• Тіл
  • 16 Қаңтар, 2020

ШАҢЫРАҒЫ ШАЛҚАҚ АҚ ОРДА

Ассалаумағалейкүм, ардақты Алаш азаматтары! Өткен жылдың желтоқсанының 31-і күні түнгі сағат 00:00-де есік қағып, табалдырығымыздан аттаған Жаңа 2020 жылымыз құтты болсын! Иә, қазақтікі болмаса да адамзатқа ортақ ресми Жаңа ­жылымыз төрге озды. Христиандық сипатын, Иса пайғамбардың туған күніне қатысы барлығын ескерсек­ те, осы 2020 – Жаңа ­жылымыз баршамызға да қайырлы, ­зайырлы болсын! Мемлекетімізге тыныштық сыйлап, бақ дарытсын! Алла Тағала бұйыртса, бұл жылда да береке, мереке көп. Ал сол береке, мерекелердің ішінде біздер – бұрынғы «Ана тіліліктер» мен бүгінгі «Ана тіліліктер» үшін Тәуелсіздік мейрамынан кейін әуелі ойға оралар қымбаттысы, тіпті ­сымбаттысы да – табиғаттың шын Жаңа жылы – наурыздың 22-і күні кіндік кесер Тышқан жылымен бірге келер төл басылымымыздың 30 жылдығы болса керек.

Мен сондықтан да сөзімді осы­ған­ орай өрбітер болсам, күні кешегі 1990 жылдардағы ахуал-жағдай ғана емес, одан бұрынғы яғни 1900 жылдан­ басталған ХХ ғасырдағы елдік тағдыр-талайымыз да еске оралады. Осынау ХХ ғасыр­дың өне бойында­ біздің қазақ халқы жолыққан небір нәубет-зұлматтарды, аласапыран апаттарды­ осы жолы есепке алмасақ, ол үш рет қалың ұйқыдан оянып, дүр сілкініп, қырандай қырымға көз салып, қияға қанат қағуды бастан өткеріпті. Әрине, мұның біріншісі – Ресейдегі патшалық өкімет құлап, 1917 жылғы ақпан төңкерісі жүзеге асқан сәт-кезеңнен тарихымызда­ орын алған ояну, Алаш арыс­тары ­бастауымен ел болуға қам-қарекет жасауымыз. Бұл шақтағы өміріміздің көшін жарық жаққа қарай жетелеушілердің дені: осалының өзі сайдың тасындай, озықтары қараңғы аспанда ойнаған жасындай мықтылар-тын. Дау жоқ, бұл ояныс-сілкіністің түп бастауында­ алып ақын, хакім абыз Абай тұрды. Сол Абайдан шуақ түсіп, әлеуметтің озық ­зерде-санасына тамыр тартқан ­Ахмет, Әлихан, Міржақып, Шәкәрім, Мұстафа­лардың алды ­Петербор, Мәскеу ілімінен сусындап, арты байырғы шығыс білімінен хабардар қайраткерлер еді. Өкінішке қарай, олар заман талабынан табылып, партия да жасақтап, Алашорда да құра алған кемеңгер адамдар болғанмен, оларды қолдап, олардың Ордасын қорғап кетуге жұдырықтай жұмылмаған халық-қазақ әлі дайын емес-ті. Осындай екінші ояныс-сіл­кініс,­ біздіңше, төл тарихы­мызда 1960 жылдардың басынан өріс­теп, 1970 жылдары орын алды. Бұл жылдардағы қырымға көз ­тастап, қияға қанат қағу, негізінен, әдебиет, мәдениет саласында жүзеге асты.

Қытымыр қыстың артынан­ ақшуақ көктем келетініндей сталиндік қуғын-сүргін, 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыстан кейін туған жылымық кезең ұлттың ес жинап, етек жабуын қамтамасыз еткен-ді. Сәкен Сейфуллин,­ Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаевтар жолын жалғастырған Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленовтер ізімен Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Олжас Сүлейменов, Шәмші Қалдаяқов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауиндер жарқырап шықты. Одан беріректе қоғамда қайта қалғуға кезек тиіп, тоқырау үстемдік еткенмен, осы әдебиет пен өнердің әлеуметті оятуы, одақ көлемінде де күшіне кірген қайта құру 1986 жылғы қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісіне ұласып, ақырында Тәуелсіздікке апарған үшінші елдік ояну, жаңа Тәуелсіз қазақ елін құруға қол жеткізген зор сілкіністі бастап берген еді. 1990 жылдың наурызының 22-сі, яғни жаңа Жылқы жылы кірісінде – Ұлыстың Ұлы күні тұңғыш саны жарық көрген «Ана тілі» апталығы да – біз жоғарыда шет жағасын ­айтып кеткен қазақ халқының үшінші ­ояныс, дүр сілкінісінің жемісі еді десек, артық айтпаймыз. Рас, жаңа газетті де әдетте білікті мамандар – журналистер ашып, шығарады. Алайда ол кезекті көп газеттің бірі болып қалмай, көшбасшы үнқағаз – атақты Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналуы үшін оның жай жақсы газет болып жарық көруі жеткіліксіз; ол қоғамдық-әлеуметтік қажеттіліктен туып, қырымға көз салып, қырандай қияға да қанат қағуы тиіс. Біздіңше, 1990 жылы Жаңа жылқы жылымен бірге туып, оқырманға қол созған «Ана тілі» газеті алғашқы санынан-ақ жақсы журналистер әзірлеп жарыққа шығарған, дер кезінде қоғамдық-халықтық қажеттілікті де жан-жақты өтеген, бір кездегі ізашары – «Қазақ» газеті сықылды жаңа тәуелсіз газеттер сапын бастаған, жарқылдап жарық көрген көшбасы басылым болып қалыптасты. Бұл байламымызға дәлел, айғақ керек пе? Әрине, керек. Мұның өзі, ең алдымен, газеттің бет-ажарынан, безендіруінен басталатынын­ айт­пағанда, ең негізгі болмыс-бітімі – маз­мұнының жарқылдаған жаңа­лы­ғынан, жақсылығынан көрінсе керек. Міне, «Ана тілінің» алғашқы саны. Аты тартымды, маңдайшасы айшықты екені өз алдына, бірінші беті оқырманмен «Жаңа жыл, жаңа қадам құтты болсын!» деген ұран сөзбен жүздесіпті. Төменгі жағында Міржақыптың «Жаңа тілек» атты жыры берілді: Жаңа жылда жаңа тілек тілелік, Ескі жылды ескере де жүрелік, Кеп жүрмесін қайта айналып түнеріп; Көзің жасты, көңілің қаяу, алашым!

Жұрт болудың ойланалық амалын, Қамсыз жатар емес енді заманың; Надандықтың қираталық қамалын, Мақсатыңа ұмтыл таяу, алашым!

Өз қамыңды ойлан өзің ел болсаң, Ел боламын, тең боламын дер болсаң; Көктен теңдік келмес өзің кем болсаң, Мең-зең болмай, талпын, оян, ­алашым!­ Бұл – Міржақып Дулатовтың «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 9 наурыз күнгі санында жарияланған жыры. Бүгінгі есепке салсақ, ол «Қазақтың» 22 наурыз күнгі санында жарық көрген. Бұл уақытта да патшалық Ресейдің жыл санауы ескіше қалып қойғандықтан, Ұлыстың Ұлы күні ­9 наурыз күні аталатын болған. Кейін Ленин жыл санауға 13 күн қосып, осы қателікті түзеткен соң, Кеңес Одағы басқа мемлекеттер қатарына қосылып, жаңарған уақыт күнтізбесіне көшті. Байқап отырғандарыңыздай, бұл жаңа тілек-өлең – Ахаң бастаған Алаш арыстарының туған халқына жүрек тілегі ғана емес, жаңа «Ана тілі» газетінің де өз оқырмандарына, яғни ел болсақ, кеңестер қағанатындағы өзге елдермен тең болсақ деген ниет үстіндегі қазақ халқына да жан тілегі болып шыққан. Сөйтіп, алғашқы нөмірден-ақ Алаш арыстарының жолымен жүруді мұрат еткен жаңа басылым содан кейін де осы ақ жолмен жүріп, қазақты Алашқа айналуға, «жұрт болудың амалдарын» табуға үндеп, «надандықтың қамалдарын қиратуға» бастады. Осындай ұлы мақсатты көздегендіктен де «Ана тілі» жай ғана жақсы жаңалықтарды емес, елді елеңдетер ұлттық, тіпті ұлы жаңалықтарды жазуға көшті. Халықты ұмытыла бастаған төл ­тамаша салт-дәстүрімен табыстыруды­ діттеп, төрткүл әлем тарабында бір кездері иеленген өз орнын тауып, қазіргі таңда ешкімнен кем болмауға, тең болуға үндеді. Халықты өлмес-өшпес, тіпті мәңгілік жасауға хақылы төл рухани асыл қазыналарымен табыстыруды, Алашты орыстың отаршылдық саясаты нәтижесінде жат, жау етілген Алаштың асыл арыс­тарымен қайта қауыштыруды қолға алды. «Ана тілі» апталығының, міне, осындай халықтық жарқын мақсат, елдікке жеткізер игі мүдделерді жүйелі де жақсы жүзеге асырудың негізін бірінші санынан-ақ қалай бастағанына куә боламыз. Мәселен, мұның тұңғышы Міржақыптың «Жаңа тілек» өлеңінен басталса, алғашқы нөмірдегі тек наурыздың 22-сінде келетін төл Жаңа жылымызды ұлтқа қайтарып, орнықтыру бағытындағы қам-қарекет болса, екіншісі – төл ұлттық аты-жөнімізді айқындап, ­Алашына қайтаруды ­бастап берген Мекемтас Мырзахметұлы мен Аманқос Мектептегінің «Ов туралы» мақаласы. Біз бұл күндері отаршылдық санамызға әбден сіңірген осынау құлдық қылық, жат әдет-әрекеттерден құлан-таза құтылмасақ та, өзіміздің төл Жаңа жылымызды иеленіп ресми аты-жөнімізді алдыңғы қатардағы бөлігіміздің ұлттық салт-дәстүріміз бойынша жаза бастағанын айта аламыз. Егер осы екі мәселе бойынша шешім, жеңіс бүгін де қанағаттанарлық деңгейде болмаса, онда «Ана тілінің» кінәсі жоқ.

Сонымен, «Ана тілі» жарыққа шыққан соң, ол неше түрлі жабық тақырыпқа қамшы тастап, мәңгүрттіктің жолын кесіп, туған тіліміздің тағдыры үшін қасиетті күресті бастап, алуан-алуан қоғамдық түйін-түйткілдердің байлауын шешіп, жазғандарын оқып-ұққан соң... біздер үйреніп-игеріп келген тарихымыздың бізге бөтен, жалған екенін, қадым ғасырлар бойы туған тарихымыз ақтаңдақтарға толы екенін аңғардық. Сорақылықтың көкесі сол – Мәскеу астанамыз деп ән саламыз, уақытылы салық төлемей, Алтын Орданың билеушісі Едігеден қазіргі Қызыл алаңда дүре жеген Дмитрий Донскойдың Күлік шайқасындағы өмірде болмаған «ұлы жеңісі» үшін тамсанамыз. Сыр бойындағы сәулетті Сығанақ – Ақорда хандығына ­болыпты байтақ астана; орыстың ең әйгілі патшасы І-Петр кезінде қырым хандығынан тас-талқан жеңіліпті – мұны білмеуіміз масқара! Рас, еліміз екі-үш ғасырлық орыс бодандығына түсті – бұл шындық, алайда тіліміздің де басқыншылыққа ұшырағанын білген соң, егемен ел кезімізде оны күні бүгінге дейін азат етпеуіміз қандай жетістікке жатады?!­ Тіпті мұны қойшы, отаршылдар қылмысын айтуға қорқады, шындықты жауып-жасырады делік; алайда француз­ Наполеонды айтуға ­болады, неміс Гитлерді де жалпақ жаһанға жар салып жарнамалау жарасады; сонда Кенесарының атын да ататпай, ­Ахмет, Әлихан, Мағжандардың есімін де ­жасырып, еңбегін де айтқызбау қандай мәдениетке, қарекетке қоңсы қонады?! Кеңес отаршылдарының бұл қылығын, арамзалық құлығын қандай қисынға жатқыза аламыз? Қысқасы, мұндай сормаңдайлықты арғы-бергі тарих бұрын-соңды білген емес. Осылай айта берсек, 1990 жылдары­ қазақтың күллі өмірі «ақтаңдақ, қаратаңдақ, алатаңдақ» екен, кілең кессең – қан шығатын, кеспесең – жан шығатын ірі түйін, шешуі қиын түйткіл, сұрақ, мың бір мәселеден тұратындай. Ақиқат расында да осыған жақын болатын. «Ана тілі» газетінің 1990 жылғы №5 санында осындай бір түйіннің қырын ашқан, терең ­сырын шашқан Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Оқжетпестің қиясында» деген дастаны­ жарық көрді. Ол қара түнек аспанда жарқ еткен найзағайдай шығарма екен: Арқада Бурабайға жер жетпейді, Басқа жер ойды ондай тербетпейді. Бурабайдың көлі мен Көкшетауды Көрмесем – көкірегімнен шер кетпейді. Қиясымен бұлт құшқан Оқжетпестей, Басқа тау ойды аспанға өрлетпейді. Арқада Бурабайға жер жетпесе, Алашта Кенекеме ер жетпейді! Көкшеде күңіренген Кенем қайда? Дариға, жүрегімді дерт өртейді... Біз келтірген үзіндісі осындай от-жалын бұл дастан тұтас алғанда да ғажайып шығарма. Фантастикалық көркемдік қуатқа ие өлеңдер шоғыры. Өз басым жетпіс жыл жер баса жүріп, мұндай маржан-жырды 1990 жылы бірінші рет оқыдым деп айта аламын. Мұның басты себебі – «Арқада Бурабайға жер жетпесе,­ Алашта Кенесарыға ер жетпесе», адамзатта Мағжан ақынның осы ­дастанына ешқандай жыр жетпейді. Өйткені ол бұл шығармасын ­жазуда эпитет, теңеулердің ең биік шегін, көркемдіктің ең көркем шенін пайдаланған. Мұның үстіне ақын өз жүрегінің жанартау лебін, ұлтының жазылмас мәңгілік шерін қосқан соң, оған жер жүзінің бес мың жылдық (шумерлердің «Гильгамеш туралы ­жырынан» бастасақ, Гомердің «Иллиада»,­ мен «Одиссейімен» қостасақ) поэзиясында «Оқжетпестің қиясындаға» тең келетін туынды жоқтығына дау туар ма? «Оқжетпестің қиясында» – қазақ­тың жыр қағанатының ең шырқау, ең маржан алтын тәжі. Алғаш рет 1923 жылы Ташкентте­ жарық көрген ақынның «Шолпан»­ жинағына енген «Оқжетпестің қиясында» дастаны содан кейін араға 67 жыл салып халқымен екінші рет жүздессе, содан кейін жолын ­кесер кедергі-кеселдер кездеспесе де, осы көгілдір аспан, Ақорда дастан туған бүгінгі күні халқының жүрегінен мәңгілік орнын ала алды ма? Сұрақ. Ал... Найзадай Оқжетпестің қиясына Жалғыз-ақ Кенекем ғой қадам басқан... Нақ бүгінгі күні де мөлдір көл Бурабайдың жағасында табиғаттың қолдан құйылғандай зәулім сұлу мұнарасы Оқжетпестің қиясынан «Қашан Алаш қазақ деген қасиетті атына, Құдай ерекше жаратқан ­затына лайық болар екен?!» деп көкірегі шерлі елдің Ері Кенесары бізге қарап тұр. Бұған дейін де тыйым салынып келген талай шығармаларды тұңғыш жариялай бастаған «Ана тілінің» алдынан осы «Оқжетпестің қиясындадан» соң ақ жол ашылып сала берді. Десек те, елде әлі үрей бар. Сартаптанған сана бұғаудан босай қоймаған. «Ауру қалса да, әдет қалмайтынына» бақсақ, «Ана тілі» саралқасы сең бұзылмаса, көктемгі құла су арнаны буып жата берерін ұқты. Әлі компартия тірі кез болса да, «Ана тілі» демократияны, жариялылықты, әділдік пен шындыққа есе тигенін пайдалана білді. Әлі ақталмаса да, Мұстафа Шоқай туралы тұңғыш сөз – жазушы­ Бейбіт Қойшыбаевтың «Беймәлім тағдыр» атты мақаласын жариялап жіберді. Бұл үшін Орталық Комитет қызметкерлерінен ескерту естігені де бар. Енді бұған «Алаш партиясының ­саяси бағдарламасын жариялау жалғасты. Желтоқсан көтерілісінің салқынын жылыту. 1986 жылдан кейін Мәскеудің темір қыспағында қалған Дінмұхамед Қонаевпен тұңғыш сұхбат алып жариялау.­ Созақ көтерілісі тарихын қозғау. 1916 жылғы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысына жаңаша көзқарас. Қазақ халқының шежіресін қаузау... «Бұл – қай елдің парламенті?», «Алыстағы ағайын тағдыры алаңдатады», «Басшы жолдас, қашан қазақша сөйлейсіз?», «Құранның әліппесі және имамның шарттары», тағы сол сияқтылар. «Ана тілінің» топжарған, тоңды бұзған осы қайрат-қарекетін халық та бағалады. Келесі 1991 жылы оның ­таралымы бірден аспандап, 118 мың 106 данаға бір-ақ жетті. Бұл – сол уақыт үшін керемет көрсеткіш еді. Өйткені бір кездегі мемлекет қолбасшысы компартиядан күш кетіп, тәртіп қожыраған. «Бір жақсылықтың бір жамандығы бар» дегендей, халыққа еркіндік әкелген қайта құру елдің мықты экономикасын құлдыратып, сана мен тұрмыстың талай тағдыршешті тұстарын қайтадан құрта бастаған. Ең бастысы – былық (бардак) бел алған... Сондықтан да Кеңес өкіметінің кемелденген социа­лизмге көшкен кезеңінде ақылды ­баурап, жүректі жаулаған газет-журналдар таралымының Қазақстанда 500 мыңға жетуі таң болмаса, мына тұста «Ана тілінің» 100 мың данадан асуы таңсық құбылыс болғаны рас-тын. Дау жоқ, бұл Бас редактор Жарылқап Бейсенбайұлының ұжымына Ертай Айғалиұлы, Қонысбек Қожамжарұлы, Ғарифолла Қабдолқайырұлы, Сағатбек Медеубекұлы, Аманқос Мектептегі, Берсінбек Сәрсенов, тағы басқа да талантты журналистерді топтастырып қана қоймай, қоғам сұранысын тап басып, материалдарды жариялауда әрқашан дерлік батылдық пен біліктілік танытқан, әйгілі академик Әбдуәли Қайдари, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, қажырлы қаламгер Өмірзақ Айтбайұлы, этнограф Тоқтасын Өмірзақов, тарлан тілші ғалымдар Рәбиға Сыздықова, Сапархан Мырзабеков, алашшыл тарихшылар Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков­ секілді авторларды тарта біліп, олардың жаңашыл да, жарқ еткен еңбек, әлеуметтік маңызды мақалаларын жариялауымыздың қайтарымы болатын. Әрине, бұған қоса ұлтымыздың ­санасы сілкініп, ар-намысы оянуының да жеңіс-жемісі еді. Иә, қашанда мерзімді басылымның тірегі – авторлар. Халифа ­Алтай, Рахманқұл Бердібай, Мекемтас ­Мырзахметов, Шота Уәлихан, Байұзақ Қожабеков, Ақселеу Сейдімбек, ­Алдан Смайылов, Сейіт Кенжеахметов, Смағұл Елубай, Қосыл Омаров, Марат Қабанбай, т.т. діл қайраткерлерінің тұтас бір шоғыры қалыптасқанын көрдік. Бұрынғы белгілі жазушылардың жаңа қырлары жарқырап ашылғанына куә болдық. Ел жазғанын іздеп жүріп оқитын сондай авторлардың бірі – суретші Қалиолла Ахметжанов еді. Ақмола өңірінен шыққан талантты жігіттің әрбір мақаласы этнографиялық, тарихи, өнерлік тұрғыдан жаңалық болып түзілетініне үнемі тәнті болатынбыз. Түйіп айтқанда, өзекті тақырыпты көтергенде ешкімнің беделіне қарамау, ақиқатты ашық айту, мәселені білікті қаузау, яғни өткір сын айта білу, өзге де толғақты жайларды, көкейкесті жайттарды: тіл мен дін, тарих пен салт-сананы қаузағанда сауатты тарқатып, жүректен сыр шерту «Ана тілінің» дәрменіне ғана емес, дәстүріне де айнала­ бастады. Міне, сондықтан да «Ана тілі» беттерінде вице-президент (сол кезеңде осындай лауазым болған) Ерік Асанбаевтан бастап облыс әкімдері Браун, тағы басқалар, министрлер мен Жоғарғы Кеңес депутаттарына дейін әділ сын садағына ілініп, олар газет саралқасына жауап беріп жатты. Ол кездерде сыналғандар «Ана тілінен» де гөрі, басылым тірегі – оқырман халық бетінен қараудан қаймыққандықтан қаупайлайтын.

Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналуы үшін оның жай жақсы газет болып жарық көруі жеткіліксіз; ол қоғамдық-әлеуметтік қажеттіліктен туып, қырымға көз салып, қырандай қияға да қанат қағуы тиіс. Біздіңше, 1990 жылы Жаңа жылқы жылымен бірге туып, оқырманға қол созған «Ана тілі» газеті алғашқы санынан-ақ жақсы журналистер әзірлеп жарыққа шығарған, дер кезінде қоғамдық-халықтық қажеттілікті де жан-жақты өтеген, бір кездегі ізашары – «Қазақ» газеті сықылды жаңа тәуелсіз газеттер сапын бастаған, жарқылдап жарық көрген көшбасы басылым болып қалыптасты.

Жалғыз-ақ мысалды алға тартсам, ұмытпасам, 1994 жылы Жоғарғы Кеңесте мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты мәселе көтеріліп, депутаттар жасырын дауыс берді. Бізді ренжіткені – түрі ғана емес тілі қазақ, тіпті ел азаматтары атанып жүрген белгілі бір топ халық қалаулысының (іштерінде Ұзақбай Қараманов, Қажымұрат Нағманов бар, т.б.) орыс тілін қолдап қол көтергені. Ізін суытпай бұл жайтты «Ана тіліне» жариялап жібердік. Ертеңіне әлгі мықтыларымыздың көбісі төбелерінен жай түскендей болып, саралқаға дереу хабарласып, ақталып жатты. Мұны алға тартып жатқаным – сол кезде қарапайым халық өкілдерінен жоғарғы биліктің иелеріне дейін ­басылымды оқып, «Ана тілі» газетімен санасқанын білдіру. Өкінішке қарай, бұл санасу «Ана тіліне» Мереке Құлкенов бас редактор болған кезде де жалғасқанымен, кейіннен апталығымыз бұл қауқарынан айырылып қалды... Газеттік мақала көлемі көтермей­тіндіктен маған талай толғақты жайларды­ ғана емес, талай жылдарды да аттап кетуге тура келеді. Жалпы «Ана тілі» Мақсат Тәжімұрат, Жұмабек Кенжалин, Самат Ибраим басқарған жылдарда да тақырыбынан, өз ұстаным-позициясынан ауытқыған жоқ. Еліміз ақпарат әлеміндегі тиесілі орнын ешкімге берген жоқ. Туған тіліміз туын төмендетпей, қазір де тік көтеріп келеді. Әрине, еліміз Тәуелсіздік алғанымен, 1990 жылдардағы дағдарыс «Ана тілі» тағдырына да қатты әсер етті. Өздері әрең күн көріп отырған халыққа «Газетке неге жазылмайсың?» деп қалай өкпелеуге болады? Бес-алты жыл қатарынан жанбағыс талқысын көрген жұрт жақсы әдетінен жаңылып қалса да, таңғалу қиындау. Сондай «тар жол-тайғақ кешуден» аман өтіп, қазіргі таңда да қазақ газеттері көшбасында келе жатқан басылымға өкпе жүрмесе керек. Мұның үстіне тәуелсіздігімізбен қабаттасып елімізге енген Жаһандану бүгінгі күні әрбір үйдегі есігімізден кіріп, тесігімізге дейін бітеп үлгергені байқалады. Айталық, отбасымыздағы көкайна жер бетіндегі еврейлер бая­ғыдан-ақ қастерлеп, барлық мемлекеттерде қорғап келе жатқан жеке адам құқығына пысқырмайды. Қалаған кезде жақсы хабар – қызығыңызды үзіп, жарнамасымен жүйкелетеді. Қазақ халқы тілі теңеліп, бостандық пен бақытқа кенеліп отырғандай, төбемізден «оу!» мен шоуды жауынша төгіп қойды. Бас- мойыны бос билігімізді меңгеріп, енді бұқарамызды бағындыруға көшкен. Ұлы ақынымыз Қадыр Мырза Әлі 1960-жылдардың басында көрегендікпен айтып қойғандай: Бейбіт күннің өзі соғыс мылтықсыз, Онда да жұрт жатады атып мүлтіксіз. Жарақат па? Жарақатың ішіңде... Бізде ұлттық емес, жаһандану ұлық­тарының мүддесі бүгінде биік. – Балаға балабақшадан батыс мәдениеті, ағыл­шын тілі керек пе? – Мә! Орта мектеп пен жоғары оқу орны шәкірттеріне Солон мен Болон керек пе? – Мә мә! Отыз-қырықтағы салдарға сауға – «Оу!»; ал алпыс-жетпістегі кемпір-шалдарға сыбаға – Шоу! Кәсіпкерлерге енші – тендер, мансапты шенеуніктерге есе – «жеңдер». Тек тұрған – шеттетілген ұлттық әдебиет пен дәстүрлі өнер, ­авторлары қаламақы алмайтын қазақы газет-журналдар. Рас болса жалғыз жаратушы Құдай­дың өзі: «Сақтансаң, сақтай­мын» дейді екен. Ендеше, біздің жо­ғарыдағы уайымға батқан сөзіміз де сақтандыруға саяды. «Ана тілі» тұмшалаған тұманнан тазартып, жарты ғасырдан кейін халқына қайта табыстырған алдаспан ақын Мұрат Мөңкеұлының өзі «Үш қиян» атты атақты толғауында былай демеуші ме еді: Мен қауіп еткеннен айтамын: Ақ борықтай иілген, Кейінгі туған баланың Ұстай ма деп білегін, Шая ма деп жүрегін. Шашын, мұртын қойдырып, Ащы суға тойдырып, Бұза ма деп іреңін. Адыра қалғыр заманның Мен жаратпаймын сүреңін!.. Сонда қазақы бітім-болмыс пен алаштық салт-сананың соңғы қамалы – қағанаты құлаған әдебиет пен өнеріміз, «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Түркістан», ­«Алматы ақшамындай» санаулы баспасөз құралы болғаны ма? Ақиқатпен қоңсы шындық бұл. Алайда «қазан аузы жоғары». Ең негізгісі – Тәуелсіз елміз. Қайтадан қалғып кеткен халқымыз тағы бір дүр сілкініп оянса, темір ноқталы Орыс­тан отаршылдығын төңкеріп тастаған қазаққа Жаһандануды да жалпасынан түсіру түк емес. Жаппай интернетті оқитын бұқарамыздың бетін бері бұрып, оның ішінде болашағымыздың иесі жастардың жалынды жаңашылдығына ар-намысы оянуына, санасы сілкінуіне сенсек, үмітіміз үлкен. Бір бұлбұл үнді әнші Димаш Құдайбергеновтың төрткүл дүниені төңкере бастағанын көріп, алдағы уақытта – үстіміздегі жылы отызға толатын «Ана тілінің» өзі тіккен іргесі мықты, алмағайып жиырма тоғыз жылда да жел-дауылдар шайқай алмаған қазақы киіз үйінің керегесін кеңейте түсіп, шаңырағын шалқита шырқауға көтеріп, қазақты ағылшын мен арабқа тең болуға бастап жаңа Алаштың Ақ Ордасын құрарына кәміл сенеміз.

1558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы