• Тіл
  • 04 Желтоқсан, 2019

ЗАҢ ТҮЗЕЛМЕЙ – ТІЛ ТҮЗЕЛМЕЙДІ

Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылым докторы, профессор

Еліміздің астанасы Нұр‑Сұлтан қаласында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл‑қазына» ұлттық ғылыми‑практикалық орталығының ұйымдас­тыруымен «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты тақырыпта республикалық Тіл форумы өтті. Мұндай мазмұндағы тұңғыш жиынның басты мақсаты – тілдік мұраны сақтау және қоғамдық өмірдің барлық саласында оның қолданылуын қамтамасыз ету. Сондықтан тілімізді насихаттау, оның қолданыс аясын кеңейту бағытындағы Республиканың барлық өңірлерінен жеткізілген, жан‑жақты және сан тақырыпта дайындалған көрнекі материал­дар­ жұрт назарын аударды. Пленарлық мәжілісте, алты пікір алысу алаңдарында да көптеген ойлар мен соны пікірлер айтылды. Олардың негізі бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті көрініс тапты. Осы Форумда айтылған, содан соң туған кейбір жайларды да қорыта келіп, біз де өз ойымызды ортаға салғанды жөн көрдік. Өйткені Форум қатысушыларды көп ойға жетеледі. Әсілі, бұл жиынның мәні мен маңызы да осында болар.

Жаңа төл әліпбиімізді дайындау және соған көшу – мәдени өміріміздегі қазақ тілінің өміршеңдігін арттыратын реформа екеніне дау жоқ. Бұл бағытта пікір ортақ. Сол себепті Форумда негізгі әңгіме осы мәселе төңірегінде болғаны белгілі. Дегенмен, бұл ­реформа медальдің екі бетіндей үдеріс болғаннан кейін, тіл турасында бұрын айтыла бермейтін ойлар да жұрт назарына ұсынылды. Бұл белгілі дәрежеде бүгінгі зиялы қауымның саяси және әлеуметтік деңгейін де анықтауға мүмкіндік берді десек, артық айта қоймаспыз. Шынына келгенде, қазақ тілі бұл үдерістің басты мәселесі, егер медальмен салыстырсақ, бұл жұртқа жарқырап көрінетін медаль­дің бірінші беті екенін естен шығармаған жөн. Сол себепті де алдымен ана тіліміздің күрделі мәселесінің шешілуі латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін ойдағыдай жүзеге асыру жұмысымызға игі ықпал етеді. Қазақ тілінің шынайы мемлекеттік мәртебеге ие болуы латын әліпбиінің тіл тазалығын сақтауда толыққанды жұмыс істей алуына әсер мол. Сонда ғана тұтас қазақ 55 пайызы латын әліпбиін пайдаланып отырған түркі әлемімен байланысын нығайтады. Бұл халқымыздың ағылшын тілін меңгеруін оңтайландыра түсетіні шындық. Осы жағдайда ана тіліміз әлемдегі 50-ге жуық әліпбиі бар елдердің 36‑сы латынға жүгінген елдерге қосылып, халықаралық дәрежеге көтеріледі. Басты мәселе өзіміздің төл әліпбиіміз болады. Бұл үшін тағы да қайталағымыз келеді. Қазақ тілі, Амангелді Айталы айтқандай, негізі­нен ке­дейлердің, орташалардың ғана тілі болмай, мемлекеттік деңгейде мемле­кет­тік мәртебеге толыққанды ие болуы керек. Осындай себептермен бүгінгі күні ­латын әліпбиі реформасына жалпыхалықтық сипат берумен шектелу тіпті де жетімсіз, қазақ тілінің жалпыұлттық сипат алуы өзекті мәселе дегіміз келеді. Мәселенің түйіні осында болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне ­айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деп, алдағы мақсатты айқындауымен қатар, «Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» дегенін қатаң ескерген жөн. Бұл тапсырмалар тіл мәселесіне кеңірек, тереңірек баруымызды қажет етеді.

Сол себепті Ш.Шаяхметов атын­­дағы «Тіл‑қазына» ұлттық ғы­лыми‑практикалық орталығының бас ди­ректоры Әлібек Асқардың Форумды ашардағы сөзінде «Бұлқынсақ, шамамыз жетпей, айғайласақ дауысымыз жетпей, булыққан мәселеміз қазақ тілімізді өзінің мемлекеттік тұғырына қондыра алмай келеміз» дегенімен келіспеу қиын. Сондай‑ақ Сенат депутаты С.Әбдірахмановтың «Мемлекет мем­лекеттік тілімізге мемлекеттік деңгейде сұраныс туғыза алған жоқ» деген сөзі де бүгінгі шындығымыз. Енді осы жағдайлардан шығар жол қайсы? Өткен жолымыз тым бұралаң және дұрыс жолды сан ғасырлық құлдық сананың салдарынан өзіміз таңдай алмай келеміз. Мұның үстіне кешегі патшалық Ресейдің, соның саяси жалғасындай болған кеңестік қыспақтан езіліп, сан жылдар құлдық сананың иесі болған халқымызға ұлттық рух бұйырмай тұр. Осындай себептерден Алаш көсемдерінің бұл бағыттағы сөздерін әзір көзге іле алатын емеспіз. Әйтпесе, Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi» деген ақыл‑кеңесінің елімізге жеткеніне де ширек ғасырдан асты. Ал рухы күшті елдер ұлттық тілдерін төрге шығарып, биік ұстап отыр. Мысалы, демографиялық жағдайларға қарамай, Балтық жағалауындағы елдер, кешегі посткеңестік республикалар тәуелсіздік алысымен түгел дерлік мемлекеттік тіл ­туралы заңдарын қабылдап алды. Рас, Тәуелсіздіктің елең‑алаңында, яғни 1989 жылғы қыркүйектің 22-күні «Тілдер туралы» заң қабылданып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Әрине, аса қиындықтармен. Бұл арада халқымыздың ұлтшыл азаматтарының шешуші рөл атқарғанын айта кеткен артық болмас. Мен «ұлтшыл» деген сөзді Алаш жетекшілерінің өзінің халқын шынайы сүйетіндерге қолданатынын ескеріп отырмын. Ал біздер бүгін осы «ұлтшылдан» қорқып, жолдан тапқан «ұлтжанды» деген сөзді пайдаланып жүрміз. Енді өздеріңіз қазақтың ертеден келе жатқан әйелжанды, қатынжанды дегенді қалай қабылдайтынын, қалай түсінетінін ойланып көріңіздерші. Бір айта кететін мәселе – біз ресми сөздерде әлі «ұлтшыл» дегенді кеңестік түсінікпен айтып жүрміз. Шынайы ұлтшылдықтан қорықпау керек, ал әсіре ұлтшылдық шовинизмнен басқа ештеңе де емес. Бұл – менің түсінігім, келіспейтіндер болса, тыңдауға дайынмын. Осы арада аса маңызды бір мәселеге назарларыңызды аудара кетсем деймін. Кешегі тәуелсіздіктің елең‑алаңында көтерілген ұлттық рухты, халықтың азатшыл көңіл күйін, аңсаған арманы үшін күресін тәуелсіздікке қол жеткеннен соң жаңа жағдайда жалғастыра алмадық.Тіліміздің қағаз жүзіндегі мемлекеттік мәртебеге ие болғанына мәз болып, өкінішке қарай кері шегініп шыға келдік. Осы сәтте Форумда айтылған мына бір аса маңызды ойды тағы да еске сала кетейін. Ол – талантты ақынымыз, қазіргі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің «орыс тілін шет тілі ретінде оқытуымыз қажет» деген ойы. Қай жағынан ойласаң да орынды‑ақ пікір. Біз «Тәуелсіздік» деген керемет ұғымды әлі толыққанды түсініп жүргеніміз жоқ. Рас, Мәскеуден тікелей билік жағынан азат болғандаймыз. Ал тіл жағынан жабысып, қалатын емеспіз. Мені дұрыс түсініңіздер. Мен әсте орыс тіліне қарсы жандар қатарына жатпаймын. Бүгінгі әлемдік өркениетке ұмтылысымыз үшін, ең бірінші орыс тіліне қарыздармыз. Мәселе орыс тілін қай уақытта, қалай оқытуда болып отыр. Бүгінгі оны балабақшадан, мектептің бірінші сыныбынан бастап оқытқанды қолдай қоймаймын. Әр ұлттың өкілі ең бірінші өзінің ана тілін, өзі өмір сүріп отырған мемлекеттегі құқықтық жағына үстем қойылған тілді оқуы, білуі қажет. Неге басқа тілдерді ұсынушылар қазақ тілі еліміздегі мемлекеттік мәртебеге ие болған жалғыз тіл екенімен санасқылары келмейді. Кезінде қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы орта мектепті бес жылдық етейік, қазақ тілін үш жыл оқытып, орыс тілін төртінші сыныптан оқытайық деп тегіннен‑тегін айтқан жоқ еді. Ол кезде қоғамдағы ана тілінің ортасы тіптен бөлек болатын. Соның өзінде ұлы ғалымның бұлай ұсынуы негізсіз емес еді. Ал біз халқымыз бүгін түгелдей мемлекеттік мәртебесін мойындамай отырған қазақ тілімізді дербес оқытудың орнына, орыс тілінің үстіне ағылшын тілін қостық. Тіліміздің тәуелсіздігі қайда? Шындығына келгенде, тілі азаттық ала алмаған халық еш уақытта еркін ел деп саналмайды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның өткен ғасырдың басында, Алаш қозғалысының алғашқы қадамын ана тіліміздің азаттығынан бастауы жайдан‑жай емес еді. Ал біз тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асса да, орыс тілін мемлекеттік тілден артық, жоғары қойып келеміз. Мұның барлығы ең бірінші ана тіліміздің еліміздегі құқықтық жағдайы­мен, заң жүзіндегі деңгейімен тікелей байланысты.­ Енді осы мәселені қозғап көрейік. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі 1993 және 1995 жылдардағы Конституциялардан тиісті орын алып, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын жазылды. Мұны мен ерекше атағым келіп тұр. Бұл – тәуелсіздіктің арқасы. Мұның қадіріне жете білуіміз керек. Бірақ жете алмай келеміз. Қоғамдағы саяси сананың, ұлттық рухтың жетіспеушілігінен еліміздегі ең жоғары құқықтық күші бар басты құжат – 1995 жылғы Ата Заңның 7-бабындағы бұл құқықтық норма жеткілікті деңгейде жұмыс істемей отыр. Оның мынандай қағидатты себебі бар. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы еліміздегі демографиялық жағдайдан, халық татулығын ойлағандықтан Конституциямыздың 7-бабының екінші тармағында «Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін‑өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норма жазылды. Біріншіден, бұл тұрақты норма болып қалды. Екіншіден, оның орындалуын қатаң бақылаудың болмауынан және сан жылдар қордаланған қиыншылықтан әлсіз күйге түскен қазақ тілі көлеңкеде қалып, қоғамда, әсіресе мемлекеттік мекемелерде кешегі кеңестік кезеңдегі орыс тілі мемлекеттік мәртебесі жалғасып келеді. Ал Ата Заңымыздың 93-бабында «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген қағидамен байланысты­ қабылданған 1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасындағы Тіл (шын мәнісінде, тілдер туралы еді, бұл заң орыс тілінде «О языках» делінген) ­туралы Заңда, шындығына келгенде, тек ұйымдастырушылық және техникалық шаралар ғана қарастырылды. Батыл құқықтық әрекетке бармадық. ­Шынтуайтына келгенде, ғасырлар қордаланған ана тілдік кеңістіктегі мәселелер бұл шаралармен тіпті шешілмейтін еді. Мұны бұрын да, қазір де тиісті мемлекеттік мекемелер ойлап отырған жоқ. Мұны кеше өткен Форум да көрсетті. Ал Тіл туралы Заңның «Мемлекеттің тіл жөніндегі қамқорлығы» деген арнаулы 6-бабында «Қазақстан Республикасының азаматының ана тілін қолдануына, қарым‑қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар» деумен, «Тілді құқықтық қорғау» атты 23-бабында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекеттік ­органдар бұл тілдердің қолданылуы мен дамуына­ қажетті жағдай жасайды» деген жай сөздермен шектелдік. Осындай әлсіз, қуатсыз сөздермен жазылғандықтан, 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы «Тiл туралы» Заңдағы «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деген құқықтық норма ең ­алдымен мемлекеттік мекемелерде жеткілікті жұмыс істемейді. Басқа билік тармақтарына қарағанда ұлттық сипаты­ ­басым болуға тиісті Парламентте де ­алдымен үкіметтен түскен орыс тіліндегі заңдармен жұмыс жасап, сонан соң барып екінші кезектегі қазақ тіліндегісін қарайды. Бұл, негізінен, 2000 жылдың басындағы жағдай болатын, қазір күрт өзгеріп кете қоймаған шығар. Мемлекеттік тілдің басымдығын қамтамасыз етуді құқықтық қағидалармен шешудің орнына «Тіл туралы» Заңның 23-бабының екінші бөлігінде: «Тілдің дамуы мем­лекеттік тілдің басымдығын және іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең‑кезеңмен көшіруді көздейтін Мемлекеттік бағдарламамен қам­тамасыз етіледі» деп жаздық. Осындағы «мем­лекеттік тілдің басымдығы» деген мәселе көп ұзамай ұмытылды. Сонан соң, мен жиырма жылдан астам уақыт бойы осы тіл туралы жазып та келемін, оқып та келемін, бірақ ешбір елдің тіл туралы заңдарынан тілді бағдарлама арқылы шештік дегенді оқи да алмадым, көре де алмадым. Осы кезге дейін осындай Мемлекеттік бағдарламалар қабылданып келеді, бірақ олар тілдің қолданыс аясын кеңейтуге мысқалдай көмек жасай алған жоқ. Соған қарамай, Форумда сөйлеген ресми орган қызметкерлері үмітсіздіктен үміттерін үзгісі келмейді. Мемлекеттік мәртебеге ие болғанымен, қазақ тілін конституциялық һәм заңдық нормалар арқылы бұғаулап тастағаннан кейін еш нәтиже болмайтынын біле алмай келе жатқанымызға таңғаламын. Бұл, бейнелеп айтқанда, екі аяғын байлап тастап, неге жүгірмейсің деп, әншейінде шауып жүрген балаға ренжігенмен бірдей нәрсе ғой. Тілдің мәселесі тек жан‑жақты ойластырылған құқықтық нормалар арқылы ғана шешілетінін білмей отырған жоқпыз, тек көзге ілмей отырмыз. Конституциямызда құқықтық мемлекет құрамыз деп жазып отырмыз. Сондықтан қоғамдағы, мемлекеттегі қағидатты мәселелер заң арқылы, құқықтық нормалармен шешілуі керек, тек осылай шешіледі. Алайда, өкінішке қарай, әлі де мемлекеттік тіл мәселесін мемлекеттік бағдарламалармен шешеміз деген негізсіз үміттің жалғасып келе жатқаны өкінішті. 2001 жылдан бастап қабылданған Тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалармен ештеңе өндіре алмай келе жатсақ та, әлі де осындай ешкімді ештеңеге міндеттей алмайтын бағдарламамен қайта‑қайта қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең‑кезеңмен көшіру жөніндегі іс‑шаралармен жүзеге асырамыз деу өкінішті‑ақ. Сонымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін шынайы көтеретін не оның қолданыс аясын кеңейтетін құқықтық нормалардың жоқтығынан және «Тіл – мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен жергілікті өзін‑өзі басқару органдарында» атты Заңның екінші тарауындағы «Тілдің қолданылуы» атты 6-баптағы «Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және жергілікті өзін‑өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады» дегеннен кейін ары қарай «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» дегенді қосудан алдыңғы нормалық қағиданың үні шықпайды. Ал осы баптың екінші бөлігіндегі норма­ былай жазылды: «Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады». Сөйтіп, осылай Заңның 27‑бабының он үшінде алдымен – мемлекеттік тілде, сонан соң, қажет болған жағдайда басқа тілдерде деген нормалар жазылып, қазақ тілі қолданыста болатын басқа тілдердің деңгейінен төмендеп, көп тілдердің астында қалды. Мен мұндай, кешірерсіздер, жалпақшешейлік нормаларды ешбір елдің заңдарынан көре алмадым. Енді күнделікті өмірде орысша жазғанды қазақшаға, қазақша жазғанды орысшаға аударып, қостілділікті шегіне жеткіздік. Сөйтіп, біз тіл жөнінен көптеген әлжуаз елдердің қатарында қостілді қоғам, қостілді мемлекетке айналып, мекемелердегі қазақтарды ғана екі тілде жазуға мәжбүр етіп отырмыз. Осындай және басқа да амалдармен, әсіресе іс қағаздарының көбін орыс тілінен аударылғандармен толықтырып, барлық дерлік облыстар мемлекеттік тілге көштік деп, осыдан шамамен он шақты жыл бұрын орталыққа тиісті рапорттарын беріп, «социалистік міндеттемелерін» мерзімдерінен бұрын әрі «асыра» орындап шыққан болатын. Сөйтіп, мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілі екінші кезекке­ ығысты. Күнделікті өмірде қазақ тілі негізінен аударма тіл болып, соңғы жиырма жылдан астам уақытта осылай келе жатыр. Соңғы жылдарда да тілдік кеңістікте қайшылықты жайлар аз болған жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Елбасымыздың ұрпа­ғымыз үш тілді білсін деген ұстанымы­нан туған «три единство языков» деген орыс тіліндегі сөзді «саясатшыл» аудармашылар «үш тілдің бірлігі» деп аудармай, «үш тұғырлы тіл» деп аударып, қоғамды біраз әбігерге түсірді. Елбасының ойында ұрпақтарымыз үш тілді біліп қана қоймай, сол тілдердің иесі халықтардың тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, ғылымы мен ілімін, т.б. біліп жатса, біздің қоғам өркениеттің жаңа бір сатысына көтерілер еді деген үміт болатын. Ал Білім министрлігінің бұрынғы «көреген» басшылары «үш тұғырлы тілдерді» қашан, қалай оқытуды ойлауға уақыт таба алмай, балабақшаның 4-5 жасар балаларынан бастап, тіпті ондағы ұл‑қыздарымыздың көпшілігі өз ана тілін білмей отырғанда, үш тілді үйретуге тапсырма беріп, орындатты. Менің бұл мәселені айтпаған, жазбаған тілге қатысты билік тармағынан мекеме қалған жоқ. Бірақ селт еткен еш мекеме болмады. Бәрінің жауабы «Тіл туралы заң бар, сонан соң қазақ халқы ағылшын тілін өте жақсы көреді» дегендей ­жауаптар. Бұл қателік соңғы кезде жөнделе бастаған сияқты. Бірақ үш тілде білім береміз деген пікірлер жалғасуда. Бұл қате пікір. Үш тілде оқыту деген баланың қазақ, орыс және ағылшын мектептерінде оқуын айтады. Мен сіздерге шағын ғана, бірақ ұлттық қасиеті, рухы әлдеқайда ­басым Литва парламентінің 1995 жылғы 31 қаңтарда қабылданған Заңының «Білім және мәдениет» деп аталатын төртінші тарауының 11-ші бабында орысша былай деп жазғанын мысал ете кетейін: «Государство гарантирует население Литовской Республики право на приобретение общего, профессионального образования, образования верхнего уровня и высшего образования на государственном языке». Ал біздегі мақсат – ұрпағымызға үш тілді үйрету ғой, әсте оқыту емес. Бәлкім, мен дұрыс түсінбейтін шығармын. Ана тіліміздің мәртебесін түсіретін тағы бір жайға тоқтай кетейін. 1938 жылғы ­13 нау­рызда БКП(б) ОК мен КСРО Халық Комиссариатының «Ұлттық республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысынан кейін өзіміздің «белсенділер» елімізде орыс тілін жандандыру үшін жаратылыстану пәндерін орысша оқытуға ұсыныс жасаған болатын. Үш тұғырлы тілге байланысты енді жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытып жатырмыз. Сонда бұл пәндерді ұрпағымыз қазақ тілінде білмеуі керек пе? Мен осыдан кейін мынандай ойға келдім: ана тілі мәселесінде біздер сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы түсініктен алысқа кете қоймаған сияқтымыз. Біздің қоғамда қазақ тілінің тағдырына келгенде ауытқуымыз мықты. Қазір мемлекеттік тілімізді үшінші кезекке ауыстырдық. Құдай қаласа, қытай тілін ендірсек, ана тіліміз үшінші орыннан төртінші орынға «көтерілетін» шығар. Осылай ұлттық құндылығымыздың өзегі – ана тіліміздің тағдырын саудаға салған кездеріміз бұрын да аз болмап еді, қазір де жалғасып келеді. Дәл мұндай жағдай көрші елдердің бірде‑бірінде жоқ. Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асса да, осындай ана тілдік кеңістіктегі күрделі мәселелер білім маңындағы басшыларымыздың біресе олай, біресе бұлай ауытқулары, ана тіліміздің тағды­рына қалай болса, солай қараулары, ана тіліміз ұлттық құндылығымыздың өзегі, ұлттық кодымыз екенін ұғына бермеулерінен, тиісті бағалай алмауларынан туындап отыр. Сөйтіп, өз тілімізге өзіміз ие бола алмай келеміз. Осы сәтте назарларыңызды мынандай бір мәселеге аудара кетсем деймін. Ағайындар, тіл – халықтың басты рухани байлығы. Мұны билік жүйесінің монополиялауға құқығы жоқ. Тілдің күрделі мәселелерін оның иесі – халықпен, оның маман өкілдерімен, тиісті мекемелермен ақылдасып отырып шешу қажет. Бұл – әлемдік тәжірибе. Мысалы, кезінде Канадада қостілділікті енгізгенде, ол қоғамда жас ұрпақты қиын жағдайларға әкеліп, балалардың психикасына қатты әсер етіп, тіпті олардың өздеріне қол ­салуы күшейе түскенде халық наразылығын байқаған мемлекеттік билік жедел шара қолданып, қостілділікті жойған. Әсілі, ұрпақтарымыздың қай тілді оқитынын халықтың өзі шешуі керек. Ал тиісті мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар тілдің қолданыс аясының кеңейе түсуінің, оның құқықтық қорғалуының және тілдік кеңістіктегі заңдық мәселелерімен айналысқаны дұрыс болар еді. Міне, мемлекеттік мәртебеге осыдан 30 жыл бұрын ие болған қазақ тілінің қазіргі жағдайы осындай. Тілдер туралы заңдардың дұрыс жұмыс істемеуіне, мамандар ең алдымен заң нормаларындағы қателіктер кінәлі дегенді де айтып жүр. Шынында да қазір мемлекеттік тілдің дәрежесі өз деңгейінде емес деген пікірлерді дәлелдеудің қажеті бола қоймас. Оны тіпті өз мекемелеріңізден күнделікті көріп жүрсіздер. Меніңше, мұның барлығы бүгінгі мемлекеттік тілдің жағдайы, оның қолданыс аясын кеңейте түсетін тиісті құқықтық нормалардың, тіл саясатын жүзеге асырудың заңдық тетіктері мен нақты шараларының жоқтығынан болып отыр. Шынына келгенде, қабылданғанына жиырма жылдан асқан, яғни 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заң енді қазақ тілінің қолданыс аясының кеңейе түсуіне тұсау болғаннан басқа қызмет етіп отырған жоқ. Осындай жағдайды осыдан он үш жыл бұрын сезген, яғни 2006 жылы 11 мамырда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ана тілі» газетіне берген «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты сұхбатында бүгінгі қазақ тілінің тағдыры, оның бүгіні мен болашағы туралы айта келіп, «заман талабына сәйкес «Тіл туралы» Заңды қайта қарап, қажет болса, тиісті өзгерістер енгізу керек» деген болатын. Содан бері селт еткен ешкім де, еш мемлекеттік мекеме де болған жоқ. Түсініксіз… Бүгінгі зерттеушілердің айтуына қарағанда, Қазақстандағы қазақтардың 60 пайызы орыс тілінде сөйлейді. Өйткені қоғамда қазақ тілді орта қалыптаса алмай отыр. Қазақ мектептеріндегі ұл‑қыздарымыздың өзі үзіліс кезінде орыс тілінде сөйлейді. Аралас мектептер республикадағы мектептердің 20 пайызынан азаятын емес. Орыс сыныптарында отырған оқушылардың басым бөлігі – өзіміздің ұл‑қыздарымыз. Ең қиыны, қазақ тілін білмейтін ұл‑қыздарымыз орыс тілін білмейтіндермен араласа қоймайды. Кері жағдай да жоқ емес. Мұны ойын алаңдарынан, көпшілік жерлерден байқауға болады. Мұны күнделікті өмір нақты көрсетіп отыр. Тіпті басты қаламызда жарнамаға дейін Мәскеуде дайындалып, көшелерімізде сол жақтың кісілерінің бейнелері тұрады. Тәуелсіздік әзір тәуелсіз сананы қалыптастыра алмай отыр. Әзір ояна қоятын түріміз жоқ. Сонау өткен ғасыр басындағы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» дегенінің күні туып тұр. Тарих қайталанады деген рас екен ғой. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні дегендей, сөз соңын негізгі ойымызбен аяқтайын. Латын әліпбиін ендіру бағытындағы жұмысымыз нәтижелі болуы үшін халқымыздың бетін мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тіліне шұғыл бұруымыз қажет. Бұл үдерісті Конституцияның 7-бабының екінші тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін‑өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норманы алып тастаудан бастау керек. Шынына келгенде, мұндай конституциялық өзгерістің өзі қоғамда мемлекеттік тілдің қолданыс аясының елеулі кеңеюіне жол ашады. Сонан соң, мемлекеттiк тiл туралы заң қабылдауға кірісуіміз қажет. Мұндай қадамға бара алмасақ, латын әліпбиі мәселелері ойлағанымыздай нәтиже бере алмайды. Онсыз қазірдің өзінде сан түрлі тілдік топқа бөлініп отырған қазағымызды тағы да латын әліпбилі, кириллицалы деп бөлуге көшеміз. Құдай оның бетін аулақ етсін!..

1748 рет

көрсетілді

89

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы