• Руханият
  • 22 Қаңтар, 2020

Темірқазық

Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрген болатын. Бұл мақаланың ел болашағы ХХІ ғасырдың жастары үшін маңызы зор. 

ХІХ ғасырда өмір сүріп, сол дәуірдегі шығармала­рында айтылған құнды ойлары өзектілігін жоғалт­пағанын, ой-тұжырымдары мен ақыл-кеңестерінің бүгінгі қоғамға қашанда рухани азық болып қалатыны айқын дәлелденді де. Ақын сөзінің қай-қайсысы да мәнді де мағыналы өсиет ретінде бағаланатыны бұл мақалада баса айтылған. Абай сол заманда білім мен ғылым ілгерілемей, елдің дамуын елестете алмаған. Білім мен ғылымды дамыту арқылы ғана өркениетті дамыған елдердің көшіне ілесетініміз айқын. Сол жолда еңбек етуіміз қажет. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре-тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген Абай білім мен ғылымнан кеш қалған жоқ. Ұлы ғұлама өз уақытында айтты да. Ел Президенті өз мақаласында: «Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе,­ өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз» дейді. Ал «Ғылым таппай, мақтанбаны» оқыған адам адамдық қасиеттерге ұмтылады, жаман нәрселерден қашық боп, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды ойға алған асыл істерге талпынары анық. Бұл өлең жолдарын оқыған, көңілге тоқыған адам ұлы Абайдың осы сөздері адамды рухани тазалауға әкелетінін ұғынуға тиіс. Жастарға осыны ұғындыру керек. Ол – аға буынның бүгінгі парызы да. «Білгенге маржан, Білмеске арзан, Надандар бәһра ала алмас. Қиналма бекер тіл мен жақ, Көңілсіз құлақ – ойға олақ» деген сөзінен көп нәрсені аңғартқан. Тыңдар құлақ болса, Абайдың өсиеті ілім мен білімді сіңірту үшін барын салғаны сөзсіз. Сол шығармалары арқылы осы құндылықтар мен адам бойына ізгілікті сіңіріп, адамдық жолына нұсқап, «толық адам» болу идеясын алға тартқан ұлы тұлғаның шығармашылығына тереңнен үңіліп, тәлімін алып, оны кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру – ұлттық парызымыз. Ал ұлттың бойына ұлылықты сіңіргісі келген тұлғаны ұлықтау – ұрпақ парызы болуға тиіс. Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовтің сөзіне жүгінсек, «Адамды тазартудың құдіреті – Абай ілімінде» дейді. «Абай ілімі ол қандай ілім?» деген сұрақ туары айқын. Ғалымның пікірінде, Абай «үлкен адам дегенде, нені айтқысы келеді?» деген тұста, Адамдар осы саналы­ өмірге келгеннен кейін ізгілік идеясы қайдан пайда болды?» деген ой келгенін айтады. Ғалымның еңбегінде қытайларда ежелгі кезде­ «Улучшенный человек» деген ойды айтқанын, ­Конфуций ол ойды тоқтатып тастағанын, одан әрі Авестада «Тара» деген әйел құдай бар, ізгілік соның аузынан таралған дегенін, кейін әл-Фарабидің «Парасатты адам» ­деген ілімі шыққанын айта келіп, онда ел басқаратын адамның 12 түрлі қасиеті болу керек делінгендігін, содан кейін «Құтадғу білік», «Кабуснама»... ал одан кейін Ясауидың «Хәл» ілімін мысалға келтіре отырып, онда айтылатын негізгі ой «Хәләлін білмеген адамдар өмір бойы 40 есектің жүгін арқалап өтетінін, ал оны білгендер 40 есектің жүгінен айырылады деген екен. Абайдың «толық адамы» да сондай дейді. Меңгерсең, өзіңді-өзің тазалап шығасың» деп түсіндіреді ғалым тұжырымында. Президент мақаласында «Абайдың «толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деген ­болатын. Абай ілімі жанды тазалайды десе, арды да тазалайды деп қосар едік. Ілім мен білімді меңгерген, арлы да адамдық қасиет бойына дарыған, ізгілік нұрын сепкен адам «толық адам» санатында болмақ. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп, қалың қазақ үшін қабырғасы қайысқан Абай жақсы мен ­жаманды айырудың жолын сол өзі өмір сүрген ­дәуірде-ақ жеткізді де, ұлтының кемшілігін орынды сынады да. «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек» екенін баса айтқан Президентіміз мақаласында ұлы ақынның ұлтының кемшілігін сынағаны өз ұлтын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтқанын айтып өтеді. Әдебиеттанушы ғалым Кенжехан Матыжанов­ «Бүгінгі күн тәртібінің құндылығы – Елбасы міндеттеген қоғамдық сананы жаңғырту мәселесі. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының темірқазығы ұлттық кодымызды танып, жас ұрпақтың санасына сіңіру десек, оның алтын діңгегі – Абайды тануда ­жатыр» деген болатын. Президент сөзімен ой қорытсақ, «Абай сөзі ұрпақ­тың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» қашанда. Ендеше, адамзаттың Абайын тану – адамды тану, өзіңді тану. Абайды ұлықтау – оның ұлы ойларын ұлықтау. Дана Абайдың даралығы да – терең ­ойларында. Ол ой – ақынның ұрпаққа қалдырған мол мұрасында.

Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА, филология ғылымының кандидаты, М.Өтемісов атындағы БҚМУ қауымдастырылған профессоры

2551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы