жазғандар да бар. Шынында, бұл сөз бірге жұмыс істеп, мен қызметтен кеткен кезде менің кітабымды жоспардан сызып тастаған адамға өкпеден туған еді. Ашумен автор одақ жұмысының көптеген кемші­ліктерін ашып, бәрін одақ басшысының жауапкер­шілігіне артқан. Сөзді түгелдей келтіріп жатпай-ақ қояйын. Ол әрі ұзақ, әрі орысша жазылған. Оқырманға түсінікті болу үшін оның негізгі қағидаларына тоқталу қажет болар деп ойлаймын. Сол кездің салты бойынша сөзді партия­ның әдебиетке жасап отырған қамқор­лығы мен талаптары жайында айтудан бастаппын да, біздің әдебиеттің кемшін тұстарын көрсетуге көшіппін. Алдымен бүгінгі заман тақырыбына арналған шығар­малардың жетімсіздігі және көркемдік сапасының төмендігі, жазушылардың өмірмен байланы­сының әлсіздігі, сынның әдебиет дамуына көмектесе алмай отырғаны туралы сөз болыпты. Сынның ағайын­шылық мінезден арыла алмай отырғаны жайында айтқан Ғ.Мүсірепов сөзін қолдай отырып, баяндама­шының өзі де батыл, өткір сынға барған жоқ. Әркімнің аузымен сөйледі деп, бір түйреп өтіппін. Баяндамада талдаудың жетімсіздігінен әдебиет табыстары­ қатарындағы шығармалар тиісті бағасын алмады. Т.Ахтанов романы жөніндегі ­Н.Тихоновтың, М.Қаратаев кітабы жөніндегі Г.Ломидзенің пікірлерін қоштайтынын ескертумен баяндамашы тыңдаушыларын алдаңқыратып кетті. «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде сыналған Қ.Бекқожин мен Х.Ерғалиев шығармалары жөніндегі көзқа­расын айтып, соңғы екі ақынның кітап­тарын әпербақан сыннан қорғауға тырысыппын. Осыдан соң, Қазақстан әдебиет сынының дамуына жағдай жоқтығына, шығармашылық іссапарға сыншылар жіберілмейтініне (менің де іссапарға сұраған өтінішім қанағаттан­дырылма­ға­нына), сыншылар кітаптарының шықпай­тынына арнайы тоқтаппын. Бізде жалғыз әдебиет журналы бар. Көлемі сегіз-ақ баспа табақ. Қазақстандағы бүкіл әдебиет жаңалығы осы журнал арқылы өтеді. Ондағы ең көлемді орын прозаға беріледі. Өлең-поэмалар да басылады. Ал сын журналдың ең соңғы беттеріндегі артылған орынға ғана орналасады. Сондықтан редакция сын мақала көлемін шағындауды ескертеді де жүреді. 5-6 әңгіме жазған жас прозашы не он шақты өлең жазған жас ақын жинақ шығарады. Сыншы кітабы шықпайды. Әдеби сынға өмірін арнаған Б.Кенжебаев, Е.Ысмайлов, Т.Нұртазиндер осы күнге шейін бір жинақ шығарып көрген жоқ, – дей келіп, «Бұл мәселеге Мүсірепов жолдастың теріс қарайтыны мені таңғалдырады. Осы тақырыпқа әңгіме бола қалса, ол өзін көлденең тартады. Менде де бір кітаптық мақала бар дейді. Ол рас, жолдас Мүсірепов, сізде әдебиет тақырыбына арналған мақалалар көп. Оларды жинап бастырам десеңіз, ешкім қолыңызды қақпайды. Өйткені әдебиетті жасаушы жазушы тәжірибесі – біз үшін үлкен сабақ. Онда әдеби шеберліктің мәселелері де сөз болады. Мұндай еңбектер С.Сейфуллинде де, М.Әуезовте де, С.Мұқановта да бар. Оларды жинап бастыру керек. Мәскеу баспалары осылай етеді. Олар Фединнің, Гладковтың, Исаковскийдің, Чуковскийдің жинақтарын шығарды. Сіздің де бұған құқыңыз бар, Мүсірепов жолдас! Құқыңыз­ды пайдаланыңыз. Ал, пайдаланбайды екенсіз, басқаға бөгет жасамаңыз. Сіз одақ­қа басшы боп келгенде, біз қуанып едік. Сізден көп үміт күткеміз. Онымыз ақтал­мады. Бұл Абайдың «дәрежең өскенше, тілеуіңді өзің де, ел де тілейді, дәрежең өскен соң өз тілеуіңді өзің тілейсің» деген сөзін еске түсіреді» деппін. Жоспардан шығып қалған тағы да жеті жас ақынның тағдырлары жайлы­ айтыппын. Ғабеңе батқан осы сөздер болса керек. Ышқынып кетті. Мұндай сөздерді, әсіресе, менен күте қоймаған болу керек. Зал толы. Жазушылар съезіне халық көп жиналатын әдеті. Жазушылардың өздерінен басқа шақырумен келгендер көп. Олар мен сөйлеп болғанда, ду қол шапалақтады. Сөздің оларға жасаған әсерін басу керек болды да, Ғабең мен сөйлеп ­болысымен, бірден жауап беруге ұмтылды. Бәрін де жұмсартып, екеуміздің арамызда бұрыннан келе жатқан бір кикілжің бар сияқты көрсетуге тырысты. «Менің ЦК-м Қирабаев болды» деді. Жұртқа бұл сөз кері әсер етіп, қайта қол соғылды. Әрине, мен дәл осы тұстағы Ғабең психологиясын түсінемін. Өмірдің азапты, ауыр соқпағынан көп өткен кісілер ғой, өмірлері күреспен өтті. 20-жылдардан бастап қазақ оқырмандары­ның өзін екі жікке бөліп, ауыр тағдыр айтыстырып қойды. Үлкен жиындарда кімді-кім жеңеді деп қарайтын. Сонда жалған да болса, халық көзіне өздерін өктем көрсету үшін алдап кетуге де баратын. 20-жылдар тарихын көп қараған маған ол мінез мәлім еді. Ғабең осы жолы сол кәрі әдісін қолданды. Аудиторияны алдап кетті. Мұны мен кейін съезд соңында қайта сөз сұрап алып айттым. Бірақ ол кезде залда жазушылар ғана қалған. Сөз терген көп жұрт Ғабең сөзіне иланып кетті. Ал, Ғабең болса, мен сөйлегеннен кейін: «Ал, мен қойдым, бірімізден соң біріміз справка беріп жату жараспас» деген сөзбен тоқтады. Осыдан біраз күннен кейін Сафуан ­Шаймерденов үйіне қонаққа шақырды. Барсақ, Сәбең, Ғабең бәйбішелерімен келіпті. Басқа адам жоқ. Қой сойған екен, бірден ет әкелді. Сәбеңе бас тартты. Мәкең (Мариям – Сәбиттің жолдасы) алдына тіл қойды. О кісілермен қатар отырған Ғабең қалжыңға сүйеп: – Сен екеуің, бірің – бас ұстап, екіншің тіл жегенде, біз не жейміз, – деді де Мариямның алдындағы тілді өзіне тартып алды. Оның ұш жағынан үлкендеу қып кесіп алды да: – Мә, тілің өткір болсын! Осымен қояйық, татуласайық! – деді. Мен рақмет айтып, тілді алып жедім. Ғабең қылығын ел мақұл көріп, мәз болып қалды. – Е, бәсе, дұрыс, – деді Сәбең. – Өзім де осылай болар деп шақырып ем, Ғабеңнің қолын ал, – деді Сафуан. Мен қолын ұстадым. Осымен өкпе тарқағандай болды. Сын деген дәрі сияқты ғой. Ащы да болса пайдалы. Менің сол съезде айтқандарым ешкім мақұл деп бас шұлғымағанмен, үн-түнсіз жүзеге асты. Үлкен жазушылардың сыншылдық ой-пікірлерін жинап бастыру қолға алынды. Әуелі Мұқаңның «Әр жылдар ойлары», Сәбеңнің «Өсу жолдарымыз» атты кітаптары шықты. Аға сыншылар да кітаптарын бастыру қамына кірісті. Менің жоспардан шығып қалған кітабым 1960 жылдың жоспарына кірді. Ал, Ғабең өзі де мақалаларын жинастыра бастады. Ол сәл кейіндеу «Суреткер парызы» деген атпен жарық көрді. Осы жылдары Ғабеңмен менің жақынырақ табысуыма, отбасымызбен араласуымыз Ғабиден Мұстафин себепкер болды. Бұл кісімен мен Мәжит Сейфуллин арқылы танысып, туыс боп араласа бастағам. Екі шал (Ғабитті «Қара шал», Ғабиденді «Сары шал» деуші ек) карта ойнайды. Оған мені де шақыратын болды. Әлжаппар мен Жұбан – осы топтың белсенді мүшелері. Арагідік басқа адамдар қатысып ойнайды. Ол кезде Жазушылар одағының Министрлер кеңесінің екінші демалыс үйінде екі үйі болатын. Әрқайсысында сегіз бөлме (екі жағынан кіретін 4 бөлмелі пәтер) бар. Барлығы 16 бөлме. Жазушылар үлкендеуі екі бөлмеден, жастары бір бөлме алып, жазды осында өткізеді. Мұқаңа, Сәбеңе, Ғабеңе, Ғабекеңе үкімет жеке-жеке саяжай бөлетін. Демалыс үйінің корпусынан да орын тиетін. Онда көбінесе артистер тұратын. Жаз бойы ел у-шу, «ойдағы ел, қырдағы елмен араласып», ерлер карта, әйелдері лото ойнайтын. Екі жағы қосылып, «тоғызыншы балл» ­деген карта ойынына жиналатын. Кейінгі бір жылдары екі шал инфаркт алып, тауға шықпай қалды. Бір жазын қалада өткізді. Демалыс күндері тау жаққа емес, ой жаққа, Талдықорғанға баратын жолдың үстінде Дмитриевкадан өте, Николаевкаға жетпей, өзеннің бір кең, ағашты алқабы болатын, сонда күнұзақ демалып, карта ойнап қайтады (ол жер кейін су қоймасына айналып кетті). Екі машинамен төрт отбасы ­барамыз. Әйелдер тамақ дайындайды, әңгіме­леседі. Біз карта ойнаймыз. Екі шал да содан кейін тауға шығуды тоқтатты. Қарғалыдағы тұтынушылар қоғамының демалыс үйінен саяжай жалдайтын болды. Бірер жылдан кейін Ғабиден сол жерден үй салдырды. Сөйтіп, сонда орнығып қалды. 1960 жылы күзде мен машина алдым. Жеке­мен­шікке машина алу салтқа кіре бастаған кез. Үлкен жазушылардың көбінің машинасы бар. Кейінгі ұрпақ өкілдерінен әуелі ­Сафуан, содан соң Әбдіжәміл, үшінші боп мен алдым. Бір күні Жазушылар одағында Ғабең кездесіп қалды. – Әй, сен машина алды дей ме? – деді даусын соза түсіп ыңыранып. – Иә, алдым. – Оны өзің жүргізесің бе, шоферің бар ма? – Жүргізуді үйреніп жүрмін, әзірше шоферім жоқ. – Онда менің Анатолий деген шоферім бар, жақсы жігіт. Бір жылдай соны ұстай тұр. Мен машинамды сатып жібердім. Келесі жылы машина алған соң қайтып алам. Қазір басқа жұмысқа орналасып кетсе, айырылып қалам ғой. – Жарайды. – Онда, мен саған жіберейін. Анатолий келіп, машинаға ие болды. Бір күні Құсни марқұм телефон соғады. – Серік, Анатолийді бізге жіберсең қайтеді? – Жіберейін. Машинаға үйреніп қалған адам қолы қысқарып қалған болар деп ойладым. Құсни базарға, оны-мұны ­шаруаларына барып, қайтарады. Кейде Анатолий келіп: «Ғабең шақырып еді» дейді. Сонымен, машинаны кезек міне бастадық. Бұл жағдай екі үйдің өзара жақындасуына себеп болды. Ғабеңнің бәйбішесі Құсни маған өте тәрбиелі адам сияқты көрінетін. Әуелі барып жүрген кездерімде оның жұмыс істеп отырған күйеуінің үстіне баса көктеп кірмей, түскі тамақ кезінде есікті екі рет тықылдатып кеткенін көріп едім. Осының өзінде тәрбиеліктің белгісі болатын. Кейін араласа жүріп байқағаным – Ғабең сол үйдің ерке баласы екен. Еш уақытта әйелге есеп берген кісі емес. Келем деген уақытында келеді, кетем деген уақытында кетеді. Құснидың осы мінезділігін, төзімділігін Ғабеңнің пайдаланып кететін тұстары да аз болмаған. Ол кісінің серілігі, жүріс-тұрысы көпке аңызға айналғаны белгілі. Құсни Ғабеңнің еш ісіне араласпайды, отбасына, ас-суына ғана ие. Құснидың төзімділігін пайдаланудың бір көрінісі ретінде Рая Мұхамедияровамен алғашқы танысып жүрген кездерінде оны үйіне қонаққа шақыруын айтуға болады. Кіші қызының туған күнін атап өтуге жиналған кешке Рая келеді. – Мынау талантты жас – кино актриса, сенімен құрдас, танысып подруга болып жүріңдер, – дейді Ғабең қызына. Екеуінің таныстығы елге мәлім болып қалған кез. Кешке шақырылған Сәбит пен Мариям, Ғабиден мен Зейне тұрып кетіп қалады. Құсни да түсінеді, той дастарқаны бұзылады. Бұл – елге белгілі жағдай. Менің машинамның екеуінің қыдыруына да біраз қызмет еткенін білем. Анатолий – аңқылдақ жігіт, көрген-білгенін айтып келеді. Бірде оны өзім де көргем. Таңертең «Ғабең шақырып еді» деп кеткен Анатолий түске шейін келмеді. Күн демалыс еді. Бір жерге қонаққа шақырылғанбыз. Жандосов­-Морис Торез көшелерінің бұрышынан автобустан түссем, сол көше бойындағы бір будканың алдында менің машинам тұр. Таянып едім, артында қатар отырған Ғабең мен Раяны көрдім. Анатолий жоқ. Будкаға кірсем, темекі сатып алып тұр екен, маған көзін қысты да, шығып кетті. Олар кеткен соң, мен де шығып жөніме тарттым. Осындай жағдайлар Ғабең мен Құснидың арақатынасын біраз шиеленістіргені даусыз. Көп кешікпей Құсни ауруға шалдықты. Әуелде емделіп еді, кейін өзін керексіз сезінгендей, емделуін тоқтатып қойды. Ауруханада жатқан кезінде біз Әлия екеуміз бір-екі рет барып қайттық. Ғабең Мәскеуде жатып алды. Ол кезде республикадағы Жазушылар одағы басшылары Одақтық Жазушылар ұйымының да хатшысы саналатын. Жылына бір-екі ай сонда кезекшілік қызмет атқаратын. Сондай хатшылар үшін Жазушылар одағының бөліп қойған үйі бар. Ғабең сонда кезекшілік қызметін атқарды. Қасында Рая бары белгілі болды. Құсни нашарлаған тұста жақын жолдастары, туыстары телефон соғып, хабар да берді. Бірақ о кісі Құсни қайтыс болған күні ғана келді. Құсниды жерлеп қайтып, Сәкен Сейфуллиннің 70 жылдығына арналған мәжілісті ашқаны (1964 жылы мамырда) да есімде. Сол Құснидың артын жөнелтуге де Ғабең араласқан жоқ. Жетісін, қырқын, жылын қыздары әйелдерді жинап қана өткізді. Оны білгенім: бір күні Жұбан үйіне шақырды. Күн демалыс еді. Ғабитті шақырғанын айтты. Шәкен Айманов келеді деді, төртеуміз отырып карта ойнадық, тамақ іштік, кешке қарай тарастық. Ғабең, Шәкен үшеуміз Калинин көшесінің (Жұбан онда Төлебаев көшесінің бойында, Калинин­ көшесінен сәл төмен, қазіргі Мәлік Ғабдуллинге мемориалдық тақта қойылған үйде тұратын) бойымен ТЮЗ-ға қарай (Алматы қонақүйінің қазіргі орны бос тұрған Абылай даңғылы жақ бұрышында жастар театры болатын) аяңдадық. ТЮЗ-дың алдына келгенде, Ғабең бізге: – Сендер маған бір такси ұстап беріңдер. Балалар шешесінің қырқын беріп жатыр еді. Оларға мешайт етпей-ақ қояйын, – деді. Такси ұстап КИЗ-ға кетті (қазіргі Жандосов пен Манас көшелерінің бұрышында ертеректе Қазақтың жер шаруашылығы институты болған. Сол әдетпен ел әлі сол ауданды Киз – Казахский институт земледелия дейді). Онда Рая тұратын. Мен осы әңгімені айтқанда Мариям мен Зейне Құснидың қырқын Ғабитсіз қыздары әйелдерді жинап өткізгенін растады. Жетісін де, жылын да солай өткізгенін айтқан. Құснидың басына да көп уақыт ескерткіш қойылған жоқ. Жалпы­ Ғабең мұндай іске мән бермей ме, салақ па, білмеймін, өзінің көзі тірісінде өлген үш қызының да ешқайсысына ескерткіш қоймады. Бірде карта ойнап отырып: – Ел моланың басына үлкен ескерткіш қойғанды салтқа айналдырып алыпты. Бұл – дұрыс емес. Топырақтан жаратылған адамды жер қойнына берген соң шаруа бітуі керек. Бұрынғы қазақтардың қабірін жел айдап, құм, топырақ басып қалатын, жер қойнауына алатын, – дегенін естігенім бар. Мен оны өз жасағанын ақтап отырғаны ғой деп ойлағам. Кейін ғана ой тоқтаттым. Ғабеңнің өз басы да ұзақ жылдар иесіз жатты.­ Құсни өлгеннен кейін көп ұзамай-ақ Ғабең Раяны кіргізіп алды. Сол жылдары о кісі Жоғарғы кеңестің төрағасы болатын. «Алатау» шипажайының (Қалқамандағы «Алатау» емес, Министрлер­ кеңесінің екінші демалыс үйінің арғы қасындағы қазіргі балалар шипажайы) арғы жағында 15 нөмірлі саяжай сол қызметті атқарушыға бөлінген. Бұрын Сақтаған ­Бәйішев тұрғанын көргенім бар. Сол саяжайға шыққанда, жазда үйленді. Үйленер алдында Сәбит пен Ғабиденді шақырып ақылдасыпты деп естідік. Сәбең тым асығыс үйленуіне риза еместігін айтып кетіп қалыпты. Ал, Ғабиден – құрдасы, әзіл-қалжыңы жарасқан, батыл айтатын адам. «Әй, сен пайғамбар жасына келдің. Елдің жас әйеліне зорлықты көп жасап едің, алдыма­ келеді деп ойламайсың ба? «Кіші қатын кісі қатыны» дегенді ұмыттың ба?» депті. Бірақ оларды тыңдаған Ғабит жоқ, үйленді де тынды. Раяның сол үйде жүргенін біз кезекті бір карта ойнауға барғанда көрдік. Сол жылы сол саяжайда Ғабең өзбек жазушылары мен өнер қызметкерлерінің үлкен бір делегациясын қабылдады. Қазақ жазушыларынан да көп адам шақырған екен. Ішкі бөлмеге сыймай, есікті ашып қойып, біразымыз балконда отырғанымыз есімде. Сонда қонақты Рая күтті.

(Жалғасы келесі санда)

2843 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы