• Руханият
  • 22 Қаңтар, 2020

«Толық адам» іліміне ден қойсақ...

«Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп, ұрпаққа асыл сөз бен құнды ойларын қалдырған дананың дүниелік сырларына биыл ерекше ден қоятынымыз қуантады. Осы уақытқа дейін де Абай мұраларын зерттеу тоқтаған емес. Алаш арыстарынан бастау алған, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов негізін салған «Абайтану» ғылымы кең қанат жайды. Іргелі зерттеулер де пайда болды. Мәселен, бүгінгі күнде Абайдың «Толық адам» ілімін тұжырымдап зерттеген филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы сынды абайтанушы ғалымдарымыздың еңбегі де жарқырай көрінуде.

Ұлы тұлғаның шығармалары адам жанының рухани емшісі десек, артық айтпағанымыз болар. Оған кешегі М.Әуезовтен бастау алып, бүгінде М.Мырзахметұлы зерттеп, ­сырын ашқан Абай атамыздың «Толық адам» ілімі дәлел болып отыр. Расымен де, Абай шығармаларын оқып отырғанда осы сөзді жиі кездестіреміз. Ақын «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың ­елден бөлек» дейді. Осы үш ұғымды Абай өлеңдерінен, қара сөздерінен жиі кездестіруге болады. Шығармаларында осындай адами құндылықтар көрініс тапқан Абайды жаһан жұртшылығына танытып, дәріптеу біздің қолымызда екені анық. Бүгінде елімізде Абайдың шығармаларын тереңдетіп оқытуға, шығармаларына бойлауға көңіл бөлініп жатыр. Мектеп оқушыларына және жоғары оқу орындарының барлық мамандық иелеріне «Абайтану» жеке пән ретінде оқытылуда. Осы пәнге арнап мектеп оқушыларына арнайы «Абайтану» оқулығы да шығарылған. Осы орайда, мен білім алып жүрген Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Дарынды ұстаз» факульте­тінің жанынан ғалым, ұстаз Әлімбай ­Найза­баевтың бастамасымен ашылған «Толық адам» курсын атап өткім келеді. Мен аталған курстың тыңдаушысымын. Бұл курсқа университет қабырғасындағы «Абайтану» пәнінің оқытушысы Рахат Саламатовадан үйренген білімімді ары қарай шыңдай түсу мақсатында қатысуды жөн деп таптым. Жалпы осындай ұстаздардың арқасында біз ойшылды мүлдем жаңа қырынан таныдық. Өзім де болашақ ұстаз болған соң, мектептерге тәжірибеден өтуге барғанда алған тәлімімді оқушылармен бөлісіп отырамын. Абайдың шығармаларын талдауда «Толық адам» курсының тигізген пайдасы­ мол. Педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарында осындай курстың болғаны қуантарлық жағдай. Себебі бұл жер ғалымдар мен ғылымның ортасы болғандықтан, зерттелген ғылыми еңбектер осында түседі. Ал ол жаңалықтар оқушыларға жетпей жатады. «Әлеуметтік жауапкершілік қайткенде ­орнына келеді? Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн» деп Мемлекет басшысы айтқандай, алдағы уақытта мұғалім болу арқылы мен де Абайдың «Толық адам» ілімі туралы білгендерімді мектептегі оқушыларға үйретсем деймін және Президенттің халыққа жолдаған мақаласында айтқан формулаға түсуді насихаттасам ­деген ­арманым бар. Өйткені өскелең ұрпақ та Абайдың ұлағатты сөздерін бойына сіңіріп, адам, тұлға ретінде қалыптасатын болса, олардың арасында өз елінің патриот азаматтары­ да көптеп шығатынына кәміл сенемін. Бүгінгі заманымыздың барша игіліктерін қолдана отырып, білім технологияларын дамыта отырып, хәкімнің ғибратын кеңінен насихаттай түсуіміз қажет.

Ерлан НҰРЛАНОВ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті

928 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы