• Білім және ғылым
  • 11 Желтоқсан, 2019

АЛТЫН ҚАЗЫНАНЫҢ БІЛГІРІ

Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті Ғылыми кітапханасының директоры Бақытжамал Тельманқызы Бағашаровамен бірге оқыған, осыдан табаны күректей, 42 жыл бұрынғы студент күндерімізді еске алсам, ­бойымды бір тәтті мұң билейді. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні оятар» деп Абай атамыз айтқандай, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өрімдей жас қыздар ол кезде алаңсыз едік. Тамақ тегін, жатақхана тегін, стипендия бар. Тек сабақ оқуды білсек, болды. Біз бас қосқан кезде Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика институты деп аталған оқу ордасының «Кітапханатану және библиография» мамандығында оқитын 75 қыз бен «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында оқитын 25 қызға қоғамдық ғылымдар пәндерінің дәрістері бірге өткізілетін. 100 қызды алақанға салғандай тыпыр еткізбей ұстайтын көсем лекторларымыз лекция барысында сұрақ қойып, білімді тереңдетуге жетелейді емес пе? Сонда, бізден бөлек, «Кітапханатану және ­библиография» мамандығында оқитын аққуша әдемі қыз орнынан тұрып саңқылдап жауап бергенде бәріміз де аңтарыла қарап қалатынбыз. Сымға тартқандай талдырмаш сұлу қыздың әсемдігі көз тартады. Сол кезде «Ақылына көркі сай» деген осы болар деп ойлап қоятынбыз. Қоңырау кезінде тілдесіп қалғанда мінезі де ашық-жарқын, ойындағысын ірікпей, кімге де болсын жасқанбай тіке айтатындығымен ерекшеленетін.

Әдетте жауап беруден тілшілер де кітапханашылардан қалыспайтын. Біз оқыған тұста барлығы бірдей үздік бол­мағанмен, «төрт» деген бағаны иеленетін студенттер өте көп еді. Ал, тіпті ­нашар оқитын студенттер өздері ұялып, басқа ­ма­мандыққа ауысып немесе оқудан мүлде қол үзіп кететін. Өйткені ­нашар оқитындарға мұғалім ғана емес, құрбыларының өзі де үрке қарайтын. Ал тұрмысқа ерте шығып, сабақтан қалуға мәжбүр болатын бірен-саран студенттің өзі біліміне қарап бағаланатын. Өйткені кеңес өкіметі ең бірінші орынға білімді қойды. Сондықтан да сабақтан қалған-қалмағанына қарай емес, білімді игергеніне қарап оқудан шығарылатын. Міне, осылайша үздік студент Бақыт­жамалмен таныстығымыз лекция үстінде басталған еді. Содан бері екі түрлі кәсіпте жұмыс істесек те сонау студент күнгі бір-бірімізге деген таза құрметтің алтын жібі бірде-бір рет үзілген емес. Қайта байланысымыз одан әрі ширап, сыйластығымыз артып, достығымыздың іргетасы беки түскені асыл бұйым ұстағандай, қуантады. Осынау қайраткер қыздың өмір жолы да, еңбек жолы да үлгі етуге тұрарлық. Кәне үңіліп көрейікші: Бақытжамал Тельманқызы 1959 жылы 12 желтоқсанда, кереге таулы Кеген өңіріне қарасты Жылысай елді мекенінде, ауылдың беделді қариясы Бағашар әулетінің тұңғыш ұлы Тельманның отбасында дүниеге келді. Адам болмысының қалыптасуына туған өлке табиғатының да әсері болатынын әркім біледі. Табиғаттың ерекше жаратылысы, тауды өрлей орналасқан қазақ ауылы, ондағы атасы­ Бағашар мен әжесі Кенжеқыздың тәрбиесін көргені Бақытжамалдың болмысының қалыптасуына әсер етпеуі мүмкін емес. Ол туып-өскен жердегі атақты Шарын коньоны­ мен Кеген «айсбергіне» біз ғана емес, бүкіл шартарап тамсанады. Міне, балалық шағы осындай ерекше қоныста өткен Бақытжамал Тельманқызы, жергілікті қоғам қайраткері, ағартушы Ы.Көшкінов атындағы орта мектепті 1975 жылы бітірді. Алғашқы еңбек жолын Жылысай­ қой совхозының балабақшасында тәрбиеші ­болудан бастаған жас қыз, 1977 жылы Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының Кітапхана факультетінің «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1981 жылы аяқтайды. Қолында дипломы бар жас маман 1981-1983 жылдары Кеген ауданының М.Горький атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. 1983-1993 жылдар аралығында өзі оқыған Қыздар университетінің Ғылыми кітапханасында библиограф, аға кітапханашы, бас библиограф, сектор меңгерушісі болады. 1993-2001 жылдар аралығында білікті маман ретінде осы университеттің «Кітапханатану және ­библиография» кафедрасына аға оқытушы болып тағайындалады. 1998-2000 жылдары Тарих мамандығы бойынша екінші жоғары білім алады. Өз ісін жетік меңгерген маман ретінде жоғары оқу орындары кітапхана­ларының ұжымын талай жылдар басқарды. Атап айтсақ, 2001-2007 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университетінің (НарХоз) Ғылыми кітапханасының, 2008-2013 жылдар аралығында Алматы Технология университетінің Ғылыми кітапханасының директоры болды. 2013 жылдың қаңтар айынан, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасына директор болып тағайындалды. Кітапхана ұжымын басқара жүріп, тәжірибелі маман ретінде кітапхана ісі бойынша дәріс беруді жалғастыруда. Сол 2013 жылдан бастап Ғылыми кітапханада, бүгінгі инновациялық оқыту талаптарына сай, көптеген жаңа өзгерістер енгізілді. Мәселен, Электрондық оқу залының жұмысы жанданып, барлық компьютерлер интернет желісіне қо­сылды. Қазақстан Республикасының алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарымен келісім-шарт жасасып олардың кітапханаларының электрондық базаларын емін-еркін пайдалануға зор мүмкіндік туғызды. Оқырман сұранысына ие, бір ғана данамен келетін оқулықтардың электрондық нұсқасы жасалып, оқырман оны пайдалану үшін Электрондық ресурс­тар орталығы ашылды. Қазіргі таңда, бүкіл әлемдегі кітапханалар кітап қорларын Әмбебап ондық классификациясы (ӘОК) арқылы жіктейді. Әлемдік өркениет талаптарын игере білген Бақытжамал Тельманқызы Ғылыми кітапхана қорын да толығынан ӘОК жүйесіне көшіруді шұғыл қолға алып, корды сол классификацияға көшірту жұмыстарына жүйелі түрде басшылық жасап келеді. Университет тарихында алғаш рет, 2014 жылдың 17 сәуірінде, универси­теттің 70 жылдық мерейтойына орай ұйым­дастырылған «Университет кітапха­на­лары және ғылым мен білім саласында ақпараттық қызмет көрсету» атты ғылыми-практикалық конференцияның зор маңызы болды. Конференцияға Респуб­ликалық ЖОО-ның барлық кітапхана мамандары қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салып, тәжірибе алмасу мақсатында секция жұмыстарына қызу атсалысты. Осы конференция материалдарының 230-беттік кітап болып жарық көруі де – ерен еңбекті қажет ететін үлкен шаруа. Тағы бір атап өтетін нәрсе – Ұлттық университетіміздің 75 жылдық ­мерейтойына орай, Б.Бағашарованың ұйымдастыруымен, 2019 жылы желтоқсан айында «Кітапхана кадрларын даярлаудың бүгінгі жағдайы: бүгіні мен болашағы» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілмек. Мұның бәрі айтқанға ғана оңай. Конференция өткізу де – үлкен жауапкершілік пен сауаттылықты талап ететін қиын жұмыс. Қазірдің өзінде бұл конференцияның материалдарын жарыққа шығару үшін қыруар жұмыстың атқарылып жатуы – кітапхана ұжымының бір кісінің ­баласындай «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып отырғандығының жарқын көрінісі. Бақытжамалдың басшылығымен жаңа кітапты насихаттау ісі де кітапхананың күн тәртібіндегі бір жұмысына айналған. Оның айқын мысалы ретінде жаңа кітап көрмелерінің үнемі ұйымдастырылып, оқырманға дер кезінде таныстырылуы дер едік. Мұнда жай ғана кітаптарды тізіп қоя салмайды. Адамның назары еріксіз түсетіндей етіп, түрлі-түсті қағаздан жасалған әшекейлермен безендіріліп, кітап бағытын ашатын дәйек сөздер ­жазылады. Өз басым, шетел ғалымдарынан аударылған 100 ғылыми кітаптың қатарына енетін «Әдебиет теориясының» бес томын бірінші рет осы арадан көрдім. ­Сондай-ақ­ студент ­жастарды кітап оқуға тарту мен қызықтыру мақсатында атқарылып жатқан іс-шараларда есеп жоқ. Айталық, студенттерге толы кітапхана залында көптеген өнер және әдебиет қайраткерлері жиналған қызықты кездесулерді атап айтуға болады. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы, ақындар Маралтай­ Райымбекұлы, Ғалым Жайлыбайұлы сияқты көрнекті тұлғалармен өткізілген кездесулер оқырманға үлкен әсер қалдырды. Ғылыми кітапхана ұжымының қызметкері, жас ақын Әсел Оспанның жарық көрген «Ұшқан ұя» атты алғашқы өлеңдер жинағының тұсаукесері көптеген оқырман жинады. Осы кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері Бекжан Тұрыс, белгілі ақын, журналист, публицист, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан қатысты. Бүгінгі жаңа технологиялар ­заманы кітапхана саласына да ауқымды өзгеріс енгізді. Осыған байланысты Университеттің Ғылыми кітапханасы «КАБИС» автоматтандырылған кітапхана­лық бағдарламасы бойынша жұмыс істеп келген болатын. 2018 жылы ҚР Ұлттық кітапханасынан «Web–РАБИС-2» бағдарламасын университет арнайы сатып алды. Кітапхана қызметкерлері бүгінгі таңда осы бағдарламаны игеріп, бұрынғыға қарағанда қол көп ұзарып қалғандығын жасырмайды. Ал сөрелер мен үстел үстінде төбедей боп үйіліп тұратын республикалық газет-журналдардың барлығы студенттерге тегін таратылады. Өзімізде республикалық негізгі басылымдарды керегімізше ақтарып, қолымыз бос кезде бір сусындап қаламыз. Бұл тұрғыда кітапхана ұжымының ұсыныстарына қолдау білдіріп, қай жағынан болмасын көмегін аямай көрсетіп отырған университет ректоры Г.Алдамбергенованың да осы салаға ­бейжай қарап отырмағандығын көрсетеді. Бақытжамал Тельманқызы кітапхана жұмысына байланысты жаңалық іздеуден, біліктілік арттырудан жалықпайды. Бұған оның елімізде және шетелдерде ұйымдастырылған көптеген форум, конгресс пен ғылыми конферен­цияларға қатысып отыратыны айғақ. Сонын ішінде, 2014 жылы қазан ­айында Чехия мемлекетінде біліктілікті жетілдіру курсынан өтуін, 2019 жылғы ­тамыз айында Греция мемлекетінің Афины­ қаласында өткізілген Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің Халықаралық федерациясы (ИФЛА) конгрессіне қатысуын айрықша айтуға болады. Ал Қазақстан Республикасының кітапхана ісіне байланысты өткізіліп отыратын форумдары мен конференциялары оның назарынан тыс қалған емес. Кітап қоймасының білгірі туралы тағы бір ерекше айта кететін нәрсе – оның өз саласы бойынша өзекті мәселелерді қозғайтын мақалаларды жиі жазуы. Б.Бағашарованың республикалық баспасөзде жарияланған ғылыми мақалаларының өзі бірнеше кітаптың жүгін арқалап тұр. Сондай-ақ біршама библиографиялық көрсеткіштерді құрастырып, кітапхана ісі жөніндегі оқулықтың авторы атанды. Адал еңбек қашанда еленбей қой­майды ғой. Бақытжамал Тельманқызы ­«Қазақ­стан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», Уни­верситеттің 70 жылдығына шыға­рылған «Ұлағат» алтын төсбелгісінің, ЖОО кітапханаларының ассоциациясы тарапынан берілген «Кітапхананың дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттарымен еңбегі бағаланды. ­Сонымен қатар таяуда ғана аталып өткен университетіміздің 75 жылдық мерейтойына орай А. Байтұрсынов атындағы алтын медальді иеленді. Кітапханалардың дамуына қосқан үлесі үшін Республикалық Жоғары оқу орындары кітапханалары ассоциа­циясының есептік комиссия­сының мүшесі болып сайлануы да оның білгір маман екендігінің айғақты мысалы. Бақытжамал Тельманқызы – жақсы қызметкер ғана емес, аяулы ана, ардақты әже ретінде де бір отбасының мақтанышы, ақылшысы, қорғаны. Ұлы Бауыржан мен келіні Жадырадан Нұрсұлтан, Мәди және Жәния атты сүйкімді немерелер сүйіп отыр. Осындайда Абай атамыздың «Адамның бір қызығы бала деген» дейтін сөзі еріксіз еске түседі. Ал баланың жақсы болмағы ата-анаға байланысты екені айдан анық. Бұл тұрғыдан алғанда да Бақытжамалдың тәубе деп отыратын сәттері көз алдыңа елестейді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ? Бүгінгі күні Бақытжамал Тельманқызының ­60 ­жасты алқымдаған мерейтойы қарсаңында өзім «көзіммен көріп, қолыммен ұстап» жүрген жарқын өмірі мен жақсы жұмысы туралы жұрт алдында танытып қою, мен сияқты әдебиетші достың бір парызы екенін сезінудің өзі де ғанибет екен.

Руда ЗАЙКЕНОВА, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы

1496 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы