• Әдебиет
  • 16 Қаңтар, 2020

Ілиясты жаңаша тану – уақыт талабы

Ұлттық кітапханада Ілияс Жансүгіровтің 125 жылды­ғына орай ұйымдастырылған қаламгерлер мен журналистер арасындағы байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы байқаудың мақсатына тоқталып, Ілиястың кіндік қаны тамған Ақсу өңірінен арнайы келген қонақтармен таныстырды. Алғашқы сөзді Ақсу ауданының әкімі Есім ­Базарханов алып, жыр құлагерінің мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өткенін тілге тиек етіп, қолдау білдірген Алматы қаласының әкімдігіне, ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіруде өз үлесін қосып жүрген ел азаматтарына алғыс айтты. Салтанатты жиында Қостанайдан арнайы шақыртумен келген, «Құлагер» поэмасын жатқа айтатын жыршы Нағашыбай Алпысовтың иығына шапан жабылып, сый-сияпат жасалды. Жиын барысында «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, филология ғылымының докторы Күләш Ахметова, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ғабит Тұрсынбаев, филология ғылымының докторы Кәкен Хамзин және т.б. сөз сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов мерейтой аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, Алматы ­облысы әкімдігінің қолдауымен шығарылған Ілиястың 20 томдығын, Мәскеуге арнайы барған экспедиция мүшелерінің бұрын жарияланбаған, бізге аты ғана мәлім еңбектерін әкелгенін, Ұлттық бюро аудармасының басшылығымен ағылшын тілінде «Құлагердің» жарық көруін Ілиястану ғылымына қосылған сүбелі үлес деп бағалады. Оның айтуынша, қазір күн тәртібінде үш арысты­ жаңаша тану мәселесі тұр. «Бұл тұрғыда біріншіден, Абай мен Ілияс, екіншіден, Мағжан мен Ілияс, үшіншіден, Мұхтар Әуезов пен Ілиястың арасындағы ­рухани байланыс қазір жаңаша зерттеуді қажет етеді» деді К.Матыжанов. «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім үш арысты жаңаша қарауды құптайтынын атап өтіп, «Біз Абай-Ілияс-Мағжанды ұлттық ақын төңірегінен қарауымыз керек» деп, Мағжан «Алқа» ұйымын құрғанда қасында Ілияс та жүргенін тілге тиек етті. Ақын шығармашылығы мен өмірбаянын зерттеуге­ арналған байқаудың қорытындысы бойынша Бас жүлдені жас ғалым, алаштанушы, Ілиястың ізімен жүріп, Мәскеу, Санкт-Петербург архивтерін ақтарып, ақынның сирек кітаптарын әкелуге үлес қосқан экспедиция мүшесі Елдос Тоқтарбай иеленді. Жүлдені Ілиястың ұрпағы Саят Жансүгіров тапсырды. Жүлделі 1-орынды Заңғар Кәрімхан, 2-орынды Жемісбек Толымбеков пен Мұрат Жұмабай, 3-орынды Шара Әсетқызы, Дүйсенәлі Әлімақын және Мәриям Әбсаттар еншіледі.

Бағдагүл Балаубаева

850 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы