• Әдебиет
  • 16 Қаңтар, 2020

«Атамұраның» құнды сыйлығы

«Атамұра» корпорациясы Ұлттық кітапхана қорына аса құнды өз өнімдері – 1000 кітапты сыйға тартты. Корпорация өкілдері, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандары, зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысқан жиынды ақын, Мәдениет қайраткері Серік Қали жүргізді.

Алдымен сөз алған ҚР Ұлттық кітап­ханасы­ның директоры Бақытжамал Оспанова­ аса бағалы әрі құнды кітаптарды табыс етіп отырған «Атамұра» баспасының басшылығына алғысын білдіре келе, әріптестікті нығайту мәселесіне тоқталды. «Оқырмандарымыз әрдайым осы баспадан шыққан кітаптарды іздеп жүреді. Бүгін, міне, кітапханамыз құнды кітаптармен толығып отыр. Осындай сый жасап, кітапхана жұмысын дамытуға үлес қосып жатқан «Атамұра» басшылығына алғыс білдіреміз» деген Б.Қайырбекқызы «Атамұра» кор­порациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммедке «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісін табыстады. Өз кезегінде Рақымғали Құл-Мұхаммед корпорацияның жұмыстарына тоқталды. «Көпшілік бізді оқулық шығаратын баспа ретінде біледі, шын мәнінде «Атамұра» корпорациясы көпсалалы, полиграфияның барлық түрімен айналысатын бірнеше мекеменің басын қосқан үлкен корпорация.­ Соның бір саласы – көркем әдебиет шығару. Бүгінде екі сериямен кітаптар шығару жалғасып ­жатыр. Біріншісі, «Атамұра кітапханасы» деп аталады. Ол ұлы Абай атамыз, М. Әуезовтен бастап қазіргі классик жазушыларымыздың еңбектерімен жал­ғасын табуда. Екіншісі, «Атамұра мектеп кітапханасы». Бүгін баспада жарық көрген құнды кітаптарды әкеліп отырмыз. Бұл іс өзге баспаларға да үлгі болса деген тілегіміз бар» деді Р.Абрарұлы. Сондай-ақ шара барысында Қазақстан­ның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, жазушы, драматург Дулат Исабеков, Мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Кәдірбек Сегізбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қуанышбай Құрманғали және тағы басқалар игі іске тілектестік білдіріп, жылы лебіздерімен бөлісті. «Мың кітапты сыйға тарту – бұл кор­порация басшылығының үлкен азаматтық қадамы. Біз еліміздің Ұлттық кітапха­на­сына барынша қолдау көрсетуіміз ­керек. Кітап жағынан ең үлкен қор осында сақталған» деді мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов. Шара аясында ҚР Ұлттық кітапхана қорына сыйға тартылған 1000 кітаптан көрме ұйымдастырылды. Айта кетейік, бүгінге дейін «Атамұра» корпорациясының «Атырау», «Қарағанды», «Маңғыстау», «Ақмола», «Астана» сынды­ аймақтық энциклопедиялармен бірге, белгілі қазақ ғалымдарының және қоғам қайраткерлерінің еңбектерін сапалы шығаруы отандық кітап мәдениетінің ірі жетістігіне айналды. Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қазақ және орыс тілдеріндегі «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы­ он жыл», «Бейбітшілік кіндігі», ­«Еуразия жүрегінде» атты кітаптары, «Атамұра» кітапханасы» сериясымен 150-ден астам ақын-жазушылардың туындылары, сонымен қатар балалар әдебиетін қолдау, насихаттау мақсатында «Атамұра» мектеп кітапханасы» сериясымен бүлдіршіндерге арналған қазақ және орыс тілдеріндегі көркем безендірілген кітаптар, ертегілер, мектеп жасындағы балаларға арналған танымдық кітапшалар басылып шыққан.

Ақбота ҚУАТОВА

1014 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы