• Мәдениет
  • 16 Қаңтар, 2020

Театрдың шығармашылық жетістіктері аз емес

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында журналистермен кездесу өтіп, өнер ұжымының 2019 жылы атқарылған шығармашылық жұмыстары мен жетістіктеріне шолу жасалып, ұжым басшысы 2020 жылға арналған жоспарларымен таныстырды. БАҚ өкілдерімен кездесуге театр директоры Азамат Сатыбалды мен театрдың актері Сағат Жылгелдиев қатысты.

Сөзін «көрермен мен театр ұжымы арасында алтын көпір болған» журналист қауымға алғыс айтудан бастаған А.Сатыбалды «өз тарапымыздан қолымыздан келгенше ашық болуға тырысамыз» деді. «2019 жылы көрерменге он премьера ұсындық. Соңғы алты-жеті жыл ішінде Қазақстан театрларында мұндай оқиға болған емес. Одан өзге Әмина Өмірзақованың туғанынына 100 жыл толу, Жанат Хаджиевтің туғанына 70 жыл толу мерейтойын атап өттік. Қос өнер саңлағымыздың да маңдайының тері, табанының ізі қалған ұжымы болғандықтан, мерейтойдың бізден басталғаны жөн деп шештік. Наурыз айында Қазақстанда бірінші рет деп айтсақ артық емес, Құрманғазы орекстрімен бірге «Аманат»­ атты концерт-спектакль қойдық. Бұл жобамыздың тағы да бір жетістігі, Абайдың 175 жылдық мерейтойында бекітілген бағдарламаға «Аманат» концерт-спектаклі енді. Алматы, Нұр-Сұлтан, Семейде мемлекеттің қолдауымен осы концертті қайта қоятын боламыз. Сондай-ақ бірнеше облыста гастрольдік сапарда болып, қанжығамыз майланып қайтты. Биылғы маусымды да мүмкіндігінше ерекше ашуға тырысып, форматын өзгерттік. Балалар мен жасөспірімдер театры екенімізді ұмытпай, оларға арнап та жаңа жобалар, спектакльдер ұйымдастыруды ұмытпаймыз. Алдағы уақытта балаларды қуантатын жаңа шығармалардың қатарын көбейтеміз. Былтырғы жылы театр актерлері қосымша жобалардан да маңдайлары жарқырап, алдыңғы қатардан көрінді. Мысалы, 2019 жылдың басында өнер ұжымдарының арасында­ волейболдан жарыс өтіп, біздің театр бас жүлдені жеңіп алып, екі актеріміз «үздік ойыншы» атанды. Асылхан Төлепов былтыр 21-22 наурызда өткен додада топ жарып, «Өнер ­барысы» атанды. «Жұлдызды жекпе-жек» жобасының ІІІ ­маусымында театр актері Мақсат Алмасбекұлы екінші орынды алды. Шығармашылық жетістіктерге тоқталсам, көркемдік жетекшіміз Еркін Жуасбек пен актриса Камалия Байтілеуова «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атанды. «Сахнагер» ұлттық марапатында «Сахна ғұмыры» марапатына Гүлжамал Қазақбаева, «Үміт» жүлдесіне Шағуан Үмбетқалиев, «Екінші пландағы үздік актриса» сыйлығына Динара Әбікеева ие болса, ҚР Президенті стипендиясын Жанар Мақашева алды».Сағат Жылгелдиев сахна бірнеше буынды тәрбиелегенін, жас ұрпақтың бойында эстетикалық мәдениеттің қалыптасуында театрдың рөлі орасан екенін атап өтіп, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы есті де ойлы көрерменді ізгілікке, сұлулыққа, көркемдікке жетелей беретінін сөз етті. Бұл орайда театр басшылығының актерлерге жасап отырған қамқорлығын да атап өтті. 2020 жылдың басында театр Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» ұсынбақ. «Режиссері Фархад Молдағалиев болатын жаңа жанрдағы бұл шығарма қазақ көрерменін ғана емес, шетелдік көрерменді де тәнті етеріне сенеміз» дейді театр басшылығы. Жақын күндері А.П.Чеховтың «Шағаласы» да Ерік Нұрсұлтанның режиссерлігімен көпшілікке ұсынылмақ.

Қ.Серікқызы

1119 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы