• Мәдениет
  • 09 Қаңтар, 2020

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ

Алматы қаласындағы «Достық үйінде» М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Дала фольклоры мен музыкасының мың  жылы» жобасы бойынша дайындалған «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының алғашқы 5 томын, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығының 1 томын, ­сондай-ақ­ «Ежелгі дәуір әдебиетінің» бестомдығының алғашқы томын көпшілікке ­таныстырды. Жиынға  шетелдік және отандық ғалымдар, ЖОО оқытушылары, әдебиетші және өнертанушы ғалымдар мен орындаушылар қатысты. 

Іс-шараны институт басшысы К.Матыжанов 2019 жылда атқарылған жұмыстардың есебімен бастады. Директордың айтуынша, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында он бөлім бар және 104 ­маман қызмет етеді. 2019 жылы мекеме 4 гранттық жоба және үш мемлекеттік тапсырыс бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ ­институт бастамасымен кезінде академик Рахманқұл Бердібаев басқарып жүргізген «Халық университетінің» дәрістері қайта жалғасты. Бұл дәрістер тарих, әдебиет пен өнер, мәдениет пен руханияттың өзекті мәселелерін көтеруімен құнды. Бұдан кейін институт басшысы­ ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасына тоқталды. Оның ішінде «Дала фольклорының антологиясы» атты он томдық қазақ фольклорының ең таңдаулы інжу-маржандарын қамтиды. «Алғашқы 5 жинақты баспаға дайындау барысында Институттың қолжазба қорында сақталған ұлттық эпостың таңдаулы үлгілері бір жүйеге түсірілді. Табылған нұсқалардың сюжеттік, құрылымдық айырмашылықтары мен ұқсастықтары бойынша салыстырмалы талдау жүргізіліп, текстологиялық зерттеулерден кейінгі таңдаулы нұсқалары іріктеліп алынды. Антологияның бірінші томында көне эпос пен батырлар жыры, екінші томында «Қырымның қырық батыры» жырлар топтамасы, үшінші ­томында тарихи жырлар, төртінші ­томында ғашықтық жырлар, бесінші томында дастандар қамтылған» деді өз сөзінде К.Матыжанов. Жобаның ең басты ерекшелігі, жинақ­тардың барлығы заманауи форматта шығып отыр. Фольклорлық мұрамыздың аудионұсқалары бірге берілген. Аудиожазба мен цифрландыру арнайы студияларда жүзеге асырылған. Бұл жұмысқа Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстаз-оқытушылары, еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі өнер мектептерінің жыршы-орындау­шылары тартылған. Антологияның кітап басылымы электронды құралдарға көшіріп алып пайдалануға қолайлы арнайы QR кодпен, CD дискпен жарыққа шықты. Сондай-ақ жинақтар арнайы ғылыми сөздікпен қамтылған. Кітаптардың таралымы – 10 мың дана. Институт басшысы бұл жинақтардың бүкіл республика кітапханаларына берілетінін жеткізді. Институтта 2019 жылы мемле­кеттік тапсырыс аясында жүзеге асы­рылған «Ұлы даланың көне ­сарындары» жобасының жетекшісі Айнұр Қазтуғанова бұл антологияға музыкалық фольклор мен дәстүрлі ән өнерінің таңдаулы үлгілері енгізілгенін ­баяндады. Томды баспаға дайындауға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлерімен қатар, фольклортанушы филологтар, Рамазан­ Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіман, Ұлжан Байбосынова сынды дәстүрлі әншілер қатысқан. Сондай-ақ баяндамашы жинақтың құрылымына тоқталды. «Музыкалық фольклор» бөліміне ежелгі наным-сенімдерге қатысты «Бақсы сарындары»,­ «Жар-жар», «Сыңсу», ­«Беташар», «Жоқтау», «Жұбату», ­«Дауыс», «Көңіл айту», «Көрісу» үлгілері енгізілген. ­Сондай-ақ жинаққа 2012-2014 жылғы ғылыми экспедиция барысында Қытай және Моңғолия елдерін мекендеп жатқан қазақ диаспорасынан жазылып алынған тұрмыстық әндерге жататын балалар фольклорының «Бесік жыры», «Тұсау кесу жыры», «Жұмбақ өлең» нұсқалары, «Төйгелеу», «Шөрелеу» сынды кәсіптік өлең-жыр үлгілерінің сарындары енгізілген. «Дәстүрлі ән өнері» бөліміне Арқа, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Сыр өңірі және Батыс Қазақстан аймақтық дәстүрлі мектептері бойын­ша халық әндері мен кәсіби әнші-композиторлардың туындылары топтастырылған. Бұл әндердің сақталуы мен насихатталуына үлес қосқан 140-тан аса әншілердің репертуары сараланып, аға буыннан бастап, сахнаға енді қадам басып келе жатқан жас орындаушылар туралы ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылды. Таңдамалы 335 әннің ноталық жазбасы тұңғыш рет аудио нұсқасымен қоса, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі ғылыми-танымдық түсініктемесімен бірге жария­ланды» деді өнертану ғылымының кандидаты А.Қазтуғанова. Айта кетерлігі, антологияға енген қазақтың балалар фольклоры үлгілері алғаш рет жарық көріп отыр. Олардың аудионұсқаларын А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің оқушылары орындаған. «Ежелгі дәуір әдебиетінің ­антологиясы» жобасының жетекшісі, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Төрәлі Қыдыр бірінші томда сақ-ғұн заманындағы және Түркі қағанаты тұсындағы көне жәдігерлер, сонымен бірге ІХ-Х ғасырлардағы шығармалар берілгенін айтты. «Атап айтқанда, «Авеста», «Алтын жарық», «Абыздардың құлшылығы», «Майтри симит ном бітіг», сондай-ақ аса құнды әдеби жәдігерлерді томға дайындау ­барысында Күлтегін, Білге қаған туралы­ жырлар мен осы дәуірде жазылған «Бұғыты», «Онгин», «Тұй-ұқұқ», «Үккүлі (Күлі) шор» жазба ескерткіштерінің мәтіндері, Тоныкөк жырлары мен VІІІ ғасырдағы «Мойын шор», «Теркін-тариат», «Суджі» әдеби жәдігерлері және «Ырық бітік» түс көру мен түс жору көне жазба ескерткіштеріне тілдік, тарихи, этнографиялық талдау арқылы жаңаша мәтіннамалық тұжырымдар жасалды. Енисей өлкесінен табылған көне дәуір куәлары – VІІ-VІІІ ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштері – «Хемчик-чыргакы»,­ «Бай-булун», «Уюк-туран», «Чаа-холь», «Означенная» жазба жәдігерлері, ­Талас руна жазба ескерткіштері және Қазақстанда табылған «Есік жазуы», «Күлтөбе жазуы» жазба ескерткіштері, Ертіс жазба ескерткіштері, Жетісу жазба ескерткіштері, Әулиеата жазба­ ескерткіштері, Ақтөбе-Баласағұн ­жазулары, Сырдария жазба ескерткіші алғаш рет түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып берілді. Түркітілдес халықтарға ортақ көне жазба ескерткіштердің бірі – «Оғызнама» әдеби жәдігерінің түпнұсқаға жақын жасалған қазақша ғылыми аудармасы енгізілді. Көне түркі-соғды әрпімен жазылған манихейлік дұға – «Хуастуанифт» жазба ескерткіші түпнұсқадан қазақ тіліне аударылды» деді Т.Қыдыр. Бірнеше томды құрайтын серияның әр томы редакциялық алқаның кіріспе мақаласымен ашылып, соңында түсініктемелер берілген. Іс-шара барысында «Дала фольк­ло­рының антологиясы» жобасының алғашқы 5 томдығының, «Ұлы дала­ның көне сарындары», «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы» жинақтарының тұсаукесер рәсімі өтті. Жиын соңында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры К.Матыжанов Қазақстан фольклор­танушыларының, әдебиеттанушылары мен өнертанушыларының орталығын құруды ұсынды. «Қазіргі жаһандану үрдісі белең алған кезеңде халықтың ­рухани мұрасын жинап, жүйеге түсіретін, ­жария етіп, зерттеп жүрген мамандардың басын қосып, бағыт-бағдар беретін қоғамдық ұйым құрудың кезегі келді» деді ол. Кенжехан Ісләмжанұлының ұсынысы форум мүшелерінің толық қолдауына ие болып, бірауыздан қабылданды. Қауымдастықтың төрағасы болып ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов тағайындалды. «Мұрагер» қауымдастығы қоғамдық ғылымдар саласының түйінді мәселе­лерімен айналысатын болады.

Дина ИМАМБАЕВА

1413 рет

көрсетілді

86

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы