• Әдебиет
  • 16 Қаңтар, 2020

ҮЗДІКТЕРДЕН ҮЛГІ АЛҒАН

Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы оған кеш берілді. Бірнеше рет ұсынылса да, осы сыйлыққа келгенде жолы болмады. 2010 жылы алтыншы рет «Намыс найзағайы» атты ­романы­мен­ түскенде де сыйлықтан құр қалды. ­«Намыс найзағайы» сыйлықсыз қалса да, жазушы оған қамыққан жоқ. ­Бастысы, мемлекеттік сыйлықты Шәмші мен Жұмекенге бергеніне қатты қуанды. Бұл – оның Әнұран авторларына деген құрметі еді. Пендешіліктен биік тұрды. 

Есесіне Сәбит Досановқа М.Шолохов атындағы сыйлық ерте берілді. Орыстар оны Шолохов сыйлығымен ғана емес, В.Пикуль сыйлығымен де марапаттады. Мемлекеттік сыйлық жазушының «ХХ ғасыр» атты эпопеясына берілді. Ол жөнінде «М.Әуезовтен кейін тұтас бір ғасырды суреттеген эпопея жазылды» деген пікірлер де баспасөзге басылды. «ХХ ғасыр» эпопеясы – менің он жыл бойғы еңбегім. Осы еңбек үшін көз ­майымды тауысып, көп жыл мұрағаттарда отырдым. «Ештен кеш жақсы» дейді ғой, еңбегімнің бағаланғанына рақмет. Әйтпесе, бұл сыйлыққа менен де үлкен таланттардың қолы жетпей қалған. Қазіргі ала алмай жүрген қаламгерлердің ішінде де мықты ақындар, мықты жазушылар бар. Жалпы қазақ әдебиеті дүниежүзі әдебиетімен иықтасып тұрған мықты әдебиет. «Әдебиет жоқ» деп жылай бергеніміз әдебиетті өрге сүйрейтін пиғыл емес. Әдебиет бар, бірақ ол халыққа жетпей жатыр. Шетел түгілі, өзімізге жетпейді. Әдебиетке қамқорлық күшейсе, әдебиет те күшейеді» деген қаламгердің сөзінің жаны бар. Сәбит Досанов – өнімді еңбек еткен қаламгер. Әдебиеттің барлық жанрына қалам тартты десек те болады. Осы уақытқа дейін жазған шығармалары 30 томға жетіпті. Бірақ көп томдық шығармалар жаздым деп, шалқайып жатып алған жоқ. Әркез қолынан қаламын тастамай, шығармашылық әлемінің тереңіне сүңгіп келеді. Мемлекеттік сыйлық демекші, мәртебелі сыйлыққа қол жеткізу үшін қаншама өткелдерден өткені белгілі. Бірақ асығып-аптыққан емес. Өзі де Мемлекеттік сыйлықты Қонаевтың кезінде алып кететінін мойындайды. «Ең алғаш сол кезде ұсынылдым. Ол кезде сыйлық мәселесін Дінмұхамед Ахметұлының өзі шешетін, ол кісімен сыйластығым өте жоғары еді. Себебі ол уақытта Мемлекеттік сыйлық комиссиясы деген формальды болатын. Бірақ тап сол жолы ақын Ғафу Қайырбековпен қатар түстім. Ал Ғафекең – өз ағам. «Әй, бала, сен қайда барасың?» деп, ол кісі ағалығына салса да, «комиссия өзі шешсін» деп, көне қоймадым. Сол кездегі Торғай облысының басшысы Еркін Әуелбеков телефон соғып: «Сәке, мына ағаңнан ұят болады» деді. Бұл аз болса, Сырбай Мәуленов шақырып алып, ұрысты. Сөйтіп, «ағам тұрғанда мен алмаймын» деп, «самоотвод» жазып бердім. Содан кейін М.Әуезов театрында көп жылдар аншлагпен жүрген «Дауыл» деген драмамен тағы түстім. Бұл жолы Сәкен Жүнісов ағаммен қатар шабатын болған соң, тағы да «самоотвод» қағаз жазуға тура келді. Тағы бір жолы Сайын Мұратбеков ағаммен бірге түстік. «Мен алмасам да, Сайын алсын» деп жүгірдім. Өйткені Сайын – қазақ әдебиетінің нағыз классик жазушысы. Бірақ ағаларыма жол бергеніме ешуақытта өкінбеймін, керісінше, інілік ізет көрсетіп, солардың маңдайы жарқырағанына тілектес болдым. Олар алмай, мен алып кетсем, әділетсіздік болар еді, арым мазалап, өз ұятыма өзім күнде күйіп жүрер едім» дейді. Жалпы қаламгер Сәбит Досановтың шығармашылық қуаты мен деңгейі туралы­ артық-кем әңгіме көп. Алайда жазушыны­ танығалы бір адамды кекетіп-мұқатып, кемшілігін тізбелеп, қыжыртып отырғанын байқамаған екенбіз. Сонда бұл кісінің ішкі қуаты мықты ма? Әлде «әлгіндей» әңгімелер бұл кісінің құлағына жете бермей ме деп таңғаласың. Меніңше, ол «жақсылық көрсең – өзіңнен, жамандық көрсең – өзіңнен» дейтін қағиданы берік ұстанған адам. Ақын Өтеген Оралбаевтың: «Бір қаламгердің мың қаламгерге тегіс ұнай бермейтіні тарихтан белгілі. Орыс әдебиетінің алтын ғасырының өзінде, басқаны былай қойғанда, сөз саңлақтары – Лев Толстой мен Федор Достоевскийдің бір-бірін өмір бойы мойындамай кеткенін әлем біледі. Орыс ақындарының арасындағы қым-қиғаш пікірлердің дені Сәбит Досанов прозасына келгенде айқыш-ұйқыш айқасып, сан алуан сөздер шайқасып, әр жаққа алып қашады. Әр шығармасы пікірлер қазанын қайнатқан қаламгерді елемеуге, ескермеуге бола ма? Әрине, болмайды. Демек, ол жұрт назарын аудара алатын жазушы» деп жазады.

Көрнекті қаламгер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сәбит Досановтың 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын 2020 жылдың 20 қаңтар күні сағат 15:00-де Абай атындағы Опера және балет театрында өтеді.

Қаламгердің шығарма­шылық қауымнан жоғары баға алған шығармасының бірі – «Ақ аруана».­ Кезінде Сәбит Мұқанов бұл ­туралы: «Досановтың «Аруана» хикаясында түйе мен оның ботасын сипаттауы адамнан бетер. Тілсіз түйенің туған мекенін, балажандығын си­паттағанда, Сәбит оқыр­мандарының сана-сезімін толғандырып, кейде­ көзіңе жас ал­ғандай халге келтіреді. Кейбір ­сипатында жақсы ақындар дәрежесіне көте­рілген автор қазақ тілінің қайдағы бір тәтті балын тамызады» деген ақжарма тілегін жазады. Ал Сергей Михалков: «Образ белой аруаны приобретает символический размах, рождая философские размышления общечеловеческого значения» деп ой түйеді. Михалковтың бұлай деуі тегін емес. Ол шығарманың айтар ойын терең түсініп, шынайы баға беруге тырысқан. Ал «ХХ ғасыр» эпопеясы – өткен ғасырдың өмірбаяны дерсіз. Мұндағы басты кейіпкер – өткен ғасырдағы қазақ ұлты. Соның бастан кешкен тағдыр-талайы, қилы кезеңі, көрген қорлығы, шерткен азабы, сатқындық пен аярлықтың көңіл суытар көріністері, арманы мен аңсары, мұңы мен зары, үміті мен күдігі, бәрі-бәрі көз алдыңызға келеді. Жазушы «Екінші өмір» шығармасын Қасым Аманжоловқа арнады. Ақын шығармашылығы жазушы жүрегінің төрінен орын алған қасиетті дүние. «Бейсенбек Әбенов деген нағашы ағам кітап оқуға баулыды. Бір жолы маған Қасым Аманжоловтың 1951 жылы Тәкен Әлімқұловтың алғысөзімен шыққан үш томдық кітабын алып келді. Бұл кітаптар жеке кітапханамда әлі күнге дейін сақтаулы. Қасымның шығармашылығы қатты баурағаны соншалықты, оның жырларын әлі күнге дейін жатқа білемін. Кейін жоқтаушысы жоқ Қасым да ұмытыла бастады. Содан «Қазақ әдебиетіне» «Қасым қалай жазды?» деген мақала жаздым. Арада біраз уақыт өткенде қарақалпақстандық оқырманнан Қасым туралы роман жазуды сұраған хат келді. Осы хаттың түрткі болуымен, Қасым туралы пьеса жазылды. Одан кейін Қасымның өмір жолына тереңірек үңілдім. Оның әдебиет әлеміндегі дос-жарандары мен әріптестерімен көп сырластым. Нәтижесінде, оқырман қауымның ерекше ықыласына бөленген «Екінші өмір» атты романым өмірге келді. Бұл туынды бірқатар шет тілдеріне аударылғандықтан, алыс-жақын шетелге де жете таныс» дейді жазушы. Қаламгердің хоббиі – кітап оқу. Жазу үстеліне түнде отырғанды жақсы көреді. ­Жанына жайлылық сыйлайтын да – осы. ­Академик Серік Қирабаев: «Қанша қиындық көрсе де, күш-қуаты кемімеген, рухы берік, қайсар қаламгердің қуатты қаламынан әлі талай сом бітімді соны шығармалар туатынына өз басым кәміл сенемін» деген екен. Рас, ол көп қиындық көрді. Ол туралы Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов: «Талай-талай драмалық шығарма жазған Сәбит Досанов өмірінің өзі өте күрделі де қызықты, сонымен бірге біршама мұңды роман сюжетіне ұқсайды. Расында да, күні бүгінге дейін қаламынан отыз том шығарма туған қаламгердің көргені аз емес. «Осынау ғұмырым­да о дүниеге он рет ­барып қайтыппын» деп жазушының өзі де айтады. Көзіқарақты көпшілік, тіпті оның бір мәрте ұшақ апатынан да аман қалғанынан хабардар. Үлкен қалам иесінің сүйікті ұлынан айырылып, қайғы жұтып қалғанын да ел жақсы біледі. Сол бір ауыр қазаға душар болған кездері осы Сәкеңнің: «Тәңірі берген талант ұлыма ғана емес, ұлтыма да қызмет етуі керек. Қарсы тұрып қасқайып күресемін тасжүрек мынау тағдырмен деген ойға бекіндім» дегені есімізде» деп жазады. Он рет ажалдан аман қалды. Бір рет Мәскеуде жол апатынан, бір рет Алматыда ұшақ апатынан жалғыз өзі тірі қалды. Үш рет операция үстеліне жатты. «Алланың қалауымен аман жүрмін» дейді өзі де. «Жамандықты кез келген ақымақ жасайды. Көшенің тасасында тұрып алып, тас атады да, қан-жосасын шығарып, қашып кетеді. Қазақтың мақалына қатты сүйенетін адаммын. Қазақ: «таспен атқанды аспен ат» дейді. Әке-шешеміз кішкентайымнан «елдің бәріне жақсылық жаса, жақсылық жасасаң, есепсіз жаса, есеппен жасасаң сауда болып кетеді» деп үйретті. Қолымнан келгенше, алдыма келген кісіге ізгі іс жасауға ұмтылдым. Кемшіліксіз адам жоқ. Менің де кемшілігім бір басыма жетеді. Біз өмірге кемшіліктерімізбен күресу үшін, түзеу үшін келеміз» дейді қаламгер. Жазушының ең басты қасиеті – одақтық деңгейде қаламгерлермен достық байланысты жалғағаны. Әуезовтерден басталған одақтық және халықаралық әдеби мәдени байланыстарды жалғастырғаны бір төбе. Соның арқасында Валентин Распутин, Сергей Михалков, Расул Гамзатов, Шыңғыс Айтматов, Юрий Поляков, Мұстай Кәрім секілді кіл мықтылармен дос болды. Әр елдің ең озық ойлы адамдарымен дос болғанын бақыт тұтады. Жан ауыртар жалғыз дерті – Данияры. Даниярын ойласа, көкірегі қарс айырылады.­ Көзі жасқа, көңілі қайғыға толады. Ұлын бір көруге зар болып, уайым-қайғыға батқанда, жүрегі сыздап кетеді. Алайда Алла ісіне шара бар ма? Алла салды, ол көнді! «Аз ба, көп бе, қалған ғұмырымда Даниярымды жоқтап өтемін... Жанымнан артық көрген Даниярымды шексіз сүйдім. Қазір де сүйем мен оны! Көкжиекке сіңген күн құсап бір күні мен де батармын, жарық дүние дейтін жалғанға қолды бір сілтеп, Даниярымның жанына барып жатармын» деген арман-мұңы бар. 12 қаңтарда қаламгер сексеннің сеңгіріне келді. Оның қаламынан 30-ға тарта кітап туды. Бақытты ма десеңіз, «бақыттымын» дер еді. «Тасжүрек тағдырмен қасқая күресемін» деген арман-мақсатына жетіп келеді. Досановтың ең үлкен бақыты – шығармалары. Оқырманы іздеп жүріп оқыса, қажетіне жарата білсе, мақсатына жеткені. Әр дәуірдің өз перзенті болады. Сәбең де өткен ғасырдың қайғы-қасірет арқалаған қырқыншы жылы жарық дүние есігін ашып, туған халқы не көрсе, соны көріп ер жетті, ат жалын тартып азамат болды; қолына алған қаламын қайраттың сиясауытына матырып, отыз кітап жазды; елмен етене, жұртпен жұғысты болған қалпын кейбіреулер «пысықай» деп бағалайтыны, әдебиетке салған олжасын олқысынып, мұрын шүйіре қарайтыны да жасырын емес; соған қарамастан жазушының ішкі жан әлеміне үңіліп көрген біреу бар ма – оның жаралы жүрегіне, қаралы қалпына тек аяушылықпен, мүсіркеумен қарағаннан басқа, Адам ретіндегі болмысын түсінген жан табылар ма?! Сексеннің сеңгіріне шықса да, Сәбит ­Досанов қалам қуатынан айырылған жоқ. Жазу – жазушы мұраты. Осы бір биік мұратқа жеткен қаламгердің рухани мұрасы сүйікті халқымен бірге жасай бермек.

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ

1123 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы