• Қоғам
  • 22 Қаңтар, 2020

ЕРМАК АТТАН ТҮСТІ, ЕНДІ...

Бұдан бірнеше жыл бұрын жергілікті ғалымдар, ақын-жазушылар, ­зиялы қауым өкілдері Павлодар қаласының атауын өзгертетін уақыт әлдеқашан жеткенін айтып, баспасөз беттерінде мәселе көтеріп, жергілікті жұртшылықтың көкейінде жүрген сауалын алға тартқан еді. Бұл – аса маңызды мәселе.  Бірақ қоғамдастық бұл мәселеде ортақ шешімге келе алмай, тіпті соңы дау-дамайға ұласып, ақыры бұл тақырыпты қозғауға, көтеруге тыйым салынып, жабулы қазан жабулы күйінде қала берді. ­Содан бері де талай жыл өтті. Өкінішке қарай, маңызды мәселе бойынша қоғам  үнсіз. Бұдан ұтылмасақ, ештеңе ұтқанымыз да жоқ. Көп ұтылдық.  

Қала халқы Павелдің атын 158 жыл, облыс тұрғындары 80 жылдан артық арқалап келеді. Тарих тереңіне бойласақ, шаһардың қазіргі атауы отаршылдық кезінде, яғни 1861 жылы 4 (16) сәуірде патшалық билік тарапынан Александр II-нің дүниеге келген кенже ұлы Павел Александровичтің құрметіне берілген. Алайда бүгінде Ресей самодержавиесі жоқ, ол тұрмақ, одан кейін 70 жыл билік һәм үстемдік құрған Кеңес үкіметі де тарих сахнасынан сырғып, келмеске кетті. Павел деген кім? Павел патшалық империяда ешқандай жауапты қызмет те атқармаған. Қысқасы, саясаттан ­хабары жоқ, әлеуметтен мүлде алыс жан болған. Қолына қару алып, майданда ұрыс салып та көрмеген. Тұлғасы еш танылмаған, атқарған істері, қандай да бір ерлігі жоқ. Патша әулетінің өкілі ретінде қолында зор мүмкіндіктері болса да, өзінің есімі берілген қалаға еш көмек-қолдау да көрсетпеген. Бір мектеп те, не бір ғибадатхана да салдырмапты. Қалтасынан көк тиын жұмсамаған адам. Өмірінде Павлодарға бір рет болсын келіп, аяқ ­басып көрмеген екен. Тіпті өзінің есімімен қала аталғанын білмеген де шығар-ау. Сол кездегі патшалық Ресейдің қаржы министрі С.Ю.Виттенің айтуына­ қара­ғанда, «Павел Александрович­ ­жаман адам емес еді, бірақ мүлде байғұс жан болатын».­ Ол 1902 жылы өзіне бағы­нышты гвардия полковнигі Эрих фон Пистолькорстің әйелімен некеге тұрғаны үшін күллі патшалық артықшылықтарынан, таққа мұрагерлік құқықтарынан айырылған. Міне, Павеліңіз осындай адам болған. Ал осы адамның есімін Павлодар өңірінің тұрғындары қашанға дейін көтеруі керек? Келмеске кеткен Александр II де, оның баласы да қазақ халқына, оның ішінде Ертіс-Баян тұрғындарына не үшін ардақты болуы керек? Кезінде қалаға Қимақ кент, Кереге жар, Сарыарқа, Бұқар Жырау, Кереку, Ертіс, Абылай хан, т.б. секілді атауларды ұсынып, оның дұрыстығын дәлелдеген адамдар көп болды. Алайда ортақ мәміле табылған жоқ. Облыс, қала атауын өзгерту өзекті мәселе болғандықтан зиялы қауым, жергілікті азаматтар бұл шаруаны қайта көтеруі керек деп санаймыз. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әбден ойластырылған ортақ шешімге келетін уақыт жетті, ағайын! Бір тоқ­тамға келейікші. «Аққу, шортан һәм шаян» болудың енді еш қажеті жоқ. Бұл ретте ғалымдар жан-жақты жұмыс жүргізуі қажет. Бірақ кері кету, бұра тарту болмағаны абзал. Енді бұрындары ұсынылған қайсыбір атауларға қысқаша тоқталайық. Қимақ кент, Кереге жар, Коряковка дегендер құлаққа аса жағымсыздау естіледі. Меніңше, Ертіс атауына да жармаспаған жөн. Себебі бұл өзен Моңғол мен Қытай шығысындағы, Алтай моңғолдарының шығысындағы таулардан бастау алады.­ Қытайдан Қара Ертіс деген атаумен Қазақстанға кіреді де, Семейді қақ жарып, Павлодарды басып, әрі қарай Омбыға тартады, соңында да Обь өзеніне барып құяды. «Ертіс өзенінің ұзындығы 4248 км, Қытайдан 525 км, Қазақстаннан 1835 км, Ресейден 2010 км ағып өтеді» дейді ғалым А.Тұрышев. Баспасөз бетінде ғалым Шерияздан Елеукенов Павлодар және Петропавл қалаларының тарихи аттарын қайтаруды атап көрсетіп, ол атаулардың мәні мен мазмұнына ғылыми тұрғыдан баға берген еді. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы осы кең жазирада­ – Сарыарқа атырабында мекен еткен, өсіп-өнген. «Сарыарқа» деген сөз қай тілде де жеңіл айтылатын, әбден лайықты сөз тіркесі, мағынасын біле-білген кісіге өте зор екендігін ескерткеніміз жөн. Сарыарқаға арнап Сұлтан­мах­мұт Торайғыров өлеңдер жазып қал­дырса, үш жүзге аты мәлім ақын, фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да өз еңбек­терінде ұлағат ретінде келесі буынға өлмес мұра етіп қалдырған. Орта жүздің ұлы биі Қазыбек те Сарыарқа деп әспеттеп, бұл қонысты қазаққа өсиет етіп қалдырған. Қай жағы­нан алсақ та «Сарыарқа» атауы біздің қала­мызға да, облысымызға да лайықты деп есептеймін. Біз қазақтар елді мекеннің тарихы, көне заманнан бері жергілікті халыққа құтты қоныс болғаны жайында талай деректер келтіріп жатқанда, өзгелер «күн көсем» – Лениннің қаласын Санкт-Петербург деп, Свердлов қаласын Екатеринбург деп, бұдан бірнеше жыл бұрын-ақ өзгертіп жіберген еді. Ендеше, біз неге арқаны кеңге салып, уақытты кешіктіріп жүрміз деген ой қатты мазалайды. ­Ермакты аттан түсіргендей, Павелді де тақтан түсіретін уақыт жетті. Елбасымыз 1998 жылы 17 наурызда шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде: «Ономастикалық саясатты бәсеңдетуге болмайды. Жалтақтай беретін ештеңе жоқ. Отаршыл заманды еске алып, халықтың намысына тиетін атауларды да, тілдің төл заңдылықтарын, табиғи үйлесімін бұзып тұрған атауларды да өзгерту керек» деп атап көрсеткен болатын. Бұдан артық қандай қолдау керек. Жалтақтайтын заманнан өттік. Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке жеттік. Бұдан бұрындары ономастика мәселесі талқыланғанда «ойбай, дауыс жетпей ­жатыр» деп, жауырды жаба тоқып, мәселені депутаттарға жаба салып жүрдік. Ал бүгінгі күні ше? Кім қарсылық жасап отыр? Қалалық, облыстық мәслихатта кеудесінде намысы бар депутат азаматтар көп қой. Енді неге үнсізбіз? Облыс атауын өзгертуге байланысты ұсынысымызды аймақтың белсенді ел ағалары мен Павлодар өңірі аудандарының құрметті азаматтары қолдап, келісіп, мақалаға қол қойғандарын айта кеткенім дұрыс шығар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мәселені сағызша соза бермей, «Сарыарқа» атауына тоқтайық. Тәуелсіздігіміздің торқалы тойына дейін облыс, қала атауын­ өзгерту үшін жұмыс істейік. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген. Бұл – бүгінгі ­зиялы қауымның болашақ ұрпақ алдындағы борышы, ертеңге қалдырар мұрасы һәм ұлттық парызы.

Совет ӘМІРХАНҰЛЫ, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамының мүшесі

1551 рет

көрсетілді

37

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы