• Білім және ғылым
  • 04 Желтоқсан, 2019

«Кемел адам» – ізгілікке бастар жол

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  

«Рухани жаңғыру: ұлттық құнды­лықтардың жалпы адамзаттық құн­дылықтарға бастауы» атты жиынға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, бұқа­ралық ақпарат құралдары өкілдері мен студенттер қатысты. Жиынды ҚазИТУ ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова кіріспе сөзімен ашып, біртұтас ұлт болу үшін тәуелсіз ­Қа­зақстанның төл тарихындағы ұлт­тық­ сананы жаңғыртудың маңыз­дылығы мен өркениетті елдер қа­та­рына қо­сылуда жалпыадамзаттық құн­дылықтардың орны орасан зор екендігін атап өтті. «Университетте ұлттық құндылықтарды тәрбиенің негізі ете отырып, Жастар жылы аясында көптеген іс-шаралар мен жобалар іске асырылды. Бүгін тағы бір жобаның таныстырылымы өтеді. Абай Құнанбаевтың 175 жыл­дық мерейтойы қарсаңында әзірлеген «ҚазИТУ студенттерінің 7 ниет түрткісі» жобасының негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» үрдісінің мазмұндық және идеялық арқауын Абайдың рухани мұрасымен байланыстырып, Абай тағылымын, дәлірек айтқанда «Кемел адам» концепциясын ұлттық құндылықтардың арқауы етіп, соның негізінде оқу-тәрбие үдерісін жаңа сапалық деңгейге көтеру. Бұл студенттердің рухани санасын, патриоттық сезімін арттырып, хакім Абайдың даналығынан алынған «ҚазИТУ студенттерінің ниет түрткісі» арқылы ізгілікті жолға бастау болары анық» деді ректор Г.Сәрсенбекова. Жиын барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Мемлекеттік тілге – құрмет» бір­лесті­гінің төрайымы А.Осман, рес­пуб­ликалық Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қ.Тоқышев, «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Қ.Есембаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы С.Жұман, Қазақ мемлекеттік үздіксіз білім беру университетінің профессоры, философия ғылымының докторы К.Кенжетайқызы, тарих ғылымының докторы, профессор Ғ.Алтайқызы және т.б. сөз сөйлеп, ұлттық кодты сақтап, ру­хани құндылықтарды дәріптеу қажеттігін, бұл тұрғыда мемлекеттік тіл – қазақ тілінің құдіреттілігін, қазақ тілінің әуезділігін, байлығын, шұрай­лылығын әлемге танытып, бәсекеге қабілетті ел болуын басты назарда ұстау бүгінгі қоғам талабы екенін жеткізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылған 100 жаңа оқулық және Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды. Аталған университеттің белсенді жастары, ­«Алтын белгі» иегер­лері Т.Қабдоллаева, С.Есеркенова, Ж.Мұсақызы, М.Оразбаева «ҚазИТУ студенттерінің жеті ниет түрткісінің» әр бөліміне жеке-жеке тоқталып, жан-жақты малұмат берді. «Адам боламын десең, халыққа пайдам тисін десең – оқы!», «Егер ғаламды түсінгің келсе, алдымен өзіңді таны!», «Ғылымды, ақылды сақтайтын ­сауыт – мінез!», «Ізгіліктің іргетасын әділдікпен қала!», «Естілердің сөзін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады!», «Ұят – адамшылығыңның алды болсын!», «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз» деген хакім Абайдың жеті даналығын басты қағида ұстанған студент-жастардың ізгілікке бастар жолы өмірге құштарлықты арттырары сөзсіз. «Жастар секциясымен» жалғас­қан жиында еліміздің жоғары оқу орындарынан келген алпысқа жуық студент баяндама жасап, өз жобаларын қорғады. Саягүл Бірлесбек, Әл-Фараби Әбу, Гүлсезім Байтілес, Ұлан Сәкен сынды бірқатар жастар мақтау қағазымен марапатталып, барлық қатысушы студенттер сертификат иегері атанды. Сонымен қатар «Мамандық үздігі – 2019» байқауы жеңімпаздары анықталды.

Бағдагүл Балаубаева

1890 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы