• Әдебиет
  • 22 Қаңтар, 2020

Жұлдыз жауған жолдар-ай...

Аян-Сейітхан  НЫСАНАЛИН

ҚАЗАҚ ҚЫСЫ

Ауызға үріп салатындай үр қандай! Зүміраттай жалт-жұлт етіп тұрғандай. Періштедей сол ғаламның ішінде, Қазақ қысы сән-салтанат құрғандай.

Жоғарылат! Саған дайын төр анық, Оралдың ба ақ ұлпаға оранып? Қош келіпсің Қыдыр келген өлкеге Ырыздыққа қойны-қонышың тола нық.

Бал-бұл жанып кетті жайнап қашқан өң, Қай құдірет сиқыр сурет салған ең? Тау-тас аппақ, айналаның бәрі аппақ Қарсы алдымда жатты менің басқа әлем.

Шыңылтыр шақ! Жабырқамай жан адам. Көзге қораш ештеңе жоқ шамадан, Алып кірді сырттан аяз бір құшақ, Үй иесі мал жайғаған манадан.

Күн сәулесін алтын талшық нұр құрап, Ақырдағы оқыранды бір құр ат. Қаңсып қалған кеңсірікті жарады, Мая шөптен жаздың иісі бұрқырап.

Жан шарпиды көріністер етене, (ұйысып ой Жетімтауға жетеле!) Арыстанды-Қарбастың желі бұл, Тыныштықты әңкі-тәңкі ете ме?

Шолжаң балдыз жасағандай базына, Үлпершектей тұрды сұлу саз ұнап, Енді сәл-пәл... Қыр астынан боз айғыр, Үйірімен шығатындай азынап.

*** Үлкен жолдың үстіндемін үнемі, Маған аян Агасфердің өмірі. Табыла ма жанды жеген мұң емі, Беу, дүние, сүті көп, аз көмірі.

Не істеймін? Тұзым жеңіл менің де, Ауырлайды ой азабы батпандап. Түске кіріп көрген құқай өңімде, Қарап жатқан қоғамың да жоқ таңдап.

Мансап, байлық-қолдың кірі дегенмен, Әмпей ауыз жаласқандай ұштасып. Болашақтың қамын қанша жегенмен, Сарыжұртта жолаушыдай түс қашып.

Нөсер құйды, бұршақ жауды, жел тұрды, Қонды шашқа уақыттың тозаңы. Сұрғыл сурет көзіме жас келтірді Қашан дүлдүл делебесі қозады?

Жайшылықта жататұғын құт тасып, Енді жүдеп тұрған анау маң қандай? Аспан асты, жер үстінде тұтасып, Әлдеқайда тамұқ оты жанғанай.

Қызықтырып мәңгі жөйт өмірі, Табыла ма жанды жеген мұң емі? Дүниенің сүті көп, аз көмірі, Үлкен жолдың үстіндемін үнемі...

ҚҰМАЙ

Аңыз желі аңызақтай еседі, Тапты тұмса италақаз деседі. Ұшқан құс пен жүгірген аң. Қансонар. Санадағы сәуле қалай өшеді?

Бәйшешектер енді бүрін жарғанда, Алып келді нағашылап барғанда, Күшігінен өсірді иттің сырттанын Бәйек болды кетпеу үшін арманда.

Еркелетіп, баулып оны шектеді Сипаттаса оған теңеу жетпеді. Таза болды табиғаты тазының, Ит те болса таңғаларлық текті еді.

Өмір жолы тарау-тарау оңай ма? Гүл орнына шықты кейде шоңайна. Қожайыны кетті бір күн әскерге, Пешенеге жазылғаны солай да...

Ешнәрсеге ашымайтын жаны түк, Жүрміз біздер сан ұтылып, сан ұтып. Әлде иесін кетті ме іздеп сол құмай, Тағы да бір тектілігін танытып.

*** Бойтұмарым! Дерт дендесе бол дәрі, Қасиетің қанмен қоса тарады. Жетімтаудың жұлдыз жауған жолдары, Енді қайда, айтшы, алып барады?

Шайлықпайтын шоқты шайнап, тас жеуден Қайран жастық! Нан піскендей жас кеудем. Маңдайымды тау мен тасқа соққанда Не іздедім ит өлген жер Мәскеуден.

Алдарқатып Шабыттаудың тұрағы, Бұлтты жарып тәуекелдің пырағы. Бір қоламта әлі өшпей келеді, Бағдаршамдай үлбір үміт шырағы.

Шық жуытпай жаным пида ар үшін, Бірте-бірте кеңейтті өмір өрісін. Гүлдер өскен шығар менің ізіме, Дала-дәру бізге ілайім дарысын!

ӨР ӨЗЕНІ

Езуінде көктемнің көпіреді, Тентек күйге толды ма көкірегі? Шулатады ұлардай шатқал ішін, Тау өзені өгіздей өкіреді.

Жерге көктен түскендей лепіреді, Шәлкем-шалыс мінезі дөкір еді. Лебіз жұтып, жаламық ойнағандай Қайта-қайта қойтасқа секіреді. Айбат шегіп, мөңкиді шабынғандай, СЭС салып жүр ме әлде бағың жанбай? Мұз сауыттың шолжиды құрсауында, Оңайлықпен сынбайтын сағың қандай!

Желіні сыздап (бәрінен безінгендей), Бұлттар боздап барады бозінгендей. Ентелейді еңіске күміс ағып, Бостандықтың не екенін сезінгендей.

Күтіп тұр ма сағыныш сағасында, Ырду-дырду ханбазар шақ осында. Қозықұйрық қырдағы томпияды, Жұпар шашып жалбызы жағасында.

Емес оған шыңдардың төрі кеңде, Тепсінеді толқындар жерігенде. Әуселесін бәтшағар көрсетеді, Самарқанның көк тасы ерігенде.

*** Туды Ай. Орақ сынып ұңғысынан, Дүние дәметті не түн құсынан? Зәре-құтты ұшырып шыңырауы Қиқулап сарқырама шың тұсынан.

Жатқандай жіті құлақ қойып жанат, Қызыл іңір қаусырды жайып қанат. Жерініп жоңышқада арқандаулы ат, Кенеттен кісінеді ғайыптан ат.

Жұлқыса қай құйынға қау төзеді? Бұлқынды арықтағы тау өзені. Соншама аңсары ауып, таңды тосып, Мақұрым қалмайтынын бау сезеді.

Басылып азан-қазан. Ауыл үсті, Аңқытып пәлекте иісін қауын күшті. Тыныпты әлдірманы құрыған жел, Аяғын өлімсіреп дауыл құшты.

Бұйыққан бас көтерді бағыныш үн, Асқынып күліп еді сағынышым. Тек айды аспандағы әперген жоқ, Туған жер құшақ жайды бағым үшін.

ҚОШ, ТРАМВАЙ!

Бұлбұл ұшқан көзден қайран жастығым, Қош, трамвай! Көне көздің бірі едің, Дүрс-дүрс етіп соқты алып жүрегің, Қимас достан айырылғандай басты мұң.

Бәлкім, жылдар жымысқыдай ұрлайды, Ескі тозып, ал жасампаз озады. Кешегіңіз өшпегендей қозы әлі, Аққайыңдар махаббатты жырлайды.

Біз сағынып жұпар иісін даланың, Енді сенсіз гүлдер бақта жайнайды, Өрге тартып өмір қыз-қыз қайнайды, Ырду-дырду тіршілігі қаланың.

Үлкен-кіші оралатын қонаға, Ығы-жығы мініп, түсіп жатады. Күндер зулап, таң толықсып атады, Жә, тыныштық жанымызға бола ма?

Затым – адам. Шүкір ана, аманмын, Дүниеде кім тыңдайды назыңды? Келіп-кету пешенеге жазылды. Бәріміз де құрбанымыз заманның.

ЦЕЙТНОТ

Күн күркіреп, бұлт дүркіреп үстімнен От ойнатып алады екен күш кімнен? Уақытпен кездескенде бетпе-бет, Талай мәрте цейтнотқа түстім мен.

Күрделі кез мені айналып өтпеді, Мәздем-мезгіл керегінде жетпеді. Айды аспанға шығармадым, әттісі-ай, Жұлдыздарға қол созбадым көктегі.

Болғаннан соң бел баласы дәуірдің, Мен де оның сырқатымен ауырдым. Жүргенім жоқ астыменен жеңілдің, Өткен емен үстіменен ауырдың.

Суға баттым, отқа түстім күймедім, Тіршіліктің бір пұшпағын иледім. Күтті мені қияметтің көпірі, Кеудемдегі бытық-шытық күй менің.

Ұшыратса зайғы заман кәріне, Пешенеде көретінім дәрі ме? Тек жалаңтөс емес дала оғланы, Болды, болды айтары жоқ бәрі де.

Өмір алтын құндағына бөледі, Есіл уақыт зая кетіп келеді. Тонамаса егер қоғам қатыгез, Кетті қайда бақтың жасыл легі?

Көкіректен бір күрсініс кетпейді, Арман-түлкі алдарқатып жет дейді. Тау мен тасқа маңдай соғып жүрсем де, Әлі менің уақытым жетпейді.

***

Сұм өмір абақты ғой саналыға. Мағжан

Қорытады кеудем гулеп көріктей, Ғазиз басым-ойқазына көмбесі. Ерте гүлдеп, үсік шалды өріктей, Арман еді ол – толған айдың он бесі.

Маңдайымның соры қалың бес елі, Әлде менің тұзым сонша жеңіл ме? Бойды буып уақыттың кеселі, Бұлт қабарып, кірбің түсті көңілге.

Жібермейді ұйық тартсаң сен бері, Көңірсиді қала жатсың жұтылып, Тарылғандай тіршіліктің шеңбері, Үйқамақтан шыға алмаймын құтылып.

Күй кешемін қамалғандай түрмеде, Қапырық күн қаусырады қаумалап. Маса ызыңдап, жел ыздиды іргеде. Бейғам неге шал сақалын саумалап?

Әлдекімнің елесі еңсе езеді, Мұң үстіне тағы да мұң жамалып. Сынық қанат шағала ой кезеді, Енді қалай отырамын омалып.

Өлеусіреп сөнді жұлдыз жанатын, Сығараңдап біреу жүр ме есікте. Пыр-пырлайды сүйреп сынық қанатын Беймаза ойлар тұншығады бесікте.

*** Өтті тоқырау, Жетті боқырау. Есептен жаңылды Уақыт апыр-ау. Мүлгіп жатыр бау. Бозқырау жамылды. Уылжып тым ыстық, Тәтті тыныштық.

АДЫРАСПАН

Күн келеді жарқырап, жадыра, аспан! Құрып тұздай тұқымың қадірі асқан. Алматының бұл шайтан базарына Қайдан келдің адасып, Адыраспан?

Дала иісі, күн иісі сезіледі, Көріп сені ет-жүрек езіледі. Сорың ба әлде бағың ба қай тұрысың, Сағындырған балауса кезің еді.

Бозторғайдың әні таң әлегінде, Тербеп сені өлермен жел өтінде. Төл төккенде селбесіп сақманшылар, Хан көтеріп қайтатын келетінде.

Ой, дүние-ай, алмай-ақ дара бұйрық, Терең ойдың иірімі барады үйіріп. Сені үзбейтін көз қиып әншейінде, Қойлармен бір жайылып қарақұйрық.

Күні үшін айырып тамырыңнан: Аңызақтан, аяздан, жаңбырыңнан. Күйік болдың екен сен енді кімге, Емес пе едің жаралған жаның нұрдан.

Туған жердің табы бар әр кіндікте, Өскенсің сен ұмтылып еркіндікке. Артынып та, тартынып келе жатқан Арттан сонша сарылып төркін күтпе.

Тағылықпен қарама далама тым, Әзірейіл емеспін жан алатын. Кім біледі ежелгі дағдымыздан, Сенің тегің киелі саналатын.

Жаһан түзде көп пе шөп қадірі асқан, Көкемарал һәм андыз жамырасқан. Мүсіркейтін біздерді кісі бар ма? Ассалаумағалейкум ағайын, Адыраспан!

*** Тау бұлттары біртүрлі алабұртып, Анда-санда көз жасын алады іркіп. Емін-еркін құстардың патшалығы, Қайран қалып қарайды бала бүркіт.

Тас болса да бәдізші қашайды анық, (Құзғын текті тым ұзақ жасайды нық). Біздің ғұмыр зымырап барады өтіп, Шың-құздарға қараудан бас айналып.

Жататұғын жалғасып жең ішінен, Өмір кілең келмейді жеңісімен. Теңіздің толқынындай тағдырыма, Қасқайып қарсы тұрдым сен үшін мен.

*** Күн келеді қызыл қанат періште, Мұңайды шал (бойға біткен беріш пе?) Ойы онға, сана санға бөлініп, Байқалмайды ит өлсе де бәрі іште.

Қамшылады көк дөненін көңілдің, Жүрген емес үстіменен жеңілдің. Таңдай-таңдай келіп «тазға» жолықты, Маңдайына жазғаны ма өмірдің.

Екі етпей орындалып әмірі, Берді оған тілегенін тәңірі. Ұл ержетті, қыз бойжетті бұлғақтап Бұл өңірдің кәсіпкері ең ірі.

Жұта жаздап жаһандану жайыны, Бәрін сатып шала-шарпы байыды. Тегеуірінді уақыттың толқыны, Қалт-құлт етіп қалды әрең қайығы.

Тасты жарып шықса шынар шыңдағы, Тар жол, тайғақ кешу оны шыңдады. Мық шегедей осындайлар болмаса, Жетімсіреп қалардай қыр құндағы.

*** Ойлан, қазақ Ойланатын келді кез, Құлын даусы шығып жетім өлді сөз. Көкжиекке қарай-қарай қарығып, Маңдайдағы екі жұлдыз сөнді көз Ойлан, қазақ! Ойланатын келді кез.

Мөлдіресе тамсап таңғы әр шықты, Қырға бардым қырағаттап зар шықты. Ермек үшін безбүйректер бітеген, Біреу нұрлы бастау басын аршыпты, Мөлдіресе тамсап таңғы әр шықты.

Боп-боз болып қан қалмапты өңіңде, (БҰҰ-ға хат жазсам сауап-ау сен жөнінде). Еңсең түсіп өмір жасың өксісе, Арба айдап, жүк көтеру теңің бе? Боп-боз болып қан қалмапты өңіңде.

Әуелден-ақ емес едің тым іскер, Бұйырғанда болсаң жақсы жұмыскер. Жатсам, тұрсам ойлаймын мен өзіңді, Шүкір, Алла! Аз уақыт тыныс бер, Әуелден-ақ емес едің тым іскер.

Жайылғандай ғажап дала кілемі, Асыл шөбі бүкіл дерттің біл емі. Сағынышпен қалып бара жатқандай, Қол созымда Тәңіртаулар сілемі, Жайылғандай ғажап дала кілемі.

Әлі, бірақ, бақыт оты өшпеді, (Әлде саған бар бәлекет өш пе еді?). Қаншама біз көріссек те жыласып, Оралмайды енді тұрмыс көшпелі, Әлі, бірақ, бақыт оты өшпеді.

Төрге шықты өркениет дейміз-ау, Жә, жарайды! Болмаса егер ой күзеу. Дарын емес қарын сипап жататын, Не дегенмен өтті өмір бойкүйез. Төрге шықты өркениет дейміз-ау.

Қамдан, қазақ! Қапы қалма келді кез, Құлын даусы шығып Ата өлді сөз. Көкжиекке қарай-қарай қарығып, Маңдайдағы екі жұлдыз сөнді кез. Қамдан, қазақ! Қапы қалма келді кез.

ҚҰНЫС

Уақыттың түсті ме артық салмағы, Арманы еді өмірден көп алмағы. Жаңбыр емес ашық күні құңысып, Бар үмітін мыстан мәздем жалмады.

Тағдырының заһар толы кесесі, Қанша мәрте кетті әттең есесі. Жетім өсті тартып ақыл азабын, Қайтып ерте әкесі мен шешесі.

Жібергенде тісін қайрап ұпайын, Бұйыртпапты құдай бұған құт айын. Еркелеудің не екенін білмейді, Қасіреттің көрді талай құқайын.

Маңдайына жазылыпты жаманы, Итшіледі (кімге керек аманы?) Таптауырын тіршілікке келіп тап, Қайтеді енді? Тұр безеріп заманы.

САЯЖАЙДА

Имиіп кіртиеді тау басында Ай, Құдықтың түбі тесік қауғасындай. Аңғардан соқты самал желпіндіріп, Кішкентай желік бітіп бауға осындай.

Құйынның ұйпа-тұйпа жат шалығы, Бір мін жоқ алқын-жұлқын бақша ығы. У-шу да, кептеліс те мезі етпейді, Орнапты тыныштықтың патшалығы.

Сұлулық, саған мойын бұрайын ба? Бәрі бар жазғытұрым бір айында. Дүние ұйып, «қазақ вальсіне» Мамырдың жүгірді шыр шырайына.

Балалар сәулеңкесі күн ұстайды, Жым-жылас жібереді жымысқы ойды. Күнесте шуақтайды маужыраған Шал-шауқан кеуде керіп тыныстайды.

*** Айналайын, ауыл! Алтын бесігім, Маған аштың сиқыр өмір есігін. Өбектейді жанын пида етердей, Жақақтайтын Аян деген осы кім?!

Көкжиекке кеткен қалмай көшіңнен, Сүт пен гүлдің иісі аңқып төсіңнен. Аунақшиды ой толқындардай тынымсыз, Жатсам, тұрсам шықпайтын бір есімнен...

Сасық көлдің зарар суы көлкиді, Қажай-қажай иінағаш қол қиды. Құнамақор ашкөздік пе немене, Кесе-кесе мал өрісі шолтиды.

Аспан биік, теңіз терең, дала кең, Желпінеді жалбыз, құрақ, сал екен. Сұлу сағым, әдемі елес ішінде Атамекен, тұз-дәм татсам бал екен.

Жұмса аямай қолбаласын Отанның, Толыпты үсті қызғалдаққа жотаңның. Сыздағандай аруана бауыры Боздап келе жатқан шерлі ботаңмын.

Жәукемдеген жерді сонша удай ғып, Жапандағы жасыл желек (тудай ұқ!) Жаратылыс жаны: жантақ, өгейшөп, Алабота, Есекмия, Бидайың.

Жеттік шөңге, қылтық раң, бетеге, Түйеқарын жеткізгендей жетеге. Кіндікпенен білді сыңар екенін, Іші шиша кәшімірдей бөтеке.

Жас тоғайда тымпи ойнап шөмеле, Бұлттар зеңіп, өтті жаңбыр себелеп. Пәрмен алып көктің күміс күймесі, Елпілдейді еңістегі ебелек.

Біз пендеміз мамыражай зар күнге, Қанат бітіп кететіндей әркімге. Туған жердің топырағы тербейді, Тұр нәзіктік сәмбіталдың пәркінде.

Жел өтіне төтеп беру оңай ма? Шоқалаққа өсті қалың шоңайна. Жарқырайды айдың беті сәулемен, Табиғатқа таранатын жоқ айна.

...Ауысқанда маусым кетпей тек түгі, Дүниенің толмайды кем-кетігі. Айналады ұлы өмірдің шеңбері, Біз – адамдар оның титтей тетігі.

835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы