• Руханият
  • 16 Қаңтар, 2020

ӨМІРЗАҚ АЙТБАЙҰЛЫ

Қазақтың руханияты, тіл саласы ауыр қазаға душар болды. Белгілі ғалым, филология­ ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы 84 жасқа қараған шағында өмірден озды. Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Түркістан облысы, Отырар­ ауданының Балтакөл ауылында дүниеге келді. ҚазМУ-дың филология факультетін бітірді. Еңбек жолын республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде бастағанымен, бұдан былайғы өмір жолы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында өтті. Аталған ғылыми мекемеде алпыс жылға жуық қызмет атқарды. Ардақты азамат бүкіл ғұмырын тіл білімі саласына арнады. ­Мазмұн­ды,­ мағыналы көптеген еңбектер өмірге келді. Олар – «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс», «Қазақ терминологиясының мәселелері», «Терминдер және олардың аудармалары», «Қазақ сөзі», «Қазақ тіл білімінің мәселелері» және т.б. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып, оның жұмысын жолға қоюда да ерекше еңбек сіңірді. Ғалымның қажырлы еңбегі лайықты бағаланып келді. Жемісті қызметі үшін ­«Парасат», «Құрмет» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Сан қырлы азамат ғылым мен өнерді қатар алып жүрді. Халық ком­позиторларының әндерін нақы­шына келтіре орындайтын. Сазгерлігімен де жұртшылыққа таныла білді. Үлкен парасат иесі, туған еліне қадірлі болған қайраткер тұлғаның есімі ешқашан да ұмытылмайды.

«Қазақ газеттері» ЖШС және Серіктестікке қарасты басылымдардың еңбек ұжымдары

ЕЛДІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ КӨТЕРІП ЖҮРДІ

Соңғы жылда қазақ ғылымы өте ауыр жағдайларға душар болды. Біздің арамыздан белді ғалымдар, үлкен тұлғалар, қоғам қайраткерлері кетті. Солардың бірі де бірегейі Өмірзақ Айтбайұлы... Бұл ауыр қаза ғылым үшін, мәдениетіміз үшін, тіліміз үшін орны толмас өте ауыр салмақ. Өмекеңнің көтерген жүгі тек қана ғылыммен шектелмейді. Ол Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын ең қиын кезеңде қолға алды. Қаржы тапшы болған кезде, мемлекеттік саясат негізінен экономикалық, әлеуметтік салаларға назар аударылған кездерде тілімізді сақтап қалған, мемлекеттік тіліміздің абыройын төмендетпеуге бүкіл күш-жігерін жұмсаған азамат. Сол кездерде тіл ғылымы да, жалпы тіл, тарих, әдебиет өте қиын жағдайда болған. Ол кезде қаржыландыру тұрақты түрде болмады, тек бір жылдық қана тапсырмалар болатын, көптеген көкейкесті тақырыптар, салалар қаржыландырылмады. Мысалы, мемлекеттік тілді дамыту бағытына ұлттық технологияны зерттеуге бірде-бір қаржы бөлінбеді. Бірақ, соған қарамастан, Өмекең өз бөлімін таратқан жоқ. Тіпті кейбір жылдары ғалымға 20-30 мың ғана теңге төленген жылдар да болған. Өзінің ұйымдастырушылық талантының арқасында сол бөлімдегі қызметкерлерге өзі қамқоршы болып, әкімдіктерден, жеке ірі-ірі мекемелерден, бір рет тіпті Италиядағы үлкен бір кәсіпорыннан тапсырыс ұйымдастырғаны бар. Тіпті Тіл білімі институтын не Абай университетіне, не әл-Фараби университетіне қосу, не Тіл-Әдебиет институттарын біріктіріп жіберу туралы ­жобалар ресми­ түрде жоғары жақта талқыланған кезде Өмекеңнің даусы шешуші болып еді. Өмекең құрған терминологиялық бөлім және терминологиялық орталық соңғы жылдарда көптеген жұмыстарды қолға алды. Ауыз толтырып мемлекеттік тілді дамыту деп айтып жүрміз. Ал мемлекеттік тілді ­дамыту деген сөз, бұл ұлттық терминологияны қалыптастыру ­деген сөзбен ­барабар. Өйткені қарапайым қазақ тілінен мемлекеттік тілдің айырмашылығы, бұл – терминдерді пайдалану, әр өндіріс бағыты, әр ғылымның саласы бойынша жұмыс істегенде міндетті түрде кәсіби сөздерді пайдалану керек. Олардың бәрі термин, терминология. Олардың саны өте көп. Бұл бүкіл ел болып көтеретін үлкен жұмыс. Осы бағытта қазір көптеген бағдарламалар, жоспарлар құрылуда. Осының бәрі сол Өмірзақ ағамыздың жылдар бойы көтеріп жүрген мәселелері, солардың арқасында қазір ақырын-ақырын сең қозғалды деп айтуға болады. Өмекеңнің бір ерекшелігі, ол ұлттық деңгейдегі, елдік мәселелерді көтеріп жүрді. Халқымыздың жағдайын, тіліміздің тағдырын ойлап, осы бағытта әрекеттенді. Тағы бір ерекшелігі, қиын жағдайларға қарамастан, кітаптарын да шығарды. Өмекеңнің тағы да бір ерекшелігі, ол өнерге де, ән-күйге де жақын жан еді. Домбырасын тастамай жүретін. Өмекеңнің үйіне атақты әншілер келіп, тіпті ақыл-кеңес сұрап тұрған жағдайларды талай кездестіргенбіз. Ұлағатты ұстазымыз, үлкен тұлға, айтулы ғалым, қоғам қайраткері өмірден озды. Бұл қаза қабырғамызды қайыстырып кетті.

Ерден ҚАЖЫБЕК

БАС САРДАРЫМЫЗДЫ ЖОҒАЛТТЫҚ

Абыз ақсақал, ғұлама ғалым, жаны жайсаң ­азамат Өмірзақ ағамызбен таныс, жолдас, қызметтес болғанымызға да отыз жылдан асып кетіпті. Алматыда­ алғаш «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанда академик Әбдуәли Қайдаровты Қоғам президенті, ал академик Өмірзақ Айтбайұлын вице-президент лауазымына сайлаған едік. Қазақ тілі үшін күрес, ұлттық мәдениетті дамыту, салт-дәстүрді насихаттау, бір сөзбен айтқанда, «Қалай қазақ боламыз, қалай ұлт болып сақталып қаламыз, қай бағытта дамимыз?» деген сұрақтарға ­жауап іздеп, әлі де осы мақсатта тынбастан қоғамды алға сүйреп келе жатқан жайымыз бар. Біздің Қоғамымыз осы Әбекеңдей, Өмекеңдей басшы­ тұлғалардың арқасында ел ішінде өте беделді болды.­ Өзге қоғамдық ұйымдардан біздің Қоғамымыздың айрықша беделділігі неліктен дегенде,­ барша мәселені байыппен, парасатпен шешуінде дер едім. Қоғамның жергілікті жерлерде, әсіресе өзге ұлттары тұтаса отырған Шығыс және Солтүстік өңірлерде қаншама игілікті істер атқарғанын біреу білсе, біреу білмейді. Жұртшылық қоғамдағы оң өзгерістерді, тілдік ахуалдың оңалуын өзінен-өзі ­болып жатқандай көреді. Шын мәнінде, бұл өзгерістер Қоғамның шырылдаған сарбаздары мен оларға көшбасшы болған сардарларының ерен еңбегі екені ескеріле бермейді. Қаншама жылдардан бері біздің Бас Сардарымыз, ақылшымыз, көшбасшымыз Өмірзақ Айтбайұлы болатын. Сондықтан ол кісінің дүниеден озуы біз үшін үлкен қайғы, орны толмас өкініш. Сіздің ұлт үшін жасаған ұлы істеріңіз ұмытылмақ емес. Қош бол, Аға!

Орал Шәріпбаев, «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті

СЕМЕЙ

ЕМЕНДЕЙ ЕҢКЕЙМЕДІ...

Өмірзақ көкем бір атаның ұлы боп дүниеге келді де, бір Отанның азаматы боп дүниеден озды. Қазақтың дәстүрі қандай, әдет-ғұрпы қандай десек, соның бәрін тұла бойына тұндырып жинаған Өмекеңнің бойынан табылады. Баяғы өткен замандағы қазақтың сал-серілері қандай болған дегенде, біз осы көкемізді көрсететінбіз. Әнші десең – әнші, сері десең – сері, сал десең – сал. Мінез қандай еді... Ол ана тілінің туын жықпай, желбіретіп ұстаған күйі дүниеден өтті. Оның жұрты үшін, елі үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Бірақ «мен істеп жатыр едім, мен осындай мәселені тындырдым» деп ешқашан да айтқан емес. Оның мінезі сондай еді. Көкемнің кіндігі өзінің туып-өскен Отырарында бір тал көшет болып өсті, сол көшетті Алматыға, Ғылым ордасына әкеліп екті. Сол бір тал көшеттен тамырланып, қазақтың ұлтын сүйген, елін сүйген қаншама шәкірттер шықты. Олар бір көшеттен қара орманға айналды. Өмекең емендей сынбай кеткен адам. Бір бұтағы түсті, еңкеймеді. Екі бұтағы түсті, еңкеймеді. Тағы бір бұтақтары түсті, еңкеймеді. Ақырында өзі Алла Тағала маңдайына өлшеп берген дәм-тұзы таусылды­ ма, 84 жасқа келгенде жарық дүниемен қоштасып, сол емен еңкеймеген күйі кетті. Ол емен құлаған жоқ, оның ­тамыры қалды. Сол тамырдан қаншама көшеттер көктеп шығып, ары қарай жасай беретіні сөзсіз. Оның ұлылығы қазақтың тілінің ұшында емес, жүрегінің ішінде қалды. Міне, жүректің ішіндегі рух адам баласының алпыс екі тамырының ішінде айналып жүр. Қазақтың қаны болып ағып жатыр.

Көпен ӘМІРБЕК

ТІЛДАРЫН

Отырардың оғланы еді ол. Әбу ­Насыр әл-Фарабидің кіндік қаны тамған топырақтантұғын. Әлемдік Екінші Ұстаз мәністеген мейірімділік, қағидалаған қайырымдылық, пайымдаған парасат, жан сұлулығы мен тән көркемдігі, жүрек тазалығы, жоғары жауапкершілік пен тынымсыз бейнеткештік – осының бәрі де академик Өмірзақ Айтбайұлының болмысынан түгел табылатұғын. Бір апта бұрын ғана Шымшаһарға келген. Қауым алдындағы соңғы сөзі қазақтың рух сардары Өзбекәлі Жәнібек хақында болған. Өмірзақ көкем өз өрелестерімен қайыспас қатар түзіп, сапалы сап түзеп, соныларға ұмтылған. Әсіреқызыл әулекілікпен әуестенбеген. Әбдуәли Қайдардайын тектімен тізелесіп, тіл майданының сардары қатарында парасатты күрес кеңістігінің кемел тұлғасына айналған. Тіл мәдениеті, терминология,­ тұрақты сөз тіркестері мәселелері мен олардың тәржімасы турасындағы теңдессіз тірліктері ұлт ­жадында ­жаң­ғырар. Біз пақырыңыз ол туралы «Тілдарын» деген дүние жазғанбыз. Жетпіс беске толған тұсында «Егемен Қазақстанда» бір бет боп жарияланған. Әлімізге қарамай, жиырма шақты жыл бұрын осы «Тілдарын» деген ұғымды енгізген біз едік. Республи­калық Тіл комитеті тұрақты өтетін байқауға ат тауып беріңіз деген-ді. Осы тіркесті ұсынғанбыз. Енді Өмірзақ көкеміз өмірден өтті. Айтбайұлы атындағы республикалық «Тілдарын» байқауы десе, жүдә жарасар. Асқар Сүлейменов, Сейіт Қасқабасов, Тұманбай Молдағалиев, Керімбек ­Сыз­дықов сынды саңлақтармен дос еді ғой. Түркістанның 1500 жылдығына орай, 2000 жылғы сәуірде «Сайрам – Түркістан» жаяу сапарына қатысқанбыз. Жеті күн бойы Өмірзақ көкеміздің әуезді әңгімесін, әуенді әндерін тыңдағанбыз. Қайғы шеккенін білдірмей ғана көз жасын жасырын жұтатын қайран аға. Кейін де қайғысы аз болған жоқ еді. Емендейін беріктік танытқан. Еліне, тіліне, діліне қалтқысыз қызмет қылған. Қаламы қолынан түспеген. Ана тілінің ­айбарын асырмақ мақсаттан, ұлттық мұраттан таяныш тапты. Соңғы сөзі Өзбекәлі туралы болған Өмірзақ Айтбайұлының өзі де тап сол Жәнібек­тейін жампоз сияқты Алатау бауы­рындағы Алматысына теңселте, тебіренте қош айтып, Отырарына оралды. Өзбекәлі Жәнібек те осында жиырма екі жылдай­ уақыт бұрын Арыстан баба жанына жерленген­ еді ғой. Қаншама қайғы жұтса да, тұрпат-тұлғасын тіп-тік ұстап, ұлтына ана тіліне өлшеусіз тер төккен. Тілемсектігі, сұран­шақтығы жоқ, өркөкіректігі мен өжең-өңмеңдігі жоқ тектітұғын ол. Алладан медет тілеп, еңбегін міндетсінбей-ақ мына жалғаннан өтті де кетті. Алатау-Алматыдан қалықтап ұшып келіп, мәңгілік мекен тапқан топырағыңыз торқа болғай, Көке.

Мархабат БАЙҒҰТ

ТЕКТІЛІК ДАРЫҒАН ТҰЛҒА

Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар ғой. Өмекең де сондай жан-жақты азамат еді. Өмекең үшін сегіз қыр деген аз болады. Кеңес дәуірінде жүріп, сері бола білді. Қазақтың кәдімгі сері жігіті, жігіттің сұлтаны болды. Ол кісінің ой-өрісі, адамға деген мейірімділігі, қонақжайлылығы, ағайын-тумаға қолұшын беруі, солардың тірлігіне жүгіру – осының бәрі ол кісінің ­бойында бар еді. Жолдасы Үміт те сұлу, оқыған-тоқыған жан. Өмір бақи жауапкершілігі зор, ауыр жұмыста жүрді. Соның өзінде дастарқанын жайып жіберіп, әрқашан келін бола білді. Екі енесі болды. Оның үстіне елден келген балалар, қаншама студент сол үйде жататын. Ол заманда жатақхана болмайтын. Отбасының көркі бола жүріп, Өмекеңнің Алматыдағы сүйеніші болды. Өмекеңнің жаралған топырағы да қасиетті жер, Арыстан баб жатқан Шәуілдір. Әкесі де ел сыйлайтын, елдің ақылгөйі, батагөйі болған кісі. Соның әсері де болар, Өмекеңнің бойына тектілік дарыған. Жас кезінде біз өте жақын араластық. Осы кісі арқылы қан­шама дос-жаран таныдық, білдік. Бұл кісілер біздің отбасы­мызға бауырмалдық танытып, ағайын емес, бір анадан туғандай болдық. Осы кісілерді дер кезінде, кемел жасына келгенде алақанымызға салып, өзіне тиесілі атақ-даңқ бере алмадық. Дүниеден кеткеннен кейін, жоғалтқаннан кейін қадір-қасиетін айтамыз. Соңғы жылдары болмаса, бұл кісі академик атағын алды, қазір академик деген атақтың қадір-қасиеті де қалмады. Қазақтың маңдайына біткен жұлдызы еді, өкінішке қарай, салғырттық таныттық. Артында Ләззат қалды. Мен үшін Ләззат өте қымбат бала. Ол он айлық, менің кішкентайым Әлішер төрт жарым айында ауруханаға түсіп, оның анасын жатқызбай, менің балам кішкентай болғаннан кейін мені жатқызды. Сонда екеуін екі қолыма отырғызып, көтеріп жүретінмін. Зәмира екеуі апалы-сіңлі сияқты. Артында қалған оңалар дегендей, құдайға шүкір, немерелері бар. Енді осы балапандар аман болсын. Ол кісінің көрмеген қызығын көріп, аталарына ұқсап бақсын дегім келеді.

Алтыншаш Жағанова

ТІЛҒҰМЫР

Қазақ тілі... (Қазақ) Тіл білімі институты... «Қазақ тілі» қоғамы... Ошақтың үш бұтындай осы бір үш әлемді, үш салалы мекеме-жұмысты құшағына сыйдырған, бар саналы ғұмырын осы бір дің-тамырдан таралған үш бұтақты көркейтуге жұмсаған қаншама асыл жандар бар... Кешегі Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдари... Бүгінгі біздер. Енді, міне, амалдың жоқтығынан тағы да «кешегі» деп тілімізді тістеп, қара жамылған жайымыз бар. Қазақ тілінің сардары, академик, Қоғам президенті Өмірзақ Айтбайұлы 84 жасында дүниеден озды. БҰҰ санатындағы мемлекеттердің арасында жағдайы адам аяғандай бір ресми тіл болса, ол – біздің тіліміз, көрген күні – «бір күн ауру, бір күн сау» тірлік. Өмекеңнің де соңғы бір он бес жыл бедерінде дәп осындай күн кешкенін қасында жүрген біз жақсы білеміз. Сырт көзге төрт құбыласы түгел жандай, тіпті сал-серідей сырбаз да сұлу, өрелі де өнерлі Өмекеңнің өмірінің думанды, сайранды кезі ақырындап-ақырындап «ойранға» айналған-ды. Құдіреті күшті Жаратқан абыз ақсақалымыздың бір басына бірнеше сынақты үйіп-төкті. Қара жердің қойнына көзінің ағы мен қарасындай болған екінші ұлын берді, жарты ғасыр отасқан жарынан айырылды, үкілеген үміті, баулып ­бауырына басқан немересінен көз жазып қалды... Әйтсе де, діңі мықты бәйтерек-рух майысса да мойырылмады, қайғы жұта жүріп, елдіктің туын көтерді. Сабырлы мінез, салқын парасатымен көптің көшбасшысы болды. Бойын тіктеп, ауруын жасырып, соңғы демі біткенше тілмайданның туын жықпай келді. Амал бар ма, анталаған ауру ақыры алып тынды... Күллі әлемдегі қазақ деген ұлттың тілін зерттейтін жалғыз мекеме – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты да соңғы он бес жылда сынақтың түр-түрін бастан кешірді. Ғалымдар алты ай қыс айлық көрмеді. Ұйып отырған ұжым тарыдай шашырап, іске татыр ғалымдар босып кетті. Бірнеше рет өзге мекемелермен біріктірілмекші болды. Мүлдем ­жабылып, жер бетінен жойылып кету қаупі де туды. Осындай сын сағаттарда кеудесін оққа тосып академик Ө.Айтбайұлы атойлап алға шықты. Ғылыми атағымен үркітіп, жоғарыға жаққан ­бедел-абыройымен араша сұрады, қайткенде де қара шаңырақтың туын құлатпай, сақтап қалды. Ісі тау төңкерердей болып басталып, соңы сиырқұйымшақ­танып кеткен «Қазақ тілі» қоғамының тағдыр-талайы да Өмекеңнің біршама шашын ағартты. Соңғы онжылдықтарда барша адами құндылықтарды өртше жалмап, тірліктің көзі мен дүниенің кілтіне айналған ақша фетишизмі адамдардың құлқын өзгертіп, Қоғамды құлдыратты. «Қазақ тілі» қоғамы Айтбаевқа керек емес, қазақы қоғамға керектігін тобыр топ мойындағысы келмеді. Қу тірліктің қамымен, құлқынын ойлап кеткендер Қоғам жұмысындағы тоқырауды өмірінде соқыр тиын пайдасын көрмеген Өмекеңнің жеке басынан іздеуге көшті. Тіпті салихалы­ БАҚ беттерінде «Тіл деп Шаханов шырылдайды, айлығын Айтбаев алады» деген жалалы нақылдар пайда болды. Көресінді көріп жүрген жүрегі ақ, қолы таза академикке бұндай сыпсың сөздер жанды жеген науқастан әрмен қиын тиіп, ғұмырын қысқартты. Қазақ тілі... (Қазақ) Тіл білімі институты... «Қазақ тілі» қоғамы... Ошақтың үш бұтындай біртұтас үш әлемнің ақыры Қазақ тілінің сардары, академик, Қоғам президенті Өмірзақ Айтбайұлымен түгесілмесі анық. Бірақ Өмекеңнің орны ерекше үңірейіп тұрары тағы ақиқат. Қош бол, Тілғұмыр!..

Ғарифолла ӘНЕС

ТҰЛА БОЙЫ ІЗГІЛІККЕ ТҰНҒАН

Жас жағынан біршама айырмашылық болғанымен арамызда сөзбен айтып жеткізгісіз жақсы қарым-қатынас бар еді. Кейбір басқосуларда аты-жөнімізді атап, көтермелеп те қоятын. Өмекеңдей тұлғалы азаматтан, тұла бойы парасат пен ізгілікке толы жаннан жылы лебіз есту де ғанибет қой. Бөлек жан еді. Бойында ізгі қасиеттер мол еді. Келісті өрілген тіркестер арқылы қаламгерлік қабілетін де байқатып қоятын. Ғалымдығына дау жоқ. Бұл елге белгілі. Әншілігін айт­саңызшы. Біржанның «Теміртасын» қалай шырқайды! Кешегі заманда ел-жұртын талантымен, өнерімен тамсандырған сал-серілер өтті ғой. Өмірзақ аға солардың өзіндей, соңдарына қалдырған көзіндей көрінетін. Аға, ұстаз сыйлай білетін адам еді. Өзі «Қазақ тілі» қоғамының басында отырса да кезінде осы қоғамның басында тұрған, тіл үшін күрескен Әбдуәли Қайдарды аузынан тастаған емес. Мұнысы жақсылықты ұмытпай, ескеріп жүрудің үлгісі болатын. Ол азаматтықтың да, адамдықтың да өнегесі бола білді. Сіз әрдайым есте жүретін боласыз, асыл аға...

Нұрперзент Домбай

БІРЕГЕЙ ҚАЙРАТКЕР ЕДІ

Қазақ ғылымында Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан бастаған, ғалымдығымен бірге тұлға болған азаматтар бар. Солардың бірі Өмірзақ Айтбайұлы еді. Қазақтың біртуар азаматтарының ізбасары болатын. Оның бойында кеше өзі көрген даналардың тектілік нышаны көзге ұрып тұратын. Ол кісі қазақ терминологиясына, оның ішінде тілтануға көп еңбек сіңірді. «Терминологияны қалай қалыптастыруы­мыз керек, жаңа сөздерді қазақ тілінің заңды­лықтарын бұзбай, фонетикалық, фонемалық заңдылығын сақтай отырып, қалай дамытамыз?» деген сауалдарға ­жауап берген бірегей тұлға еді. Әдемі қоңыр дауысымен ғылыми тұжырымдарды елге тыңдата білген, әрі сол ойларын ­мойындата білген ғалым. Мәдениеттілігі басым, әдепті ғалым болды. Өзінен кейінгі ғалымдарға, тіпті маңайындағы танымайтын шәкірттеріне де сіз деп сөйлейтін. Бұл қасиет қазіргі жағдайда жоқтың қасы ғой. Бұл ізеттілігі, Қаныш, Әлкей, Мұхтарларды көріп, ғылыми ортада олардың сөйлеген сөзін тыңдап, тағылым-қасиеттерін бойға сіңіргендіктен болар. Тіл білімі институты дағдарысқа ұшыраған кезеңде профессорлық ­ең­бекақысын өзінің шәкірттеріне бөліп беріп, өзі болмашы жалақы төңірегінде жұмыс істеген академик. «Әйтеуір аш емеспіз, бұл да бір реттелер, біз ғылымды жалғастыруымыз керек» деп, жастарға бас-көз болып, өзі ұйымдастыра жүріп, ғылымның дамуына сүбелі үлес қосты. «Біз істемесек, кім істейді мұны» деп көп алаңдайтын. Домбыра ұстап, әсіресе қазақтың күйін нақышына келтіре тартатын. Әнді де ­шебер орындайтын. Ә.Бөкейханов «қазақтың ер азаматтары мемлекеттік жұмыста болсын, ғылыми істерде болсын бір мезгіл іштегі шерді шығару үшін халықтық өлеңдерді орындау керек» деген ғой, сол мәдениетті ғылыми ортада жалғастырған бірегей ғалым Өмірзақ Айтбайұлы еді. Ғалымның басқалардан ерекшелігі, соңғы он жылда дін жолына түсіп, намаз оқыды. Мүфтият шақырған шаруаларға араласып, Құран туралы, ата-бабамыздан келе жатқан қазақтың дінін қалай ұстану жайында жастарға ақыл айтып, өзінің тұлғалық қасиетімен, имандылығымен үлгі-өнеге көрсетті. Көзі тірісінде әкесінің қасына, Арыстан­ бабтың маңайында жерлеуді аманаттап кеткен екен. Топырақ сол жерден бұйырып, Алла соны қабыл етті. Ол жерде Өзбекәлі Жәнібеков жатыр. Енді міне, Өмірзақ Айтбайұлы тура сол жерде мәңгілік орын тапты. Адамның жаны, рухы мәңгілік деп ­айтады. Алаш зиялыларын құрметтей білген, өзінен кейінгілерге өнеге бола білген ғалымға Алла Тағала жаннатты нәсіп етсін!

Айгүл Ісімақова

ЖАНЫҢ ЖАНАТТА  БОЛСЫН, ӨМЕКЕ!

Өмекеңмен бала күннен қатар өстік. Өткен ғасырдың 40-жылдарының орта шенінде, қазіргі Отырар ауданына­ қарасты Қарғалы деген ауылда құлын-тайдай тебісіп өстік. Өмекең менен бір-екі жас үлкен еді. Ауылдық көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі осы Өмекең ­болатын. Ауылда өтетін мерекелік кештердің, қойылымдардың басы-қасында Өмекең жүретін. Сахнаға шыққанда жасындай жарқырайтын. Мектепте жүргенде болашағы үлкен адам екенін сездіріп, талантымен, өнерімен, жауаптылығымен тәнті ететін. Замандастары Өмекеңнің көрнекті ғалым, мықты маман екенін айтып жүр ғой. Ол шынымен сондай ғажап жан еді. Оған қоса сал-серілігі бар, өнерімен талайдың таңдайын қақтырғанын да айта кету керек. Ол шырқаған «Теміртасты» тыңдаған қырғыз елінің өнертанушысы кейінгі сапарда да Өмекеңе дұғай сәлемін айтып жіберіп еді. Үлкен ғалымның арамыздан кеткеніне әлі күнге көңіліміз сенер емес. Қолдан келері – ғылымға адал ғалымның еңбегін ұмытпау, ғылыми шығармашылығын насихаттау, ұстаздық жолын құрметтеп, өзгелерге үлгі қылу. Жаның жаннатта болсын, Өмеке!

Әлімхан ЖҮНІСБЕК

965 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы