• Әдебиет
  • 25 Желтоқсан, 2019

АҚ ЖАРЫҚ

Әркімнің туған жері – өзіне Мысыр шаһары десек те, әділеттілікке жүгінсек, жердің де жері, елдің де елі бар. Мұхитжан 1959 жылдың ақпанының 9-ы күні Қызылорда облысының Шиелі кентінде дүниеге келіпті. Шиелі ежелден иелі ел, киелі жер. Ал ел жерге қарай жаратылатыны ақиқат болса, бұл жер-елдің басты сымбаты: «Сыр – Алаштың анасы». Бұл – тұңғыш Елбасы айтқандықтан да солай емес, бағзы дәуірлерден бері баршаға белгілі шындық. Мұның басты себебі – ұлы Сыр өзенінің осы өңірді ежелден қақ жарып ағып жатқандығында. Сондықтан да осы өңірде жетпіс жұрт өсіп-өніп, жеті қағанат өтті. Дүниені дүрілдеткен парсы империясының бетіне жан келмеген, жеңілмеген патшасы Құрыш (Кир) осы өңірге тірі келіп, ат басын тіреп, Тұмар ханшайымнан жеңіліп, кесілген басы меске толтырылған адам қанына тойып, өлі қайтты. Үш бірдей ұлы мемлекет – Оғыз хандығы, Ақ Орда қағандығы, астаналар – Жанкент, Сығанақ, Ақмешіт шаһарлары салтанат құрған жер, бұл Мұның бәрін былай қойғанда, есте жоқ ескі заманнан бері «Сырдың елі – жырдың елі». Міне, осындай Жиделібайсын жерде – егемен елде (орыс патша өкіметі отарлап, Қоқан хандығы қоқаңдағанмен, қызыл кеңес қағанаты жұртын қырып салғанмен, төл сөзін сақтап, құл болмаған ел рухани­ еркін бола бермей ме?) туған ұл мен қыз осал болмауға тиіс қой. Тиіс. Рас, қазіргі күні Қызылорда облысында 700 мыңдай халық тұрып жатса, олардың бәрі бірдей ұлағатты ұл-қыз, жанып тұрған жұлдыз емес те шығар. Бірақ қай-қайсысы да өз деңгейіндегі анық қазақ, ұлы ұлтымыздың лайықты мүшелері десек те асыра айтпаспыз деп ойлаймын.

Әрине, «жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек!». Бұл енді жігіттің қандай жерде, қай елде тууына қоса, төл Отанынан өріліп, отбасынан берілер тек пен тәрбиеге, Алла Тағала тұқымынан дарытқан талант пен қанатқа қатысты болса керек. Нақ осы тұрғыдан келсек, Мұхитжан – кезінде республикаға атағы жайылған азамат болған, Құдай шипагер-емші етіп жаратқан, Шиелі ауданы ауруханасының Бас дәрігері Смайыл Кәрімбаевтың ұлы. Не жасыратыны бар, ол – ортамызда жүргенде аты мәшһүр ғана емес, заты: әрбір іс-әрекеті, емі, мінез-қылығы, қам-қарекеті аңызға айналған кісі болатын. Өмірден өткеніне бірнеше он жыл толса да, әлі ұмытылмағаны өз алдына, әлі де адам денсаулығының сақшылары үшін ғана емес, бұқара мен билік қаймағы – зиялылар үшін де үлгі-өнеге болып келеді. Адам ретінде де. Азамат ретінде де. Ал «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер». Демек, мұның өзі де туа бітер тектілікке қоса, отбасындағы тәрбиенің де мықты болуы керектігін көрсетеді. Мұхитжан – осындай отбасындағы көп баланың бірі, дәлірек айтқанда, үшіншісі. Бұлар жетіге дейін, мектепте­ оқып жүргенде көп балалардың бірі болғанмен, өскен соң, жоғары білім алып жетілгеннен кейін «санда бар, санатта жоқтардың» қатарында қала алмады. Елге елеулі Смайылқызы, халыққа қалаулы Кәрімбаевтар болып өмірден өз орындарын тапты. Мәселен, әулеттің ең үлкені 1955 жылы жарық жалғанның есігін ашқан Гүлнәр көп жылдар бойы Қызылорда қаласында ұстаздық жасады. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, өмір көгіне қанат қақтырды. Гүлнәрдан кейінгі 1957 жылы туған ұл Бауыржанның неге осындай есімді еншілегені айтпаса да түсінікті. Ол да қатарынан кем болмай, озықтармен тең болып, қастерлі атына кір келтірмей өсті. Қызылорда құрылысы саласында оның қалдырған қолтаңбасы бар. 1960 жылы өмірге келген Сәкен экономист мамандығын оқып, игерді. Бүгіндері жеке бизнеспен шұғылданады. Одан кейін туған Ғани – инженер-­механик. Құрылыс компаниясында жемісті еңбек етеді. 1969 жылы жарық дүние табалдырығын аттаған Талғат пен Самат – екеуі егіз. Әзіз әке мен асыл ана жолын жалғастырып, өмірден өз орындарын тапқан. 1975 жылы дүниеге келген Бақытжан – ең кенже ұл. Жеке отбасы құрып, ­шамын жарқыратып қана қоймай, ол қалың жұрттың да тұрмыс шырағын жаққан жан. Бұлай дейтініміз – ол Қытаймен біріккен кәсіпорында бас энергетик болып қызмет етеді. Байқайсыз ба, бұлардың қай-қайсысы да – осалдардан емес. Егер Қазақстандағы әрбір отбасы тәуелсіз мемлекетімізге аталған Гүлнәр, Бауыржан, Сәкен, Ғани, Талғат, Самат, Бақытжандардай ұл-қыздарды мүше етсе, өмірге осындай-осындай кірпіш қаласа, онда еліміздің керегесі бүгінгіден де гөрі кеңейіп, көсегесі қазіргіден де жайқалып көгереріне дау бар ма? Мен енді осы жолғы басты кейіпкерім Мұхитжанға тікелей тоқталсам, ол әуелі Шиелі кентіндегі №45 Октябрьдің 14 жылдығы атындағы орта мектепте оқып, оны 1975 жылы үздік бітірді. Бала шағынан білімге құмартып, әсіресе тарих пен әдебиетті сүйіп өссе де, жан-жақты болуды және қазақтың есесі әлі де кем өмір саласын өркендетуге атсалысуды мұрат еткен ол осы жылы Алматыдағы энергетика институтына құжат тапсырып, емтихандардан сүрінбей, студент атанады. Бойында күш-жігері тасыған жас жігіт табандылық танытып, тер төгуі нәтижесінде аталмыш жоғары оқу орнын 1980 жылы инженер-электрик мамандығы бойынша тамамдайды. Осыдан кейін оның үлкен өмірге қадамы, үлгілі өмірбаяны басталады. Иә, үлкен өмір, үлгілі өмірбаяны. Бұл – әсте де әсіре айтылған қызыл сөздер емес. Бұл ретте оның шын мәнінде де «тар жол, тайғақ кешулі» өмірдегі ерен еңбекпен терген, еліне берген жемістерін, қоғамдық тіршіліктегі күрес пен тірестегі қол жеткізген жеңістерін өзіміз баяндап жатпай-ақ, тасқа басылған беделді анықтамалық еңбек «Бірінші – BIRINSHI» деп аталатын жалпыұлттық рейтингтік энциклопедиядағы (Шымкент қ., 2019 жыл) аз да саз, сараң, бірақ мағыналы ­деректерге кезек берелікші: «Қызу еңбекті жаны сүйетін жас маманның алғашқы жұмыс орны №6 жылу электр орталығы болып табылады.­ Кейіпкеріміз 1980 жылдың 18 тамызынан аталмыш мекемеде бесінші разрядтағы электромашиналарды жөндеу жөніндегі электр слесары болып қызмет ете бастайды.­ Іскер азамат 1981 жылғы 26 қаңтарда Қызылорда облысының электр тораптары кәсіпорнына НОТ (технологияны ғылыми ұйымдастыру) инженері ретінде ауысты. Жұмыста асқан жауапкершілікпен көзге түскен. Мұхитжан Смайылұлы 1984 жылдың 2 қаңтарынан бастап аға инженер-электрик, 17 қыркүйектен соң Қызылорда қалалық электр торабы бастығының орынбасары, 1988 жылдың 14 желтоқсанынан Қызылорда электр тораптары кәсіпорны бас инженерінің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары қызметінде болды. Ал 1989 жылы 1-інші желтоқсанда өзі қызмет атқарып жатқан мекеменің тізгінін қолға алған...». Жиырма бірінде жоғары оқу орнын жақсы бітірген жас маман, көріп отырғаныңыздай, бірден өндіріс орнына жұмысқа тұрып, өз білімі мен білігін көрсете бастайды. Электр кәсіпорнындағы істі ілгері бастыру үшін техника тілін жетік білу керектігі өз алдына, адам ретіндегі ынта-ықылас, айрықша бейім – зерделілік қасиетсіз және жетістік жоқ. Ол осындай қабілет-қарымдылық бітімін ерте байқатып үлгерді. Ал отыз жасында өз мекемесінде – Бірінші. Қызылорда қалалық электр тораптары кәсіпорнының бастығы болды. Мұндай өмір өрлерінен асу, жұмыс-қызметтегі тек ілгерілеп өсу белестері – айтуға ғана оңай. Оның әр кезеңінде, бұрынғыдан гөрі биік келесі сатысында қаншама ақыл-ой мен білектің қуат-күші, жүректің жұмсалған жылу-жарығы жатыр. Екі арада алып империя КСРО омақасып құлап, Қазақстан тәуелсіздік алды. Бұған дейінгі байтақ елдік жүйе қирап, дағдарыс күшіне мінді. Осындай әрең жанбағыс кезінде де мемлекетке, халыққа бәрібір жарық керек. Демек, мұндай қиындықтарды жеңіп, жылу-электр ­тораптары жұмысын жолға қою үшін жаңа заман талабынан табылар өре-білікке қоса, елді сүйген, халқына жәрдемдесу үшін жүрек жылуын аямаған Ар-намыс керек. Алаш арыстарының көсемі Әлихан Бөкейханов ХХ ғасыр кірісінде «Елге қызмет ету – (білімнен, мамандықтан емес) мінезден (адамдықтан)» деп неге айтқан дейсіз?! Осылайша, егемен еліміз өміріндегі ең ауыр кезеңде біздің кейіпкеріміз Мұхитжанды дағдарыстан мінезі – еліне, жеріне деген қалтқысыз жалын махаббаты, мамандығын аялаған, халқынан жүрек жарығын аямаған еселі еңбегі құтқарды. Ары қарай жоғарыдағы латын қарпіндегі Жалпыұлттық рейтингтік энциклопедияға және жүгінсек, Мұхитжан Смайылұлы өміріндегі мынадай өзгерістер мен жаңалықтарға, алға басуға және Қызылорда өңірі жұртшылығына электр жарығын шашуға куә боламыз: «...1997 жылдың 21 желтоқсанынан бастап «Қызылорда электр тарату ­тораптары» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті болып еңбек жолын жалғастырды. 2008 жылдың 1 қаңтарынан 2009 жылдың ақпанына дейін Бас инженер қызметін абыроймен атқарған. 2009 жылдың ақпан айынан бастап бір ай көлемінде «Қызылорда жылу-электр орталығы» МҚК директорының міндетін атқарушы болып еңбек еткен кейіпкеріміз наурыз айында аталған мекеменің директоры болып тағайындалады. Кейіннен, нақтырағы 2014 жылға дейін осында басшылық қызметте болды. Ал 2014-2016 жылдар аралығында «Нұртөбе Қызылорда» үй құрылысы комбинаты» ЖШС директоры... Мұхитжан Смайылұлы 2016 жылдың 25 қаңтарынан бастап күні бүгінге дейін «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы болып жемісті жұмыс істеп жүр...». Әрине, осы орайда Мұхитжан неге Қызылорда жылу электр орталығына ­ауысты? Оны да қойып, құрылыс саласына қалайша барып жүр деген сұрақтар туады. Бәлкім бұл – биліктегі біреулердің қыры, өмірдің оның алдына тартқан бір ауыр сыны шығар. Көріп отырғаныңыздай, ол бұлардан да сүрінген жоқ... Екіншіден, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы неғылған мекеме, қашан құрылған?» деген сұрақ туындауы және орынды. Өйткені Мұхитжан Смайылұлы екі аралықтағы 7-8 жылдай басқа салаларда (Қызылорда ЖЭО мекемесінде, «Нұртөбе Қызылорда үй құрылысы комбинатында) жұмыс істегенін ескермесек, қашанда халықты электр жарығымен қамтамасыз ету жүйесінде жемісті еңбек еткен. Бірақ бастапқы кезде қала мен дала (облыс аудандары) бөлек-бөлек еді. Осы себептен де «Қызылорда электр тарату ­тораптары компаниясы» ашық акционерлік қоғамының құрылып, қалыптасу тарихы Сыр бойы – Қызылорда өңірінің электр жарығымен қамтылу тарихы болып қана қалмай, екінші жағынан, ес біліп, еңбек еткелі осы мемлекеттік істің басы-қасында жүрген Мұхитжанның да өмір шежіресі, өсу белестері деп білсек те жарасады. Асылы, адамның еңбегіне қарай өнбегі. Құдай берген мінезіңнен аса алмасың тағы бар. Мұхитжан Смайылұлы өз парызын орындауды біліп, ерен еңбек етіп жүрсе де, атақ іздеген жоқ, мадақ күткен емес. Соған қарамастан оның талай жыл төккен тері текке кетпей, соған сай елдің елеуі, биліктің бағалауы заңдылық болса керек. Осындай марапаттың алғашқысына ол кеңес өкіметі кезінде-ақ қол жеткізді. Атап айтқанда, оған СОКП 80 жылдығы қарсаңында Қазақстан Коммунистік Жастар Одағы қалалық комитетінің және Қазақ КСР Энергетика министрлігінің Құрмет грамоталары берілсе, Энергетиктер күні алдында «Өз ісінің шебері» белгісі табыс етілді. 2005 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс ­хатын алды. Ол – Қазақстан энергетиктері қауымдастығының «Құрметті энергетигі», ТМД елдерінің «Құрметті энергетигі». Екінің бірі түгіл, екі жүз мыңның бірінің қолы жете бермейтін мәртебелі атақтар бұлар. Сондай-ақ ол – «Он бірінші бесжылдықтың 2-дәрежелі гвардияшысы», Ресейдің «ГОЭЛРО-ға 80 жыл» толуына­ байланысты шығарылған төсбелгісін кеудесіне тақса, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» толуларына орай шығарылған медальдардың да иегері. Бұған «Ерен еңбегі үшін» берілген медальды да қосыңыз. Байқайсыз ба, аз марапат емес. Бірақ біздің кейіпкерімізге мына өмірде ең маңыздысы – шарапат. Әрқашанда тура тұрып, тура жүретін, жемісті еңбегінің нұсқасы да өзі, тағдырының ұстасы да өзі Мұхитжан Смайылұлы мына өткінші дүниенің мәңгілік сәулесін – ақ жарығын қанағат тұтады. Берсе – аспайды, бермесе – саспайды. Өйткені өмірде ­таразы басы түбінде тең түсетін болса, біздің тәуелсіз еліміздің бүгінгі берен тарихын «қоғам тұтқасы қолымызда» деп білетін билік-нарықтар да, миллиардер олигархтар да емес, немесе әлемді ақпарат тізгіндері анық десек те, неше түрлі сұмырай суқиттар да емес, туған жерді табанымен нық басқан, әрбір еңбек белесі шынайы сыр-дастан санаулы Елдің Ерлері Мұхиттар жасап жатыр. Біз сондықтан мына өмірдегі негізгі нәрсе – адамдық ақ ниет те, көпке еріп, билікке «сеніп» жапыра істеген жұмыс та, қызметті ұйымдастыра алу да емес, нәтиже – табыс деп білсек те, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» нақ бүгінгі күні қалай жұмыс істеп жатыр дегенге тоқталып жатпаймыз. Өйткені аталмыш компанияның тыныс-тіршілігі күнбе-күн Сыр бойы елінің көз алдында, жұмысы қарышты, табысты екені көрініп тұр. Мұның үстіне бұл сала – Қызылорда өңірі өмірінің басты да нар, бәлкім өндірістік нәзік те тұрмыстық жар саласы десек те сәл асыра айтпаспыз. Жер бетінде алтын Күнсіз, оның шуағынсыз бір жылдық түгіл, бір тәуліктік, бір сәттік – секундтық тіршілік бар ма, бола ма?! Нақ сол сияқты бүгінгі таңда электр жарығынсыз бір айлық өмір, бір тонна қорытылған темір, жарқын көңіл бар ма, болар ма өзі? Тіпті электр тогы XIX ғасырға дейін табылмай, тас қараңғы түнді балауыз шырақпен, білте майшаммен жарық еткенімізді, ал тікелей біздің еліміз өміріне 1960 жылдардың ­басынан бері келіп, етене болғанын ұмытып, осынау­ Ақ жарықпен мәңгілік жасасып келе жатқандай сезінсек те, мұның бәрі – кешегі ұлы физик оқымыстылардың, бүгінгі ілім-білімге сай еңбек еткен тоқы­мыстылардың, қазіргі Мұхит­жандай мемлекетке қосшы, энергетик­терге басшы азаматтардың төккен маңдай терлерінің арқасы екенін әрқашан ескерсек абзал-ау. Қазіргі күні Мұхитжан Смайылұлы 60 деген елге ағалық жастың асқар биігінен асып, кемел кезеңнің нұр төбесін ­басып қана тұрған жоқ. Жұрт көзінде жүрген адам ретінде еліне есеп беріп, жүрегінің жарығын шашып та тұр. Мен бағанадан бері оның еңбек жолын тізіп, осы орайдағы азаматтық тұлғасын түзіп, қарабайыр қызметкерліктен гөрі адамдық-қайраткерлік келбетін ашуға тырыстым. Тырыстым дейтінім – әрбір жақсы кісі – жайдақ көлшік емес, мұхиттағы мұзтау – айсберг сияқты. Су бетіндегі сегізден бірін ғана көресің. Ал ұлы суреткер Ф.М.Достоевский, өзіміздің абыз Абай айтқандай, («Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла») құпиясы көп, жұмбақ әлем. Олай болса, бұрыннан сырттай жақсы білгенмен, талай рет көріп, базбірде етене тілдескенмен, мен Мұхитты терең тани алдым ба? Әзірше білетінім – жоғарыда мен жүгінген рейтингтік энциклопедия тауып айтқандай, танып түйіндегендей, оның бірінші екендігі. Иә, ол өз мекемесінде, тиісті өндіріс саласында – Бірінші. Ал ол мұндай жеңіске, жеміске, жетекшілікке Абай айтқан Жақсы жан болуға, Толық адамдыққа үш асыл қасиет: ыстық Қайрат, нұрлы Ақыл, жылы Жүрек арқасында жеткені және ақиқат. «Ғылым сол – үшеуінің жөнін білмек» деп Абай және айтқандай, Мұхитжан бойындағы бұл үш бітім-қасиеттің де өз қыры мен терең сыры, жарық нұры мен жұмбақ жыры бар екендігі, ал олар жарқыратып ашуды, оқырманға шуағын жомарт шашуды тілері айғақ тілер ме? Осы айтылғандардың айғағындай: Ол – Қызылорда қалалық мәс­лиха­­тының V-інші, VІ-ыншы шақыры­лымдарының депутаты. Ол – Қызылорда қаласының Құрметті азаматы. Ол – Шиелі ауданының Құрметті азаматы. Ең басты игілік, Мұхитжанның перзенттерінің аңызға айналған адам – әке Смайылдың, асыл ана Төлтайдың ­жолын жарқын жалғастырып, игі ісін ілгері ­бастырып, Кәрімбаевтар әулетінің түтінін ХХІ ғасыр басында да тік ұшырып отыруларында. Дау жоқ, озық оташы, дарқан дәрігер Смайыл Кәрімбаевты қайталау қиын; ондай сирек емші-сырбаз шипагер болу да шарт емес. Бәлкім жоғарыда мен атаған Кәрімбаева Гүлнәр апай, ағайынды Кәрімбаевтар отбасыларында бір Әбуғали ибн Сина (медицина) ізбасары, ­маман дәрігер өсіп те жатқан болар. Ал шындығында, мәселе осынау мәуелі үлкен Бәйтерек болып өсіп-өнген текті әулеттің жаңа мүшелерінің атақты ата мен әзиз әже атына кір келтірмеулерінде, Кәрімбаевтар ұрпағы деген дәрежеге сай қазақтың лайықты ұл-қызы, тәуелсіздіктің жарық төккен жұлдызы болып жетілулерінде. Осы өре-өлшемнен байыптасақ, бір ғана Мұхитжан әке мен оның жары Гүлнәр келін әлпештеп өсірген үш қыз: 1987 жылы дүниеге келген Әйгерім, 1988 жылы жарық өмір есігін ашқан Дана, 1996 жылы туған кенже Ұлайымдардың қай-қайсысы да қазақтың қызы деген атаққа сай арулар. Бәрі жоғары білімді. Үлкендері тұрмыс құрған. Басқа қонған баққа да, Мұхит пен Гүлнәрдің қыздары деген жақсы атқа да өз білімдерімен, еңбектерімен жеткен. Әйгерім «Самұрық – Қазына» ұлттық компаниясында қызмет істесе, Қытайда мұнайдың жоғары оқу орнын бітірген Дана – білікті аудитор. Ал АҚШ-та білім алып, Испанияда оқыған Ұлайым да өмірден өз өнегелі соқпағын тартты.

***

Мақалам ұзап кеткендіктен, мен Мұхитжанның әдебиет туралы ойларын, оның сүйікті жазушылары кімдер екенін алға тартып жатқым келмейді. Алайда оның мамандығы да, адамдығы да – жыр. Мен өлең жазбағандығы, өлең жаза алмағандығы болмаса, әрбір шын қазақты ақын деп білемін. Басқа салаларда еңбек етіп жүргенмен, көңілдегі көрікті ойларын мөлдіретіп ақ қағаз бетіне түсірмегенмен, Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінен де гөрі ақын, ақынжанды азаматтар аз емес-ау өмірде. Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп айтқанының ақиқат екеніне, адамның тал бесік пен тас табыт арасында созылған өмірі пендешілікпен өтпесе, дүниеге құл болуға, зұлымдыққа ұл болуға ауып кетпесе, расында да ән-жыр, ақ жаңбыр, рухани нарық, ақ жарық екеніне күмән бар ма? Менің Мұхитжан Смайылұлы туралы мақаламның жырға жүгінуден сабақталуы осы себептен болса, оның тағы да жырмен түйінделуі де орынды сияқты. Аппақ болып барлық маңай тұр жанып, Жоқ қой ешкім ақ жарықты кірлеткен! Тасқа түссе бұл жарық, тасқа дағы қараймын мен құрметпен.

Құйылып тұр, құйылып тұр нұр-жарық – емен, шырша шыға келді бүр жарып. Жарық түссе қасіреттің өзі де кетер еді нұрланып. Жарық, жарық! Мынау жердің бетінде Көлеңкелер ұқсайды екен жетімге. Нұр-әкенің жанарынан тыс қалған, Жарық болып көкірекке түсті арман. Жарық деген – ең әйгілі есім бұл. Бөбегімді сәуле болып өсірдім. Бұл өмірдің көктемі мен шуағы – Махаббат пен мейірімнен шығады.

Жарық деген әлемде ең әдемі, демен, бірақ тек жарықпен жанасың: Жану үшін – қызу керек әуелі, Ол қызуды – өзің іздеп табасың. Жайсаң ақын Жұмекен Нәжі­меденов­­тің өлеңі. Ол бұл өлеңді де 1966 жылы жазған. Ақ жарық жыр. Тұңғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа жағымпазданудан тумағандықтан, мұндағы нұрлар – табиғи, шынайы, шын жүрек сәулелері. «Ыстық Қайрат, нұрлы Ақыл, адамды адам етер Махаббат пен Мейірім – жалын Жүректен шықса», Мұхитжан Смайылұлының Жақсы Адам, Абзал Азамат болуының, оның айналасына жанып Ақ Жарық құюының сыры да осыда.­ Тіпті оның «Қызылорда электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы болып туған жеріне, өзі өскен Сыр бойы еліне ақ жарық жеткізіп жүруінің де себебі осыда. Аман бол, бауырым! Алдағы уақыттарда да Ақ Жарық болып жана бер!

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

1933 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы