• Руханият
  • 09 Қаңтар, 2020

«Елінің ерке еңлікгүлі»

Шалқар аудандық Сары Батақұлы атындағы Мәдениет үйінде ұлттық құндылықтардың жаңғырып-түлеуінің жаршысы болып, киелі ­поэзия әлемінде сырлы да нәзік өлеңдерімен жыр тербеп жүрген жерлесіміз, ақын-журналист, аудармашы, әуесқой сазгер Гүлсамал Аймаханованың «Елінің ерке еңлікгүлі» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке ақынның ұстаздары мен замандастары, Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің оқытушылары, қала мектептерінің оқушылары мен ұстаздары, мәдениет қызметкерлері, жастар қатысты.

Гүлсамал Төрединқызының шығармашылық кешіне орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Жүрекке жеткен жылы жыр» тақырыбында көрме ұйымдастырып, оқырманға «Көкемарал», «Еңлікгүл», «Ғарышнама... Жұлдыздарға жол» атты жыр кітаптарымен бірге, «Жыр маржаны» және «Жәдігер» ­антологиясы, «Ақтөбе» және «Шалқар» энциклопедиясы,­ сондай-ақ «Естен кетпес естеліктер», «Ғасырларға пара-пар жылдар», «Әлия-80», «Гүл-Ғұмыр», «Аңсау» атты және т.б. жинақтар ұсынылды. Сонымен бірге әр жылдары өлең-жырлары жарық көрген түрлі отандық газет-журналдар жинақталып, көрмеден орын алды. Ақын қыздың шығармашылығы мен өмірлік ұстанымдарын жоғары бағалаған көрнекті ғалым Е.Жұбановтың, Қазақстанның халық жазушысы Т.Молдағалиевтің, белгілі ақын Е.Дүйсенбаевтың ой-пікірлерінен үзінділер, М.Құрманалиннің «Абыз ақын тілегі» және М.Кенжебайдың «Гүлі әрі самалы­ Ақтөбенің» атты арнау өлеңдері оқылды. Сахна төріне мектепте сабақ берген ұстаздары Т.Төлеуова, Қ.Сейітқұлов пен әріптес замандасы Ө.Наурызғалиева және басқалар шығып, ақынның өмірлік ұстанымы туралы­ әдемі естелік айтып, жылы лебіздерін білдірді. Ақынмен кездесу жоғары деңгейде өтті. Кеште жырқұмар қауым өрнекті жырларға барынша сусындап, ­поэзия құдіретінің қыр-сырына қанықты. Г.Төрединқызының өлеңдеріне жазылған «Айналдым, Ақтөбем!», «Айналайын,­ Жыр-Астана!», «Сағындым» сынды әндер орындалды. Кеш соңында Шалқар ауданы әкімінің орынбасары А.Қонақбаев аудан әкімінің атынан құттықтау хаты мен арнаулы сыйлығын тапсырды. Шығармашылық кешке аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Бұхарбаевтың басшылығымен Шалқар өңіріндегі қалалық, ауылдық кітапханалардың қызметкерлері қатысып, көкейдегі сауалға жауап алды. Кешті аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы Р.Әбдікова мен облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Н.Әбжанов жүргізді.

Разия Өтегенқызы, Шалқар аудандық орталық кітапхананың қызметкері

973 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы