• Қоғам
  • 04 Желтоқсан, 2019

АҚТАУ АЛҒАН АСУЛАР

Мұнайлы өңіріміздің орталығы, жастық пен жасампаздықтың мекені – Ақтау қаласы былтыр өзінің 55 жылдық мерейлі жасын атап өткен болатын. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары іргетасы қаланып, негізі салына бастаған жас қала бүгінде егемен еліміздің батыс өңіріндегі экономикасы дамыған, халқының әл-ауқаты артып отырған мұнайлы облысының орталығы болып, мерейі тасып, абыройдың асқарында арайлана түсуде. Ақтау – Қазақстанның теңіз қақпасы, ­сондай-ақ­ теміржол мен автомобиль желісі де жыл сайын кеңейіп, халықаралық қатынастың жаңа мүмкіндіктері ашылып отырғаны баршаға мәлім. Қазіргі кезде Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қалыпты, дағдарыстық кезеңнің қиындықтарына қарамастан, кешегі мұнай бағасы шарықтап тұрған кезеңдегі дамудың ырғағын жоғалтпай, қайта жаңа мүмкіндіктер іздестіріп, шикізатқа тәуелді болмайтын тың жобаларды іске қосу арқылы экономика мен әлеуметтік саланы көтерудің жолдары игерілуде.

Маңғыстау облысының бүгінгі бейнесі ертеңгі күнге деген сенім ұялатады. Облыс­ орталығы Ақтау қаласы қанатын кеңге жайып, күннен-күнге көркейіп келеді. Соңғы жылдары жағалай жаңа ықшамаудандар бой көтеріп, Ақтау адам танымастай өзгеруде. Әсем ғимараттар мен тұрғын үй кешендері көптеп бой көтеруде. Бүгінде өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны айтарлықтай жоғары, «Нұрлы жер» секілді арнаулы мемлекеттік бағдарламалар белсенді түрде іске асырылуда. Аймақтың экологиялық пробле­малары­ да назардан тыс қалып отырған жоқ. Экологияны айтқанда, алдымен ойға оралатыны – Ақтаудың іргесіндегі «Қошқар ата» улы көлінің жағдайы. Тұрғындарды алаңдатып отырған бұл мәселе көптен бері өзінің оң шешімін күтуде. Улы көлді біржолата тұмшалаумен қатар, Каспий теңізінің ресурстарын ғана пайдаланып қоймай, оны сақтау да орасан маңызға ие. Өткен жылдың басында қала әкімдігі төрт стратегиялық бағыттан тұратын «Ақтау серпіні» әлеуметтік жобасын қабылдаған болатын. Бірінші бағыт – адам капиталын дамыту, соған байланысты білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт саласын жақсарту мәселелері басты назарда болмақ. Екінші, қаладағы өмір сүру ­ортасын сапалы жақсарту: көлік, тұрғын үй проблемаларын шешу, аумақтар мен инфрақұрылымды дамыту. Үшіншіден, қаланың бәсекелестік мүмкіндіктерін пайдалану, инновациялық технологияларды, жаңа өндірістерді енгізу. Төртіншіден, «Ақылды қала» элементтерін енгізу арқылы басқарудың тиімділігін арттыру, қайырымдылықты қолдау, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту. Осы жоба аясында қаланы дамытуға бағытталған ауқымды іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде.

[caption id="attachment_55557" align="aligncenter" width="1000"]Ғалымжан Ниязов Ғалымжан Ниязов[/caption]

Ақтау қаласы тұрғын үй құрылысы бойынша республикада көш бастап тұрған қалалардың қатарында. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан шаһар соңғы екі жылда Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан кейін үшінші орында көш бастап келеді. Мәселен, қалада 2017 жылы аумағы 380,3 мың шаршы метрді құрайтын 51 көп қабатты тұрғын үй қолданысқа берілсе, 2018 жылы 661,5 мың шаршы метрді құрайтын 61 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айында 448,4 мың шаршы метр, яғни 2849 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар жеке қаражат есебінен биылғы жыл соңына дейін тағы аумағы 72, 2 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілетін болады. Әлеуметтік нысандардың, оның ішінде білім мен тәрбие орындарының құрылысы да жіті назарда тұр. Биыл қаламыздың 34 шағын ауданында 900 орындық мектептің құрылысы басталды. Ол 2020 жылдың қыркүйек айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ақтау қаласында қазіргі таңда 30 мектеп жұмыс істейді. Онда барлығы 45 649 оқушы білім алуда. Қаладағы барлығы 80 балабақшада 14 663 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 34 мемлекеттік, 45 жекеменшік балабақша және 1 шағын орталық бар. Биылғы жылдың өзінде 235 орындық 3 балабақша ашылды. Балабақшамен қамтылған 3-6 жас аралығындағы балалардың үлесі 98,1 пайызға жетті. Кезектегі 3-6 жас аралы­ғындағы балаларды балабақшамен жүз пайыз қамту үшін қалада салып жатқан көп қабатты үйлердің бірінші қабатынан 255 орындық және 14 шағын аудандағы бұрынғы балалар интернатының ғима­ратынан 280 орындық балабақша ашу жоспарланған. Мектептің үш ауысымдық оқыту мәселесін шешу және балаларды бала­бақ­шамен қамту үшін Шығыс-1 шағын­ауданында 300 орындық және 17 шағынауданда 300 орындық мектеп­тің жобалық-сметалық құжаттары ­жа­сақталды, құрылысын шұғыл бастау үшін мемлекеттік жекеменшік-әріптестік негізінде қолға алуға ұсыныс берілді. ­Сонымен қатар 16, 18, 18A, 19, 19A, 20, 31A шағырау­дандардағы 7800 орындық жеті мектептің жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. 2019 жылғы қаламыздың мәдениет саласындағы негізгі шараларының бірі – заманымыздың көрнекті суреткері, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығын атап өту болды. Ақтау қаласының 19А шағынауданында заңғар жазушыға арнап мәдени орталық бой көтерді. Ғимараттың алдына абыз тұлғаға ескерткіш тұрғызылды. Мерейтойға арнайы келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев нысанның ашылу салтанатына қатысып, маңғыстаулықтарды айтулы шарамен құттықтады. 2018-2019 жылдары Ақтау қала­сының сәулеттік келбетін жақсарту, көшелерін абаттандыру бойынша біраз жұмыстар атқарылды. «Ер есімі ел есінде» демекші, Екінші дүниежүзілік соғыста өшпес ерліктерімен мәңгі есте қалған ата-әжелеріміздің рухына тағзым ететін «Мәңгілік алау» монументі мен оған жалғасып жатқан Жеңіс саябағы түгелдей жаңартылды. Бұл ескерткіш соңғы рет 2007 жылы жөндеу көрген екен. Он жылдан астам уақытта жан-жағы қирап, әбден тозығы жеткен ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халықтың демалуына ыңғайлы болуы үшін Жеңіс саябағының жаяу жүргінші жолдары толықтай ауыстырылып, жаңа отырғыштар мен болясиналар орнатылды. Қаламызда соңғы екі жылда жүргізіл­ген ерекше жұмыстың бірі – теңіз жағалауын жағалай тартылған «Жартасты соқпақ» туристік жобасы. Теңіз жағалауын бойлай­ 1 шақырым 450 метр жерге жартасты жағалай сүрлеу жол ­салынып, халықтың табиғат аясында ­демалуына жағдай ­жасалды. Үңгірлер абаттандырылып, аспан астындағы мұражайға ­айналды. ­Сондай-ақ­ 15 шағынаудандағы 1 шақырым 750 метр жағалау абаттандырылып, көркі алыстан көз тартатын ­демалыс орнына айналды. Бір мезетте 1000 адам өнер көрсететін дала сахнасы бой көтерді. Онда тұңғыш рет Конституция мерекесі, Қазақстан халқының бірлігі күні, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі барша­ сән-салтанатымен тойланды. Наурыз мерекесіне 26 ақшаңқан киіз үй тігіліп, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Ұлы жібек жолы» керуенінің сахналанған қойылымы көрсетіліп, керуен-көші жүріп өтті. 2018 жылы Ақтау қаласында ­Каспий маңы мемлекеттері басшыларының Бесінші саммиті өткені белгілі. Төрткүл дүние көз тіккен аса маңыз­ды халықаралық шарада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев жаңа келбетке енген жағалауға арнайы келіп, өзінің оң бағасын берген. Бүгінгі ақмаржан қаланың көз сүйсінтер келісті келбеті күн санап жасарып, көркейіп, гүлдене түсуде. Сонымен қатар күні кеше 45 жылдығы тойланған қаламыздағы Абай мәдениет үйінің алдына ұлы ақын Абай Құнанбаевтың биіктігі 7 метр болатын ескерткіші қойылды. Келер жылы 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілетін Абай Құнанбайұлының ескерткіші қаламызға дүбірлі той алдында демеушілердің көмегімен орнатылды. Рухани жаңғыру бағыты аясында облыс орталығына демеушілердің қолдауымен Нұрмұхан Жантөриннің ескерткіші орнатылды. Шара ҚазКСР-нің Халық артисі, қазақ киносы мен сахна өнерінің жарық жұлдызының 90 жылдық торқалы тойының құрметіне қаламыздың төріндегі мәдениет ошағы, актердің өз есімімен аталатын музыкалық драма театырының алдына орналастырылды. Сондай-ақ туғанына 115 жыл толған Мұрат Өскінбаев атындағы облыстың филармония ғимаратының қасбетіне өткен жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, ел азаматтарының қолдауымен күйші-сазгердің бейнесі салынды. Бұл ес­керткіштер ертеңгі ұрпаққа мирас ­болып, жастардың аға буынның өнегелі өмірі мен үлгілі істері рухында тәрбие­ле­нуіне, елін сүйген отаншыл азамат бо­лып қалыптасуларына ықпал етеріне сенімдіміз. Ақтау қаласында туризм саласын дамы­ту бойынша биыл үлкен ­жобалар бастау алды. Мәселен, «МАЭК-Казатом­пром» ЖШС-нің каналынан «Алау» демалыс орнының аралығында туризм саласын дамытуға неғұрлым қолайлы болғандықтан, бұл аймақты ­инфра­­құ­ры­лыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар басталды. Бүгінде «Жылы жағажайдағы» су жүйесін қайта құрылымдау» нысаны бойынша ­құ­рылыс-монтаж жұмыстары басталды. Атап айтқанда, газ, электр энергиясы, су желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар биыл Ақтау қаласының «Аққу» базасы мен «Шора» каналының аралығындағы 130 гектар аумақты алатын, мыңнан астам адамды­ қабылдауға арналған төрт жұлдызды «Rixos Hotels» ­демалыс орталығының құрылысы басталды.­ Туристік нысанда­ орналасатын қонақ-үйдің ірге тасын қалауға Премьер-Министр Асқар Мамин арнайы келді. Курорттық зонада жағажай клубы, теннистік корт, футбол алаңы, ойын-сауық орталығы болады. Жалпы кешен төрт кезеңге бөлініп, шамамен 18 шақырымға дейін жалғасады. Құрылыстың бірінші кезеңі бойынша 2020 жылы 16 гектар аумақты қамтитын 440 нөмірлі қонақүй нысаны пайдалануға беріледі. Екінші, үшінші кезеңдерде гольф алаңы мен ойын-сауық орталығын салу әзірге жоспарлануда. Соңғы төртінші кезеңде аквапарк, 9 аттракцион, соңғы технологиялармен жабдықталған көңіл көтеру орталығының құрылысы салынады. Биыл Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің қырық бес жылдық мерейтойы аталып өтті. Облыс орталығындағы мәдениет сарайы ұлттық өнер мен салт-дәстүрімізді насихаттауға, жастар шығармашылығын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап келеді. 200-ге жуық маман қызмет ететін үлкен ұжым бүгінде қаламыздың тұрғындары мен қонақтарының мәдени демалысын ұйымдастырып, жергілікті өнерлі азаматтардың шығармашылықпен айналысуына үлкен жағдай жасауда. Мәдениет сарайының осы уақытқа дейін жеткен жетістігі, шыққан белесі мен алған асулары ауыз толтырып айтарлықтай. Онда тәрбиеленген шә­кірттер қалалық, облыстық, респуб­ликалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып, еңсесі биік сахналарда ел намысын қорғап, абыроймен танылып жүр. Жастар жылына арналған шаралар аясында мәдени-демалыс кешенінде қалалық «Шабыттан! Жаса! Жарқыра!» атты жобасы іске асырылып, жас таланттардың өнер жолындағы жаңа деңгейге өтуіне арқау болды. Осы жылдың тоғыз айында Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің өнерпаздар ұжымымен жоспарлы және жоспардан тыс тоқсанға жуық шара өткізіліп, оны сексен мыңнан аса қала халқы және қонақтары тамашалады. Бүгінде Ақтау қаласында 190 мыңнан астам халық тұрады. Оның 84 мыңнан астамы спорттың әр түрімен шұғылданады. Салауатты өмір салтын ұстанып, спорт түрлерімен жүйелі айналысу үшін қала тұрғындарына жағдай жасау жылдан-жылға жақсаруда. Соның нәтижесінде спортшылардың түрлі деңгейдегі жарыстардағы жетістіктері де ұлғаюда. Жыл басынан бері Ақтау қаласы бойынша онға жуық ірі халықаралық жарыстар, 10 республикалық, сонымен қатар көптеген облыстық және қалалық деңгейдегі жарыс­тар өткізілді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша ұйымдастырылған спорттық іс-шаралар саны – 215, оның ішінде қалалық жарыстар саны – 159 және оқу-жаттығу мен іссапарлар саны – 56. «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде Киокушинкай каратэден, самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты, дзюдодан Азия чемпионаты, Маңғыстау облысының чемпионаттары және «Маңғыстау барысы» сынды ірі спорттық шаралар өткізілді. Жыл сайын мерекелік шаралар аясында қала тұрғындары мен қонақтары арасында асық ату, арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күресі, тоғызқұмалақ, шахмат және дойбы спорт түрлерінен сайыстар өткізу дәстүрге айналды. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді дана халқымыз. Қаламыздың гүлденуі ондағы жекелеген мекемелердің, әрбір отбасы мен тұрғынының еңбегімен еселенбек. Ақтау қаласының қазіргі даму бағыты көңіл көншітіп, болашағынан үлкен үміт күттіреді. Облыс орталығының заманға сай жасанып, тұрғындарының әл-ауқаты мен бақуатты тұрмысын қамтамасыз ететін шаһар ретінде жасам­паздықпен дамуындағы қала әкімі Ғалымжан Мұқырұлы Ниязовтың ұйым­дас­тырушылық еңбегін ерекше айта отырып, болашақ істеріне табыс тілейміз!

Ә.ҚАБЫЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

1692 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы