• Мәдениет
  • 09 Қаңтар, 2020

ӘУЛИЕАТАДАҒЫ ДҮБІРЛІ ТОЙ

Тараз қаласында Жамбыл облысының 80 жылдық тойы кең көлемде атап өтілді. Мерейтой аясында бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Алдымен қазақтан шыққан тұңғыш режиссер, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асқар Тоқпановтың, Халық композиторы, әнші-композитор ­Кенен Әзірбаевтың ескерткіштері ашылды. Өңірден шыққан әнші-композиторлар құрметіне «Әуендер әлемі» алаңы, әйгілі спортшылардың құрметіне «Даңқты споршылар алаңы» ел игілігіне берілді.

Бұдан бөлек «Тектұрмас» этнотарихи­ кешенінде Әулиеата бабаның еңселі ескерткіші бой көтеріп, сол кездегі бірнеше қарахандардың бейнесі де жасалды. Ал «Көне Тараз» этномәдени орталығы қаланың нағыз жүрегіне, халықтың қыдыратын, тынығатын, рухани күш алатын ғажап мекеніне айналды. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көркін кіргізген тағы бір нысан – «Сағат» стеласы. Ол алаңның орта тұсында орналасқан. Стеланың биіктігі – 40 метр, сағаттың диаметрі – 4 метр. Еліміз бойынша мұндай үлкен сағат алғаш рет біздің облыста ғана бой көтеріп отыр. Кешендегі жаңа құрылыстың бірі – «Арбат-2» жаяу жүргіншілер алаңы екенін айта кетейік. Бұл тұрғындар үшін тынығуға арналған таптырмас орын. Арбатта сегіз бұрышты төрт су бұрқағы орналасқан. Ыстықта жанға сая болар шатырлы орындықтар қойылған. Көне Тараздың қазба жұмыстарын жүргізу барысында табылған жәдігерлердің макеттері де жолаушыларға көп жайттан ­хабар беретіні анық. Арбат «МАРТ» ойын-сауық орталығынан ­басталып, Сейілхан Аққозиев көшесіне дейінгі аралықты алып ­жатыр. Бір атап өтерлігі, бұған дейін облыс орталығында жаяу жүргіншілерге арналған мұндай Арбат болған емес. «Көне Тараз» этномәдени кеше­ніндегі құнды құрылыстың бірі – көркемсурет галереясы. Бұл ­ғи­марат екі қабаттан тұрады. Бірінші қабаттағы үлкен залда ҚР Суретшілер одағы мүшелерінің «Қазақстан бейнелеу өнері» атты көрмесі орналасқан. Мұнда 39 суретшінің 117 картинасы қойылған. Көркемсурет галереясының кіші залы неміс суретшісі Лянид Брюммердің құрметіне арналған. Л.Брюммер бүкіл туындыларын ­Тараз қаласына арнаған екен. Оның өз қолымен салған 1200 картинасы кіші залға қойылыпты. Ал галереяның екінші қабатында «Art.Vicasso» ­балалар студиясының көркемсурет үйірмесі болашақ суретшілерді ­дайындайтын болады. Бұл кешендегі құндылықтың бірі – қолөнер шеберлерінің көрмесі. Мұнда күмістен соғылған асыл бұйымдар мен ақық тастан әспеттелген әшекей бұйымдар көркемдігімен ерекшеленсе, кемер белдік, саптама етік, түлкі тымақ, түлкі ішіктерді көргенде хас батыр бабаларымыз еріксіз ойға оралады. Күбі мен торсық ауылдағы күбі піскен қазақы қалпымызды көз алдымызға әкеледі. Мұнда барлық заттан ұлттық сипат сезіліп, қазақылықтың иісі аңқиды. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану»­ орталығы ғимаратының жалпы аумағы 2335,14 шаршы метрді құрайды. ­Дарабоз қаламгер атындағы орталық өңір ­тарихын, ­рухани мұраларын көпшілікке ­таныту үшін де таптырмайтын ғимарат ­саналып отыр. Орталық халық ауыз әдебиеті, әдеби шығармаларды зерттеу бөлімі және «Шерхантану», «Салт-дәстүр», «Дәстүрлі музыка», «Тарихтану», «Өлкетану» бөлмелері сынды құрылымдардан тұрады. Міне, «Көне Тараз» этномәдени кешенінде осындай ғажайып құры­лыстар жүзеге асып, тұрғындарды шексіз қуанышқа бөлеп отыр. 80 жылдық тойдың қорытынды жиналысы «Көне Тараз» этномәдени орталығы көрме залында өтті. Оған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты. Мұнда облыстың 80 жылдығына орай дайындалған 80 томдық кітаптың тұсауы кесілді. Бұл кітаптың сапалы,­ мазмұнды шығуына алматылық ғалым жерлестеріміз Талас Омарбеков, Жанғара Дәдебаев ерекше атсалысқан екен. Тараздық ғалымдар Сәмен Құлбарақ, кеше ғана өмірден озған ­жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің еңбегін ерекше атағанымыз абзал. Осы жиынға Тұңғышбай Жаманқұлов, Алтынбек Қоразбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымов, Маралтай Райымбекұлы, Жұбаныш Жексенұлы, Бағдат Сәмединова секілді өңірімізден шыққан белгілі тұлғалар қатысты. Ол азаматтардың барлығына облыс әкімі Асқар ­Мырзахметов «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін өз қолымен тапсырды.

Есет ДОСАЛЫ Жамбыл облысы

862 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы