• Тарих
  • 09 Қаңтар, 2020

ҒАЛЫМНЫҢ ҚАСІРЕТІ

Сонау 1947 жылы, Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азиядағы тұңғыш тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты іргелі еңбегі жарық көрді. Онда Кенесары ханның басшылығымен болған азаттық қозғалысының тарихы егжей-тегжейлі баяндалған. Автор халық көсемінің жеке бас тұлғасына да объективті баға берді.  Бұл ретте Кенесарының ұлы Ахмет Кенесариннің «Кенесары және Садық» атты еңбегі де құнды дереккөз саналады.  Биыл, 2020 жылы, Бекмахановтың сол зерттеуінің жарық көргеніне 73 жыл болады. Ең бастысы, осы еңбекке дейін де, одан кейін де Қазақстанның тарих ғылымында Кенесары ханның сүйегінің тағдырына және осы қозғалыстың мән-мағынасына қатысты жаңа деректерге негізделген бірде-бір ғылыми зерттеу шыққан емес. Міне, сондықтан біз «Кенесары­ны өлтірушілер оның басын Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковқа берді ме және ол Эрмитажда сақталды ма?» деген сұрақтың шын ­жауабын Е.Бекмаханов пен Ахмет Кенесариннің еңбектеріндегі осы қайғылы уақиға туралы мәлі­меттерге мұқият талдау жасағанда ғана біле аламыз. Мен жазбамды екі бө­лікке бөліп қарастыруды жөн көрдім: ең әуелі – ұлы тарихшының бастан кешкен азабы, екінші бөлікте – Кенесары ханның өлімінің егжей-тегжейін зерттеуге тырыстым. 

Ермұхан Бекмаханов ғылымға ­ек­­пін­деп кірді: ресейлік жоғары оқу орнын, Мәскеудегі партия мектебін бі­тір­ген ол жауапты партиялық және академиялық қызметтерде отырды. Соғыс жылдары Алматыға көрнекті ғалым-тарихшылардың эвакуациялануы, оларды Бекмахановтың «қадағалауы», аралас-құралас болуы шынайы достыққа және «Қазақ КСР-нің тарихын» (1943 ж.) жазуда өзара ынтымақтастыққа ұласты. Ол 27 жасында кандидаттық, ал 30 ­жасында (1946 ж.) докторлық диссертациясын қорғады, бір жылдан соң монографиясын жариялады. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң «Қыр­ғиқабақ соғыс» басталды, ол идео­логиялық соғыстың күрт шиеленісуімен есте қалды. ВКП(б) ОК-нің «Татария,­ Башкирия, Белоруссия және Украина­ партия ұйымдарының саяси және идеологиялық жұмысы туралы», ­сондай-ақ­ «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы (1946 ж.) қаулылары елдегі ұлтшылдық пен космополитизмге қарсы кең көлемді науқанның басталуына әкеп соқты. Бұл, әрине, Қазақстанды да айналып өтпеді. Қазақстан Компартиясы­ Орталық комитетінің қаулыларында (1947 ж., қаңтар) ҚазКСР ҒА Әдебиет және тіл институтының жұмысындағы «өрескел саяси қателіктер» айыпталды. Әдебиетшілер Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев және басқалар қатаң сынға ұшы­рады. Жас тарихшы Е.Бекмаханов атал­мыш қаулының әсерімен белгілі ғалым, археолог, этнограф, фольклортанушы, тарихшы Ә.Марғұланды сойып салды, бірақ ол өзінің де көп ұзамай сын мен қуғын нысанына айналатынын білмеді. 1943 жылы жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» кітабындағы Кенесары қозғалысы туралы тарау Бекмахановқа тиесілі еді, оны ғылыми қауымдастық пен жалпы жұртшылық қазақ халқының тарихы мен оның мемлекеттілігі ­туралы алғашқы және сәтті зерттеу деп жылы қабылдады. Алайда ол да сын мен міннен тыс қалмады. 1947 жылдың ­наурызында, Қазақстан КП ОК пленумы­ өз қаулысында бұл кітапты ­«Ресейге қарсы ұлттық көтерілістер асыра дәріптеледі, орысқа қарсы» деп бағалады. ҚазКСР ҒА Тарих институтындағы кітап талқысы оны айыптауға арналды. 1947 жылдың екінші жартысынан бастап сын садағына Е.Бекмахановтың монографиясы ілікті. 1948 жылы ақпан айында КСРО ҒА Тарих институтында өткен пікірталас еліміздің көрнекті ғалымдары Бекмахановтың еңбегін бұрынғыша жоғары бағалайтынын көрсетті. Бірақ қаскөйлер (Айдарова, Шойынбаев және т.б.) тыншымады. Олар ҚазКСР ҒА ­Тарих институтында тағы бір пікірталастың өтуіне себепші болды (1948 ж., шілде). Пікірталас бес күнге созылды және тым шиеленісті ахуалда өтті: «шешендер» қарапайым этикалық және ғылыми нормалармен санаспай, кітап пен оның авторына қатты шүйлікті. Шойынбаев, Айдарова, Аманжолов, Ақынжанов, Шахматов, Сүлейменов, Толыбеков, Жизневский, Нұрқанов, Тұрсынбаев, Покровский кітап пен оның авторын ­айыптады. И.Будовниц, Х.Әділгереев, А.Нүсіпбеков, Б.Аспандияров, Е.Дильму­хамедов, А.Жиренчин, Т.Кұлтөлеев турасын айтты.­ Қатысушылардың көбі Т.Елеуовтың сөзіне таңғалды: ­Тарих институтының ғылыми хатшысы, парторг болып істейтін одан авторды әшкерелеуші сөз, партия ұстанымын қолдауды күткені анық. Алайда ол өзінің адал адам екенін көрсетті.

Пікірталас барысында қай­шылық туғызған негізгі сұ­рақтар мынадай еді: 1.Пат­шалық Ресейдің және Ортаазия­лық хандықтардың қазақ жеріне бір уақытта баса-көктеп кіруі қазақ халқының барлық тобының қарсылығын туғыза алды ма? 2.Халықтың осы он жылдық қарулы көтерілісін автор айтқандай ұлт-азаттық деп атауға бола ма? 3.Осы қозғалысты басқарған Кенесарының орталықтандырылған мемлекет құруы мүмкін бе? 4.Кенесары құрған монар­хиялық мемлекетті реакциялық деп атауға негіз бар ма? Бірінші сұрақ бойынша Толыбеков пен Аманжоловты және екінші сұрақ бойынша оларға қосылған Шойынбаевты қоспағанда, барлық сөйлеушілер кітап авторының пікірімен түбегейлі келісті. Үшінші және төртінші сұрақтар бойынша­ Елеуов автордың пікірін қолдап қана қоймай, оның пайдасына дәлелді дәйектер келтірді. Сыншыларға қатысты Елеуов: «Бекмаханов жолдастың құнды ғылыми еңбегін қаралауға тырысатын жолдастар оны ғана емес, ең алдымен Қазақстанның тарихын, оның ішінде Кенесары сұлтан бастаған 1837-1847 жылдардағы ең ірі ұлт-азаттық қозғалысының тарихын қаралауға тырысып отыр» деп қорытты. Қазақстан тарихының ең күрделі кезеңдерінің бірі туралы тақырыпқа арналған мұндай ауқымды еңбек мүлде кемшіліксіз болуы мүмкін еместігін айта келе, ол кейбір фольклорлық деректерге сыни көзқарастың кемшіндігін, Кенесарының қырғыз халқына қатысты саясаты мен іс-әрекетін жазуда біржақтылық бар екенін атап көрсетті. Кенесары Қоқан езгісіне қарсы бірлесіп күрес жүргізуді қырғыз халқына емес, өз билігін сақтау үшін Қоқан ханына арқа сүйеген және оған қызмет еткен манаптарға ұсынғанын, манаптар Кенесарыны қолдамағанын, Кенесарының шын мәнінде қырғыз халқының қолынан емес, манаптардың, Қоқан хандығы мен орыс билігінің бірлескен қолынан мерт болғанын жазады (Бекмаханов Е.. Собр. соч. в 7 т. Том 6. Стенограмма. Павлодар, 2005. Сс. 281-294). Пікірталас соңында Е.Бекмаханов өзі сөйлеп: «Іске қатысы жоқ жеке бас мүдделерін былай қоя тұрып, ең алдымен менің еңбегіме шынайы сын айтқан, кейбір кемшіліктерді көрсетіп берген жолдастарға алғыс айтқым келеді. Мен Құлтөлеев, Нүсіпбеков, Әділгереев, Медведев, Елеуов және басқа жолдастардың ескертпелерін ризашылықпен қабылдай­мын. Төрт бірдей пікірталастан кейін Кенесары көтерілісі қазақ халқының жаппай ұлт-азаттық көтерілісі екеніне еш күмән қалмады. Жолдастық сын мен ескертулер Қазақстан тарихының екінші басылымында ескерілетін болады»­ деді. Кенесарының Қырғызстандағы күресі туралы айта келе, автор өзінің Ұлы жүз қазақтары мен қырғыз халқының арасындағы қатынастарды жете білме­генін мойындайды, Т.Елеуовке ­Кене­са­ры­ның түпнұсқа хаты үшін алғыс айтады және оның ой-пікірлері назар аударуға тұратынын білдіреді. «Бұл хатта бағы­ныштылық туралы талаптар жоқ және басып алуға шақырмайды» (Сонда. 307-б.). Осылайша, «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» кітабы туралы пікірталас кінәлаумен емес, Кенесары көтерілісін жаппай ұлт-азаттық қозғалыс ретінде мойындаумен аяқталды. Оппоненттер көтеріліске реакциялық қозғалыс деп берген бағаларын өткізе алмады. ­Шынында да, партия басшылығы бар күшін салғанына қарамастан, олар діттегеніне неге жете алмады деген сұрақ туады. Бұның жауабы елдегі ­Сталин орнатқан саяси режимнің қатыгез, бейдемократиялық бола тұра, өзін социа­лизммен шендестіріп, ұлыдержавалық шовинизмді айыптаушы етіп көрсететініне келіп тіреледі. Бұл жөнінде «ВКП(б) тарихының қыс­қаша курсында» – партияның ­басты идеологиялық құралында былай делінеді: «Патшалық Ресей халықтардың түрмесі болды. Онда орыс емес ұлттар еш құқықсыз болды, қорлық пен жәбір-запа көрді. Патша үкіметі орыс тұрғындарға ұлттық облыстардағы жергілікті халық­тарға төменгі нәсіл ретінде қарауды үйретті, оларды ресми түрде «бұратаналар» деп атады, оларға өшпенділікпен қарады. Пат­шалық үкімет ұлттық мәдениеттің кез келген көрінісін тұншықтыруға ұм­тылды, күштеп «орыстандыру» саясатын жүр­гізді. Царизм орыс емес ұлттардың азап­таушысы,­ жендеті болды» (Сонда, 4-б.). Пікірталас, марксизм-ленинизмді жақтаушылар мен оның қарсыластарының арасында жүрмегенін ұмытпауымыз ­керек, барлығы да сол Маркс-Ленин ­теориясына, партия құжаттарына сүйенген өзара дау-дамай. Бекмахановтың оппоненттері интеллектуалдық, теориялық және ғылыми жағынан оның шаңына ілесе алмады, оның еңбегін елдің көрнекті тарихшылары бірауыздан мойындады. Демек, олар маркстік ұстаным тұрғысынан жазылған еңбекке қарсы өзге аргументтер келтіре алмады. Ал партиялық басшылыққа келетін болсақ, ол Кеңес халықтарының фашистерге қарсы Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісінен кейін 1937 жылғы сияқты ғалымды жайдан-жай «халық жауы», ал кітапты – «Кеңес өкі­метіне қарсы» деп айыптауға бата алмады. Сонымен пікірталас біткен сияқты еді. Олай емес екен. Келесі жылы екі томдық «Қазақ КСР-і тарихы» кітабының екінші басылымы жарыққа шықты: І-том төңкеріске дейінгі, ІІ-ТОМ Кеңестік кезеңге арналды. «Сыншылар» бұл ­басылымнан да (1-том) «буржуазиялық-ұлтшылдық бұрмалаушылық» тауып алды. 1950 жылдардың басында «Большевик» журналында Әзербайжан КП ОК бірінші хатшысы М.Багировтың мақаласы шықты, онда партия прогрессивтік деп таныған Солтүстік Кавказ халықтарының Шамиль бастаған қозғалысы реакциялық деп жарияланды. Бұл саяси бағаға Бекмахановтың кітабын қаралаушылар бір серпіліп қалды. 1950 жылдың 26 желтоқсанында «Правда» газеті Айдарова, Шойынбаев пен Якунин қол қойған «Қазақстан тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан баяндау» атты мақала жариялады. Мақала авторлары күллі бұрмалаушылықтар мен қателіктердің бастауы Б.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы деп, Кенесары қозға­лысының бағасы туралы мәселеге айқындық беруге, оны тарих ғылымының маркстік-лениндік «рухымен» шешуге шақырды. Партияның орталық органының тапсырыс мақаласында қандай «рух» туралы­ сөз болып отырғанын аңдау қиын емес. Қазақстан КП ОК басшылығы Бекмахановтың «Правдадағы» сынды мойындап, тәубеге келуіне ықпал етуге тырысты. Алайда ғалым өз шындығынан бас тартпады, өзіне тән аңғырттықпен әділеттілікке сенді. Бірақ оның саяси жазасын берген жиын қоғамдық-саяси талқылаумен бүркемеленді. Сөйтіп, ­тарих институтының жабық партия ­жи­налысында Бекмахановтың кітабын талқылау екі күнге созылды (1951 ж. ­наурыз). Талқылаудың қалай жүргенін зілді сөздерге қарап-ақ білуге болады: ұлт­шыл, ғалым емес, фальсификатор, т.с.с. Бұл кезде Шойынбаев жай оғын­дай жарқырап мансап биігіне зу етіп шыға келген еді: «Правдада» мақаласы жарияланғаннан кейін оны институттың сектор меңгерушісі, кейін директордың ғылым жөніндегі орынбасары етіп ­та­ғайындады. Жиналыс автордың партия­лығы туралы мәселе көтеріп, оны ғылыми дәрежелері мен атағынан айыру, кітапты қолданыстан шығару туралы шешім қабылдады (Бекмаханов Е. Шығармалар. Том 6. Стенограмма. Павлодар, 2005). Бұл «ұсыныстар» дереу іске асырылғанын айтудың да қажеті жоқ. Бекмаханов жұмыссыз қалды. Алматыдағы 11 ЖОО-ның, 20 техникум­ның, орта мектептің біреуі де оны жұмысқа алмады. Бес адамнан тұратын отбасы қуғынға ұшыраған ғалымның жас жұбайы Халима Адамбекқызының болмашы жалақысына қарап қалды. Жағдай моральдық қудалаумен одан сайын ушықты: дұшпандары табалады, достары теріс айналды, ғалымды қаралау үшін студенттердің, жұмысшылардың талай жиналысы өткізілді, аспиранттары ғылыми жетекшісінен бас тартты. Тек қана бір қазақ – Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әмір Қанапин тәуекелге барып, Бекмахановты­ шалғайдағы Нарынқол ауданының мектебіне жұмысқа орналастырды. 1952 жылы 5 қыркүйекте Бекмаханов­ тұтқындалды және желтоқсанның ­басында екі күнге созылған сот болды. Ғалымның тағдыры алдын ала шешіліп қойған-ды. Мемлекеттік айыптаушы тергеу кезінде Бекмахановтың саяси қателіктерін мойындағанын мәлімдеді. Куәгер болған Нұрқанов, Шойынбаев, Шахматов, Елеуов­ (?!) Бекмахановқа жала жапты. Тергеу кезінде Айдарова, Сүлей­менов, Толыбеков, бұған дейін 25 жыл түрмеге кесілген әдебиетші Е.Ысмайылов Бекмахановқа қарсы куәлік берді. Өзінің соңғы сөзінде Е.Бекмаханов соғыс жылдары Қазақстан КП ОК-нің қазақстандық жауынгерлерге үндеуінде Кенесары мен Наурызбай халық батырлары деп жарияланғанын, ал соғыстан кейін патриоттық қарқын желге ұшқанын айтты. Сөйтіп, Кенесары Қасымов аяқ астынан нағыз жауға айналды. «Міне, сондықтан мен бүгін саяси қылмыскер ретінде сотталушылар орындығында отырмын» деді ол. «Әлбетте, ғылыми тұрғыдан Кенесары Қасымов қозғалысына баға беруде мен асыра сілтедім, оны мойындаймын...». Бәрі бекер еді. Қазақ КСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясы 1952 жылы 4 желтоқсанда «Ермұхан Бекмахановты буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны­ насихаттағаны, орыс халқына қарсы күрескен бай-феодалдар мен реакцияшыл хан-сұлтандарды дәріптегені үшін 25 жыл еңбекпен түзеу лагеріне қамауға үкім шығарды. Үкім үзілді-кесілді, кассациялық тәртіппен шағымдануға жатпайды» (Медеу Сәрсеке. Бекмаханов. Москва-Астана. 2010. 343-355 бб.). Әділеттік үшін айтарымыз, «Правда­дағы» мақаладан кейін Бекмаханов­ өзінің монографиясы жайындағы ғылыми пікір­талас саяси реңк алғанын және іс насырға шапқанын сезгені анық. М.Сәрсекенің сөзінше, 1953 жылы Петропавловск түрмесінен Н.С.Хрущевке жазған өтінішінде ол былай дейді: «Мен 1951 жылы ақпанда ВКП(б) ОК-не және Қазақстан КП ОК-не хат жолдап, «Правда» мақаласын басынан аяғына дейін дұрыс деп ­санайтынымды және Кенесары Қасымов көтерілісін бағалауда антимарксистік қателік жібергенімді мойындаймын...» (Сонда, 304-б.). Сталин өлген соң, Н.С.Хрущевке тікелей шыққан академик А.М.Панкра­тованың үздіксіз күш-жігерінің арқасында ол қамаудан босатылды. Е.Б.Бекмахановқа қарсы тергеу ісі қысқартылды (КСРО ІІМ-нің 1954 ж. 16 ақпандағы қаулысы). Ол толығымен ақталса да, партиялығы қалпына келтірілмеді, ғылыми атақтары мен дәрежелерін қайтармады. Дұшпандары лас істерін тоқтатпады, ол жұмысқа орналаса алмады. Алайда Қазақстан КП ОК І-хатшысы, әйгілі Белоруссиядағы партизан қозғалысының жетекшісі П.К.Пономаренконың жеке нұсқауымен оны ҚазҰУ-дың аға оқы­тушысы етіп қабылдады. 1958 жылдың басында КСРО ҒА Тарих институтында екінші рет жаңа тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Оған профессор атағын қайтарады, партияға қайта қабылданады, өз кафедрасын қайта басқарады. 1962 жылы ҚазКСР ҒА мүше-корреспонденті болып сайланды, бірқатар кітаптар, оқулықтар шығарды, аспиранттарға жетекші болды.­ 1966 жылы Ермұхан Бекмаханұлы қатты сырқаттанады – қуғын-сүргін, лагерьдегі өмір мен жанкешті жұмыс текке кеткен жоқ. 1966 жылы 6 мамырда қазақ халқының көрнекті ұлдарының бірі Ермұхан Бекмахановтың жүрегі соғуын тоқтатты. Ол бар болғаны 50 жаста еді... Е.Б.Бекмаханов «ісі» бойынша шығарылған үкімнің қатыгездігі, ең алдымен, елдегі сталиндік диктаторлық режим орнатқан саяси ахуалға байланысты. Расында, 1940-50 жылдары КСРО-да ұлыдержавалық шовинизмді жаңғыртқысы келетін саяси ұстаным үстемдік алды. Кеңес билігінің бұл саясаты­ біздің еліміз үшін қайғылы 1930 жылдардан, сталинизмнің толық жеңісінен басталды. Тарих ғылымында бұл ­«Покровский мектебінен» байқалды, оның өкілдері Ресей тарихына революциялық ұстаным тұрғысынан қарап, оны «халықтар түрмесі» деді, самодержавиені, ресейлік мінез-құлық пен тәртіпті қатаң сынады, орыс емес халықтарды қорғады. Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейін Сталин бұл саясатты одан сайын­ күшейтті. Орыс патриотизмін саудаға сала отырып, ол «ұлы мәртебелі жұмысшы табының» тарихи миссиясынан бас тартты,­ бүкіл халықты өзінің саяси режимінің әлеуметтік тірегіне айналдыруға ұмтылды. Бұл кейіннен кеңестік тарихнамада «жеке басқа табыну режимі, командалық-әкімшілік жүйе» деп аталды. Осындай саясаттың нәтижесінде Ресейді мадақтау, орыс емес халықтардың рөлін төмендету ресми тарихнаманың ­басты белгісі ­болып қалды. Міне, сондықтан одақтас, ұлттық республикалардың тарихын ресейлік тарих тұрғысынан зерттеу, оның озық өркениеттік рөлін мойындау қажет болды.­ Тарихи зерттеулерде ұлттық белгісі бойынша­ жаңа иерархия жасалды,­ онда бірінші орынға міндетті түрде орыс адамының тұл­ғасы шығарылды. Батырлық, ерлік, тектілік тек орыс адамына­ тән қасиет саналды. Ғалымға қатысты қатыгездік, біздіңше, Кенесары көтерілісінің ұлт-азаттық сипатын көрсетумен бірге, көтеріліс көсемін, яғни басқа ұлттың көшбасшысын дәріп­теуге, бұқара халықты жаншылған, жасық құлдар ретінде емес, ар-намысы биік, батыл және қайсар жауынгерлер ретінде көрсеткеніне де байланысты екені анық. Айта кетерлігі, революцияға дейінгі ресейлік тарихнамада қазақ халқының тарихына қатысты А.Левшиннің қазақтар «жауынгер емес, тек қаруланған малшылар» дегені секілді нәсілшіл-шовинистік көзқарас үстемдік құрғаны рас. Ал «Орыс түркологиясының атасы» В.В.Радлов қазақтардың жауынгерлік рухы жоғары екенін айтып, Левшиннің көзқарасына қарсы шықты. Ермұхан Бекмаханұлы өз халқына тән ұлы рухтың иесі еді. Егер оның жаны біздің қазіргі «пендешілік» жан-сымағымыз сияқты болса, басына түскен бүкіл бәледен, әсіресе, саяси айыптар мен қуғын-сүргіннен аулақ болар еді. Бірақ Бекмаханов ондай адам болған жоқ! Нағыз ғалым болған ол өзі үшін емес, шынайы тарих үшін күресті. Партиялық басшылық автордан ­жария түрде өзінің ғылыми идеялары мен тұжырымдарынан бас тартуды талап етті. Бекмаханов бұған келіспеді, сөйтіп оның ғалымдық өр намысы мен адами қадір-қасиеті қатаң үкімнің шығарылуына себеп болды. Тарихтың мақсаты да, мәні де ақи­қатты, шындықты іздеу ғой. Міне, сон­дықтан тарихшының қолы да, ойы да таза болуы қажет. Қай заманда да билік басындағылар тарихшыларды «қолға үйретуге», бағындыруға, сатып алуға, олардан өздерінің апологеттерін жасауға ұмтылды. Өкінішке қарай, көбінесе солай болды, болып та жатыр... Ғалымның адами келбеті туралы бірер сөз. Мен Ермұхан Бекмаханұлын көргенім үшін өзімді бақытты санаймын, оның дәрістерін тыңдадым, факультеттегі іс-шараларда бірге болдым. Оның тікелей шәкірті болдым дей алмаймын, себебі мамандану басталатын ІІ-курста мен жалпы тарих кафедрасын таңдадым және менің ұстаздарым ерлі-зайыпты доценттер Я.Д.Серовайский мен Л.С.Фришман – МГУ түлектері, сонда кандидаттық диссертацияларын қорғаған тарихшылар. Атақты қазақ тарихшысының есімі маған туған жерім – Ресейдің Астрахань облысында жүргеннен таныс. 1958 жылы Алматыға С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ге оқуға түсуге келгенімде тарихтан емтиханды Бекмаханов пен Серовайский қабылдады. Емтиханды кімнің қабылдайтынын білген соң, ол кісінің көңілінен шығу үшін білгенімді аямадым. Мен сонда өзімді әйгілі ақын Державинге емтихан тапсырып тұрған жас Пушкин сияқты елестеттім, өзім соншалық жас та емес едім. 22 жастағы толысқан жігітпін, педучилище бітіргенмін, әскерде, тіпті бір жыл бастауыш мектеп мұғалімі де болғанмын. Оқуға түсу емтиханына тыңғылықты дайындалдым. Оған қоса ол кезде мемлекет әскерден келгендер мен еңбек өтілі барларға жеңілдік жасайтын. Барлығы 20 баллдың 19-на ие болған мен алғашқы бестікке енгеніме сенімді болып, оқуға түскенім туралы хабарды күтіп отырдым. Алайда біріншіде де, екінші, тіпті үшінші бестікте де менің аты-жөнім аталмады. Тек он жетінші болып аталдым. Сонда мен өмірде әділетсіздікті жүрегіне жақын қабылдайтын адамды бірінші рет көрдім: Ермұхан Бекмаханұлы хатшы әйелге ашулана: «Ермұхановтың құжаттарын неге кеш бересіз, ол алғашқылардың бірі ­болып қабылдануы керек» деді. Мен сөйтіп оның әділдігіне тәнті болған едім. Бес жыл оқу кезінде оның тектілігіне де көзім жетті. Бұл оның туабітті қасиеті және әділетсіздік атаулымен, пендешілікпен жаны қас екенін қазір түсінемін». Мен Ерекеңе арналған «Божьей ­милостью историк» деген мақаламда осылай жаздым. Айта кетерім, бұл сөздерді белгілі жазушы Медеу Сәрсеке өз кітабында толық келтірді (Бекмаханов. ЖЗЛ. Москва-Астана. 2010. С. 527-528). Е.Бекмахановтың 100 жылдығына орай «Триумф и трагедия ученого» деген мақала жарияладым («Саяси-Қалам»-«Трибуна», 2014, №19, 20, 21; 2915, №1, 2.). Оны қысқартылған түрде «Сотворение «священных коров» казахстанской историографии» деген атаумен «Қазақ халқының шығу тегі және оның мемлекеттілігі мәселесі» деген кітабыма кіргіздім (Алматы, 2008).

Бейімбет ЕРМҰХАНОВ, тарих ғылымының докторы

3565 рет

көрсетілді

79

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы