• Тіл
  • 12 Желтоқсан, 2019

ЗАҢДАР НЕГЕ ҚАЗАҚША ЖАЗЫЛМАЙДЫ?

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор

Қазір заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу, заң мәтіндерінің тілі мен стилі, заңдарда терминдерді бірізді қолдану мәселелері жиі сөз бола бастады.­ Сын да айтылып жатыр. Солай болатын да жөні бар. Өйткені біздегі заң шығармашылығының, заң тілінің шешімін таппаған мәселелері өте көп. Заң жобаларын қазақ тілінде дайындау мәселесін көтеріп, осы іске бастамашы болып жүрген заң шығарушы билік тармағының өкілдері де бар. Олар саяси ғылымдар докторы, сенатор М.Бақтиярұлы, Мәжіліс депутаты, белгілі заңгер-ғалым Н.Дулатбеков сияқты азаматтар. Істің оңалуына септігі тиер деген ниетпен осы өзекті мәселе жөніндегі ой-тұжырымдарымызды біз де ортаға салсақ дейміз.

КСРО-ның тіл саясаты қазақ тілінің ресми-іскери тіл ретінде ­дамуына, оның қоғам өмірінің барлық саласында қолданылуына мүмкіндік бермеді. Заңдар мен ресми құжаттар орыс тілінде дайындалды. Сол себепті кеңестік кезеңде қазақтың заң тілі, нормативтік құқықтық актілер тілі мен оның терминологиясы жасалып, орнықпады. Одан бері де 30 жылға таяу уақыт өтті, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Тәуелсіздік тұсында 3 мыңға жуық заң қабылданса, соның ішінде ­екі-ақ­ заң қазақ тілінде жазылды. Оның бірі Әкім Ысқақтың, екіншісі ­Фариза Оңғарсынованың бастамасымен жазылған «Көші-қон» туралы және «Бала құқықтары» жөніндегі заңдар. Мұндай бастама заң жобаларын әзірлеушілер, заңгерлер мен депутаттар, Үкімет тарапынан жалғасын таппады. Неге? Тәуелсіз елдің заңдары неге еліміздің мемлекеттік тілінде ­жазылмайды? Міне, бүгінгі баршамызды толғандырып отырған да осы мәселе. Себепсіз салдар жоқ. Егемен елдің заңдарының алдымен мемлекеттің өз тілінде жазылмауының қандай себептері бар екенін анықтап алу – бұл мәселені шешудің басты кілті. Біріншіден, тәуелсіздік алғанға дейін қазақ тілінде заң жоба­ларын әзірлеу, заң шығару дәстүрі қалыптаспады. КСРО-да мемле­кеттік биліктің атқарушы, заң шы­ғарушы және сот билігі сияқты үш тармағының да жұмыс тілі ретінде қызмет ететін ресми­ мәртебесі бар тіл орыс тілі болды.­ Сондықтан КСРО құрамындағы ҚазКСР-інде заң шығарушы билік өз саласында­ қазақ тілін іске қосып, оны заң шығармашылығының, заңның тілі ретінде дамыта алмады. Мұндай жағдайда кәсіби біліктілігі жоғары қазақтілді заңгерлер ­даярлау мақсаты көзделіп, ондай мамандарға сұраныс тудырылмайтыны­ түсінікті. Яғни екіншіден, жоғары білімді қазақ тілінде алған, заңдарды қазақша ­жазатын, сот ісі мен тергеу, заңдық кеңестер беру, заң орындалуын­ қадағалау жұмыстарын қазақша жүргізетін заңгерлер – сот, прокурор,­ тергеуші сияқты мамандар даярланбады. Еліміздің маңдайалды оқу орны ҚазМУ-дың заң факульте­тінде қазақ бөлімі болмады.­ Өзге жоғары оқу орындарындағы жағдай да солай болды.­ Оның салдарын біз тәуелсіздігімізді жария­лаған 90-жылдардың басында­ анық көрдік. ҚазМУ-дың заң факуль­теті мен халықаралық құқық маман­дығы бойынша мамандар ­даярлайтын халықаралық қатынастар факультетінде қазақша оқулықтар мен оқу құралдары, қазақша дәріс оқитын оқытушы-профессорлар өте тапшы болды. Орысша жазылған оқулықтарды біздің кафедраның ­мамандары қазақшаға аударды.­ Қазақ бөлімдерінде оқитын ­студенттер сабаққа орысша оқулықтар бойынша­ дайындалып, реферат, курс, диплом жұмыстарын жазғанда аудармашылықпен айналысуына тура келді. Бұл енді өз еркі өзінде болмаған, бодан елдегі жағдай еді. 1989 жылғы 22 қыркүйекте «Тіл туралы» Заң қабылдадық, онда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл» деп көрсетілді. Одан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Араға екі жыл салып Тәуелсіздігімізді жарияладық, тіліміздің мемлекеттік мәртебесін Конституциямызға, ­арнайы заңымызда тағы да тайға таңба басқандай етіп жаздық.

Бірақ соған қарамастан тәуелсіздік алғанына 30 жылға таяған егемен елде, мәңгілік ел болуды көздеген, өзiн демо­кра­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде жариялаған елдің заңдары неге сол мемлекеттің тілінде жазылмайды, неге мемлекеттік тіл заңда белгіленген мәртебесіне сай қызмет етпейді? Мәселе сол заңдардың орындалмауында, тілге қатысты баптардың солқылдақтығы мен екіұштылығында ­болып отыр. Үшіншіден, қазіргі тілдік заңнама қазақ тілінің заң шығару, мемлекеттік басқару тілі ретінде орнығуына толық мүмкіндік туғызбады. Заңдарымызды өзге елдің тілінде жазып, дайын болған кезде мемлекеттің тіліне, өз тілімізге аудара салу дәстүрінің орнығуы соның салдары. 30 жылға таяу уақытта бұл дәстүр әбден орнықты. Үкімет сол өзі салып алған сара жолынан шықпай, ал Парламент Үкімет орысша дайындап, аудармасымен қоса ұсынған заңдарды бірінен кейін бірін қабылдап жатыр. Біздің елде заңдарды қазақшаға аудару­ мен оларды тілдік, стильдік тұрғыдан жетілдіру меморгандардағы аудармашылар мен аударма және редакциялау бөлімдерінің қызметкерлеріне, Әділет министрлігіне қарасты Заңнама және құқықтық ақпарат институты сияқты құрылымдарға жүктеліп қойған. Заңдар мен өзге де құқықтық актілердің қазақшасын оқып, редакциялап, бірін-бірі түзеп отырған да, негізінен, осы құрылымдардың қызметкерлері, ­аудармашылар. Көбінесе шала-шарпы, сапасыз аударып ұсынылатын заң жобаларын ­шимайлаудан шаршағанын олар да айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ одан ешнәрсе өзгеріп жатқан жоқ. Біздегі заң шығармашылығы сол баяғы тәртіппен орысша жазылған заңдарды аударумен шектеліп отыр. Мұны мемлекеттік тілдегі «заң шығармашылығы» деп айтудың өзі еш қисынға келмейді. Бұл заң шығармашылығы емес, аударма­шылық процесс. Иә, осы ұзақ жылдық аудармашылық процесс барысында заңдар мен ресми құжаттарды аудару тәжірибесі орнықты. Күндіз-түні аудара-аудара осы іске машықтанған ­аудармашылар өсіп шықты. Аударма болса да, қазіргі қолданыстағы қазақша заңдар солардың еңбегі. Егер осы аудармашылар қауымы болмаса, қазіргі қолда бар қазақша заңдар мен қаулы, жарлықтарға да зар болар едік. Есесіне, қазақ тіліндегі заң шығармашылығы ширек ғасырдан астам уақыт бойы қолға алынбай, жолы байланып қалды. Бұл тұрғыдан қарағанда аударма ұлт тіліндегі заң шығармашылығын тежеуші факторға айналып отыр. Тәуелсіздік таңы атқалы бері Парламентке бірде-бір қазақша заң жобасын ұсынбаған біздің орыстілді Үкімет өздеріне ыңғайлы тілді таңдау арқылы мемлекеттік тілдегі заң шығармашылығын аудармашылықпен алмастырып берді. Соның салдарынан ресми қазақ тілінің, заң тілінің дамуы 30 жылға кенжелеп қалды. Қамқорлық деп осыны айт. Біз білетін күнделікті тығыз байланыста­ жұмыс істеп отырған меморгандардың көптеген құрылымдары мен олардың бөлімшелері, ондағы қызметшілер мен ­лауазымды басшылардың басым бөлігі қазақша құжат оқып бас қатырмайды. Олардың заң жобаларын дайындайтын, ісқағаздарын жүргізетін, ел басқаратын ресми жұмыс тілі – орыс тілі. Көптеген мемлекеттік органдарда, ұлттық компания­ларда, банк­терде қазақ тілі символикалық қана мәні бар, декоративті тіл. Біздің Үкімет қазақ тіліндегі заңдарға, өзге де құқықтық актілер мен құжаттарға өгей баласына қарағандай өте салғырт, салқын қарайды. Себебі өздері ол тілді жетік меңгермеген, олардан өзі қызмет етіп отырған мемлекетінің тілін білуді қатаң ­талап етіп жатқан да ешкім жоқ. Қазақ тіліне шорқақ, орыстілді мемқызметшілердің оларға суррогат ана сияқты қарайтыны, өзі жазбаған, мазмұнын толық түсінбейтін заңдар мен құжаттардың тек орысшасын оқитыны да сондықтан. Осындай қарым-қатынастың салдарынан қазақ тілі төрге оза алмай, мемлекеттің тілінде жазылған құқықтық актілер орыс тілінде дайындалған нұсқаларының қосымшасы ретінде, орыстілді лауазымды тұлғалардың суырмаларында қалып келеді. Егер осы дәстүр ары қарай тағы да жалғаса берсе, онда қазақ тілі ресми тіл, құқықтық актілер тілі ретінде дамиды, оның қолданыс аясы кеңейеді деу бос қиял, бекер әурешілік. Ендеше, өзімізді өзіміз алдарқатып ескі сүрлеуімізбен кете береміз бе, әлде қазақ тілін іс жүзінде пайдаланатын жаңа жолды таңдаймыз ба, соны шешіп алатын уақыт жетті.

ҚАЗАҚША ЗАҢ МӘТІНДЕРІН  ТҮСІНУ НЕГЕ ҚИЫН?

Заң тілі оны оқитын, пайдаланатын әр азаматқа түсінікті, ондағы құқықтық норма­ тайға таңба басқандай анық та айқын ­болуы тиіс. Заң мәтініне бейнелі сөздер мен астарлап, тұспалдап, болжап айту да тән емес. Бұлар ресми тілге, заң мәтіндеріне қойылатын лингвистикалық талаптар. Cонымен бірге әр тілдің өзіне тән сөйлем құрылысы, сөйлем ішіндегі сөздердің орын тәртібі, сөздердің тіркесімділік қабілеті бар. Ал бұлар ұлт тілінің өзіндік табиғаты, ерекшеліктері. Түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататын қазақ тілінің де сондай­ өзіне тән ерекшеліктері бар. ­Сондай өзгешеліктер ескеріліп, тіл табиғаты сақтала отырып жазыл­ған мәтіндер ғана сол тілде сөйлейтін, жазатын қауымға түсінікті болады.­ Мәселен, қазақ сөйлемінде бастауышы сөйлемнің басында,­ баяндауышы соңында, анықтауышы анықтайтын сөздің алдында тұрады. Осы сияқты тілдің табиғатын сақтай отырып құрылған сөйлемдер айтылар ойды анық та айқын жеткізеді. Жазбаша мәтін өзге тілдің ықпалына ұшырамай, сөйлем құрылысы бұзылмай, қалыптасқан дағдылы тіркестер пайдаланыла отырып жазылса ғана сол ұлт тілінің өз өнімі болады. Бізде осы талаптар орындалмай отыр. Қазақша заң мәтіндерін түсінуді қиындататын ең басты себеп – заңдардың қазақша жазылмай, орысшадан аударылатындығы. Көп жыл Жоғарғы сот судьясы болған тәжірибелі заңгер Ә.Құрықбаев заң тіліне арналған жиында: «Бізде кеше ғана қабылданған заңға өзгертулер енгізіліп жатады. Заңның тұрақсыздығы оның сапасына күмән тудырады. Жаңа қабылданған заңға бір жылдың ішінде 100-ден астам өзгерту мен түзету енгізілгенін көрдік. Ал оның қазақ тіліндегі нұсқасын қарапайым азамат түгіл, заңгерлер де ұқпайды. ­Судьялар істі қазақ тілінде қарап отырған кезде де қазақша мәтінге сүйенбейді. Бәрі орысша мәтінге сүйене отырып, қазақша іс жүргізеді» деді. Қолданыстағы қазақша заңдарымызды заңгерлер, соттар мен прокурорлардың өздері түсінбейтін, іс барысында пайдаланбайтын болса, ондай заңдарды қарапайым халық, басқа мамандық иелерінің түсінуі мүлде мүмкін емес деген сөз ғой. Сонда заң шығарушы билік сол заңдарды кім үшін, не үшін қабылдап жатқанын түсініп көріңіз. «Қазақшасы бар» деп, өзімізді өзіміз алдау үшін ғана құқықтық актілердің қазақша аудармаларын жинап-хаттап отырсақ, жетіскен екенбіз. Бүкіл әлемде мемлекеттің заңдары сол елдің мемлекеттік тілінде жазылады. ­Содан кейін ғана қажет болған жағдайда өзге тілдерге аударылады. Ал біз көрші елдің тілінде дайындалған заң мәтіндерін өз тілімізге аударатын жер-әлемде жоқ дәстүр қалыптастырып отырған ерекше елміз. Содан келіп қазақша заң мәтіндерінің кей тұстарын орысшасымен салыстырып оқымасақ түсіне алмайтын жағдайға жеттік. Егер аударма сапасыз болса, термин қолданысында кемшіліктер кетсе, онда заң мәтінін оқып-түсіну одан да қиындай түседі. Тілді жетік меңгерген қазақтілді қауымның мемлекеттік тілдегі заң мәтінінен гөрі, орыс тіліндегі заңға көбірек жүгінетіні де сондықтан. Тіпті жақсы аударылған күннің өзінде, аударманың аты – аударма.­ Біздің орталық мемлекеттік ­органдар заңдардың қазақша аудармасының тілі жатық, қазаққа түсінікті болуынан гөрі, теңтүпнұсқалы болуын қатаң талап етеді. Түптеп келгенде, бұл қазақ мәтінінің орысшадан айнымай, қасаңдана түсуін қамтамасыз ететін талап. Қазіргі қазақша заң мәтіндеріндегі сөйлемдер сол теңтүпнұсқалықты сақтау үшін орыс сөйлеміне мейлінше сәйкестендіріліп құрылатындықтан, тілі ауыр құқықтық актіні қазақтілді оқырман бір оқығаннан түсіне қоюы өте қиын. Түсіну оңайға соқпайтын сірескен сөйлемдерді қазақша заң мәтіндерінің көбінен табуға болады. Мысалы, «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Заңның «Заң шығару бастамашылығы» деп аталатын 15-бабының 1-тармағында былай делінген: «1. Заң шығару бастамашылығы құқығы субъектiнiң Парламент қарауға мiндеттi заң жобасының және Парламенттiң өзге заң актiсiнiң мәтiнiн ресми енгiзуi заң шығару бастамашылығы болып табылады». Бұл сөйлемді оқығанда бірден түсіну қиын. Осы сөйлемде не айтылып тұрғанын аңғару үшін оны кемінде екі-үш рет оқуға тура келеді. Онда да айтылмақ ой мен құқықтық норманы анық ұға қою оңайға соқпайды. Бір ғана сөйлемде ілік септігінің -нің жалғауы субъектiнiң, жобасының, Парламенттiң, заң актiсiнiң деген сөздерге 4 рет жалғанған. Оның үстіне теңтүпнұсқалықты сақтап, дәл аудару қажет деген түсінік бойынша сөйлемнің орысшасындағы «является» сөзі қалдырылмай «болып табылады» деп аударылған. Бұл да сөйлемнің қазақы қалпын бұзып, әрін қашырып тұр. Енді заң туралы заңның өзіне жүгініп көрелік. 2016 жылғы 6 сәуірде қабылданған «Құқықтық актілер туралы» Заңның 1-бабының 3-тармағында: «жеке-дара қолданылатын құқықтық акт – жеке-дара айқындалған тұлғалар тобына (жеке және (немесе) заңды тұлғаларға) қолданылатын, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және құқық нормаларын қамтымайтын, белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат» деп жазылған. Осы жолдарды алдымен өзім оқып шығып, содан соң көп жылдан бері аудармамен үздіксіз айналысып отырған, осы істі кәсіп еткен 3 тәжірибелі аудармашыға оқытып көрдім. Олар 5-6 рет қайталап оқығаннан кейін сөйлемді түсіну өте қиын екенін айтты. Егер екі тілге бірдей аудармашылардың өздері солай десе, онда жалпы көпшілік, мемлекеттік қызметке құжат тапсыратын әр үміткер оны он реттен оқуына тура келетін шығар. Заң мәтіндеріне қойылатын негізгі ­талаптар бар. Заңның, кез келген құқықтық актінің мәтiнi әдеби тiл нормаларына сай, оның ережелерi барынша қысқа, мағынасы ұғынықты болуы тиіс. Заң мәтіні әртүрлi түсiндiрілмеуі керек. Бірақ іс жүзінде осы талаптардың бәрі бірдей орындала бермейді. Сондықтан да заң тілін түсіну қиындап кетеді. Әсіресе, аяғына дейін оқып болғанша, басында не айтылғаны ұмытылып қалатын жаңылтпаш сияқты тым шұбалаңқы сөйлемдерді қазақша заң мәтіндерінен жиі кездестіруге болады. Мәселен, мына сөйлемге назар аударып көрелік: «1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде заңсыз алынған мүлiктi өз еркiмен тапсырудан немесе мемлекетке оның құнын немесе заңсыз алынған көрсетілетін қызметтердің құнын төлеуден бас тартылған жағдайларда, оларды өндіріп алу прокурордың, мемлекеттік кіріс органдарының не осыған заңмен уәкiлеттiк берiлген басқа да мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың талап қоюы бойынша, заңды күшіне енген сот шешiмi негізінде жүзеге асырылады». Мазмұнынан көрніп тұрғандай, бұл бап қазіргі қоғамда ең жиі сөз болатын мәселеге арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 25-бабы. Сөйлем 55 сөзден тұрады. Мұндай сөйлемдер өзге заңдарда да жетіп артылады. Мысалдарды үйіп-төгіп, бірінен соң бірін келтіре беруге болады. Заңдарда қолданылатын терминдердің көпшілігі сала мамандары мен аударма­шыларға ғана таныс. Орыс тілінде жазылған заңдарды қазақшаға аудару кезінде туындаған, сол заңға енген көптеген жаңа терминдер мен сөз тіркестерін, тұтас оралымдарды, олардың нақты мағынасын тек соларды жасаған, аударған және олармен тұрақты түрде жұмыс істеп жүрген сала мамандары біледі. Мәселен, заң мәтіндерінде кездесетін кейінгі жылдары­ жасалған деректеме, қуыным, көмінді сияқты терминдерді жұртшылық біле бермейді. Осындай әлі кең тарай қоймаған терминдер мен сөз тіркестері де заңнама тілін түсініксіз ете түседі. Бұл уақытша қиындық қазақ тілі ресми тіл ретінде жаппай қолданылған жағдайда ғана еңсеріледі. Алайда қазіргі уақытта қазақ тіліне ­ондай қажеттілік туғызылып отырған жоқ. Сондықтан сәтті жасалған терминдердің өзі кең тарап, халықтың санасына сіңіп, үйреншікті атауларға айналып кете алмай, олар көпшілік жиі жүгіне бермейтін заң мәтіндерінде қалып қойып отыр. Ресми тілді, қазақ тіліндегі құқықтық актілерді халық жаппай пайдаланып, кеңінен қолданса, оның терминологиясы да жат саналмай, тез орнығады. Біздің бүкіл заң шығармашылығының шындығы: «Қазақ тілінде жазылған заңды түсінгің келсе, орысшасымен салыстырып оқы» деген салмағы зіл батпан бір ауыз сөзге сыйып тұр. Өте ащы айтылған. Бірақ мұның заң тілі ұшыраған дерттің дәл қойылған диагнозы екенін мойындауға тура келеді. Отыз жылдай уақыт бойы тілімізді байлап келген бұл созылмалы дерттен айығудың жалғыз-ақ жолы бар. Ол – қазақтың заңын қазақша жазу. Мұның басқа емі жоқ. Осы емді қолдансақ, заң тілі ауруынан айығып, қазақ заңы қазаққа түсінікті болады. Халықтың өз тілінде түсінікті жазылған заңдар қазақтың ресми тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, ұлттың құқықтық санасын, қоғамның құқықтық мәдениетін көтереді. Құқықтық ­мемлекетке керегі де осы ­емес­ ­пе?­

ҚАЗАҚША ЗАҢ МӘТІНДЕРІ ТҮПНҰСҚА МА, ӘЛДЕ...

Кез келген шығармашылық үдеріс негізінде жасалатын туындыға қатысты «түпнұсқа» деген ұғым бар. Заң жобаларын әзірлеу, заң шығару да шығармашылық процесс. Осы тұрғыдан қарағанда, «Біздің заңдарымыздың орыс және қазақ тіліндегі мәтіндерінің қайсысы түпнұсқа?» деген сұрақ туындайды. Кез келген мәтіннің алғашқы жазылған тілдегі нұсқасы түпнұсқа болып саналады. У.Шекспир мен Э.Хемингуэйдің шығармаларының ағылшын тіліндегі, Л.Толстой мен А.Пушкин шығармаларының орыс тіліндегі, ал Абай мен М.Әуезов шығармаларының қазақ тіліндегі мәтіндері ғана түпнұсқа. Өйткені олар өз шығармаларын алғаш осы тілдерде жазған. Ал өзге тілдердің барлығында бұл ақын-жазушылардың шығармалары түпнұсқа емес, аударма. Сол себепті, ең дұрысы, Абайды қазақша, И.Тургеневті орысша, Гётені немісше оқыған жөн. Егерде Мағжан өлеңдерін орысша ­жазып, қазақшаға аударған болса, ешқашан қазақ ақыны, ал М.Лермонтов өлеңдерін французша жазып, орысшаға аударса, орыс ақыны болмас еді. Оларды ұлт ақыны етіп тұрған халық тілінің құдіреті, шығармаларының түпнұсқалығы. Заңдарымыздың алдымен орыс тілінде дайындалып, содан кейін қазақшаға аударылатынын ескерсек, «Аударма­ мәтіндерден тұратын заңдарымызды тұпнұсқа деп тануға бола ма?» деген сұрақ туындайды. Егер заңдарымыздың қай тілде дайындалғанын негізге алсақ, онда орысша жазылып дайын болғаннан кейін қазақшаға аударылған біздің заңдарымыздың қазақша нұсқасын «түпнұсқа» деп тануға еш негізіміз жоқ. Яғни заңдардың қазақшасы түпнұсқа емес. Дәлірек айтқанда, біздің заңдар түпнұсқаға сәйкестендірілген ­аударма мәтіндерден тұратын құқықтық актілер. Сол мәтіндерді құрап тұрған сөйлемдерінің басым бөлігі орыс тілі сөйлемінің қалыбына салып құйылған, бөтен қалыптан шыққан көшірме сөйлемдер. Өзін құқықтық мемлекет деп танитын елдегі барлық қатынастарды реттейтін заңдары сол елдің мемлекеттік тілінде жазылмайды, «түпнұсқа емес» деп айтудың өзі ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ олай емес деп, тағы айта алмаймыз. Заңдарымызды 30 жылға таяу уақыт бойы орысша жазып, қазақшаға аударып жүргеніміз айдай ақиқат қой. Біздің заңдарымыздың мәртебесін анықтайтын заңның өзіне жүгініп көрелік. Ол – «Құқықтық актілер туралы» Заң. Осы заңымыздың 24-бабының 3-тармағында: «Қазақ және орыс тілдеріндегі норма­тивтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс» деп жазыл­­ған. Яғни бұл заңда құқықтық актілердің қай тілдегісі түпнұсқа екендігі көрсетіл­меген. Тек олардың мәтіндерінің аудармалары бірдей (теңтүпнұсқалы) болу керектігі ғана жазылған. Бұл қазақ тіліндегі заң түпнұсқа дегенді білдірмейді. Оны ашып жаза да алмаймыз, өйткені олардың барлығы дерлік орыс тілінде жазылғаны баршаға мәлім. Бізде заң шығармашылығы мен заңдар­дың аудармасы жөнінде ең жиі қолда­нылатын термин – «теңтүпнұсқалық». Мәтіндердің теңтүпнұсқалығын біз қалай анықтаймыз? Әрине, түпнұсқамен ­салыстыру, сонымен сәйкестігін анықтау арқылы. Қазақша заң мәтіндері салыс­тырылатын ондай түпнұсқа сол заңның орысша жазылған мәтіні. Орысша мәтінді қазақшасымен емес, керісінше, қазақшасын орыс тіліндегі нұсқасымен салыстыру арқылы екі мәтіннің теңтүпнұсқалығы тексеріледі. Депутаттар,­ заңгерлер мен аудармашылар бізде заң мәтіндерінің теңтүпнұсқалығын тек осылай анықтап жүр. Стильдік қателіктер мен термин қолданысындағы сәйкессіздіктердің көбінесе қазақша мәтіннен табыла беретіндігі де сондықтан. Өйткені біз үнемі орысша жазылған заң мәтініне оның қазақшасын бейімдеп, сәйкестендірумен, қазақ тілін сол қалыпқа салумен айналысып келеміз. Біздің заң мәтіндерін оқығанда қазақтың шапанын жамылып алған орысты көргендей әсерде қаласың. Қазақша заң мәтінін түсінбей қалсақ та, одан қате тауып түзетпек болсақ та, оның орысшасына жүгінетіндігіміздің бар сыры осында жатыр. Себебі заң мәтінінің түпнұсқасы оның орыс тіліндегі нұсқасы. Осыдан кейін біз заңдарымыздың түпнұсқасы оның мемлекеттік тілдегі мәтіні деп қалай айта аламыз. Осындай тірлікпен айналысып отырып, қазақтың заң тілін дамытып, мемлекеттік тілді заң шығармашылығында шығармашылықпен пайдаланып отырмыз десек, оған кім сенеді. Ең дұрысы, біз өзге елдің тілінде дайындалған заңдарымызды өз тілімізге аударумен айналысып, соларды қайта-қайта түзетіп, қырнап-жөндеумен, аударма мәтіндердің мұртын басумен келеміз десек, шындықтың ауылынан алыс кетпейміз-ау, шамасы. «Қазақ тілі заң жазуға, нормативтік құқықтық құжаттарды жазуға бейімдел­меген» дейтіндер де бар. Бұл тіпті қисын­сыз, ақылға сыймайтын сорақы сөз. ХVII ғасырда Тәуке ханның «Жеті жарғысын», ХІХ ғасырда Абайдың 73 баптан тұратын Қарамола «Ережесін», ХХ ғасыр басында 1911 Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставын» (Конституциясын), Алаш зиялылары партияның бағдарламаларын жазып, ресми тіл ретінде пайдаланған тілді ХХІ ғасырда заң жазуға жарамайды деу үшін не шектен шыққан қараңғы, не нағыз қаскөй болу керек. Кінәрат тілде емес, сол тілдің заң шығармашылығында, мемлекеттік қызметте, қоғамның маңызды салаларында ресми тіл ретінде қолданылуына кең жол ашу орнына кедергі келтіріп, өзге тілдің төрді бермеуіне жағдай туғызып отырған түрі қазақ болғанымен, тілі мен ділі бөлек басшы-қосшыларда, солардың шылауынан шықпайтын қызметшілерде. Мемлекеттік тілді білу міндеттілік саналмайынша, бұл мәселе түбегейлі шешімін таппайды. Әлемдік қауымдастық оны мойын­даған мемлекетіміз, Үкіметіміз бен Парламентіміз бола тұра мемлекеттік тілді заң шығармашылығында пайдалана алмай, отаршылдық бұғауынан құтылғанымызға отыз жылдай өтсе де аудармашылықпен айналысып отырғанымыз елдігімізге сын. Қазақ заңын қазақ өз тілінде, өзге ­отандастарымыз мемлекеттік тілде оқып, тіліміз бүкіл елге қызмет еткенін қаласақ, заңдарымыз аударма емес, түпнұсқа болуы тиіс.

ЗАҢ МӘТІНДЕРІНДЕ ТЕРМИНДЕР НЕГЕ БІРІЗДІ ЕМЕС?

Айқын баяндауды, нақтылықты талап ететін заң мәтіні артық ақпарат арқалауды, көпсөзділікті көтермейді. Бұл сипаты сақталуы үшін заң мәтіні ресми­ стиль талаптарына сай жазылып, ұлт тілінің сөйлем құрылысы бұзылмауымен қатар, ондағы термин қолданысының бірізді болуы да ең маңызды, басты шарттардың бірі. Мәтініндегі негізгі ұғымдар заңда қолданылған терминдер арқылы берілетіндіктен, олар заң мәтініндегі құқықтық норманы бұрмаламай дәл жеткізіп, заң бабының негізгі мән-мазмұнын ашып беретін кілт-сөздер. Ал енді қазіргі заң мәтіндеріндегі термин қолданысына келсек, онда бірізділік жетіспейді. Бір ұғым әр заңда әртүрлі терминмен берілетін жағдайлар жиі ұшырасады. Заң мәтіндеріндегі терминдер жарыспалылығы, термин қолданысындағы ала-құлалық ресми тілдің мінсіз қызмет етуіне кедергі келтіретін, ұлттық термино­логияның орнығуына бөгет болатын кемшіліктердің бірі. Заңдарда термин қолданысының бірізді болмауы ең алдымен ұлттық терминқордың орнықпауымен, елдегі терминологиялық жұмыстардың дұрыс үйлестіріліп, жоғары кәсіби деңгейде жүргізілмеуімен тығыз байланысты. Терминге қойылатын талаптарға сай жасалып, қолданысы тұрақтаған терминдер ресми бекітіліп, жұртшылық жаппай пайдалана алатын қолжетімді деректер қорында тұруы қажет. Өкінішке қарай, бізде әзірге бүкіл сала мамандарының, кез келген тұтынушының сұранысына жауап­ беретін электронды терминдер қоры, сапалы терминологиялық сөздіктер ­сериясы жасала қойған жоқ. Барлары әлі жетілдіруді, бір жүйеге түсіруді қажет етеді. Терминологиядағы, терминографиядағы осы ретсіздік, жүйесіздік заң тіліне де салқынын тигізіп отыр. Мысалы, Конституциямыздың 51-бабы­ның 1-тармағында: «Мәжіліс депу­таттарының кезекті сайлауы Парла­менттің жұмыс істеп тұрған сайланымы­ өкілеттілігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі», «ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңының 8-бабында: «Съездің бірінші шақырылымы ішінде басқару органдары­ сайланбайды» деп жазылған. Орыс тіліндегі «созыв» термині қазақ тіліндегі екі заңның бірінде – «сайланым», екіншісінде – «шақырылым» деп, екі түрлі қолданылған. Конституцияның 61-баптың 3-тарамағының 9-тармақшасында «окружающая среда» термині «...айналадағы ортаны қорғауға...;» деп алынса, «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заңның 1-бабының 3-тармағында: «Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану­ ­саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады» деп жазылады. «Қоршаған орта» және «айналадағы орта» терминдері жарыса­ қолданылып жүр. Заңдарда «отставка» термині – «орнынан түсу» және «отставкаға шығу», «ходатайство» – «қолдаухат» және «өтінішхат», «база данных» термині – «дерекқор» және «деректер базасы», ­«доверительное управление» – «сенімгерлік басқару» және «сенімді басқару», «служебная записка» термині – «қызметтік жазба» және «қызметтік жазбахат», «классификация» – «жіктеу», «сыныптау» және ­«сыныптама» үш нұсқада қолданылған. Осылай жалғасып кете береді. Мұндай ­мысалдар өте көп. Газет беті көтермейтіндіктен, біз бірнеше мысалмен ғана шектеліп отырмыз. Заң мәтіндерінде мұндай жарыспалыққа жол берілуінің бірнеше себептері бар. Олардың қатарына: терминдерді реттеу, біріздендіру, стандарттау жұмысының жолға қойылмауы, салалық терминологиялық сөздіктер шығарудағы жүйесіздік, заң жобаларын қазақша әзірлеу, дәлірек айтқанда, аудару мен заң қабылдау ісіндегі кәсібилік пен жауапкершілік деңгейінің жоғары болмауын жатқызуға болады. Осы істерді атқару міндеті жүктелген арнайы құрылымдар бар. Олар жұмыс сапасын көтеріп, істі ұйымдастыру жолдарын жетілдірмесе, аталған кемшіліктер жойылмайды. Бұл мәселе көп көтеріліп, жиі сөз болып жүргенімен, әзірге көңіл толарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз. Айталық, «Termincom.kz» сайтында әр жылдары бекітілген терминдердің бірнеше нұсқасы жарыстырып қатар көрсетілген. Мысалы: «аутентичность» терминінің – «теңтүпнұсқалық», «түпнұсқалық», «аутенттілік», «сәйкестік», «теңнұсқалық», «сайма-сайлық», «төлтумалық» және «тең түпнұсқалық» деген 7 түрлі нұсқасы қам­тылыпты. Терминдердің жасалу, қалыптасу тарихын зерттеуші ғалымдарға болмаса, тіл тұтынушыларына бұл атаулардың бәрі бірдей қажет емес. Керісінше, тізіліп тұрған көп нұсқа жұртты шатастырып, терминком мақұлдаған атауларды орнықтыруға зиянын тигізеді. Сайтқа терминнің ең соңғы бекітілген, жаппай қолдануға ұсынылған нұсқасын ғана берген орынды. Көпшілік соны іздейді. «Termincom.kz» жұмысын үйлестіруші әріптестер алдағы уақытта осыны­ ескерсе дейміз. Терминком мақұлдаған терминоло­гиялық сөздіктердің әрқайсысында бір ғана ұғым атауы әртүрлі нұсқада беріледі. Мысалы, бір ғана «террористический акт» термині – «террорлық акт», «лаңкестік акт» және «лаңкестік әрекет» түрінде үш сөздікте үш түрлі нұсқада кездеседі. Мұндай мысалдарды кейінгі жылдары шығарылған ең беделді авторлар жасаған сөздіктерден әлі де тізіп келтіре беруге болады. Заңдарды қазақшаға аударушылар терминдерді аспаннан алмайды, осы сөздіктерді пайдаланады және термин­ком бекіткен терминдерге жүгінеді. Термино­логиялық сөздіктер мен термин­дерді алатын негізгі көздерде бір ұғымның бірнеше атауы қатар беріліп жүргендігі – заңдардағы термин жарыспалығының туындауына негіз қалап береді. Сол себепті осы іске жауапты құрылымдар мен мамандар тер­миндерді бекіту мен терминологиялық сөздіктер шығаруды ретке келтіріп, термино­логия­лық жұмыстарды сапалы, кәсіби деңгейде жүргізуді қамтамасыз етпесе, іс оңға баса қоймайды. Бұл мәселе бұған дейін де сан мәрте айтылған. Бірақ содан тиісті нәтиже шықпай жатқан соң, тағы қай­талап отырмыз. Терминологияның жүйеге түсуі, термин қолданысындағы біріз­ділік – қазақтың ғылыми тілінің, ресми-іскери тілінің қалыптасқанын, дамығанын айғақ­тайды. Терминдер қоры ретке келсе, заңда­ры­мыздағы термин қолданысы да бір ізге түседі.

ҚАЗАҚША ЗАҢ ЖАЗАТЫН  МАМАН ТАПШЫ МА?

Қазақша заң жазатын мамандар жетіспейді деген пікір жиі айтылады. 15 қарашада Әділет министрлігінде өткен жиындағы баяндамасында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нариман Төреғалиев: «Мемлекеттік тілде заң ­жазатын білікті заңгер мамандар тапшы»­ екенін айтты. Мұны Парламент пен Үкіметте, орталық мемлекеттік органдарда солай екенін көріп-біліп, зерттей отырып айтылған сөз деп білеміз. Ащы да болса шындық айтылды. Бірақ мұны біз бар маманды орынды пайдаланбай, қолдан жасалып отырған жағдай деп санаймыз. 90-жылдарға дейін тілге жетік ­ма­манның тапшы болуы түсінікті. Ал қазір «маман тапшы» дегеніміз адам таңғаларлық жағдай. Жұмсартып айтқанда, ұят. Тәуел­сіздік таңы атқалы бері елдің ондаған университеттерін жыл сайын жүздеген қазақтілді заңгерлер бітіріп шықты. Біздің ұлт өкілдерінің ең көп оқитыны да – осы заңгер мамандығы. Заңгерлерді арнайы даярлайтын М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті сияқты арнайы оқу орындары да бар. Сонда осы оқу орындарын бітірген қазақтілді түлектер қайда? Олардың арасында қазақша заң жаза алатын мамандар болмағаны ма? Оларды оқытып, даярлап шығарып жатқан оқытушылар, доценттер мен профессорлар бар емес пе? Біздіңше, мәселе маман тапшылығында емес, сол бар мамандарды­ іске тартып, мемлекеттік қызметке алып, заң шығару ісіне араластыруға деген ниеттің жоқтығында, қазақ тілін мемлекеттік басқару мен заң тіліне ­айналдыруды көздеген нақты мақсаттың қойылмауында болып отыр. Бұл, ­айналып келгенде, өз билігіміздің қазақ тіліне қажеттілік туғызып, оны іске қосуға асықпай, заң жүзінде – мемлекеттік, ал іс жүзінде – қосалқы тіл, аударма құжаттар мен актілер тілі ретінде қала беруін қалайтындығының нақты көрінісі. Мұны шынайы жағдайдың осылай екенін Үкіметтің білмегендігінен қалыптасқан ахуал дегенге сену қиын. Олай десек, ресми­ билік елдегі тілдік ахуалға мониторинг ­жасап, тіл саясатын тиімді жүргізе алмай отыр ­деген қорытындыға келуге тура келеді. Жағдайды біліп отырып түзетпесе, онда ол – дәрменсіздік, ал, әдейілеп істелсе, оның аты – қаскөйлік, ал, білмегендіктен түзей алмай отырса, онда ол – кәсіби біліксіздік. Қай-қайсысы да оңып тұрған жоқ. Сондықтан бұл жағдайдан шығудың жолы – тілдік заңнаманы жетілдіріп, Үкімет пен Парламентке істі қазақша жүргізе алатын, құқықтық актілерді, соның ішінде заңдарды мемлекеттік тілде жаза алатын қазақтілді білікті мамандарды­ көптеп тарту керек. Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары еліміздің мемлекеттік тілін меңгерген азаматтар болуы тиіс. Қазақ елін қазақша басқарып, заңдарын мемлекеттің өз тілінде жазатын уақыт жетті деп санаймыз. Ісқағаздарын, заң жобаларын ­қазақ­ша­ сауатты жаза алатын мамандар қазір де бар. Сәл ізденіп, бел шешіп кіріссе, қазақша жазып кететін орыстілді мемқыз­метшілер де аз емес. Тек нақты талап қойылмағандықтан олар құжаттарды орысша жазу дәстүрінен жаңылмай келеді. Орыстілді мамандар арасында да білімді, кәсіби деңгейі жоғары мамандар жеткілікті. Оларды сақтау, олардың білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жарату­ өте маңызды. Алайда оларды сақтау қазақ тілінің бағын байлап, мүмкіндігін шектеу арқылы жүзеге асырылмауы тиіс. Керісінше, олар еліміздің білікті ­кадры, білімді де мәдениетті, отаншыл, мемлекетшіл азаматтары ретінде мемлекетінің тілін жетік меңгеріп, оны іс жүзінде қолдануда да үлгі көрсетуі қажет. Егер олай болмаса, онда сөз бен істің арасы­ алшақ жатыр деген сөз. Осы орайда «Құқықтық актілер ­туралы» Заңның «Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау және ресімдеу» деп аталатын 5-тарауының «Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу тәртібі» деп аталатын 18-бабына: «Қазақстан Республикасында барлық құқықтық актілер алдымен мемлекеттік тілде әзірленеді. Өзге тілдерге қажеттілігіне қарай аударылады. Мемлекеттік тілдегі құқықтық акт түпнұсқа болып саналады» деген жаңа тармақ енгізілуі қажет деп ­санаймыз. Жуырда ғана «Алматы» телеарнасына­ берген сұхбатында әйгілі математик­ ғалым Асқар Жұмаділдаев «Үкімет өз қазақ тілімізді кемсітіп отыр» депті. Асекең әділін айтты. Мектепте негізгі пәндерді ағылшын тілінде оқытудан артық мемлекеттің, ұлттың тілін кемсіту үлгісін табу қиын. Қазақ тілін ресми қолданыстан, мемлекет басқару мен шың шығарудан шеттету де оны кемсітудің сорақы түрі. Ғылым мен технологияны оқытып-зерттеуге, заң жазып, ресми құжаттарды жазу мүмкіндігі берілмеген тіл ешқашан шын мәніндегі мемлекеттік тіл бола алмайды. Бұл қызметтерді атқару мемлекеттік тілдің негізгі міндеті. Біз соған жол ашпай отырмыз. Ән айтып, өлең ­жазып, әзілкештерді сайратып қоюмен ғана қазақ тілінің бағы ашылмайды. «Қазақ тілінде термин жасауға болмайды», «Қазақ тілі ғылыми еңбектер мен заңдарды жазуға икемсіз», «Қазақша заң жаза алатын маман тапшы» деудің еш негізі жоқ. Бұлай деп, жағдайды білмейтін, не іштей солай болып қалуын қалайтын мысық тілеу адамдар ғана айтуы мүмкін. Қазақ тілінде кез келген ғылымды сөйлетуге, кез келген заңды жазуға ­болады. Оны атқара алатын мамандар да бар. Жетіспей жатса, оларды жоспарлы,­ мақсатты түрде оқытып, керегінше даярлауға болады. Шынымен солай ­болуын қаласақ, бізде бәрі де жетеді. Бәрі өз қолымызда. Бізде тек солай істеуге ниет, ерік-жігер, табандылық, жауапкершілік пен ұлттық намыс жетіспей тұр. Қазақ тілі мүмкіндігі жетіспегендіктен емес, оның бар мүмкіндігін толық пайдаланып, қоғамның ең маңызды салаларында қолданылуына жол ашылмай отырғандықтан төрге оза алмай келеді. Басқа мәселе жоқ, бар мәселе осында.

 

2768 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы