• Руханият
  • 25 Желтоқсан, 2019

ЕСТЕН КЕТПЕС СОЛ КҮНДЕР...

ФАРИЗА АҚЫН. ЖОЛ ҮСТІ

Ол кезде Жезқазған облыстық «Жез­қаз­ған туы» газетінде қызметтеміз. Сірә, 1987 не 1988 жыл болар. Облыс­тық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Сағындық Қожамсейітов хабарласты. – Өңірімізге Фариза Оңғарсынова бастаған, Бексұлтан Нұржекеұлы, Кәрібай Ахметбеков бар – белгілі қаламгерлер келіп жатыр. Ұлытауға барғысы келеді. Сен Ұлытауда қызмет жасадың. Жақсы білесің. Қонақтарды бастап барып қайтсаң, – деді. Қуанып кеттім. Сағындық ағаның айтып отырғаны қазаққа танымал ақын-жазушылар. Олармен бірге жүрудің өзі ғанибет қой. Үшеуінің де аты-жөні елге белгілі. Дегенмен де басты қонақ Фариза апамыз ба деп қалдым. Қалған екі серігі сол кісінің шашбауын көтеріп жүргендей көрінді. Мұны әңгіме арасында өздері де байқатты. Жолай Ұлытау ауданына қарасты «Сары­кеңгір» кеңшарына соқтық. Шаруа­шылық басшысы Әбілмәжін Сүлейменов қаламгерлерді шаңырағында қонақ етті. Одан әрі аудан орталығын бетке алдық. Осы сапар барысында екі нәрсе ұмытылмастай есімде қалыпты. Ауданның көлемі ауқымды. Содан да жол үстінде бірнеше рет аялдадық. Сондай­ кезде ақын апамыз тау баурайындағы шөптердің атын сұрайды. Жаз айы ғой. Маңайда не көп – шөп те, гүл де көп. Алуан түрі бар. Олардың әрқайсысының түсін түстеп жату мүмкін емес. Біреуін білсең, біреуін білмейсің. «Мына шөптің аты не болды екен?» деп сұраған сайын қысыламын. «Сырдың бойында өскен жігітпін ғой. Біле алмай тұрғаным...» деймін басқа себеп таба алмай. Сөздің де, сезімнің де иесі, оның үстіне ақын болғаннан кейін бәрін де қадағалап жүреді екен ғой. Ақынның көзінен ешнәрсе де тысқары қалмау керек екен. Тіпті айдалада өсіп тұрған, өзгелер көңіл аудара бермейтін шөпке дейін. Бұл жайт көбімізге сабақ болу керек сияқты. Туған жер десе емешеміз үзіліп тұратыны рас. Ал сонда өсетін, өзіміз куә болып жүрген аң-құсын, өсімдік-шөбінің атын жақсы білеміз бе? Жер-су атауларын ше? Толыққанды жауап беру қиын. Бұл көбіміздің қаперімізде болу керек-ау. Ақын апа осындай ой түйдірді. Екінші бір айтпағымыз, қайсарлығы мен табандылығы. Аудан орталығына бір түнегеннен кейінгі алдағы жоспар Ұлытаудың ұшарбасында жатқан Тоқтамыс хан мен батыр әрі би Едігеге зиярат ету болып шықты. «Оған жету қиын. Жол ауыр. Үлкен дайындық керек» дегенге қарамастан ­ариза апа айтқанынан қайтпапты. Сонымен, жолға шықтық. Расында да, білетін жұрт айтқандай межелеген жерге жету оңай болмады. Таудың бергі бетінен емес, оралып арғы бетінен көтерілу керек екен. Оның өзі едәуір шақырым. Оның үстіне төменнен биікке қарай, жолсыз жермен, үшкір тастарды аттап жаяу жүру қайбір жеңіл болатын еді. Бір таңырқағанымыз, Факең, заты әйел болғанымен, еш сыр берген жоқ. Тау басына қиналмай, шаршамай шықты. Алыптардың жер бесігіне келгеннен кейін ата салтпен құран бағыштау керек болды. Неге екенін, ер азаматтардан белсенділік байқала қоймады. Бұл уақыт компартияның да, атеизмнің де өз тұғырында мығым тұрған кезі ғой. Сол сәтте тізгінді апамыздың өзі қолға алды. Қол жайып, дұғасын жасады. Күбірі басылғаннан кейін біз де бетімізді сипадық. Бұдан кейін де ақын апамызбен Жезқазған жерінде бір-екі рет кездесудің сәті түсті. Сұхбат та алғанымыз бар. ...Бір басқосуда Факеңнің жақсы көретін ұлытаулық сіңлісі Рақыш Нәшкенова: «Апай «Сол жігіт қайда?» деп сені сұрады» деді. Ақын десе ақын, қайраткер десе қайрат­кер, ұлтжанды, әрдайым да намыс­ты ту етіп көтеріп, бар қазаққа қадірлі бол­ған жанның есінде қалғанына тәуба дедік.

ЖЕДЕЛДІК ЖӘНЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ

2001 жылы шаруашылық, партия, кеңес салаларында жемісті қызмет атқарған, адал да ардақты азамат Нұртаза Ыбыраев жайлы «Адалдықтың ақ жолы» атты кітабым жарық көрді. Нұраға кітап шығар алдында: ­«Алматыда шығып жатқан алғашқы еңбегің ғой. Журналистердің басшысы­ Камал Смайылов екен. Сол кісіге алғысөз жаздыртып алсаң қайтеді. Халыққа танымал азамат. Бата-тілегін алсаң, артықтығы болмас» деді. Алғашқыда кібіртіктеп қалдым. «Қажеті бар ма соның» деймін ­ішім­нен.­ Ақырында ағаның айтқанын қабылдағанды жөн көрдім. Кейін ойласам­ Нұртаза аға дұрыс жол сілтепті. Өмір көрген кісі ғой. Елден сұрастырып жүріп Кәмекеңнің пәтерін тауып алдым. Үйдегі зайыбымен қонақтан оралған беті екен. Жезқазғанның жағдайын сұрады. Мұнан соң бұл келістің жөнін айттым. Сөйтсем Камал аға менің болашақ кітабымның кейіпкерін жақсы біледі екен. «Жезқазған облысы құрылған алғашқы жылдары облыс басшыларының бірі ­болып еңбек еткен қайраткер азамат қой» деп жатыр. Мен: «Қолжазбаңды қалдырып кет. Өзім хабарласамын» деген сөзді еститін болармын деп ойлағам. Жоқ, олай болмады. «Мына бөлмеде күте тұр» деді. Өзі қонақтан келіп отыр. Қонақтан қайтқан адамның жайы белгілі. Ал соған қарамастан... Жарты сағат болды ма, болмады ма – қолыма жазу толы екі бет қағазды ұстатты. Қара сиямен жазылған пікірі. Не деген ұшқырлық, жеделдік! Соңына аты-жөнін, лауазымын келтірген. Екі бет қана болғанымен жылылық­тың шуағы есіп тұрған жүрекжарды лебіз. Әсіресе, ең соңындағы: «Арқа ­даласында жайдары жазда кездесуіміз көп болсын» деген сөз жүректі тербер ыстық ықыласты аңғартатындай еді. Кәмекеңнің тағы бір жанашырлығын айта кетейін. Осыдан ширек ғасыр астам бұрын Ұлытау жұртшылығы төл перзенттері, қазақтың марғасқа тұлғалары – Төрегелді Шарманов пен Камал Смайыловтың алпыс жылдық мерейтойларын дүркі­ретіп атап өтті. Оған елге білгілі ақын-жазу­шылар, қайраткер азаматтар қатысты. Олардың ішінде Шераға – Шерхан Мұртаза да бар. Ол кезде «Егемен Қазақстан» газетінің Жезқазған облысы бойынша меншікті тілшісіміз. Шераға болса газетіміздің басшысы. Былай қарағанда бастығымыз. Бастығың елге келіп жатса, шаңы­рақты көрсету, дәм тарттыру бұл да парыз секілді ғой. Бастығың анау-­мынау емес, қазақтың Шерхан Мұртазасы болса... Ықылас-ниетімді оңашада Шерағаға жеткіздім. Жанында Кәмекең бар. Шераға шортандай шоршып түсті. «Оның реті жоқ, айналайын. Тойда жүрміз. Оның үстіне кешке ұшағымыз бар. Көңіліңе рақмет» деді бірден. Осы кезде екеуара әңгімемізге Камал аға қосылды: – Шерхан, сен де жас болдың ғой. Қарағандыда, «Лениншіл жаста» тілші болғаныңды ұмыттың ба? Жас жігіттің көңілін қалдырма. Шын ниетімен айтып тұр. Барғаның дұрыс, – деді. Шераға аз-кем ойланып қалды. ­Сосын: – Жарайды, – деді де маған қарап: – Көп бөгелмейміз. Кіреміз де шығамыз, – деді нығырлап. Расында да уақыт өте аз еді. Менікі де бір қарағанда зорлық. Шераға сөзінде тұрды. Уақыттың тығыз­дығына қарамастан ұшаққа шығар алдында бір топ азаматтармен бірге шаңы­ра­ғымызға соғып, арнайы дайындалған дәм­нен ауыз тиді. Тілек айтып, батасын берді. Бұл ешқашан да естен кетпейтін ғажап сәт Камал ағаның арқасында болып еді.

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ

Белгілі журналист, баспагер Нұрмахан Оразбек есімі көп адамға жақсы таныс. Ол кісінің қайсарлығы жөнінде ел аузында жүрген біраз ­әң­гімелер бар. Солардың екеуіне тоқталсақ та жетіп жатыр. Қарағандының облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне редактор болып тұрғанда басылымның ертеден келе жатқан ұраны: «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» дегенді компартияның күшінде тұрғанына қарамастан: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген мәтелмен алмас­тырды. Мұны бір дейік. Екіншісі, ағамыздың азаматтық ерлігі кешегі ГКЧП бүлігі кезінде көрінді. Бұл туралы өзі басшылық жасап отырған газетке өзі мақала жазып, мұның жақсылық емес екендігін қалың жұртқа жария етті. Өз сөзіне өзі жауап беретіндігін, бұл жолда қандай жазаны да қабылдауға дайын екендігін мәлімдеді. 2004 жылдың жаз айы болатын. Ол кезде Жезқазғанда жергілікті газеттің редакторымын. Ойда-жоқта Нұрмахан аға хабарласты. Бұрын кездеспеген адамым. Есесіне, аты-жөніне етене қанықпын. Амандық-саулықтан кейін сапары­ның жөнін айтты. Өзінің жеке көлігімен ел аралап жүр екен. Қарағанды жақтан келе жатқан сияқты. Дәл қазір есімде жоқ, бағыты не Шымкент, не Атырау. «Түскі дәмнің кезі ғой. Аға, үйге жүріңіз» дедім. Нұраға келісті. Жақсылап күтіп, дәм бердік. Газет жөнінде, қазіргі журналистика туралы әңгімелеген болдық. Кетерде көлігінен екі кітап алып, «ескерткіш болсын» деп ұсынды. Кітаптың аттары – «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы» және «Шапық ­Шокин». Екіншісіне қолтаңбасын қал­дыр­ды. Келіншегім екеуміздің ­атымызды келтіріп: «Аттары жақсы бауырларыма, жаман журналист­ ағаларыңның бір жазғаны деп білерсіңдер. Нұрмахан. 20.06.2004» деп жазыпты. «Шіркін, қарапайымдылық-ай» дейсің. Қайдағы «жаман». Жақсының жақсысы, нағыз журналист, қайраткер тұлға өзіңіз едіңіз ғой, Нұраға! Өкінішке қарай, бұл жүздесуден кейін ардақты азаматпен кездесудің орайы келмеді.

БІР ҚУАНЫШ, БІР ҚАЙҒЫ

1983 жылы күз айында Ұлытауға қазақ­тың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленов бастап, жазушылар Зейтін Ақышев және Құрманғазы Қараманұлы келді. Бір-екі ауылда болып, халықпен жүздесті. Астанаға қайтар кезде аудандық мәдениет үйінде қаламгерлермен кездесу болды. Университетті бітіріп келген жас кезіміз. Аудандағы мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүреміз. Спектакльде ойнаймыз, ән де айтамыз... Осы жайлардан жан-жақты хабардар аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Майра Серкебаева «Кездесуді жүргізуді саған тапсырамыз» деді. Келіспеске шара жоқ. Адам көп жиналды. Сұрақтар да көп қойылды. Оған негізінен қонақтардың ішінен Сырбай ақын жауап беріп отырды.­ «Есте қаларлық жақсы кеш болды» деді Сыраға мәдениет үйінен шығып бара жатып. Ақын аузынан жылы лебізді естіп, іштей біз де мәз болдық. Бұл бір әсерлі күндер еді. Алайда қонақтар кеткеннен кейін шаттыққа тербеліп отырған жас шаңырағымызды қара дауыл шайқалтып өтті. Өмірге кеше ғана шыр етіп келген сәбиіміз жарық ­дү­ниеде екі күн болды да үзіліп кете берді... Әкемнің аты Жандәулет еді. Періш­теге соның екінші буынын алып, Дәулет деп ат қойып, Ұлытаудың қойнына мәңгілікке тапсырдық.

ЖЕЗҚАЗҒАНҒА  БҮЙРЕГІ БҰРҒАН

Қазақтың айтулы ақыны әрі мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовпен жақсы сыйластықта болдық. Жезқазғандағы «Мысты өңір» газетіне басшылық етіп жүргенде ақын ағамыз осы басылымнан байланысын үзген емес. Өлеңдері, мақалалары жиі шығып тұрды. Мысты шаһарға аяқ тірегенде редакцияға соғуды да естен шығармайтын. Ол кісі Жезқазғанға жиі келетін. Қанша дегенмен еңбек жолын бастаған, бірнеше жыл жауапты қызметтер атқарған жері ғой. Қалада бірінші хатшы болды. Облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Жезқазғанды жақсы көретін. Бұл жердің абзал азаматтары жөнінде көп дүниелер жазды. Ағаның жанынан кен­шіні де, әншіні де жиі ұшыра­татынбыз. Көп сыр ашпайтын адам ғой. Әсіресе, өткен өмір жолдарын қозғай бермейді. Дегенмен де бір оңаша басқосуда кейбіреулердің пендешілігін айтып қалғаны бар. Жезқазғанды басқарып тұрғанда Социалистік Еңбек Еріне де ұсынылған. Алтын жұлдыз әне-міне қолға тиейін деп тұрғанда ойламаған жерден әлдебіреуге бұйырып кетіпті. Кәкімбек аға өзі ұнатқан біраз адамға жыр арнады. Олардың бәрі жүректен шыққан шынайы сөз екені белгілі. Қалайша шаттанбасқа, ел білетін, туған жұрты қадірлейтін ақын көзіне біз де ілігіппіз. Бес шумақтан тұратын арнау өлеңінің соңғы жағындағы: Жиі келсін жүрегіңе жыр-маусым, Бақытты бол, ұлы өңірді жырлаушым. Шаңырағыңа бақыт құсы ұялап, Нұр үстіне сарқылмайтын нұр ­жаусын, – деген тілек арманыңа қанат бітіріп, өмірге құштарлығыңды арттыра түскендей. Бұл өлең жергілікті басылымдардың бірінде жарық көрді. Жезқазғанға келген сайын шыққан кітабын тарту ететін. Санап отырсам, үйдегі кітапханамда ақын ағаның он сегіз кітабы бар екен. Олардың әрқай­сысындағы қолтаңбасының өзі жаныңды шуаққа бөлер жылы лебізге толы. Жүзі жарқын, қамқоршыл, бауырмал,­ тұла бойы нұрға толы қайраткер аға бейнесі естен шығар ма...

ҚҰНДЫ СЫЙЛЫҚ

Бұл кітап маған ерекше ыстық. Көлемі де шағындау. Кітаптың аты – «Айттым сәлем». Авторы – Жұбан Молдағалиев. Шыққан жылы – 1967. Ол кезде үшінші сыныптың оқушы­сымын. 7 қараша ол уақытта керемет мереке. «Ұлы Қазан революциясы күні» дейтін аты бар. Осы мереке қарсаңында мектеп­ басшылығы үздік оқушы ретінде маған аталған кітапты сыйға тартты. Онда былай деп жазылған: «Ұлы ­Октябрь револю­циясының 50 жылдығы қарсаңын­да үздік оқып, үлгілі тәртібі үшін 3 класс оқушысы Домбаев­ Нұрперзентке сый­лыққа беріледі. Мектеп­ дирекциясы». Бұл маған Алматыдан Жұбан ақын­ның өзі келіп сыйға тартқандай әсер етті. Содан бері де елу екі жыл уақыт өтіпті. Жаңағы кітапты қимас дүниемдей сақтап келемін. Анда-санда қолыма алып, қарап қоятыным бар. Бір жағынан соңыңда қол бұлғап қалған балалық шағың да көзге елестейді. Айтпақшы, келесі жылы «Мен қазақ­пын»­­ дейтін өлеңімен-ақ қазақ әдебие­тінің ірі тұлғасына айналған Жұбан Молда­ғалиевтің туғанына 100 жыл толады.

Нұрперзент ДОМБАЙ «Ана тілі»

1439 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы