• Қоғам
  • 05 Желтоқсан, 2019

Келелі мәселе кеңескенде шешіледі

Жуырда ҚР Ұлтық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі академиясында «Әскери терминдерді біріздендіру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараны тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеология жұмыстары жөніндегі басқарманың тіл саясаты және БАҚ жұмысы бөлімі мен арнайы тактикалық факультетіне қарасты кәсіби тілдер дайындығы кафедрасының ұжымы ұйымдастырды. Жиынға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, ҚР ҰҚК Академиясы және Алматы ­гарнизоны бойынша орналасқан әскери оқу орындарының тіл жанашырлары мен Шекара қызметі академиясының магистранттары, доктаранттары, баспасөз өкілдері  қатысты.

Шара барысында алғаш болып құт­тықтау сөз сөйлеген академия басты­ғының орынбасары, полковник Жанат Сейітов Елбасының Жолдауларының бірінде ана тілімізге қатысты айтқан ойларын жеткізе отырып, мемлекеттік тілде сөйлеу әрбір шекарашының парызы екенін атап өтті. Дөңгелек үстелдің секциялы отырысында мамандар талқысына шекарашылар арасында жиі айтылатын (застава, отряд, наряд және т.б) немесе жазылатын терминдерді біріздендіру мәселелері ұсынылды. Әскери терминдердің тілдік сипаты, шекара саласында нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуде ресми тілдің қолданылу нормалары қарастырылды. Сонымен қатар терминологияны жандандыру, әскери терминдерді қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру мәселелері қозғалып, шекарашылар арасында әркелкі қолданылып жүрген кейбір сәтсіз баламаларды өзгерту мен түзету жолдары талқыланды. Шараны өткізудің негізгі мақсаты – әскери терминдерді біріздендіріп, ғылым тілі ретінде дамыту тұрғысында қарастыру және шекара саласына қатысты терминдерді іріктеу мен ресми бекітуге қойылатын негізі талаптарды айқындау. Дөңгелек үстелді жүргізуші кәсіби тіл дайындығы кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, майор Мамаева Гүлжан Бүркітбайқызы: «Әскери ортаның терминдер жүйесін жақындастыру, ортақ терминдер қорын молайту бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Бұл мәселенің қозғалғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бірақ күні бүгінге дейін әскери терминдер қорын тіларалық біріз­дендіру мәселесін шешудің тиімді тетігі қалыптаса қойған жоқ. Әзірге мәселе көтерумен ғана шектеліп келеді» деді. Ғалымдар бас қосқан жиындарда айтылған ұсыныс-пікірлер жүзеге аспай, сол жерде қалып, жекелеген тіл жанашырлары мен терминтанушы­ ғалымдар тарапынан жазылған мақалалар, айтылған ойлар әскери оқу орындарының ғалымдарына жетпей жатады. Әскери оқу орындарының ғылым саласындағы ынтымақтастығы, байланысы әлі әлсіз. Соның салдарынан әскери саланың ғылыми тілі, терминологиясы жақындаудың ­орнына жылдан-жылға алшақтап ­барады. Сондықтан бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша, мамандар бір ауыздан шешім қабылдап, үйлестіру кеңесін құруға, талқыланған терминдерге балама таппаған жағдайда тарихи сөздерден іздеу керектігін сөз етті. ­Сонымен қатар түркітілдес тілдерден балама іздеу, жалпыхалықтық терминдерді аудару қажет екенін де ­назардан тыс қалдырмады. Негізінен мұндай отырыстар өткізудің қолайлы тұстары өте көп. Себебі әскери терминдер күрделі болып келеді. Оның дұрыс аудармасын тілдік нормаға сәйкестендіру, нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестендіру ауқымды жұмыс жүргізуді қажет етеді. Осыған байланысты әскери сала терминдері бүгінгі таңда «Шекараны бүкіл халық қорғайды» демекші, халықпен талқылау қажеттігін көрсетіп отыр. Тіл білімі иниститутының ғылыми қызметкері Нұрлан Шүленбаев, ҰҚК Академиясының арнайы тілдер кафедрасының доценті, подполковник Гүлмира Бірәлі, Құрлық әскерлері әскери институтының подполковнигі Мақсат Елеусізов, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженер­лік институтының кафедра оқытушысы Әйгерім Кешубаева және өзге де ­қа­тысушылар шекара саласындағы термин­дерге қатысты өз ойларын ортаға салып, келелі мәселе кеңескенде ғана шешімін табатынын тілге тиек етті. ­Кафедра ұжымының мемлекеттік тілде жазып шығарған әскери оқулықтары, әдістемелік оқу-құралдарының көрмесі ұйымдастырылғанын да айта кетейік. Шара соңында қатысушылар ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының бастығы, полковник П.Поливановтың қолы қойылған мақтау қағаздарымен марапатталды. Рухы биік, айбынды әскер қашанда ел тұғыры. Олай болса, әскери саладағы мемлекеттік тілдің ­дамуы айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Себебі қазақ тілінде сөйлейтін сарбаздың Отанына деген патриоттық сезімі де биік болады.

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының баспасөз хатшысы

2342 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы