• Әдебиет
  • 12 Желтоқсан, 2019

СӨЗ ӨНЕРІНІҢ ТАРЛАНЫ

Ілкіде атбегі достың аулында болдым. Сәнді үлгідегі қоршаудан жылқының жоны көрінеді. Арнайы­ күтімдегі сәйгүліктер екен. – Осылар менің табыс көзім, – дейді орта жастағы жігіт ағасы. – Жылына екі-үш машина кіріс кіреді. – Мына шеткергі тұрған не жылқы? – Тарлан ғой ол. Аяғы кетіп қалған. – Енді қайтпексің бұны? – Білмей тұрғаным?! Союға қолым батпайды... Іні достың естілігіне ішім жылыды. Жемде тұрған тарланның тұңғиық мойыл көзінде бар дүниенің уайымы тұрғандай екен. Дарабоз бұла шағын аңсайтын да шығар-ау, бәлкім. Қарақшыға қара үздіріп жеке келетін арындаған екпіннен жұрдай. Түлкі құрсақтанып жарап алғандағы көз суырған сұлу мүше қазіргі тұрқынан байқалмайды. Шекесіне сес бітіргендей қырағы шаншылатын қос құлақ майға бітіп қалған денесін ауырлағандай-ақ босаңсыған болбыр қалыпта көрер көзге қораш шалынады. Қапелімде мені қолайсыздық буды. Сөз өнерінің тарланбозының бірі болған ­Балтабай Адамбаевқа арнап мақала жазуды аяқсытып алғанымды қарашы. Жас келгендікі ме, кәнігі ескі дос қаламда баяулық басым. Аяғы кеткен мінгіштей кібіртіктеп, шабан қозғалатынды шығарған. Кесек туындылар былай қалып, шағын жазбаға да қиналатын боп жүрмін. Сол қиналыс сөз өнерін ұстанғандардың бәрінде де бар. Ақ қағазбен майдандасқан өлермен жанкештілік біле-білгенге тәтті азап болып табылады. Сол «тәтті азапқа» кезінде байланғандардың бірі – қазақ ауыз әдебиетіне сүбелі үлес қосқан белгілі ғалым, ­прозашы, әрі ақын, қазақ сөз өнерінің тарланы – Балтабай Адамбаев.

Ғалым ағамыздың қолға алған тақы­рып­тары ғылыми ізденісте абырой әпере қоймайтын коммунистік идеоло­гияға жат ауыз әдебиетінің ешкім тәуекел етіп бара қоймайтын ауыр саласы – қазақтың шешендік өнері болғанын кейінгі буын біле қоймайды. Ауыз әдебиетінің зерттелмеген беймәлім саласына Бәкеңді бейімдеген Мұхтар Әуезов еді. Ғалым аға кемеңгер жазушының сенімінен шығып, ұстазының рухына адалдығынан танбай, ауыз әдебиетінің ауыр саласына түрен салып жанқиярлықпен беріле еңбек еткені әдебиет саласында еңбектеніп жүргендердің есінде болар. Шешендік өнердің қалың қатпарына тіс батыру екінің бірінің қолынан келмейтінін біле тұра, соған тәуекел еткені ғалым ағамыздың өз мүмкіндігіне сенгені шығар-ау, бәлкім. Балтекең туасы сөзге тұтқыр шешен кісі еді. Ақындық алымы да тегеурінді болатын. «Сырларым», «Ақбөбек», «Аманат» жыр кітаптары жарық көрген. Прозалық шығармалары да шығып тұрды. Қазақ прозасында әскери-патриоттық тақырыпта тың шығармалар жазған еді. «Жауынгер» атты романы екінші дүниежүзілік соғыстың зұлматын ашып көрсеткен көркем шығарма. Жазушы «Нәубет» повесінде қазақ халқының басына түскен ауыр да азапты­ жылдардың ащы шындығын кейінгі буынның көз алдына жайып салады.Аштық азабын бастан кешкен шіп-шикі балалар, төрт ағайынды – Балтабай, Жұматай, Сыпатай, Қаратайдың замана қақпақылына душар болып әкеден өлі, шешеден тірідей айырылып, балалар үйінің көкжұлын жетімегі боп өскені хикаятта аянышты баяндалған. Анасы Бибіштің қайсарлығы мен өрлігінің арқасында қатарға қосылып, жетіліп кеткен жетімектердің үлкені Балтабай Адамбаевты замана зобалаңы майдан ­даласынан бір-ақ шығарады. Қып-қызыл от ішінде жүріп жауға қарсы оқ боратқан жас жауынгер от қаруға сөз қаруын қосарлап, майдандас серіктерін патриоттық жырлары­мен демеп, жігерлендіре білген еді. «Күннің көзін бұлт басса, жарық дүние түн ­болар, қалыңды шарпып от қашса, қара ­орманнан күл қалар. Жылан кірсе үйіңе, үйің шошып үрпиіп, ойын-күлкің жым болар. Жаудан қорқып жаутаңдап, жанды аяған кім ­болар? «Опасыз» деп бетіңе, ел түкірер сұм болар. Елің үшін жанды қи – Ерге ылайық құн болар, – деп жыр төгілдірді» («Адамбаев әлемі»кітабынан, 2011 ж.). Б.Адамбаев – әмбебап қаламгер. Оның жыр торысы өлеңде де жорғасынан танбаған. Әсіресе, ақынның «Ақбөбек» дастаны көркемдік қуатымен құнды шығарма еді. Осындайлық сан тарапты­ талантымен танылған үлкен дарын иесі Б.Адамбаев бойдағы табиғи қуатын, талантын, ақындық алымын ауыз әдебиетін зерттеуге жұмылдырды. Оның ішінде шешендік сөздерді ел ішінен ­жинап-теруге бар ғұмырын арнады. Өзіне дейінгі бұл ­саланы зерттеген ғалымдардың мүлт кеткен тұстарының тігісін жатқызып, олардың еңбегіне қиянат жасамай, соны зерттеуін терең білімдарлықпен дәйектеді. Қазақ ауыз әдебиеті саласында жалықпай ізденіп, оның ішінде шешендік сөздерге халықтық сипат беріп, соны пайымдау жасаған еңбекқор ғалым Бәкеңді әріптестері әлі күнге ұмытпайды. «Ең алдымен, Балтабай Адамбаевты әдебиетсүйер қауым зерттеуші ғалым ретінде жақсы біледі, – деп жазады филолог ғалым Қайрат Рай. – Оның қазақ мақал-мәтелдерін, шешендік сөздерін аса бір тереңдікпен талдаған «Халық даналығы», «Шешендік өнер» атты монографиялары осы саладағы жаңа ізденістерге жол ашқан тұғырлы да құнды еңбек болып қала бермек». Туғанына 100 жыл толып отырған зерттеуші ғалым Балтабай Адамбаев сөз азабын басынан кешірген еңбекқор кісі еді. Бүгінгі буын ол кісінің жүріп өткен өмір жолынан бейхабар. Уақыт пәрмені өз дегенін болдырмай қоймайды. Азат қазақ елі өтпелі кезең тәуелсіздік жылдарында біраз шаруаның басын қайырып тастағанын жақсы білеміз. Сөйтсек те, уақыт жеделдігі асылды жасықтан айыруға мұрша бермей, үстірттікке жол беріп, небір бейнетқор тұлғаларымызды көзге ілмей тасада қалдырып жатқанымызды айтуға тура келеді.Бүгінде ғұмыр-тіршіліктің қай бағытында болмасын «жаңашылдар» бой көрсете бастады. Көркем әдебиетте постмодернизм бағыты пайда болды. Поэзия аспанға шығып кетті. Прозалық шығармаларда тіл жұтаңдығы байқалады. Әдебиет ғылымы саласында­ да ізбастылық басым. Ұлтына деген адал ниетпен, азаматтық қайсарлықпен ­жанын шүберекке түйіп жүріп жинап-теріп кеткен­ шешендік сөздердің игілігін келер ұрпақ көріп жатса, жас ғалымдар Б.Адамбаевтың еңбегіне сүйене отырып ғылыми атақ алып жатса, оған іштарлық жасау орынсыз. Кешегі өткен өктем қоғамда тоталитарлық режимнің «сойылының астында» жүріп те, туған халқының сөз маржанын ел арасынан жалықпай жинап-теріп кеткен қайсар ғалымның еңбектері сан салалы. Ауыз әдебиетінің маржаны – мақал-мәтелдерді де жіліктеп зерттегенін кім жоққа шығарады? «Ежелден ел аузында келе жатқан ақыл-ойдың жиынтығы саналатын мақалдар мен мәтелдер де әр кезде жинақ болып басылғанымен, әлі де мәні, философиялық астары ашылмаған, әлеуметтік мазмұны сараланбаған, түрі мен құрылысы жете зерттелмеген болатын, – деп жазады шәкірт інісі Мақсұт Бекмолдаев ұстазына арнаған естелігінде. – Ғалым осы олқылықтың орнын «Халық даналығы» атты монографиясында толықтыра түседі». Б.Адамбаевтың ғылыми еңбектері сан алуан тақырыпты қамтыған әмбебаптығымен ерекшеленеді. Еңбекқор ғалым ерте дәуірдегі скиф, сақтар ­туралы аңыз деректерге талдау жасайды. Құрманғазы мен Махамбет өмірінен тың мәліметтерді қарастырады. Ауыз әдебиетінің өкілдері Әсет, Орынбай, Үмбетәлі, Қылышбай туралы еңбектері терең иірімді талдауымен ерекшеленеді. Ғалым «Қазақ халқының шешендік өнері» атты іргелі зерттеуінде: «Әдетте шешендік өнер айтыс-дауда туып дамиды.­ Сондықтан ердің, елдің тағдыры сөз болатын, соғыс бітімі секілді маңызды мәселелер қозғалатын сот залдары парламент сарайлары және халық көп жиналатын ас-тойлар, міне, шынайы шешендер, саяси қайраткерлер сөз сайысына түсетін, сыннан өтетін және шыңдалатын орындар болған. Дүниежүзінде есімдері әйгілі шешендердің көбінесе мемлекет қайраткерлерінен, заң қызметкерлерінен, парламент мүшелерінен шығатыны құпия сыр емес. Мәселен, ежелгі Афин(грек) шешені Демосфен мен Рим шешені ­Цицерондар әуелі атбекет, кейін парламент басшылары болған. Ал ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген орыс шешендері П.А.Александров, Ф.Н.Плевако, А.Ф.Кони, тағы басқалар атбекеттер еді. Сол сияқты атақты қазақ шешендері Төле, Қазыбек, Әйтекелердің би болғаны мәлім» деп келтіреді. «Қазақтың шешендік сөздерін жинап, оны алғаш бағалаған адамардың бірі – белгілі ғалым В.В.Радлов болса, одан беріде отызыншы­ жылдары­ шешендік сөздерді жинау, зерттеу ісіне үлес қосқан – Сәкен ­Сейфуллин болғанын ғалым былайша атап көрсетеді: «Сәкен «Қазақ әдебиеті» дейтін кітабында «Билердің сөздері» деген тарау енгізіп, шешендік сөздерді дербес жанр деп қарайды». Біз бұл арада ауыз әдебиетінің бір саласы – шешендік сөздің зерттелуін бір ғана Балтабай Адамбаевқа жатқызудан аулақпыз. Әйтсе де, ғалым ағаның зерттеуі тиянақты болғанын ашық айтуға тиістіміз. Рас, ол тіршілігінде докторлық атақ ала алмады. Оған кедергі болған ғалымның алған тақырыбы сол кезеңнің қырағылары назарда ұстаған ауыр да даулы тақырып болатын. Ағамыздың көзі тірі жары, бүгінде тоқсан жасқа толған Жаңылхан Досымбекқызы Адамбаева: «Еңбек 1984 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесінде бір ауыздан қорғауға ұсынылған болатын. Сол кездегі талап бойынша еңбек орыс тіліне аударылып, басқа республикада қорғалуы тиіс делінген. Бұл талаптарды орындауға Бәкеңнің денсаулығы мүмкіндік бермеді» дейді. Ғалым ағаның төрт-бес жылдай төсекке таңылғанын көзіміз көрді. Жатырмын жарты жылдай жарым баспен, Сол жағым барабар боп қалды таспен. Жүрек сау, бүйрек таза, ұйқым тыныш, Тіл мен жақ демеп жатыр сөзбен, аспен. Мұндай күн кім ойлаған көремін деп, Жатқам жоқ уайым жеп «өлемін» деп. Ойлаймын балалар мен еңбегімді, Халқыма қарыздар ем берерім көп... Ғалым аға сырқаты жеңілдеп қатарға қосылғанымен, баяғы сау кезіндегідей өндіріп жұмыс істей алмады. Докторлық еңбегі қорғалмай ол қалды. Жиып-терген шешендік сөздерін жүйелеп шығуға және мұршасы жетпеді. Жетпіс жасына­ орай өзі шыр етіп дүниеге келген, кешегі тың кезінде ел ішін жалықпай сүзіп шешендік сөздерді жиып-терген туған даласына, Сарыарқасына соққаны күні кешегідей жадымызда. Сол жолғы сапарында Жезқазғанда болып, Жаңаарқаға да аялдап, одан Ақадыр ауданын аралап, еңбек адамдарымен жүздесті. Бәкең жарықтық тау қыраны сықылды арқалы, уытты кіс еді-ау. Төсекке таңылған шікәтті жылдар саңқылдаған ашық үнін тосаңсытып тастағанымен, баяғының билерінше төгіле сөйлейді. Көзіне жиі-жиі жас келіп, босаңсығанын байқатқысы келмей, қайратты бурыл шашын балуан саусақтарымен тарамдап қойып: «Мен де сол түйенің қомында, аттың жалында жүріп жетілген қыр баласымын. Ата-бабаларымыз осынау кең көсілген Ұлы далада емін-еркін қанат жайып, атамекенмен үндестікте ғұмыр кешкен» деп бастаған еді сонда сөзін. – Содан да сөздері тау суындай екпінді, әндері мен күйлері табиғаттың мың сан үніндей жұмсақ келеді. Бабаларымыз сөз құдіретіне тоқтап, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен. Сөзге тоқтау – ұлттық қасиетіміз. Ұлы Абайдың: «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел, өздеріңе келейін енді аяңдап» дегені соған дәлел. Ақадыр өңірі, Жаңаарқа атырабы. Шет, Қарқаралы өлкесі менің туған топырағым. Сол мекенді аңсап келген жайым бар. Бұл атырапта Байғозы батыр, тарақты Тұяқ шешен дамылдап жатыр. Маған қазақ даласының жаттығы жоқ. Қасиетті Қарқаралыны да армансыз араладым. Қаз дауысты Қазыбектің шешендік сөздерін көнекөз қарттардан алып қалғаныма шүкіршілік етемін. Жақсы Жанқұттының (Шет ауданының тұлғасы) Шортанбай жыраудың халық арасындағы асыл сөздерін жиыстырғаным күні кеше ғана. Ақтоғайға да ат ізін салғаным бар, Әсет ақынның өлеңдерін іздестіріп шарқ ұрдым. Біреу білсе, біреу білмес, кезінде мен белгілі қайраткер, республикамыздың бірнеше саласында басшылық жұмыстарда болған Әшімбек Бектасовпен бірігіп, халық ­батыры Мәдиге арнап «Мәди» атты деректі ­повесть жазып, ол «Қазақстан» баспасынан 1968 жылы жаряланған еді. Сонда Мәдидің бірсыпыра өлеңдерін, әйелінің жоқтауын жазып алған едім (Кейінде бұл өлеңдер «Орталық Қазақстан» газетінде 1990 жылы жарияланды. – Ө.Кәріп). Қарқаралыға да аңсарым ауады, оған енді жас та келіп қалды, денсаулығым да онша емес. Шүкір, партия саясаты да оңға бастап тұр, қайта құрудан үміттіміз. Тілді, ана тілімізді өңейтпесек болмайды. Тілді жүдетіп алмау жағын қарастырған жөн. Біздің халық мейлінше шешен болған...» (Мен бұл сөзді ағамыздың ­жазып дайындаған жазбасынан алдым). Ғалым аға сол жолғы сапарында атажұрт, туған даласымен, қазақ елімен қоштасқандай боп кетіп еді. Сөз өнерінің тарланы жетпістен асқан шағында дүние салды. Ол кісі тәуелсіздік таңын көре алмады. Ғалым ағаның көзден кеткеніне де отыз жылға жуықтаған екен. Осы мерзімде асыл ағаның бірде-бір шығармасы (жарық көрмегендері де бар) қайта басылмапты. Сол олқылықты ағамыздың асыл жары, өзі де белгілі ғалым (педагогиканың) Төре-Жаңылхан Досымбекқызы толтырған болатын. Жеңгеміз маған жазған хатын былай бастаған еді: «Құрметті Өмір! «ХХ ғасырда өмір сүрген, екі нәубетті басынан өткізген, өмір үшін, болашақ үшін күрестің үлгісін көрсеткен азамат – Балтабай Әбдірахманұлы Адамбаевтың өзім бас-көз боп шығарған жеті кітабын поштамен салдырып отырмын. Нарықтың, жекенің заманы ғой, бүгінде кітап тұрмақ, газетке мақала жариялау үшін де ақысын төлеу керек. Мен 1969 жылдан бері «Мектеп» баспасынан оқулықтар мен оған қатысты әдістемелік құралдарды (орыс, ұйғыр, өзбек, қазақ тілі оқулықтары) шығарып келемін. Осы баспадан алған қаламақыма Бәкеңнің еңбектерін шығарып келемін. Менің бүгінде денсаулығым ойдағыдай емес. Бәкеңнің жүз жылдығына жетсем, балаларға бас-көз болсам деген үміттемін. Бәкеңнің бала-шағалары өсіп жатыр. Өзіңнің есен-саулығыңа тілектеспін. Үй-ішіңе, балаларыңа бізден сәлем айт. Хатты жолдаған Балтабайдың отбасы және Жаңылхан екенін ұмытпаңдар. Алматы, 7 қаңтар, 2018 жыл. Бұл хатпен ілесіп, менің қолыма ­жазушы ағаның әр жылдарда шыққан (жары Жаңылханның бас-көз болуымен) «Жауынгер», «Қазақ шешендері», «Адамбаев әлемі», «Мәдидің мәңгі жасар өлмес әні», «Казахское народное Ораторское ­искусство», «Мақал-мәтелдер», Б.Адамбаев құрастырған) «Қазақтың шешендік сөздері»(құрастырып, толықтырып өңдеген Б.Адамбаев), «Аманатқа адалдық» (ғалым мұралары туралы) жеті кітабы тиген еді. Ғалым ағаның біздің әулетпен туысқандық жағынан жақындығы бар. Әрі бұл кісі маған ұстаз есебінде болды. Ғалым ағаның тікелей нұсқауымен Тарақты Тұяқ шешеннің ел ішінен өлеңдерін іздестіріп шығармашылығын зерттедім. Зұлмат жылдардың құрбаны боп кеткен айтулы ақын Сартбасұлы Түскеннің әдеби мұраларына ден қойып, ел ішінен біраз өлеңдерін жиыстырдым. Туғанына 100 жыл толған белгілі ғалым, әрі ақын, ­прозашы Балтабай Адамбаевқа ұлтым ­деген, туған тілім деген әр қазақ іш тартады.­ Қазақ музыкасында А.В.Затаевичтің алатын орны қандай болса, аудармамен қазақтың сөздік қорына бес мың сөз олжа салған Ісләм Жарылғаповтың алатын орны қандай болса, Б.Адамбаевтың да қазақ фольклорындағы орны сондай деңгейде деп бағалаған жөн. Бүгінде әдеби тілде жөндем сөйлейтін­дер азайды. Қалалықтар (қандастар) ­былай тұрсын, ауыл қазағының да тілі жай­дақтанып барады. Жөн біледі, сөз біледі деген үлкендеріміздің сөйлеу дағдысы қарадүрсін. Жаттанды батаны місе тұтып, соны өздерінше тіл біледіге жатқызады. Кітап оқу дағдыдан шығып қалған. Тіл мәйегі көркем әдебиетте сақталатыны қаперімізде жоқ. Үстел басындағылардың да туған тіліндегі сөзі сұйылып кеткен. Сот отырыстары да қасаң қалыпта сіреспе тілде жүреді. Әкім-қаралардың да сөйлеу дағдысы жаттанды. Үлкен-кішіге ой салатындай мәнерлі де мәнді қазақы жатық тіл жиын-жиналыстарда, той-томалақтарда құлаққа жетпей жатады. Халық қалаулылары да қазақша шешен сөйлеп жарытпайды. Осыдан кейін, шешендік сөз деп кім бас қатырсын!? «Ақындық – шешендік өнердің өсіп-өркендеуіне ең бір қажетті жағдай – еркіндік, қысылмай, қымсынбай еркін сөйлеуге бостандық, сөз бостандығы. Бұл жөнінен қазақ елінде сөзге тыйым салынбаған. Шек қойылмаған» деп келтіреді Б.Адамбаев зерттеу еңбектерінде. «Қазақ халқы өнер адамын қорғай да, сынай білген. Шын өнер иесіне сүрінсе сүйеп, жаңылса түзеп отыратын қамқор қауым керек, өнер иесін бағалай білетін батыл да әділ сын керек. Қазақ халқы өнер адамын қорғай да, сынай да білген. Сайып келгенде, қазақта жазба тілдің есесіне, сөйлеу тілі жақсы жетілген, ақындық пен шешендік өнер жарыса дамыған. Ақындар сияқты шешендерді бастап баулитын «оқытушылар», әдетте көнекөз кәріқұлақты қариялар болған. Қарт шешендер өз білгенін өнерін үйренгісі келген жас талапкерлерге үйретуден тартынбаған. Өнер қуған ­жастар шежіре, шешен қариялардан үлгі-өнеге алған, үйренген, аға буынды ұстаз тұтқан. Міне, осыдан келіп, көшпелі елде ерекше мектеп – халықтық шешендік мектеп қалыптасқан». Электронды құралдарға сүйенген бүгінгілер үлкендердің аузына қарауды қажетсінбейді. Нені білгісі келсе, интернет желілерінен табады. Уақыт жеделдігі артқан, дүниеге деген ашкөздіктің асқынған кезінде – бәрі-бәрін ақша ­билеген өлермендік етек алған бүгінгі таңда ұлттық руханиятымыздың баға жетпес асылы, сөз өнері – шешендік сөздің шетқақпай қалып жатқанына көз жұма қарауға әсте болмайды. Нағыз аталы да баталы сөз торқалы той, топырақты өлімде жан түбінен қайнап шығып жатуы тиісті. Өлгенімізді жоқтаудан, тірілерімізді мадақтап, мерейін өсіруден қалсақ, онда кісілігімізде нендей сын қалады?! Небір сөз маржаны опасыз жалғаннан бет бұрған арыстарымызға арналғаны қаперімізден шықпасын. «Орайын деген егінін ора алмай кеткен, қарағым, Көрейін деген қызығын көре алмай кеткен, қарағым» делінетін азалы жоқтау бүгінде аяқсып барады. Керек десеңіз, марқұмды еске алып сөйлеу, дауыс шығарып жоқтау «күнә» дегенді шығарып алдық. Осыдан кейін, бүгінгінің адамдары (қазақтары) қатыгезденбегенде қайтеді!? Малдың өрісі тарылса қоңы төмендейтіні белгілі, сөзде де «өріс» болады. Түрлі басқосулар, қаралы жиындар, той-томалақ, сот отырыстары, әдеби кештер мен ән-күй ­думаны шешендік сөздің «өрісі» боп ­табылады. Өрісі тарылған сөз жасиды. Сөзі жасық ұлттың рухы төмендейді. Үлкені жалтақ, жастары жігерсіз келеді. Құдай бізді сондайдан сақтасын! Қазақ сөз өнерінің тарланы, ғалым ағаға арнаған еске алудың (мақаланың) тұздығы ащылау келсе, оған түсіністікпен қараған ләзім. Тәуелсіздікке қол жеткізгендегі біздің бір қайтқан есеміз – тіл мен діннің тынысының ашылуы. Тәуелсіздіктің арқасында (тіл мен дінге байланысты) орны толмас олқылықтарды қалпына келтіру мақсатындағы ел өмірінде атқарылып жатқан оң бастамалар мен игілікті шараларға тәнті жалпақ жұрт. Әйтсе де, халқымызың рухани игілігі – ана тіліміздің бағасы артып, ажары ашыла түсу үшін тер төгетін кез әлі алда деп білеміз. Аз сөзге нүкте қоярда, ­Балтабай Адамбаев­ рухына арнаған естелікті ақынның өз өлеңімен тұжырғанды жөн көрдім. «Жазмышта жастар туып, кәрі өлмек, Дүниеде біреу өлсе, біреу келмек. Ел үшін өлген ердің аты алтын, Басқа өлімнің бәрі де – сынған шөлмек».

Өмір КӘРІПҰЛЫ, жазушы Қарағанды облысы Ақадыр кенті

2974 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы