• Мәдениет
  • 30 Қаңтар, 2020

БАБАЛАР РУХЫН ТОЛҚЫНҒА ЖАЗҒАН...

Әлем өркениетінің көпғасырлық тарихындағы  ұлттық  және  жалпыадамзаттық рухани­ құндылық­тарды насихаттау дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Халықтың материалдық және рухани мәдениеті  салаларындағы қазіргі және болашақ ұрпақтарға ұлағат мектебі тұрғысында  тәлім-тәрбиелік ықпал ететін құндылықтарды насихаттау – біздің ата- бабаларымыздың отбасылық тұрмыс мәдениетінен бастау алатын дәстүр. Тыңдаушылық ақыл-ой санасы жетіле бастағаннан-ақ  қазақ  отбасыларындағы аталар мен әжелер де, әкелер мен шешелер де – ұл, қыз бөбектерді  адамгершілік-имандылық қасиеттерге баулитын өнегелі адамдар туралы  аңыздарды, ертегілерді, батырлық жырларды айту дәстүрін  ғасырлар бойы жалғастырды. Қазақ отбасыларының бұл дәстүрі – жас ұрпаққа  адамгершілік-имандылық қасиеттерін дарытудағы қуатты халықтық-педагогикалық насихат негізі. 

Осы салада еңбек етіп, Қазақ телерадио басшылығында қызмет жасаған алдыңғы буын ардагер­ ағаларымыз, Сағат Әшімбаев, Камал Смаилов,­ Шерхан Мұртаза, Ілия Жақановтардың еңбегі айтарлықтай. Ал Қазақ радиосы бүгінгі күнге дейін ұлттық құндылықтарды насихаттауда өз міндетін адал атқаруда. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2000 жылдардың басында белгілеп берген «Мәдени мұра» бағдарламасынан ­бастау алып, кешегі «Ұлы даланың жеті қырына» дейінгі тұжырымдамалық бағдарламасын іске асыруда да, бүгінгі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау сапарындағы тарихымыз жайлы айтқан толымды ойларын, халықтың мүддесіне арналған бағдарламаларын жүзеге асыруда қазақ радиосы журналистерінің тынымсыз еңбегін атап айтқанымыз жөн. Мысалы,­ өткен жылы Қошан Мұстафаұлының Ақмола облысы­ сотының төрағасы Досжан Әміров мырзадан сұхбат ала отырып, ІІ ғасырда ғұмыр кешіп, Түркі ұлыстары мемлекеттілігінің алғышарттарын жасаған Майқы би, Елсау би, Нәнді би, VІ-VІІ ғасырлардағы Күлтегін, Тоныкөктердің халқына жасаған қызметтерін, тарихи тұлғаларымыз Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің еңбектерін бүгінгі билерімізбен байланыстыра отырып жасалған «Даланың Дара Ділмарлары» атты хабары ұлтымыз үшін, болашақ ұрпаққа рухани азық екені, ана тіліміздің құдіреттілігін көрсете білгендігі даусыз. VІ-VІІ ғасырлардағы Бұмын қаған дәуірі, Алпамыс­ батыр, ХІІ ғасырдағы Шыңғыс ханды хан сайлуға қатысқан, Майқыби, Саңғылбилерден тарата отырып, ХVІІ ғасыр тұлғасы Алатау ­батырмен сабақтастыра, ХХ ғасырдың ірі ақыны Құлыншақ Кемелұлымен байланыстырып, ­«Батыр да, ақын да өткен Қоңыраттан» деп жасалған хабары қалың тыңдарманнан тиісті бағасын ала алды. Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жырау Сәбит Оразбайдың орындауындағы «Айман-Шолпан» лиро эпостық жырының толық нұсқасын қазақ радиосынан көркемдеп беруі, қазақтың салт-сана, ұлы дәстүрінен тыңдарман қауымға көп дүниелерді ұғындырғаны хақ. Осындай тарихи танымдық хабардың жарты мыңнан астамын радиодан тынымсыз насихаттаған, өзім; «журналис­тика мен мәдениеттану қайраткері» деп бағасын беріп отырған, отбасындағы осындай халықтық-педагогикалық, эстетикалық тәлім-тәрбие ықпалы әсерімен қалыптасып өскен Қойшығұл (Қошан) Мұстафаұлымен неге мақтанбасқа. Әкесі Мұстафа атсейіс, қолдан ер-тұрман, домбыра шабатын ұста, шебер де, анасы Тұрған қолдан текемет, сырмақтар тоқитын ісмер, тігінші кісілер болыпты.­ Мұстафа кария Ел басына зауал түсірген Екінші дүниежүзілік соғыс соғыс ардагері. Украина майданында бір аяғын майдан даласына қалдырып, елге аман оралыпты. Анасы 50 жасында, әкесі 65 жасында Алланың аманатын өзіне тапсырған көрінеді. Қошан Жамбыл облысының Байзақ ауданын­дағы Шахан ауылында дүниеге келген. Ол бесік жырының әлди әуендерін тыңдаған бөбектік кезеңнен кейін бүлдіршін кезінде отбасындағы атасы мен әжесінің, әкесі мен анасының, өңірдегі, ауылдағы Әмізе Айтбаевтай жыршы-ақындардың жырларын, әншілердің шырқаған ән-әуендерін тыңдап, рухани әсемдік әлемі кеңістігінде самғап қанат қаққан. Ежелгі сақ, ғұн, түркі өркениеті дәуірлері белестерінде әлемдік өркениеттер тоғысуының, құрлықтар байланыстарының ­басты орталықтарының бірі киелі Тараз өңіріндегі бұрынғы-соңғы әулие аталардың – абыздардың, ел ағаларының, халық батырла­рының (Тектұрмас әулие, (Қарахан батыр) Әулиеата, Айша бибі, Бәйдібек батыр, Домалақ ана, Қызай ана, Қойгелді, Мәмбет батыр, Бөлтірік, Ноғайбай шешен, ­Сыпатай батыр, Байзақ датқа, Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза және т.б.) атамекенінде туып-өскен бала Қойшығұл сұлу Таластың сыңғырына, тіршілік әлеміндегі гүл-бәйшешекке, жеміс-жидекке толы кербез келбетіне ғашық ұстаныммен ержетті. Ол тіршіліктің сан алуан бояулы, көпсарынды әуенді болмысынан шабыттанатын, асқақ арман қанатта­рымен халық тарихындағы ақындардың, жыраулардың, композиторлардың, әншілердің өнері ар­қауындағы Ұлы Дала тарихнамасындағы бұрынғы-соңғы тұлғалар ұлағатынан рухтанып әсерленетін. Ауылындағы онжылдықты бітіргеннен кейін Семейдегі Курчатов ядролық жарылыс сынағы ­полигонында әскери борышын өтеген 1975-1977 жылдар айрықша қасіретті сазымен мәңгілік мұң-шерге түсіргендігі анық. Әскерден соң Алматы ауылшаруашылығы институтының жеміс-жидек факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолы әуелде шаруашылық бригадирі, бас маман, кәсіпорын директоры, одан кейін ҚР Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясында бөлім бастығы қызметтерін атқарды. (1984-1998 жж). Қошанның журналистика мен мәдениеттану салалары тұтастығы орайласқан қызметтері де Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа буын өкілдеріне ортақ – дәуірнамалық жаңашыл ұстаным жемісі. Ол «Қазақтелефильм» «Жаңа ғасыр» студия­сында деректі және көркемсуретті фильмдердің продюсері (1999-2001 жж.), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәрбие бөлімінде бөлім бастығы, журналистика факультеті деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, аға оқытушысы (2001-2009 жж.) қызметтері барысында халық өнері мұраларын журналистикадағы қызметі арқылы насихаттаудың педагогикалық-эстетикалық маңыздылығын терең пайымымен сезінді. Ол – өзінің табиғи қабілетінің жемісі термешілік-жыршылық, әншілік орындаушылық өнерін шыңдап, ұстазы Қазақстанның халық артисі Қайрат Байбосыновтан тәлім алды. Қошан орындаушылық өнерімен ақын-жыраулардың толғау-термелерін, халық композиторларының ән-өлеңдерін дәстүрлі орындаушылық өнерімен насихаттады, соның нәтижесінде облыстық, республикалық байқауларда бірнеше рет жүлдегер атанды. Оның ХХ ғасырдың 80-90-жылдары орындаған әндері Қазақ радиосының алтын қорында сақталды. Ол қазақтың дәстүрлі ән-өлеңдері мен халық композиторларының туындыларын орындаушылық өнерімен насихаттаудағы үздік еңбегі үшін КСРО Композиторлар Одағының төрағасы Т.Н.Хренниковтың дипломымен марапатталған еді. Қошан – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекет құрушы халқы қазақтың ру-тайпаларын көптомдықтарға жинақтап жүйелеп жазуды жүзеге асырып жатқан «Алаш» тарихи-зерттеу орталығын құруға, қалыптастыруға және кешенді жұмыстарының жалғастырылуына белсенді атсалысқан азамат. Осы көптомдықтардың қазірге дейін жарық көрген 25 томының сапалы шығуына, халыққа таралуына өзінің азаматтық-отаншылдық көмегін жасады. Қазақ киноөнері саласына да өзіндік үлесін қосып жүрген шығармашылық тұлға. Ол кинодраматургия саласында «Жамбылдың жастық шағы» фильміндегі Сарбас ақынның, ­«Бауыржан Момышұлы» фильмінде Момыштың, сонымен бірге «Күлпаш», «Көшпенділер», «Мұстафа Шоқай» көркем фильмдерінде сюжеттік-композициялық мәні бар кейіпкерлерді бейнеледі. Режисерлік-авторлық шығармашылығы мен «Әке даңқын әуелеткен әулетте», «Екі Кенен тумайды», «Байзақ датқа» және бірқатар деректі фильмдердің экранға шығуын жүзеге асырды. Қошан Мұстафаұлы – қазіргі Тәуелсіз Қазақстан Республикасы журналистикасы саласындағы еңбектері арқылы Отанымыздағы және алыс-жақын шетелдердегі қазақ халқы ұрпақтарына айрықша танымал тұлға. «Журналистика (франц. journal; нем. journalistic; ағылш. journalist) – 1) баспасөз, радио, теледидар, кино, интернет сияқты ақпарат құралдары арқылы елдегі және әлемдегі жаңалықтар мен оқиғалар, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және табиғи құбылыстар жөнінде жұртшылыққа мағлұмат беріп, қоғамдық пікір қалыптастыратын әдеби-шығармашылық қызмет түрі; 2) белгілі бір халықтың нақты бір кезеңде шыққан газет-журналдарының жүйесі, оларда жарияланған материалдар жиынтығы; 3) баспасөз тарихын, теориясы мен практикасын зерттейтін ғылым саласы» (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия.­ – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы. – 4-том: Ж-К. – 2002. – 720 б.; 51-бет). Қазіргі кезде отандық журналистикадағы мәдени рухани құндылықтарды насихаттайтын әдеби-шығармашылық қызмет саласында Қошан Мұстафаұлының әрі автор, әрі жүргізуші болып эфирден тұрақты беріліп келе жатқан арнайы радио хабарлары миллиондаған тыңдаушылардың ризашылық ықыласын иеленді. Қазақ радиосының бағдарламасындағы оның ұлтымыздың тарихындағы жыраулар ­поэзиясына, жыршылардың-термешілердің орындаушылық өнеріне, билердің, шешендердің даналық-қайраткерлік қызметіне, халық батырларының қаһармандық ғұмырнамасына арналған «Інжу-маржан», тәлім-тәрбиелік мәнге ие «Терме», «Толғау» атты радиохабарлары – тыңдаушылардың сүйсіне тыңдайтын туындылары.­ Журналистикадағы радиохабар – бұқаралық ақпараттық, саяси-қоғамдық, мәдени-насихаттық бағдарлы, әдеби-публицистикалық және музыкалық тұтастықпен өрілетін кешенді мазмұнды туынды. Қошанның сөз арқауындағы радиохабарлары көркем публицистикалық радиоочерк, көркем шығармалық – радиоқойылым түрлерінде берілуімен ерекшеленеді. Қазақ тарихындағы көрнекті ақын-жыраулар, билер, шешендер, батырлар, көркемөнер салаларының қайраткерлері туралы Қошан авторлығымен дайындалған, өзі жүргізуші болып эфирге берілген жарты мыңнан аса көркем публицистикалық радиоочерктері, көркем радиоқойылымдары Қазақ радиосының алтын қорына өткізілді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның ­радио журналистикасы саласының үздік көрсеткіштері қатарындағы рухани құндылық қазынамыз. Зарлы Қойшығұл (Қошан) Мұстафаұлы – ­тынымсыз ізденістегі шығармашылық тұлға. Жасаған еңбектері де ескерілуде. Журналистер күніне орай, Қазақстан Республикасы­ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Еңбек ардагері» медалімен марапаттаса, ­Мемлекет және қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев басқаратын Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық кеңестің шешімімен «Қазақ журналистикасының қайраткері» атағы берілді. Жамбыл облысы,­ ­Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың ұсынысымен ­Облыс әкімінің 2019 жылғы 11 желтоқсандағы №372 өкімі бойынша «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ол – сонау жылдары Семейдегі Курчатов атом ядролық сынақ алаңында әскери қызметте болған қатерлі тағдырына орай Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне теңестірілген қаһарман. Тәуелсіз мемлекеттілігіміз салтанат құрып келе жатқан рухани жаңғырудағы жаңа тарихымызда ол төрт перзент өсіріп – тәрбиелеп отырған өнегелі отағасы. Халқымыздың көпғасырлық тарихындағы рухани құндылықтарымызды насихаттап, бабалар­ рухын әуе толқынында тербеткен Қойшығұл бауырымыздың Отанымыздың гүлденуіне әлі талай мол үлес қоса берері ақиқат.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, профессор, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты

2285 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы