• Мәдениет
  • 04 Желтоқсан, 2019

«Көне ғасыр күмбірі» – ғасырдан жеткен саз

Ұлттық өнер ел-елде, жер-жерде қанат жайып,­ дамитыны белгілі. Ауылдан шыққан таланттардың дарынын шыңдап, даңғыл жолға шығаратын да өңірлердегі немесе шалғай елді мекендердегі білім ошақтары. Солардың бірі – Павлодар облысы, Ертіс ауданындағы балалар өнер мектебі.

Ұстаздар ұжымы бұл бағытта жемісті еңбек етіп келеді. Мұнда оқушыларға ұлттық және классикалық музыка бойынша білім беріліп, кәсіби тұрғыдан дамытуға ерекше мән берілуде. Шәкірттердің арасында аудандық, облыстық байқауларда жүлдегер атанған өрендер аз емес. Осының барлығы үлкен ізденістің нәтижесі дер едік. Жаңашыл бастамалар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Көне ғасыр күмбірі» атты кеште көрініс тапты. Шараның ашылуында құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры Жәнібек Аманжолов «Көне ғасыр күмбірі» ­жобасын қолға алудағы мақсат – халық музыкасының жауһарларын насихаттау, фольклорлық ансамбль құрып, этно-аспаптарды жаңғырту екенін атап өтті. – Елімізде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға көптеген қадамдар жасалып жатыр. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарих, ұлттық дүниетаным, музыка, қолөнер және өзге де бағыттар серпін алып, заманға сай өркендеуде. Ертіс балалар өнер мектебі осындай игі бағыттарға өз үлесін қосуды мақсат етіп, «Көне ғасыр күмбірі» деген жобаны жүзеге асырудамыз. Бұл жобаға оқушыларымыз белсенді атсалысып отыр. Ата-аналар, жанашыр азаматтар өздерінің оң пікірлерін білдіруде. Біздің ойымызша, өнерге қадам басқан әрбір жас азамат ғасырлардан келе жатқан музыка өнерінің құндылығын бойына сіңіре білу керек. Осындай жобалар соған септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді Жәнібек Шоланұлы. Шара барысында Балалар өнер мектебінің оқушыларынан құрылған оркестр Құрманғазының «Адай», Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Шернияздың «Шернияз», Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» тәрізді күйлерін нақышына келтіре орындады. Сонымен қатар мектеп шәкірті Наиль Батталов Сүгірдің «Бозінген», домбырашылар квартеті «Арынбайдың күйі «Шалкөдені», Бекжан Сердалиннің «Аңшының зары» шығармаларын тарту етті. Әрбір туындының өне бойында ұлттық рух, төл өнер мен мұндалап тұрды. Концерттік кеште Ертіс аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Зейнешұлы, тәжірибелі ұстаз Нұрболат Әутәліпов жылы лебіздерін білдіріп, мектеп ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Жангүл Мұсанова Павлодар облысы Ертіс ауданы

844 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы