• Руханият
  • 11 Желтоқсан, 2019

ТЕГІНЕ ТАРТҚАН ТҰЛҒА

Қазалылық майдангер, кәсіподақ саласының ардагері, облысқа белгілі жыршы-термеші Әмитжан Бөріқұлақов Сыр өңіріне танымал­ тұлға. Жақында асыл азамат, өнерлі ағаның 95 жылдығына орай аудан орталығы Әйтеке би кентінде жыршы-термешілердің облыстық байқауы өтті. Ал Әбекең, Әмитжан Бөріқұлақовтың өз өмірі де кейінгі ұрпаққа өнеге болатындай ғибратты. Кәсіподақ қызметінің ардагері, танымал жыршы-термеші Әбекең, марқұм Әмитжан ағаның есімі аудан көлеміне кеңінен танымал. Бұрынғы үлкендер, ақсақалдар оны тегіне тартқан азамат деп, ерекше бағалайды. Оның себебі де жоқ емес, Әбекеңнің атасы Өтеген Сыр бойының атақты байы әрі биі болған. Ал әкесі Бозғұлан болса (Әмитжан аға әкесінің ағасы Бөріқұлақтың тәрбиесінде болған) әке байлығын еселеп арттырып, бауырларына қамқоршы, ағайынның ауызбіршілігі мен ынтымағын ұйыстырған тұлға. Оның 1923 жылы әкесі Өтегенге ас бергені халық арасындағы аңыз-әңгіменің арқауы. Тамсанып айтатындай-ақ бар өзі. Асқа әлім, шөменнің игі жақсылары, қазақ жұртының шенді-шекпенділерінің біраз жұрты шақырылып, 250 киіз үйде жайланған. Астың аста-төктігі соншалық, 100 бие, 100 тай өгіз, 100 серке бәйгеге таратылған. Мұндай ересен шараны көзбен көргендер аңыз етіп айтпай, аузын ­басып отыра ала ма?! Содан соң Бозғұланды осалдар қатарына жатқызып көр. Бірақ осыншама байлық иесінің кейінгі тағдыры аянышты.

1931 жылы Кеңес өкіметінің шолақ саяса­тының кесірінен зобалаңға, репрессияға ұшырап, мал-мүлкі тәркі­леніп, «Кеңес өкіметіне қарсы» деген ­желеумен айып тағылып, Ташкент қала­сы­ның маңына жер аударылып, сотталып, хабарсыз кеткен. Содан кейінгі дерек жоқ. Әбекеңді көпшілік тектінің тұяғы, алтынның сынығы дейтіні сондықтан. Алмағайып заманда отағасынан тірідей айырылған отбасы қиын тағдырлы ғұмыр кешті. Кеңес үкіметі бай тұқымын аясын ба? Қысталаң шақта заман ағымын зерделеген бозбала Әмитжан қоғамдық құрылыстағы өзгерістерді дәл аңдады. Жасында хат танып, сауатын ашқан ол Фрунзе колхозына мүшелікке қабылданды. Бойдағы жастық жігер мен қуаты жалындап тұрған жас кеңестер жұмысына белсене араласып, өз ортасына танылды. Замана өзгерісінен тоқыраған қазақ ауылы ұжымдасып, колхозшылар бірлесе еңбек етуге­ бейімделіп, қиындықтарды жеңіп, ел еңсесі енді көтеріле бергенде «соғыс» деген суық сөз жүректерді мұздай қарып, ел аралап желдей есті. Бұл есті адамның бәрін есеңгіретті, шарасызды шайқалтты, дәрменсізді күйзелтті. Жүректер шерге, мұңға толды,­ ата-ана запыран құсты. Дегенмен, елдегілер қиындыққа төзбек керек екендігін ақыл-парасатпен пайымдады. Әйтсе де, ересек естияр азаматтар артына жаутаңдай қарайлап майданға аттанып бара жатқанда артында қалғандар бір суық қол қолқасын еріксіз жұлып алғандай қамыққан күй кешті. Ол ол ма, жастарға да кезек келді. Бозбалаларды қимастықпен қиырға аттандырып тұрғандар енді көз жасымен ештеңеге тосқауыл қоя алмайтындығын сезіп, тілекші, үмітті көңілге медеу тұтты. Дегенмен, майданнан жеткен суық хабарлар жанды аяздай қарып, еңсені түсірді. Бірақ көнбеске амал жоқ. Әмитжан аға майданға қатарласта­рымен бірге 1942 жылы аттанды. Өмір мен өлім тайталасқан, ажал сәт сайын төбеден қалғымай бағып тұрған от-жалынның ортасына топ ете түсті. Ойлануға мұрша бермес, жан ышқынтқан алапат сәттерді бастан өткерді. Бірақ тез ширықты. Жауға қарсы аянбай шайқасып, үстем болмасаң аман қалудың мүмкін еместігін санада саралап үлгерді. Қатардағы солдат болып шайқасқа араласқан ауыл перзенті кіші командирлер даярлайтын курсқа алынып, кіші лейтенат шенімен взвод командирі ретінде жауынгерлерді шайқасқа бастады. Қанды қырғында жау оғы бірнеше рет денесін жарақаттап, госпитальда емделіп, шыбын жанын сауғалап жатты. Алайда өмірден көрер қызығы таусылмаған екен, қайтадан қатарға қосылды. Ажал мен өмір тайталасқанда тағдырының бұйдасын сығымдай ұстап, өмірге құштарлығы жеңіп шықты. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен. Майдангер аға «Жеңіс» деген сүйінші хабарды Белоруссия жерінде естіп, масаттанады. Десек те, бұларды әскерде қалдыра тұру туралы бұйрық шықты. Елге қайту жөніндегі ыстық ықылас тежелгенімен, бейбіт өмірді көңілге тоқ санады. Әбекеңнің тағдырының өзгеше бағыт алуына әскерде қалуы себепші болды. Мұны құдіреттің маңдайға жазғаны деп таңбалауға болар. Аға лейтенант шеніндегі ағамыз майдандағы жорықтар кезінде көкіректе махаббат шоғын маздатқан, мейіркеш болып қызмет атқарған көгілдір көзді орыс қызы Клавдиямен табысты. Бейбіт өмірдегі кездесулер, сырласулар араларын жақындастырып, көңіл қалауымен 1946 жылы отбасын құрды. ­Келер жылы Талант атты тұңғыш перзенті дүние есігін ашты. Жас ерлі-зайыптылар аса қуанышты, бақытты болатын. Алайда олар алдында тұрған алынбас асу барын сезген де, білген де жоқ. 1948 жылы қазақ офицері армиядан босап, запасқа шықты. Елге қайтуға жиналды, жары мен баласын алып елге жетпек. Тағдырдың соққысын қараңыз, олар бір-бірін сүйе тұра, қимастықпен, сыйластықпен, келісіммен екі айырылды. Нақтысы екеуі де өз елінде өмір сүруді қалады. Ал Талант тағдыры ше? Оған екеуі де жауапты болуға серттесті. Майдангер Әмитжан Бөріқұлақов отбасы, туған-туыстарымен қуанышпен табысты. Сағыныш табы көпке дейін сейілмеді. Мауқын басқан ата-ана енді ұлын қолқалай бастады. Жалғыз ұлды аяқтандырсақ деген үміт қой, баяғы. Ал Әбекеңді сыртта қалған отбасының жағдайы да алаңдатып, мазалайды. Ақыры қанынан жаратқан жандардың тілегі басым түсті. Сымбатты жігіт көрші ауылдың Алуаш есімді аруын табалдырықтан аттатып, қарттардың көңілін жайландырды. Жас келін шаңырақ шырайын әрлендірді. Араға жылдар салып Таланттың інісі Базаралы дүниеге келді. Тетелес інісі Талайлының өмір есігін ашуы шаңырақ шаттығын одан сайын шалқытты. Кейін-кейін барып, перзенттер қатарын толықтырған кенжесі Балғазы әкесінің көңіліне сергектік сыйлады. Кеңпейіл, мейірімді, парасатты ана Алуаш апа азаматын аса қадірледі. Жұбайының көңіл күйін аңдауға бар ықыласымен пейілді-тін. Тіпті әйелге тән қызғанышына бұғау салып, отағасының жат жерде қалған тұңғыш перзентімен байланыс жасауына кедергі келтірген жоқ. Мұны аналық мейірімнің бір шарасына балаған жөн шығар. Ардақты азамат соңғы 18 жыл бедерінде үзіліссіз «Өркендеу» совхозында кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып, еңбек демалысына шықты. Турасын айтып, әділдік танытуының арқасында ауыл тұрғындарының арасында беделге­ ие болды. Жұмысшылар мүддесін қорғаудағы әділдігі үшін халық құрметтеді. Енді ардақты ағамыздың өнерпаздық қырына тоқтала кетелік. Ол маған бойындағы туа бітті өнерін көп жылдар тасада ұстап келген тәрізді көрінеді. Оның сыры бізге беймәлім, өзіне аян. Себебі өнер иесінің сахнаға шығып, жыр-термеге шындап ден қойғаны бертінде ғана. Десек те, сахна­ сақа азаматтың екінші тынысын ашты. Даусы­ бұрынғыдан ашылып, құлашты кеңге сермеді. Облысқа танымал жыршы-термешілердің санатына қосылды. Негізінен, Қашаған жыраудың, Балқы Базардың, Кете Жүсіптің, Бұқар жыраудың, Нұртуғанның, Қарасақал Ерімбеттің, Мұрын жыраудың, Байназардың, Нұрсұлтан Жұбаттың және өзінің жыр-термелерін орындады. 1980 жылы жыршы-термешілердің облыстық байқауының лауреаты атанды. Келер жылы жұртшылық республикалық қазақ теледидарынан Әбекең ағамыздың жыршы-термешілік өнерін тамашалады. 1986 жылы Қазалы халық оркестрінің құрамында Алматы қаласының халқына өнерін бағалатты. Қазақ теледидарына түсіріліп алынған жыр-термелері алтын қорға жазылды. Ағамыз еңбек демалысына шыққан соң, өнер жанашырлары қолқалап, қайта-қайта сахнаға шақырды, тіпті қызмет ұсынды. Мұны ол әуелгіде ерсілеу көрген-ді. Бірақ шынайы ықыласты кері серпуге дәті бармады. Осылайша, аудандық мәдениет бөліміне қарасты автоклубтың меңгерушілігіне бекітілді. Енді сахнамен жиі қауышты. Өзіндік мәнерлі мақамы бар, терме-жырлардың сөздерін анық айтып, мазмұнын халыққа ұғымды жеткізуге қабілетті азаматтың өнерін тамашалауға халық та құмар. Сондықтан тума талант иесі жасы ұлғайған шағында тұлпар шабыс тізгінін тежемеді. Тегінде талантты талант, мықтыны мықты ғана танып, әділ бағалайды. Әбекең де жерлес ағасы, халық ақыны Байназар Өтеповті ерекше қадірлейтін, сыйлайтын, талантын мойындайтын. Баекеңнің терме-жырларын репертуарына енгізіп, шығармашылығын халық арасына насихаттауға үлесін қосты. Ал, кезегінде Байназар ағасы да інісінің өнердегі әрбір жетістігіне бауырындай қуанды. Тілекшісі болып, жылы сөзін аямады. Шабытын ширатуға, көңіл хошын нәрлендіруге әрдайым қамқор болды. Осы бір өнерлі жандардың аға-інілік шынайы достығы, адалдықпен әдептелген адами қарым-қатынастары өзгелерді тәнті ететін. Өнеге үрдісін әрдайым айғақтап тұратын. Сондай-ақ салихалы азамат отбасын­дағы қиындықты мойымай, төзімділікпен көтерді, мәрттік танытты. Әйтпесе, 51 жасында сыңарынан айырылу тірі пендеге қайдан оңай тисін?! Қабырғаны қаусатар қасірет емес пе? Әбекең сол қайғыны ақыл-парасатымен жеңе білді. Бел бекітіп, еңсесін тіктеді. Оны айтасың, арада біраз жылдарды өткізіп барып, тіршілік қамымен қалмақ қызы ­Наталья Басановамен бас қосты. Және де Натальяның бұрынғы марқұм күйеуінен қалған Бағила, Әсем, Маратқа әкелік қамқорлық жасап, өз балаларымен туғанындай татуластырып, аға-іні, қарындастай сыйластырып, алалық көрсеткен жоқ. Мұнысы да көшелі азаматтың бекзат болмысын аңғартады. Осындай тұлғалы азаматтың өмірінің соңы жырмен аяқталды. Әбекеңнің өзі болмаса да көңілге қонымды қоңыр үні құлағымыздан кетпейді. Алымды азамат жайлы сөз еткенде өмірге әке мерейін өсірер ұрпақ әкелгенін айту ләзім. Бұл ретте тұңғыш ұлы Талант Әмитжанұлы есімі еріксіз тіл ұшына оралады. Сәл шегініс жасалық. 1989 жылы 7 сәуірде «Кеңес Одағының «Комсомолец» атом сүңгуір қайығы Солтүстік мұзды мұхиттың батыс қолтығындағы Норвег теңізінде апатқа ұшырады» деген қысқаша хабар байтақ елімізге түгел тарады. Алпыс тоғыз теңізшінің қырық екісі қаза тауып, сүңгуір қайық теңіз түбіне батып кеткен. КСРО Қорғаныс Министрлігі және Кеңес Армиясы мен Әскери Теңіз Флоты Бас саяси басқармасы қаза тапқандардың отбасымен жақын-жуықтарына көңіл айтты. Өкініштісі, қаза тапқандардың арасында тегі қазалылық қазақ жігіті, Солтүстік флоты сүңгуір қайықтар құрамасы саяси басқармасының бастығы, бірінші рангалы капитан Талант Әмитжанұлы Бөріқұлақов та бар болып шықты. Жігіттің сойының экипаж мүшелерін апаттан құтқарудағы өшпес ерлігі сан тарапқа жайылды. Әскери парызын орындау барысындағы ерлігі мен жанқиярлық әрекеттері үшін кейін Талант Әмитжанұлы КСРО Жоғарғы Советі Президумының Жарлығымен жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Батыр ұлдың есімін қазалылықтар да ұлықтады. Қазасына ортақтығын білдірді. Ауданда құрылған делегация Талант бұрын қызмет атқарған Мурманск қаласына барды. Делегация мүшелері Таланттың отбасында, оның қызмет бөлмесінде болып, теңізшілермен кездесті. Дивизия командирі, контр адмирал О.А.Ерефеевтің қабылдауына қатысты. Соңында бауырлары Базаралы мен Талайлы Талант жерленген Нижний Новгород қаласына барып, әке қабірінің басынан алынған бір уыс топырақты аға қабіріне салды. Қызылордалықтар даңқты перзентінің есімін мәңгі есте қалдыру үшін Қызылорда қаласындағы бұрынғы Степная, Арал қаласындағы бұрынғы Комсомол, Әйтеке би кентіндегі бұрынғы Гидроузельная көшесін Талант Бөріқұлақов есімімен атады. Нақтылай таратып айтсақ, текті атадан тараған ұрпақтың осалы жоқ, Таланттың ортаншы інісі Талайлы ауданға есімі белгілі азамат. Ол совхоз парткомының хатшысы, Мемлекеттік қаржы бақылауы комитетінің Қазалы ауданы бойынша­ өкілі, аудандық салық комитетінің төрағасы, аудандық мәслихат хатшысы, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы қызметін абыройлы атқарып, зейнет демалысына шықты. Базаралы ұзақ жылдар «РЗА» АҚ-да шеберхана меңгерушісі болды. Қазір зейнет демалысында. Кенжесі Балғазы әке шаңырағының иесі. Әмитжан ағаның немерелері де Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне шама-шарқынша үлес қосып, мемлекеттік, әскери қызмет атқарып жүр.

Раушанбек СЕЙТЕНОВ Қызылорда облысы

196 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Абызға арналған ескерткіш
Келесі мақала ҚЫРАН-ҒҰМЫР

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор