• Қоғам
  • 04 Желтоқсан, 2019

АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН ЖАС МАМАН

Өз мақсатына жету үшін заман талабынан­ қалмай, білімін шыңдап, кәсіби біліктілігін жетілдіріп, ел медицинасының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жас маманның бірі – Серік Меңбаев. Ол Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ­Абдоминалды онкология орталығының дәрігері.

Серік еңбек жолын Ақмола облысының Зеренді аудандық ауруханасынан бастаған. Қазіргі таңда ­дипломын қолына алған жас маманның бірден қалада қалғысы келетінін ескерсек, бұл өзгелерге үлгі болатын жақсы қасиет. «Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қаласында оқығандардың бәрі республикалық деңгейдегі мекемелерде қалғысы келеді. Мен оқуды бітіргеннен кейін, өз қалауыммен ауданға бардым. Шалғайдағы медицинаның жағдайын өз көзіммен көргім келді» дейді ол. Мемлекет тарапынан өзі қызмет істейтін институт атынан Жапонияға барып, ондағы медицинаның қыр-сырымен танысып, шетелдік мамандардың озық істерін көзбен көріп, көңілге түйіп қайтты. Жапонияда медициналық сақтандыру жақсы дамығанын, ота жасау кезінде пайдаланылатын құрал-жабдық және т.б. ұсақ-түйек заттың барлығы бір рет қана қолданылатынын, бұл шығынның барлығы медициналық сақтандыру арқылы өтелетініне көзі жетті. «Бізде қазір медициналық мекемелердің басым көпшілігі акционерлік қоғамға айналып жатыр. Акционерлік қоғамның табысы бірде өзін ақтаса, енді бірде ақтай алмауы мүмкін. Ол, әрине, науқастың алаңсыз емделуіне өз әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан, менің ойымша, денсаулық саласындағы мекемелердің барлығы мемлекеттің қарауында болғаны дұрыс. Өзге елден біздің жағдайымыз кем емес. Кәсіби тұрғыдан бізден асып кетті деп айта алмас едім. Тек әдіс-тәсіл әртүрлі болуы мүмкін. Біздің жасағанымызды іске асыра алмай отырған көрші елдер де бар. Жапонияда науқастың емінің 85-90 пайызы медициналық сақтандыру, ал 10-15 пайызы науқастың өзі арқылы, әлеуметтік жағдайы көтермесе сол ­10-15 пайыздың өзін мемлекет төлейді. Медициналық тексерістен уақытында өтпесе, айлығынан ұстайды. Жұмыс істеп жүрген кезден бері түйгенім, біздің халық денсаулығына салғырт қарайды. Ауруын жасырып, әбден асқынғанда бір-ақ келеді. Тіпті «жаман ауру» деген атауынан қорқып немесе осындай аурумен ауыратынын білмей, өмірден өтіп кеткендер де бар. Шет аймақтағы, алыс ауылдағы ағайынның денсаулық туралы білімі өте төмен екенін маман ретінде ашық айту парызым. Бірде алыс ауылдан бір науқас адам келді, аяғында баланың басындай ісік бар, ол ісік кез келген уақытта қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін екені тіпті ойына да келмеген. Қазір интернет заманы. Барлық ақпаратты алып, танысып отыру керек. Емханада­ тегін кітапшалар таратылады, соның бәрін оқып, денсаулық туралы білімін жетілдірсе қандай жақсы» дейді С.Меңбаев. Жас та болса көпшіліктің көңілінен шығып жүрген Серік Қуандықұлы М.Оспанов атындағы ­Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын емдеу ісі, Алматыдағы медицина университетінің интернатурасын хирургия саласы бойынша бітірген. Білікті маман кәсібін шыңдау мақсатында ғылыммен де шұғылданып, бұл бағытта да нәтижелі істерге қол жеткізу ойда бар.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

1620 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы