• Мәдениет
  • 11 Желтоқсан, 2019

Қайта оралған «Бес бойдақ»

Жуырда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Бес бойдаққа бір той» атты комедиялық қойылымы сахналанды. Араға 7 жылдай уақыт салып, көрерменімен қайта қауышқан туынды ерекше әсерге бөледі. Нағыз ауыл тіршілігінің көрінісін бейнелейтін қойылым әдемі әзіл мен астарлы қалжыңға толы.

Пьесаның режиссері Әубәкір Рахимов туын­дының осыған дейін 23 жыл бойы саханаланғанын және спектакльдің жас актерлермен толықтырылғанын айтты. Халықтың сұранысына ие болған комедиялық қойылым арада ұзақ уақыт өткеніне қарамастан өз көрерменін жоғалтпай келеді. «Бес бойдақтарыңыз қайда?», «Неліктен көрінбей кетті?», «Бес бойдақтың тойы қашан болады?» деген сұрақ жиі қойылып жүрді. Сол себептен, ойлана келе, қайта ұсынуды жөн санадық. Спектакльге келетін болсақ, жас ­актерлерді кіргізіп отырған себеп, бір жағынан өмірлік мектеп, екінші жағынан жастардың кәсібилігін шыңдау мақсатында» дейді режиссер. Бір қызығы, бұл спектакльді 20 рет қайталап көрген кісілер бар екен. Олардың театрға деген құштарлығын, спектакльге­ деген махаббатын осыдан-ақ байқауға болады. ­Ауылда қалған ата-ана, бауырларын аңсайтын әрбір адам осы қойылымға келіп, аз да болсын мауқын басқандай болады. Қазақы көрерменнің болмысына айналған ауыл тіршілігін әр адам қариялық жасқа жеткенде де «шіркін, туған жеріме бір барып қайтсам» деген сағынышта жүреді. Әсем әнмен басталған жан тебірентер көңілді қойылым жалпы атмосфераны жандандыра түсті. Шығармадағы әр кейіпкердің өзіне тән мінез-құлқы жиналған жұртқа өзіндік әсерін тигізгендей. Қойылым «ұлдарын ұяға, қыздарын қияға» қондыра алмай әлек болып жүрген Қырманбай шал мен әкесінің көңіліне қараған балалары жайлы өрбиді. Қамқор әкенің ішкі мұңын сезген ұл-қыздары алдымен әкелеріне жар тауып беруді көздейді. Сол сәтте аяқ астынан Гүлбарам әженің (Гүлшат Тутова) тап болып, қалжыңы жарасқан қарттардың әңгімесі қыза түседі. Шөп қораға бой тасалап, үйіне қонбай жүрген ортаншы ұлы Нарбол да (Нұрғиса Қуанышбай) әкесін әбден әуре-сарсаңға салып қояды. Өз теңін тапқан жастардың махаббат құпиясын кенже ұлы Жарбол ақсақалға жеткізіп отырады. Аға-әпкелерін мазақтап жүрген ерке баланың бұл ісі, түптеп келгенде, бауырларының бақыты үшін жасап жүрген әрекеті екенін байқауға болады. Намазын оқуға кірген қарияның жоқтығын пайдаланып, әпкелері Күйкетай (Әсел Сайлауова) мен Шүйкетайға (Ажарлым­ Бақытжанова) келген Марат (Азат Тұрарбеков) пен Кико (Ермек Бектасов) көрінісі сәтті шыққан. Иман жолында жүрген қарияның жуастығын пайдаланып Киконың әзірейілмін деп, қыздарын сұрап келген әзілге толы қойылымы көрерменнің езуіне күлкі ұялатты. Сол әзірейілге берген уәдесі бойынша, барлығы өз теңін тауып, бір шаңырақ астында жиналып бес бойдақтың тойымен қорытындыланды.

Дана ЕРКІНБЕК

1495 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы