• Мәдениет
  • 11 Желтоқсан, 2019

САЛБУРЫН САЛТАНАТЫ

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Хан тәңірінің етегінде ұлттық спорт түрлері бойынша құсбегілердің халықаралық «Сонар – 2019» турнирі өтті. Бүгінде ұрпақ санасынан өше бастаған халқымыздың ежелгі дәстүрі, өресі биік өнерін қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған шараға Алматы қаласы, Ақмола, Маң­ғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Қытай Халық Республикасы, Моңғолия мен Қыр­ғызстан Республикаларынан құсбегілер қатысты. 

Қазақта қыс маусымында аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегетін, тынымсыз тірліктен қол үзіп, ел-жұрттан аулақ иенге шығып, жадағай қос тігіп, бірнеше айлап жатып, аң аулап, бай табиғатты тамашалап, дәурен сүрудің қызығы – Салбурын! Нарынқолдағы дәл осындай салбурынды Қазақстан ­Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен «Қыран» федерациясы ұйымдастырды. Аталған жарыс екі кезеңнен тұрды: құстың сыны, құсбегінің киім үлгісі, еркін аңға салу (бірінші кезең) аяқталып, іріктелген бүркіттер екінші күні жартылай финалдық кезеңде қоянға, ал ителгі, қаршығалар қолға шақыру, далбайға шақыру, кептер, қырғауылға салу, үшінші күні финалда түлкіге салынса, қаршыға мен ителгілер қоянға жіберілді. Сонымен қатар тазы иттер де түлкіге түсті.

«Біз ескіні жаңғыртып, кешеден бүгінге келген құсбегілік өнерін ертеңге жеткізу мақсатында осындай үлкен шара ұйымдастырып отырмыз. Биылғы сонарға 40-тан астам құсбегі қатысып жатыр. Бәрі де бапталған құс, қалғанын бағына қарай көреді. Ұлттық спорт түрлерін насихаттау үшін бізге көп көмек керек. Қаржылай, ақпараттық болса да, көмек артықтық етпейді. Әсіресе, осындай шаралардың өтіп жатқанын жер-жерге жеткізіп, ел ішінде ғана емес, ­шетелге де танытатын – БАҚ өкілдері. Сондықтан біз биыл «Қыран» федерациясының президенті деп елге белгілі, БАҚ саласында ойып алар орны бар, сөзі өткір, қолынан іс келетін маман деп, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанды тағайындадық» деді «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы. Сөйтіп, халықаралық ­«Сонар – 2019» турнирінің нәти­жесінде бүркіт­шілер арасында Атырау облысынан Арман Қошқаров – бесінші, Алматы облысынан Жанболат Сәрсебеков – төртінші, Өмірхан Байетбай – үшінші, Алматы облы­сынан Алмас Сейтжан екінші орынды иеленді. Ал Алматы қаласының құсбегісі Ғабит Таңаттың «Өткір» атты бүр­кіті өткірлігімен көзге түсіп, бірінші орынды қанжы­ғасына байлады. Ал ителгі сайысында алматылық Руслан Абыл – үшінші, Атырау ­облысынан Арман Қошқаров – екінші, Алматы облысынан Медет Шалипов бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар қаршыға сайы­сындағы жүлделі үш орын да ­Алматы облысының құсбегілеріне бұйырды. Атап айтсақ, үшінші орын ­Бекнияз Қуанышбаевқа, екінші орын Сағыныш Байетбайға, бірінші орын Бексұлтан Сейітжанға тиді.

«Құс баптау оңай емес. Оларда да мінез бар. Көңіл күйі болмаса, қарны аш немесе тоқ болса, бір нәрсе ұнамай қалса ұшпай қояды. Олардың тамағы, ауырып қалса беретін дәрісінің өзі оңай шаруа емес. Жазық дала, таулы аймақ ­тауып оларды баптап отыру үлкен жұмыс. Бүгінгі жарысқа барлық құс бабында келді. Тек бағы шапқандар жүлделі болды. Құсбегі ретінде барлық құстың иелерін жақсы түсінемін. Бұл – өнер. Бұл – еңбек. Бүгін менің «Өткірімнің» бабы мен бағы қатар шапты деп ойлаймын. Жалпы­ мұндай турнирлер көп керек. Құсбегілік атадан қалған қасиетті өнер, оны дәріптеп, ертеңге жеткізу – біздің міндет» дейді алматылық құсбегі Ғабит Таңат. Халықаралық «Сонар – 2019» турнирінің жеңімпаздарын ­ма­рапаттау рәсімінде «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы, Алматы­ облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, ­Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов сөз алып, барлық құсбегілер мен турнирге қаты­су­шыларға алғыс білдіріп, сал­бурын­ның дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілуіне тілектестік білдірді.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ «Ана тілі»

3201 рет

көрсетілді

121

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы