• Мәдениет
  • 22 Қаңтар, 2020

Сиқырлы цирк тарихы

Мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаев пен сол кездегі Мәдениет министрі болған І.Омаровтың қолдауымен, Қазақстанның халық артисі, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері Гүлжиһан Ғалиеваның жетекшілігімен іргетасы 1970 жылы қаланған Қазақ мемлекеттік циркіне биыл 50 жыл толды. Осы уақыт аралығында цирк туралы үш кітап шыққан екен. Оның өзінде алдыңғы екеуі орыс тілінде жарық көрген.

Жақында Ұлттық кітапханада Қазақ мемлекеттік циркінің директоры,­ Мәдениет қайраткері, театртанушы­-сыншы Нұрбақыт Бөкебаевтың «Қазақстандағы цирк өнерінің бастаулары мен дамуы» атты монографиялық зерттеуінің таныстырылымы өтті. Ұлттық цирк өнерінің түп бастаулары мен даму тарихы туралы сыр шертетін, қазақ тілінде тұңғыш рет оқырманға жол тартқан еңбектің таныстырылымына еліміздің зиялы қауым өкілдері мен цирк өнерінің жанашырлары қатысты. Жиынды ҚР Ұлттық кітапхана ­директоры Б.Оспанова кіріспе сөзбен ашып, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі М.Ахетов жүргізді. Қазақстанның халық артисі Е.Обаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.Бекенұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және политология факультетінің деканы Ә.Рымғазықызы, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Д.Әлиев, жыршы Б.Жүсіпов, Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Біржанұлы, Қазақ мемлекеттік циркінің ­«Номад» каскадерлік шабандоздарының жетекшісі Ж.Күнғожинов, Қазақ мемлекеттік циркі музейінің меңгерушісі Н.Тамабекқызы және т.б. сөз сөйлеп, цирк өнерінің қыр-сырына тоқталды. Қазақ мемлекеттік циркінің ардагері Өмірбек Исабеков шаңырақ көтерілген алғашқы күннен бастап еңбек етіп келе жатқанын, 20 жыл акробат болса,­ бүгінде Ж.Елебеков атындағы эстрада­ және цирк колледжінде сабақ беретінін атап өтіп, монографиялық еңбек жалғасын тапса, цирк өнерінің әр саласы­ талданса деген ойын айтты. Ержан Белғозиев балаларымен циркке­ жиі баратыны жөнінде сөз қозғап, әңгіме ауанын әріден бастады. «Мен циркке жиі барамын. Тек бала емес, үлкеннің өзіне шабыт беретін өнердің бұл түріне баса назар аудару керек. Күні кеше Мәскеуден келген циркте екі орыстың қызы атқа мініп, вальс биледі. Атты соншалықты көркем киіндіріп, мойнына шашақ байлап, билеген кезде таңғаласың. Біздің ата-бабамыз да аттың құлағында ойнаған. Қажымұқан, Балуан Шолақ... бәрі цирк арқылы шығып, дүниежүзіне танымал болды. Сондықтан ат өнерін, қазақша күресті осы цирк арқылы дамытса. Әрине, аттың жем-шөбіне, оны қарайтын адамға ақша ­керек екені белгілі. Оған қаражат бөлу жағы қарастырылса. Халықаралық деңгейдегі олимпиадалық ойындарға қосуға әрі циркке барған балалардың қызығушылығын оятып, баланы атқа мінуге, қазақша күреске, домбыра үйренуге тәрбиелеп, бойында батылдық пен батырлық қалыптасуына әсер етер еді» деген ұсынысын жеткізді. Монографиялық еңбекте ежелгі цирк өнері алғашында культтік, бақсылық дәстүр, діни жоралғы, спорттық жарыс­тар мен жәрмеңкелік сауық-сайран сияқты мәдени қайнардан бастау алғаны айтылады. Тылсым күштерді шақырып, тотемдік акробатиканы меңгерген алғашқы қауымдық дәуірдегі бақсылардың жаңа әлемдік діндердің пайда болуына байланысты бұрынғы әлеуметтік мәртебесінен айырылып, кейін кезбе сиқыршы, секіргіш адамға, жонглерге, мимге, аң үйретушіге, атбегіге, күлдіргішке айналуы, ертедегі культтік әрекеттердің жаппай ойын-сауық пен драмалық көріністерге айналу үдерісі – әлемдік мәдениет тарихындағы кең таралған құбылыс болғаны, цирк өнері мистикалық ­сипаттан мәдени құндылыққа ұласқаны жан-жақты көрсетілген. Қазақтың атбегілік өнері, саятшылық салты мен құсбегілік дәстүрінде де цирктің бастаулары ­жатыр. Қазақ халқының ежелден бүгінге жеткен «Аударыспақ», «Теңге алу», «Көкпар» сынды ат үстінде ойналатын ұлттық ойындары дене тәрбиесіне жаттығумен қатар, көшпелі мәдениеттің айшықты өнімі түрінде цирк трюктарына айналды. Сондықтан сиқырлы цирк өнері қазақтың қанында бағзыдан бар, ата салтымен дарыған қасиет. Автор өз еңбегінде далалық цирк өнернамасы – қазақ мәдениетінің алтын діңгегі, күнделікті тұрмыс-салттың даму барысында шыңдалған мәдени құрылым деген тұжырым ­жасайды. Біріншіден, палеолит дәуірінен бүгінгі күнге дейін далалық цирк өнерінің бастауы мен қалыптасу кезеңі көрсетілді. Энеолит дәуірінде көшпенді бабаларымыздың жабайы жылқыны алғаш қолға үйретуінен бастап, арғымақтық цирк өнерінің культуронегезі басталды ­деген түйін ­жасалды. Екіншіден, ұлы даланың көшпелі мәдени өмір салты әр қазақ ­баласын цирк тюрктарын еркін шабандоз­ ретінде қалыптастырды. Үшіншіден, далалық цирк өнерінің жарқын өкілдері – сал-серілер екені, олардың шығармашылығы синкретизмнің үлгісі екені дәлелденді. Төртіншіден, сал-серілердің арасында цирк трюктарын кәсіби түрде орындайтын «ағашаяқ» атанған өкілдері болғаны анықталды. Бесіншіден, қазақтың цирк өнері мен күлкі мәдениетінде трикстерлер образы Алдар көсе, Қожанасыр, Құлақай қу, Шаншардың қулары ретінде көрініс тапқаны айқындалды. «Мәдениет тарихындағы цирк өнерінің қалыптасуы және теориялық-әдістемелік негіздері», «Далалық цирк мәдениетінің қалыптасуындағы сал-серілік мектебі», «Қазақстан циркі әлеуметтік-мәдени феномен ретінде» атты негізгі үш бөлімнен тұратын еңбекке қазақ өнерінің жанашырлары, Қазақ мемлекеттік циркінің, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің, «Гүлдер» ансамблінің өмірге келуіне ұйытқы болған, ­талай қиындықты басынан кешірген Гүлжиһан Ғалиева және театр сыншысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әшірбек Сығай жөнінде мағлұмат-естелік енген. Жиын соңында кітап авторы ұйымдастырушыларға алғыс айтып, аталған циркке ұлы даланың бекзада­ өнерінің жанашыры Гүлжиһан Ғалиеваның есімін беру туралы кітапта толық мағлұмат барын жеткізді. ­Сонымен қатар 1970 жылдан бастап осы уақытқа дейінгі кезеңді қамтитын, цирктің тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды.

Бағдагүл Балаубаева

1738 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы