• Руханият
  • 09 Қаңтар, 2020

Ұлағат

Барижан Қастеевтің есімі өзі туып-өскен жер жаннаты Жаркент өңіріне ғана емес, Жетісу аймағына да жақсы таныс десек, артық болмас. Өйткені оның Алматы облысы, Панфилов ауданының білім саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Жаңашыл, іздемпаз басшы қай жерде қызмет атқарса да өзінің ұстаз, педагог деген атына лайық қызмет атқарып, өнеге көрсете білді. Перзентінің болашағын тай кезінен байқайтын қазақпыз ғой, Бәкеңнің де болашағын ауылдастары, оған білім берген ұстаздары, оның қасында тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрдастары да жақсы білетін едік. Барижан өзі жүрген ортада ұйымдастырушылық, төңірегіндегілерді алға жетелейтін көшбасшылық қасиетімен ерекшеленіп тұратын. Елдің сол сенімі ақталып, кейін еліне ­танымал, туған жеріне ту тіккен абзал азамат болды. Өте жігерлі, қайсар еді. Ұмытпасам, 1945 жылдың 7 қарашасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің құрметіне «Октябрь» (қазіргі Панфилов) ауданында жиырма бес шақырымдық ат бәйгесі болды. Оған әр шаруашылық өздерінің бәйге аттарын қосып, бақ сынады. Бұл бәйгеге біздің «Еңбекші» колхозы екі ат қосқан болатын. Бәйгеде екеуі де озып келді. Сол бәйгеде мәреге бірінші жетіп, қанжығасына бас жүлде байлаған «Найзагер» деген аттың шабандозы сегіз жасар Нұрғожа болса, екінші жүлдені иеленген «Болатбек қаракердің» шабандозы, сол жылы жеті жасқа толуына бір ай ғана қалған осы Барижан еді. Екеуі де 1-класс оқушылары. Екі досымның ерлігіне қуана қарап тұрған мен едім.

Тағдыр үшеуімізді мектеп есігін ашпай тұрған балғын балалық шағымыздан дос етті. Бір үйдің баласындай бірге өстік. Оның басты себебі – тағдырластығымыз. Үшеуіміз де бір-бір үйдің жалғыз ұлдары, әке-шешеміздің үміті едік. Біз соғысқа кеткен балаларының соңында қалған жалғыздар едік. Біз бала болсақ та аналарымыздың зарын, олардың соғыста қыршын кеткен балаларына деген сағынышын жанымызбен сезіп өстік. Бесіктен беліміз шықпай жатып еңбектің дәмін таттық. Балалық шақтан өмірдің ащы да, тұщы да дәмін сезіндік. Жеті жыл бір сыныпта, төрт жыл биыл тоқсан жылдығын тойлаған республикаға танымал Жаркент педагогикалық училищесінде бірге оқыдық. Жастық шағымызды да бірге өткіздік. Бір туған бауырлардай бір-бірімізге қорған бола білдік. Сол балалық пен жастық шақтан көрген қиындығымыз кейін алдымыздан­ жақсылық болып шықты. Қазір қарап отырсақ, үшеуіміздің де өмірдегі ­жолымыз, отбасылық өміріміз, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарымыз жаман болмапты. Шүкір. Қазір әрқайсысының өз отбасы, бала-шағасы, немерелері бар. Балаларымыз, олардың балалары бір-бірімен араласып, әкелер достығын жалғап келеді. Мен мұны өзіміздің достығымызбен ғана емес, адамгершілік қарым-қатынастарымыз арқылы да балаларымызға үлгі бола білудің нәтижесі деп бағалаймын. Қазақстанның білім беру ісінің үздігі, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Барижан Қастеев1938 жылы 11 желтоқсанда туған. 1961 жылы КазПИ-дің тарих-тіл-әдебиет факультетін бітіріп, еңбек жолын Қоңырөлең орта мектебінде мұғалім болып бастады. Жас ұстаз өзінің ұстаздық қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарап, шәкірттеріне ­сапалы білім беруді мақсат етті. Қазақ тілі мен әдебиетінен берген алғашқы білім сапасы нәтижелі болып, 1961-1962 оқу жылында мектеп бітіруші 22 баланың аттестаттық шығармадан 10-ы үздік, 8-і жақсы баға алды. Бұл аудан бойынша ең жоғары көрсеткіш еді. Бір жылдың ішінде-ақ еңбексүйгіштігімен, білімділігімен танылып, 1963 жылы Қоңырөлең орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, алты жылдан соң мектеп директоры болып тағайындалып, осы қызметті үзбей он бес жыл атқарды. Осы кезеңде Қоңырөлең орта мектебі сапалы білім, тәлімді тәрбиелік жұмыстарымен ­аудан мектептеріне үлгі болды. Барижанның бұл еңбегі еш кеткен жоқ, аудан басшылары ауыл мектебін өрге сүйреген іскер басшының бағын енді аудан көлемінде сынап көргісі келіп, оны 1977 жылы аудандық Білім бөлімінің басшысы етіп тағайындады. Ауданның Бас мұғалімі деген жауапты міндет оны бұрынғыдан да ширықтырып, ол білім мен тәрбие саласындағы жаңа ізденістерге, педагог мамандардың кәсіби біліктіліктері мен шығармашылықтарына айрықша көңіл бөлді. Арада көп уақыт өтпей-ақ Панфилов аудандық Білім бөлімі облыс ­бойынша білім сапасы жағынан алдыңғылар қатарынан танылды. Біздің аудан тарихында оқу бөлімін он жылдан астам уақыт басқарған екі-ақ азамат болған екен. Оның бірі – Құсан Бектенов, екіншісі – Барижан Қастеев. Он жыл санауға оңай болғанмен, еңбек өтілі ­бойынша есептесек, аз уақыт емес. Бір жылдары педагогикалық журнал­дар­дың бірінде Польша мектептеріндегі мектеп жанындағы спорт алаңдарын жабдықтауға қажетті инвентарлардың суреті басылып, қалай жасау керектігі жөнінде сызбасы жарияланыпты. Аудан оқушыларына дене шынықтыру саба­ғын жаңа әдістеме бойынша өткізуді ойлап жүрген Барижанның польша­лық әріптестерінің тәжірибесіне қызығу­шылығы артып, оны аудан басшыларына көрсетіп, осы тәжірибені жүзеге асыру қажеттілігін жеткізеді. Аудан басшылары­ бұл жаңашылдықты қолдап, колхоз, совхоз,мекеме басшыларының көмегі арқасында ауданның барлық мектептерінің спорт залдары мен спорт алаңдарын дене шынықтыру пәніне қажетті жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, балалардың дене шынықтыру пәніне деген ықыластарын арттырады. Барижанның іздемпаздығының арқасында қолданысқа енген бұл тәжірибенің игілігін оқушылар қазірге дейін көріп отыр. Барижанның тағы бір айрықша көңіл бөлген мәселесі оқушыларды сабақтан тыс бос уақытын тиімді пайдалануға дағдыландыру болатын. Осы мақсатта аудан мектептерінде көркемөнерпаздар үйірмесін, спорттық үйірмелер мен қолөнер шеберлері, пәндік үйірмелерді құру жұмыстарын қолға алды. Осы иігілікті бастаманың нәтижесінде мектептердегі көркемөнерпаздар, спорт, т.б. үйірмелер жұмысы қызу жүріп, олар ауданнан асып облыс, республикаға танымал­ болды. Атап айтқанда, бастауыш ­сынып оқушыларынан құралған өнерпаз оқушылар Мәскеуде «Веселые Нотки»­ бағдарламасында өнер көрсетіп, жүлдегер атанды. Аудан оқушыларының өнерлері республикалық телевидениеден бірнеше рет көрсетілді. Мектептерде жаңа үрдістерді қолдану бағытында атқарған жұмыстары да айтарлықтай. Соның бірі лингофон кабинеттерін ашу болатын. Оны ашу үшін Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласына марқұм Ақан Төлендиев бастаған 3 директорды жіберіп, арнайы оқу-тәжірибеден өткізіп, лингофон аппараттарын алғызды. Нәтижесінде аудандағы 10 мектепте облыста бірінші болып лингофон кабинеттері жұмыс істеді. Бәкең өте жаңашыл еді. Бір жерден жаңа бас­таманы көрсе, оқыса, қызыға қолдап, оны мектепке дейінгі тәрбие мекеме­лері мен мектептерге енгізуге ­барынша жанын салатын. Еңбек жолын ауылдағы мектепте мұғалім болып бастаған Барижанның мұғалімдерге деген қамқорлығы да ерекше еді. Кәсіподақ ұйымымен тікелей жұмыс істей отырып, мұғалімдердің демалысына, олардың денсаулығын жақсарту ісіне айрықша қамқорлық жасай білді. Жазғы демалыстарда жайлауға киіз үйлер тіккізіп, 4 кезең: әр кезеңде 20-30 мұғалім үшін 10 күндік тынығу, сауығу орындарын ұйымдастыруы сол қамқорлығының бір көрнісі деуімізге әбден болады. Жаңашыл, білімді, еңбексүйгіш мұғалімдерді қолдап, марапаттап, олардың мәртебесін арттырып, кәсіптік дәрежесін көтеріп отыратын. Жаңа ашылған Шоқан Уәлиханов мектебіне директор болып келгенде, ұжым мүшелері негізінен жас кадрлардан құралған еді. Көбі пәтер жалдап жүрген болатын. Үйі жоқтың күйі болмайтынын жақсы білетін Барижан Қастеев тұратын жерлері жоқ жас мамандарға, жаңадан отбасын құрғандарға бұрынғы ГПТУ жатақханасынан бөлмелер беріп, оған тұрмысқа лайық пешін салып, суын кіргізіп беруге тікелей көмектескенін осы жатақханада тұрып, бүгінде үлкен шаңырақ иесі атанған ұстаздар Барижан­ Қастеевтен көрген шарапаттарын қазіргі күнге дейін «нағыз мұғалімдердің қамқоршысы, ұстаздардың ұстазы болған азамат еді» деп құрметпен еске алып, ­айтып отырады. Иә, айта берсек Бәкеңнің адамдарға жасаған қамқорлығы мен жақсылығы жетерлік. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген сөзге сүйенсек, елге танымал тұлға болып қалыптасқан шәкірттері де көптеп саналады. Олардың қатарында ғалым да, ұстаз да, заңгерде, жазушы, журналистерде бар. Барижан Қастеев директор болған бір мектептен екі аудан әкімінің шығуының өзі тегін болмаса керек. Олар – аудан әкімі болған Ермек Келемсейіт пен Бекдәулет Абдуллаев. Мұны ұстаздың шәкірттерінің санасына елге тұлға болу қағидасын да сіңіре білгендігінің жарқын мысалы деп бағалауымызға болады. Халықтан өткен әділ сыншы жоқ, сол әділ жұрты Барижан Қастеевтің ауданның білім саласына, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында атқарған қызметі мен жанкешті еңбегіне лайықты бағасын да берді. Бәкеңнің бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайлануы, туған елінің ең үлкен марапаты «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» атануы мен «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР Оқу министрлігінің Грамоталарымен марапатталып, «Білім беру ісінің үздігі» атануы соның дәлелі бола алады. «Ғалымның өзі өлсе де сөзі өлмейді» демекші, өзі кеткенмен оның соңында ауданымыздағы білім саласына сіңірген еңбегінің ізі өшкен емес, ол азаматтығымен де танылған үлкен жүректі азамат. Осындай азаматтарды елдің есінде мәңгі қалдырып, келер ұрпаққа үлгі ету біздің азаматтық парызымыз деп білемін. Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған еліне еңбегі сіңген, туған жеріне қамқор бола білген азаматтарды келер ұрпаққа үлгі етуді, оларды дәріптеу керектігін айтқаны белгілі, олай болса, Барижан Қастеев сол туған елі дәріптеуге, құрметтеуге, жас ұрпаққа үлгі етуге лайықты тұлғаларымыздың бірі. Қазір осындай тұлғалардың есімдерін мәңгі ел есінде қалдыру үшін көшелергеатын беріп, қызмет еткен, тұрған үйлерінің қабырғасына ескерткіш тақта орнату жұмыстары қолға алынуда. Біз де Барижан Қастеевті есте қалдыру үшін осындай игі шараны қолға алсақ, артық болмас. Қазіргі уақытта Жаркент қаласының өрісі кеңіп, жаңа көшелер пайда болды. Аты қойылмаған мектептер бар. Сол көшелердің немесе мектептердің біріне ел азаматы Барижан Қастеевтің есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді және бұл ұсынысымды аудан жұрты қолдайды деген ойдамын.

Әділхан БОЛАТБЕКОВ

ЖАРКЕНТ

913 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы