• Руханият
  • 11 Желтоқсан, 2019

ҚЫРАН-ҒҰМЫР

Қарашаның ызғарлы желі сумаң қағып Арқадан сайын даланың сан атырабына қаралы хабар таратып жатты. «Белгілі қаламгер Мағауия Сембай өмірден өтті...»  Қабырғаңды қақыратып, бауырыңды езіп жіберердей суық хабар...  Елге танымал азамат қой. Жан-жақтан көңіл айтып жатты... Иә, ортамызда өзін-өзі ақтау үшін «жоқтау» жазып, жарамсақтанғандар да бар. Тірінің тіршілігі сондай деңгейге түсіп кетті ғой. Жемсауы олқы пенделер жемін жерден іздеп жатқанда, Мағаш ағамның қара ормандай оқырманы жанарын көкке қадаған. Иә, иә, дәл сол сәтте Мағаш ағамның көктен – Алланы, жерден – Алашты іздеп жүрген бір бауырының жанары жер шұқып тұрған. Ал қаралы қауым оған жиіркене қарап тұрды.

...Жанарын жеті қат көкке қадағандар Мағаштай қыран ұлының қиядағы мәрт өліміне сүйсініп тұрған-ды. Жылап тұр, көкірегі қарс айырылып, қамығып тұр. Сонда да, қыран ұлдың рухы көкке көтеріліп, жердегі пенделерден әлдеқайда биіктеп кеткеніне мағмұрланады. Міне, ақ өлім! Міне, қыран қазасы! Өлім – өкініш, әрине. Әсіресе, ұлтын сүйген, Арқаны ардақ, Қарқаралыны қадір тұтқан Мағауия Сланбекұлының мезгілсіз қазасы сөздің парқын, азаматтың бағасын білетіндер үшін ауыр соққы болғаны ақиқат. Әйтпесе, мұхиттың арғы жағынан азанама жолдаған Мұхтар ағасы (Мағауин): ­«...Орны­ толмас қаза. Жақсы інімнен айырылдым. Енді ешқашан алдымнан жарқылдап шықпайды» деп, мұқалған жігерін сездірмес еді ғой. Алатаудан аңырап жеткен Алаштың Абзал ақыны (Бөкен): «Мағаш өтті дүниеден... Елпілдеген баладай, Еркелігі тарамай. Ойы – бейне боз шыбық, Бойы – бейне қарағай» деп күңірене ме?! Немесе қазақ қыраны Тоқтар ағасы: «...Даладай кең пішілген тұлғасын, баладай аңғал болмысын, бабадай терең толғайтын ойлы дүниелерін сағынамыз енді. Маңғаз еді менің Мағашым! Марқасқа еді!» деп толғана ма?! Иә, менің Мағаш ағамның қазасы – нағыз қыран қазасы! Өз биігіне көтерілді. Бәз біреулердей тышқаншылап емес, қыранша самғап көтерілді. Сол биігінен төмендемеген қалпы өзін-өзі тым биіктен тастап жіберді. Ғұмыры келте болғанмен, тұғыры аласарған жоқ. Кейбір зейнеткер замандастары секілді қызмет сұрап, есік жағалап, босаға күзетпеді. Немесе өзі 22 жыл басқарған қара шаңырағы «Орталыққа» сіңірген еңбегін бұлдап, тағы бір бауырлары секілді үйде жатып ақша алуға ұмтылмады. Қалай ірі жүрді, сол ірілігін сақтаған күйі іркілді. Тұлғасы қандай ірі болса, ісі де ірі, ізі де анық, бекзат ғұмыр кешті. Шайлық табысын місе тұтып, байлыққа қызықпады. Тік жүріп, тік сөйледі. Ұлтының ұпайын қаламмен түгендеп, сол қауырсын қаламымен-ақ қазағын қанағатқа бөледі. Қалам ұстағанның қадірін білген бе, біздің тасбауыр қоғам?! Мағаш ағамды да маңдайынан сипай қоймады. Бүгінгі жүйе де, тағдыры да. Шындап келгенде, Мағауия Сембай – тағдырдың өзі тудырған талант. Солай бола тұра, тағдырынан өгейлік көрді. Арыздың астында жүріп, «Ой-тамызығын» маздатты.­ Желдің өтінде жүріп, «Жерұйық» іздеді. Ары азап шеге жүріп, «Алаштың алдаспанын» жар­қыл­­датты. Құлыптаулы дүниеден «Құбылыс» тапты. Өзі – «Шерағаңның шекпенінен шыққандар­дың» қатарынан. «Редакторлардың редакторы» атанған Рамазан Сағымбеков пен «Намыстың Наркескені» атанған Нұрмахан Оразбековтің көрігінде шыңдалды. Көзі тірі классик жазушы­ Мұхтар Мағауинге рухани іні, қазақтың бар жақсысына адал дос болды. Сөйтіп жүріп, бір өзі бір мектепке айналды. Арқада «Мағауия мектебі» деген мектеп қалыптасты. Марапат-мадақтан да кенде болған жоқ. ­Небары 25 жасында Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанған жүйрік қалам Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының иегері, Г.Толмачев атындағы «Үздік БАҚ редакторы» атанғанша қаңтарылған жоқ. Бірақ осының барлығынан оқырман ықыласын биік қойып өтті. Ширек ғасырға жуық уақыт тізгінін ұстаған «Орталығын» да өрге сүйреді. Сембаев басшылығы тұсында газет Журналистика академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығын иеленіп, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Міне, осының барлығы газеттің әр сәтті шыққан саны үшін ­балаша қуанып отыратын Бас редакторы Мағауия Сланбекұлының орасан еңбегінің жемісі еді. ...Ол өлген жоқ! Қаза тапты. Сөз майданында. Біз өлтіріп алдық. Арыз жазып, алқымынан алдық. Бақытын қызғанып, балағынан тарттық. Жүйкесіне жүк артып, жүрегін сыздаттық. Ақыры, ғаламның құпиясын ашпаққа ұмтылған қаламның сиясы түгесілді. Қалам қаңтарылды. Біз тағы да табыт арқаладық. Қара күз. Қараша айы. Қаралы қауым, жаралы жүрек... Қыран қазасы – қияда. Міне, 40 күн өте шықты. Қарқаралы қыранының қияғы қиылып, Арқа арғымағының тұяғы кетілгелі. Қазақтың тағы бір қыраны көктен сорғалап түсті. Сол қыранмен қатар бір жұлдыз ағып келе жатқан. Алаштың көгі көмескі тартты. Өйткені қазақ баспасөзінің көгіндегі тағы бір жарық жұлдыздың сәулесі сөнді. Қырық күн бойы қаралы үйдің төңірегінде – Мейраш­ жеңгемнің, Аңсаған, ­Айдын бауырларымның, Айнұр қарындасымның жанында­ болдым. Есікке қарап елеңдеп, төрге қарап төмендеп отырдық. Өкініш өзегімізді өртейді. Амал нешік... Бәрібір, қыран қазасы – ақ өлім, мәрт өлім! ...Кеше қабір басына барып келдім. Ол қабірге емес, менің жүрегіме жерленген екен. Сонда да, іздеп жүрмін Ағамды.

Ерсін МҰСАБЕК, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Қарағанды

704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы