• Мәдениет
  • 11 Желтоқсан, 2019

Арулар мен сұлтандар сайысы

Қазақ тарихындағы Тұмар, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Айғаным, Күнбике, Зере аналардың ізін жалғап, қазақ қызына тән қайсарлық пен ибалы мінез қалыптастыруды көздеген «Ана тілі» аруы» мемлекеттік тіл – қазақ тілін қадірлеудің, салт-дәстүрімізді ұлықтаудың қайнар көзіне айналып, жыл өткен сайын жастардың арасында беделі артып келеді. 

Республикалық «Ана тілі» ұлт газетінің қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Студенттер сенаты» дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан «Ана тілі аруы – Жігіт сұлтаны» байқауына биыл 200-ден аса студент қатысып, іріктеуден 16 факультеттің ішінен 9 факультеттің жеті аруы мен жеті сұлтаны оза шауып, ақтық мәреге жетті. «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» демекші, жеті жұп қаздай тізіліп, сән-салтанатымен ұлттық киіммен шыққанда, қазақтың тарихы мен мәдениетіне бас иіп, өзіңнің ұлы даланың иесі екеніңді сезініп, кеудеңді мақтаныш кернейді. Байқау таныстыру, сұрақ-жауап, дефиле, өнер тәрізді төрт кезеңнен тұрды. Таныстыру­ кезеңінде жастардың білімді, жан-жақты екеніне көз жетті. Сылдыр су емес, мәнді де мағыналы өлең жолдарын тыңдап, сүйсіндік. Мәселен, филология және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті Орынгүл Алмат: «Тарақ батпас асылы бұрымына, Көне бермес өзгенің ырығына. Орынгүлмін! Нәзікпін, қырық жігіт, Көзі тоймай қарағаны қылығына... Тұрам әр кез арымның асқарында, Жүрегімде орын жоқ басқа мұңға. Мен – қазақтың қызымын, көз сал, әлем, Даналығы – нәзіктік астарында! Даралығы – нәзіктік астарында!» деп, қыздың нәзіктігінің астарында батырлық та, даналық та жатқанын тілге тиек етті. Механика­-математика факультетінің 3-курс студенті Бекзат Сұлтан «Ер-жігітпін баба сертін жалғайтын, Қанша жерден ұмыт болды десек те» деп, ер-жігітке тән мінезін байқатты. «Қыз қылығымен – көрікті» дейміз, химия және химиялық технологиялар факультетінің 2-курс студенті Айдана Жарылғап иіліп сәлем салып, нәзік қылығымен көпшілікті бірден баурап алды. Ертеден келе жатқан сәлем салу дәстүрі – әдептіліктің белгісі, қазақ келіндерінің үлкенге деген құрметі. Байқаудың негізіне жатқызылатын дәстүрдің бірі – көпшілікке иіліп сәлем салудың өзі көп дүниені аңғартса керек. Сонымен қатар бірінші сайыста ­Рахат Жұмат, Бақдәулет Төлеген көзге түссе, білім сайысында Әнел Сатенова, Бекзат Сұлтан, Мәдина Тасқали сұраққа жан-жақты, толыққанды жауап беріп жоғары ұпай иеленді. Дефиле және өнер сайысы­ да өте қызықты өтті. Әсіресе, өнер сайысында тарихтан сыр шертіп, бүгінгі заманның, қоғамның түйткілді тұсын қойылымға арқау еткен жастардың тапқырлығына риза боласың. Байқаудың тағы бір атап өтер, көңілге жылылық ұялатқан тұсы – «Ана тілі» аруы» байқауында танысқан, достығы махаббатқа ұласқан жігіт сүйіктісіне ұсыныс жасап, оның оң жауабын алды. Екі жастың бір-бірін танып-білуіне ықпал етіп, табыстырып жатса бұл да байқаудың бір ерекшелігі болар. Жастардың білімін саралап, өнерін бағалаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер А.Боранбаев, «Ана тілі» газетінің қызметкері Б.Балаубаева, СТВ телеарнасының тележүргізушісі М.Нұрымбет, «Dana Habi» сән үйінің директоры Д.Нәби, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәрбие департаментінің директоры Ж.Есімова, «Goltsman» модельдік агенттігінің директоры К.Гольцман, театр және кино актері С.Ерубаев, кәсіпқой боксшы А.Шәрібаев және т.б. бастаған қазылардың ұпай саны есептеліп, жоғары балл алған жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде «Ана тілі» аруы – 2019» байқауының бас жүлдесін филология және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті Орынгүл ­Алмат иеленді. «Жігіт сұлтаны – 2019» байқауының бас жүлдесін физика-техникалық факультеттің 2-курс студенті Шәмшет Барақов қанжығасына байлады. Бас жүлде иегерлеріне Дубайға жолдама берілді. Жүлделі бірінші орынды механика-­математика факультетінің 3-курс студенті Сұлтан Бекзат, биология және биотехнология факультетінің 2-курс студенті Әнел Сәтенова жеңіп алды. Екінші орынды филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті Ғанибет Есетова және механика-математика­ факультетінің 1-курс студенті ­Сырым ­Омаров еншіледі. Үшінші орынды журналистика факультетінің 4-курс студенті Ақгүл Қабдығали мен химия және химиялық технологиялар факультетінің 3-курс студенті ­Ерасыл Құдайберген өзара бөлісті. Сонымен­ қатар көрермен көзайымына айналған қатысушылар «Көрікті ару», «Қылықты ару», «Ибалы ару», «Білекті сұлтан», «Төре сұлтан», «Тапқыр сұлтан» және т.б. аталымдар бойынша­ ­марапатталды. Жеңімпаздарға ақшалай және бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Бағдагүл Мұратқызы

1824 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы