• Әдебиет
  • 16 Қаңтар, 2020

Мектептегі мәдени-әдеби кеш

Кеше Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай мәдени-әдеби кездесу өтті. Кездесуге белгілі ақын, драматург Иран-Ғайып, мектептің ұстаздары мен БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы аясында әңгіме өрбіткен жиынға қатысушылар мақаланы талдап қана қоймай, Абайдың 175 жылдығы аясында өткізілетін шараларды науқанға айналдырмау туралы да сөз етті. – Абай ұлы ақын ғана емес, музыка­танушы, күйші де болды. Оның біраз күйлері бүгінге жетті, ал жетпей қалған күйлері қаншама. Біздің мектеп тек музыкалық мектеп емес. Біз үш тілде білім береміз. Оқушыларымыз талай Абай оқулары байқауларында топ ­жарып жүр. Абайдың шығармаларын ­оркестрге де қосып, шама-шарқымыз келгенше жұмыс істеп жатырмыз, – деді аталған мектептің директоры Оңдасын Абдуллаев.­ Ал жиынға арнайы қонақ ­болып келген ақын, драматург Иран-Ғайып ұстаздарға «Мен ішпеген у бар ма?» пьесасының қалай жазылғанын әңгімелеп берді. Ол өз сөзінде Абайды жазғаны үшін, талай қиын­дықтарға тап келгенін де жасырмады. – 1986 жылы Желтоқсан алаңында біздің жастарымыз, әсіресе қыздарымыз таяққа жығылып, итке таланып, ­сойылмен соғылып, жер жастанып жатқан кезінде біз сол жерде тұрғанбыз. Мен ол кезде­ «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істейтінмін, Шерхан Мұртаза бас редакторымыз еді. Бүкіл ұжым болып бардық. Сол кезде маған Абайды ұрып жатқандай болып елестеді. Жастарымызға тиген таяқ сол Абайдан келе жатқан таяқ екен ғой деген ойға келдім. Сол желтоқсанның 16-сы болған оқиға қатты әсер етіп, мен жаңа жылға дейін «Мен ішпеген у бар ма?» деген пьеса жаздым. Мен жазып ем, жазып біткен күні сол таяқ басыма сарт ете қалды. Қаламдастарымның ішінде мені түсінгендер де, түсінбегендер де болды. Маған «Мұхтар Әуезовтен кейін Абайды жазуға қандай қақың бар? Саған кім рұқсат берді? Ол Әуезовтің тақырыбы» деп сынағандар табылды. Талай жиналыстардан күйініп шыққан кездерім көп болды. Қазір, Құдайға шүкір, бейбіт ­заман. Абай жекелеген бір адамның немесе­ бір мекеменің тақырыбы емес. Ол күллі қазаққа ортақ. Міне, біз Абайды жаппай насихаттайтын бүгінгідей бейбіт заманға да жеттік, – деді ақын. Кездесу барысында ақындар Абайдың өлеңдерін оқып, музыкалық мектептің оқушылары Абай шығармашылығынан мерекелік концерт қойды.

Ақбота ҚУАТОВА

1273 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы