- Әдебиет
- 25 Желтоқсан, 2019
ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ «ТҰМАРЫ»
Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде ақын Гүлбақыт Қасен мен қырғыздың жас ақыны Перизат Алмасқызының «Күн-тұмар» және «Ай-тұмар» атты аударма жыр кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жамбыл музейіне келген жыр сүйер қауым осы маңда мәңгілік мекенін тапқан Жамбыл Жабаев, Нұрғиса Тілендиевтердің рухына тағзым етіп, Жамбыл ескерткішіне гүл қою рәсімінен соң Жамбыл музейінде өткен «tween book» үлгісінде жасалған егіз кітаппен танысты. Гүлбақыт Қасеннің өлеңдерін Перизат Алмазқызы қырғыз тіліне тәржімалап, ал Перизаттың өлеңдерін Гүлбақыт ақын қазақ тілінде сөйлеткен бұл кітаптың тұсауын жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Заида Елғондинова, Айбын Төреханұлы бастаған зиялы қауым өкілдері кесті. Ықылым заманалардан бауырлас халықтың достық жібі үзілмей келе жатқанының мысалын көнеден сыр қылып шерткен Б.Нұржекеұлы, Ж.Шаштайұлы қазақ пен қырғыз арасындағы байланысты Жамбыл, Кенен мен Тоқтоғұлдың, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айматовтардың мысалында айтып өтті. Кешті жазушы Есболат Айдабосын жүргізіп, қазақ-қырғыз достығында өзіндік орны бар жыр алыбы Жамбылдың музей-үйінде ұйымдастырылған тұсаукесер рәсімінің мән-маңызына тоқталып өтті.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Далабаев, Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің бас инспекторы Сағыныш Сабыржан, Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Қапашұлы, Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының басшысы Ғазиза Құдайберген, «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев сөз сөйлеп, бауырлас екі елдің шығармашылық қарым-қатынасын тереңдете түскені үшін қос ақын қызға алғыстарын жеткізді. Басқосуда Жамбыл ауылының оқушылары Г.Қасен мен П.Алмазқызының өлеңдерін жатқа оқыды. Басқосу соңында қос ақын қыз сөз алып, қазақ-қырғыз тілдеріндегі жырларын оқыды. Әнші Саят Медеуов Кенен Әзірбаевтың әндерін орындаса, Үмбетәлі ақынның немересі Әуелбек Ысқақов Үмбетәлінің Жамбылға арнаған жырын айтты. Есбол Шыныбек Жамбыл Жабаевтың термесін орындап берді.
Қ.Серікқызы
2210 рет
көрсетілді138
пікір