• Тұлға
  • 30 Қаңтар, 2020

Шыңғыс МҰҚАН, Гарвард университетінің түлегі: БИЛІК КІМДЕ БОЛСА – ЖАУАПКЕРШІЛІК СОНДА

– Шыңғыс, менің білуімде о баста журналистика факультетінде оқыған жоқсыз. Алайда «Жас Алаш» сынды мәртебелі басылымда жұмыс істеп, қаламға берген сертіңіз көпке белгілі бола бастаған тұста мемлекеттік қызметке кеттіңіз де, ол жақтан да үміт күттірер тілек-лебіздер естіле бастаған шақта шетел асып, білім сапарына шықтыңыз. Енді, міне, ағартушылық бағыттағы жұмыстардың бел ортасында жүрсіз. Мұның сыры не, әр салада өз ізіңізді қалдырғыңыз келе ме, әлде басқа бір себептер бар ма? – Орта мектепте неміс тілін оқысам да, университетке келгенде ағылшынша оқуға деген құштарлығым оянды. Ауылдың баласы қалаға келгенде үлкен әлеуметтік шындықтарға тап болады екен. Соның бірі – әлеуметтік-лингвистикалық ортаның шындығы. Таза қазақы ортада өскен мен де студент шағымда сол шындықпен бетпе-бет келдім. «Тәуелсіздік», «ана тіл» деген ұлттық құндылықтар мен өмір шындығының арасы алшақ екен. Қазір де сол. Мұндай жағдайды ғылымда «бейімделу сынағы» деп атайтынын кейін білдім. Саяси тәуелсіздік тілдің немесе басқа да салалардың тәуелсіздігіне әп-сәтте алып келмейді. Яғни саяси жарияланған құндылықтардың өмір шындығына айналуы үлкен процесс. Қарама-қайшылыққа тап болған адамның әдетте сұрағы көбейеді: Ақпаратты не үшін орысша алуым керек? Неге орыс тілі арқылы тіл үйренуім керек? Осы мәселемен ­айналысып жүрген тіл институттары қайда қарап отыр? Шетел тілін оқытатын білдей бір университетіміз бар, сөйте тұра неліктен дұрыс оқулық жоқ? Өкінішке қарай, сұрақ көп – жауап аз. Міне, мазалаған осындай сұрақтар ізденіс жолына салып, ой-пікірлерімді қағаз бетіне түсіріп, басылым беттеріне беріп жүріп журналистиканың табалдырығын аттадым. «Жас Алашта» төрт жыл жұмыс істедім. Ол уақыт маған көп дүниені үйретті, көп нәрсеге көзім жетті. Күндердің бір күнінде құр жазумен құнды­лықтар мен шындықты жақындата алмайтынымды ұқтым. Оның үстіне, біздің жұмыстағы жылдарымыз бен интернеттің кең таралған уақыты сәйкес келіп қалды. Сөз – бұрын журналистер ғана құқылы сала еді, ендігіде интернетке қолы жеткеннің бәрі жариялыққа қолы жетті. Жылдан-жылға халық пен биліктің арасындағы «көпірге» деген қажеттілік азайып,­ әркім өз көпірін салып алды. Сол тұста қоғамдағы проблемаларды қаламмен емес, өз қолыммен шешіп көрсем қайтеді деп жүрген кездері мемлекеттік қызметке, дәлірегі баспасөз хатшысы болуға ұсыныс түсті. Әдетте журналистер мемлекеттік қызметке баспасөз хатшысы ­болып барады.­ Міне, мен де баспасөз хатшысы­ ретінде бастаған мемлекеттік қызметте он жылдай­ жұмыс істедім. Оның алты жылында саяси­ қызметте болдым. Алайда ол жерде де күнделікті күйбең тірлік басым сияқты көрінді. «Балконға шығу» деген ұғым бар. Айталық, билеп жүрсеңіз, тек алдыңдағыны ғана көресіз. Ал балконға шықсаңыз, кім кіммен билеп, қай топ белсенді, бір сөзбен айтқанда, көрініс түгел көз алдыңызда. Үлкен көріністі көре алмаған адам бағытынан жаңылысады, жұмысынан мән кетеді. Бір уақытта, газетке келген кезімдей, сұрақтарым көбейе түскенін байқадым. Әрі-сәрі болып жүрген шағымда Елбасы­ дамыған отыз елге қосыламыз деп ұран тастады.­ Ол қандай отыз ел? Олар бізден несімен артық? Сол артықшылықты, яғни егер формуласы болса, неге енгізбеске? Соны іздейін деп, шетелдің оқу орнына құжаттарымды тапсырдым. Алғашында ­жолым болмады. Екінші жолы айым оңымнан туып, АҚШ-та оқуға мүмкіндік алдым. ­Гарвардта білім алып, Рикардо Хаузман деген профессордың жетекшілігімен «Қазақстан дамыған елдің қатарына кіре ала ма, ол қатарға кіру үшін не істеу керек?» деген тақырыпта тезис қорғадым. Білімімді алып, елге бет түзедім. Шыны ­керек, мемлекеттік қызметте де мені іздеп жатқан ешкім жоқ секілді көрінді. Шетелде­ жүргенде көп нәрсені ұғынып, бойға жиып қайттым. Мемлекеттік қызметпен қолда өкілеттілік болса да, мәселен, мемлекеттік қызметкерлер, өкілеттік ­болмаса да айналысуға болады. «Қай позицияда болсаң да, – профессорым Рональд ­Хайфец айтпақшы, ағартушылық стратегиясын таңдасаң, ұтылмайсың». Оның үстіне, біздегі ағарту саласы игерілмеген тың секілді. ­Осыдан 20 жыл бұрын ауылдан келгенде қазақ тілі – әлеуметтік баспалдақ емес еді, қазір де ­солай. Және ол өздігінен бола қалмайды. Әр теппешігін қалау үшін жылдар керек болуы мүмкін. Мәселен, ағылшын тілі Медеудің мың баспалдағы сияқты болса, қазақ тілі әлі бастапқы баспалдақтарда тұр. Сонымен, не керек, Гарвардта оқып жүргенде ­талай кітап оқыдық. Соның қазақ, тіпті орыс тілдеріне аударылғаны теңіздегі тамшыдай екеніне көзім жетті. Мен ағылшын тілінде, ағылшын тілінің категориясымен сөйлессем, ешкім түсінбеуі мүмкін. Біздің тілімізде жоқ ­концепцияларды ешкім ұқпайды. Ең болмағанда сол ұғым-түсініктерді елге жайлап­ жеткізе берейін деп ойладым. Аударайын­ ­десем, кітап ұшан-теңіз, дүниежүзінде жылына­ 1 800 000 кітап шығады екен. Оның бәрін қашан аударып тауысасың? Сондан кейін қазаққа қажет деген әртүрлі сала бойынша­ көптеген тақырыптардың рейтингін жасап, ең болмаса сол кітаптарды мазмұндап берейік деп, іске кірісіп кеттім. Екінші жағынан, оқыған дүниелерімді жинақтап, тренингтер өткізіп жүрмін. Ол менің хоббиім іспеттес жұмыс деуге болады. Қазақтың сапасын арттыру үшін оның тілінің мазмұнын арттыру керек. Тілдің байлығы оның сөзімен емес, ондағы ақпаратпен өлшенеді. Тіліңде қанша ақпарат бар – сен соншалықты білімдісің. Қанша білімің бар – ұлт соншалықты сапалы. Ұлт – тіл – мазмұн – бұлар бір-біріне тәуелді үшбұрыш. Сондықтан «Мазмұндама» деген қор ашып, қазақ мазмұнымен айналысып жатқан жайым бар. – Өзіңіз айтқандай, мемлекеттік саяси қызметте алты жыл еңбек еттіңіз. Осы күні сол жолды жалғастырғыңыз келмей ме? ­АҚШ-қа­ бір өңірдің лауазымды қызметкері болып кетіп, елге келген кезде ондай қызметке бармау жабырқатып жіберген жоқ па? – Жоқ, олай дей қоймас едім. Жалпы өзіңіз айтып отырған лауазымды қызмет дегеніміз – халықтың саған берген өкілеттігі. Ал өкілеттікті екіге бөліп қарауға болады,­ біріншісі – ресми өкілеттік, екіншісі – бейресми­ өкілеттік. ­Ресми өкілеттік – мемлекеттік қызмет, ­мандат. Бейресми өкілеттік – қоғамдағы орның, абырой-беделің. Қоғамға, мемлекетке­ ресми өкілеттігі бар адамдар ғана қызмет ете алады деген заң жоқ. Бейресми өкілеттігі бар адамдар да қоғамға қызмет ете береді. Әркімнің өкілеттігі бар. Мен өзімді бейресми өкілеттігімді пайдаланып, қоғамға қызмет етіп жүрмін деп есептеймін. – Шетелге оқуға отба­сыңызбен аттан­дыңыз. Мұхит асқанда «осы бір өмір салтын біздің елге әкелсе жақсы болар еді» деген, ең бірінші көзге түскен ерекшелік қандай? – Ерекшелік көп қой. Өзім байқаған алғашқы ерекшелік, ол жақтағы адамдардың бір-біріне деген ықыласы таңдай қақтырады. Қарапайым ғана мысал айтайын. Көлік ­айдап бара жатып, кідіре қалсаңыз, бізде одан кейінгі көліктер сигнал беріп, айналып өтіп, ашуланғанын білдіріп қалады. Ол жақта бір көлік тоқтады ма, қалғандары сабырмен ғана күтіп тұра береді. Бұл – адамдардың бір-біріне деген ықылас-құрметінің миллион­ көрінісінің бірі. Екіншіден, АҚШ азаматтары өте бауырмал.­ Тағы да қарапайым жайтты ­айтып өтейін, сізден бұрын кіріп бара жатып, сіз де кіріп үлгергенше есікті ұстап тұра салады, жүзіңізге жымия қарайды, ықыласпен рақмет айтады. Былай қарасаң, тым қарапайым дүниелер. Алайда адамның мерейін асырып, сені де бауырмал қылып жібереді. ­Сабыр Адайдың «Әр қазақ менің жалғызым» ­деген сөзі бар. Ал сол сөздің дәл іске асқан жері ­Америка шығар деп ойлаймын. Олар бірін-бірі бауыр, дос санайды, әрқайсысын жалғызындай құрметтейді. Бізде көп нәрсе сөз жүзінде бар да, істе жоқ қой. Тойда мақтайды – сыртта даттайды. Тағы да құндылықтар мен өмір шындығының қайшылығы. Біз ол жерде әр адамның қадірі бар екенін білдік. Дәрігерлері де күліп қарсы алып, жылы қабағымен-ақ жарты ауруыңнан айықтырып жібереді. Ал біздің ауруханалардағы қарым-қатынас сау адамға дерт жамайтындай. АҚШ-тан келген сәтте ұзақ жолды көтере алмай, балам ауырып қалды. Нұр-Сұлтанда едік, ауруханаға бар­дық. Баланы УЗИ-ге түсіру керек екен, «Сіз сыртқа шығып тұрыңыз» деп, мені жариялы түрде шығарып жіберді. Ана жерде баламның көзі жәудіреп қалып қойды. Американың ауруха­наларында баламыздың туабітті сырқаты бойынша талай бардық. Қандай тексеру ке­зінде де әке-шешесі ұдайы қасында болады, дә­рігер суық сөйлемей, ­баланы ойыншықпен, түрлі қи­мылымен ­алдаусыратып отырып тексереді. Олар неліктен бір-біріне сонша бауырмал, бір-бірін неліктен қатты құрметтейді екен деп ойладым. Меніңше, мұның басты себебі, олар әр адаммен санасады. Трамп сайланған сайлауға барып көрдім. Сайлау қағазынан бөлек, бюллетень береді, онда «әртүрлі құстарды торда ұстауға бола ма, болмай ма», «жануарларды байлап қойып бордақылау керек пе, жоқ па» ­деген секілді көптеген сұрақтар қойған. Демек, олар әр нәрсені халықпен ақылдасып істегенді жөн ­санайды. Біз Бостонның жанындағы кішкентай ғана, халық саны ары кеткенде отыз мыңның айналасындағы ­Бруклайн деген қалашықта тұрдық. Отыз мың халқы бар қалашықта бір адам емес, он екі адамдық басқару кеңесін сайлайды. «Сізді кім басқарсын?» деп, қалашық тұрғындарымен санасып, солардың пікірін қаперге алады. Санасудың тағы бір түрін мектептерінен көрдім. Бірде балам барып жүрген мектептен директоры ауысты да, басқа мектеп директорын тағайындайтын болды. «Мектеп директорын тағайындайын деп жатырмыз, тағайындау талаптары қызық болса, келіңіздер» деп, бізге хабарлама таратты.­ Мен бардым. Кітапханасында белсенді ата-аналар жиналған екен. Тып-тыныш қана тыңдайын деп, орындыққа жайғасып, тағайындау ­талаптарын білмекші болдым. Ортадағы тақтаға маркермен «бізге қандай директор керек?» деп сұрақ қойып, бірнеше сипаттарды жазған. Болашақ директордың «Адал болсын, 5-6 жыл жұмыс тәжірибесі болсын» деген сияқты бүкіл критерийлерін талқылап шықтық. Мектепті басқаратын орталық, біздің тілмен айтсақ, қалалық әкімдік. Өздері де ­директорды тағайындауларына болады, себебі өкілетті ғой. Бірақ олар құқығым бар деп кесіп-піше бермейді, міндетті түрде ата-анамен, ұстаздармен санасады, олардың пікірін ескереді. Адамның қадірін білу дегеніміз, міне, осындай қарапайым іс-әрекеттен тұрады: санасу, есептесу, пікірін сұрау, құлақ асу... Адамның қадірі деген ұлт құрылысының аса маңызды бөлігі. Адам қадірін білетін мәдениет қалыптастыра алмасақ, ұлт ұсақталып кетеді. Себебі халық өз қадірін сезбесе, тоғышарлыққа, жауапкершіліктен қашу, тәуелділік белең алады. – АҚШ-тың, Еуропаның бақуатты елдерінің жайлы тұрмысын айтқан кезде, олардағы қызмет құнының өте қымбатқа түсетінін тілге тиек етеміз. Өзіңіз айтып отырған ауруханаларда­ ем алудың да, оқудың да ақысы арзан емес екенін сөз қыламыз. Жалпы бұл рас сөз бе, рас болса бір игілікті екінші бір игіліктің алмастыруы емес пе? – Иә, ол рас. Мұның себебін түсіндіру үшін ­мысал келтірейін. Жалпы көпшілік мойындайтын бір дүние бар, ол «билік – халықтың қолында» ­деген түсінік. Халық «бізге қызмет ет» деп, өзіндегі билікті белгілі бір топтың қолына тапсырады.­ Халық билігін берген топтан нені күтеді: бағыт-бағдар көрсеткенін, қорғағанын, әлеуметтік қамсыздандыруды, тұрақтылық, тыныштық орнатуын. Міне, саяси элита халықтан өкілеттілікті алған соң, жоғарыда атап өткен қызметтерді қамтамасыз етуге­ және мінсіз қамтамасыз етуге тырысады. Билік орындары көрсететін қызметтің саны мен көлемі артқан сайын, халықтың тәуелділігі артады. Мұны ретсіз тәуелділік дейді. Міне, масылдық осылай пайда болады. Сонымен бірге халық биліктің нағыз иесі емес, шартты иесіне айнала бастайды. Биліктің нағыз иесі болу деген, жауапкершілік жүгін арқалау деген сөз. Ал халық өз билігін, яғни жауапкершілігін өкілеттік алған топ қамтамасыз ететін қызметке ауыстырып алған. Биліктің де ­ресурсы шектеулі ғой. Оның халыққа көрсететін қызмет ауқымы азайған кезде (инфляция, басқа да түрлі себеппен), яғни белгілі бәр әлеуметтік-саяси, экономикалық көмектерді көрсетуін азайта бастаған тұста халық саяси элитаны қыспаққа алады. Әдетте ресурсы аз мемлекеттерде биліктің жылдам ауысатынының себебі осы. Ресурсы аз елде саяси элита халыққа әлеуметтік-саяси, экономикалық тұр­ғыдан берген уәдесін орындай алмай қалып жатады. Содан екінші біреу шығып, «егер өкілеттік берсеңдер, сендерді ұшпаққа шығарар едім» деген уәдесін үйіп-төгеді. Алайда оның да дәуірі ұзаққа бармайды, себебі оның да халықты асырайтын ресурсы санаулы ғой. Мұның мысалы ретінде Қырғызстандағы жағдайды атауға болатын шығар. – Бірақ Қырғызстандағы биліктің жиі ­ауысуын демократия деп бағалайтындар да бар... – Демократиясы орныққан елдерде билік олай ауыспайды. Онда демократиялық процедуралар толық сақталуы керек... – Сөзіңізді бөліп жіберген секілдімін. О бастағы әңгімемізге қайта оралсақ. – Иә, әрине. Ал кейбір елдерде, мәселен, бізде ресурс бар. Мұнайымыз, басқамыз, халыққа ұсынатын игілігіміз жеткілікті. Ал ол таусылса не болады? Енді әуел бастағы қымбатшылық туралы сұрағыңызға оралайын.­ Ол үшін АҚШ-тағы халық пен саяси элитаның қарым-қатынасын сипаттап өтейін. Билік – халықта. Демек, жауапкершілік те халықта. Мәселен, Америкада мемлекет халықты емдеп бермейді. Ақшамды төлеп, өзім емделемін. Ол үшін сау кезімде айлығымның бір бөлігін зейнетақыға төлеген сияқты сақтандыруға төлеп тұрамын. Демек, денсаулығыңа өзің жауаптысың. Америкада сізді ешкім де оқытпайды. Жоғары оқу орындарын ­айтам. Ақша төлеп, өзіңіз оқисыз. Америкада ешкім грант бермейді. Аса таланттыларға мемлекет­ емес, университеттің өзі грант ұсынады. Біз шын демократияны орнатқымыз келсе,­ жауапкершіліктің халықта екеніне де елді ұғындырайық. Билік кімде болса – жауапкершілік сонда. Кеңес өкіметі тараған кезде көп адам өткенді аңсады. Неге? Себебі халық жауапкер­ші­лікті өзгеге беріп үйреніп қалған. Менің бір профессорым «билікті халыққа қайтару арқылы адамдардың жауапкершілігін автоматты түрде арттырып жібере алмайсыз» дейді. Міне, біз сол жүйеден шықтық. Масылдық мінез халықтың бойында әлі де бар. «Мемлекет істеп берсін» деп түсінеді. Мемлекет халықтан жауапкершілік алған сайын, халықтың күші азая береді. Осыны бізге айтып түсіндіретін мемлекеттік жаңа идеология керек. Қарапайым аңдар әлемін алайықшы. Мәселен, Америкада ұлттық қорықтар көп. Өте әдемі. Міне, сол жерге қыдырып барып, жан-жануарлар әлемін тамашаласаңыз, ­«Жан-жануарларға ешқандай тамақ тастамаңдар» деген ескерту жазбаларды көп оқисыз. Бастапқыда «Неге тамақ тастамайды екен, улап кете ме?» деп ойладым. Сөйтсем, «Дайын тамақты жеп үйренген аң өзі тамақты тауып жеу инстинктісінен ­айырылып, сіздер тамақ тастамаған сәтте-ақ қырылып қалады» дейді мамандар. Біздің билікпен, мемлекеттік институттардың органдарымен қазіргі қарым-қатынасымыз осындай. Міне, сондықтан кредиттерді кешуді, көп балалы аналарға, әлеуметтік әлжуаз жандарға пәтер таратуды­ оншалық қолдай қоймаймын. Себебі мемлекеттің ақшасын берген сайын­ халық өз билігінен айырыла түседі. Бұл жағдай саяси билікке де қол емес. Мұндай көмектердің әсері өте төмен. Аз уақытқа ғана жетеді. Мәселен, нашақорлар кішкене доза салып алады ғой, соны ақырындап көбейте бергенін қалайды, осылайша ол енді аздаған дозаға қанағаттанбайды. Билік бүгін кредитті кеше ме, ертең одан да үлкен көмек көрсетуі керек. Нашақор туралы мысалға оралсақ, күндердің күнінде нашақор үлкен дозаны есептей ­алмай, өліп кетеді. Бізге қазір халық арасында­ көшбасшылық туралы ұғымды өзгерту керек. Билік қазір халыққа беретін ­дозасын реттемесе, түптің-түбінде бұл қадамдары жақсылыққа апармауы мүмкін. Біз қазір әлдебір сағым-үмітпен өмір сүреміз. «Келесі жылдың бірінші шілдесінен бастап зейнетақы 25 пайызға өседі» деп, бір жыл бұрын үміттеніп қояды. Ол үміттің дозасы азайып, әлеумет қозғала бастағанда тағы да сондай үміт отын үрлеп қояды. Бұл жалған үміт, ал жалған үміті бар адам өзі әрекеттенуге тырыспайды. Бізге балық беретін емес, қармақ беретін, «барлығы да жақсы болады» деп жұбататын емес, «жақсы болып жатқан ештеңе жоқ, осы бағыттан таймасақ құрдымға кетеміз» деп ­жылататын көшбасшылық керек. «Бәрін шешеміз, бәрін қатырамыз» дейтін көшбасшылық мүл­дем қажет емес. Олай істеу – көшбасшылыққа да қауіп, халыққа да қауіп. Алайда «енді өз жауап­кершілігің өзіңде, өз мәселеңді өзің шеш» дейтін билік келсе, халық оны қазір-ақ құ­латып тастайды.­ Себебі өкілеттік пен халық арасындағы қарым-қатынас Кеңес өкі­ме­тінен бері қарай бұрыс арнада өрбіген. Бір адам келеді де, бәрін шешіп береді деп сенеді. Тіпті де олай емес. Бір адам ешқашан қоғам­ның мәселесін шешкен емес. Барлығы жұ­мыл­­ғанда ғана мәселенің шешімін табады. Қа­зіргі халық пен мемлекеттік органдардың қарым-қатынасы дисфункционалдық қарым-қатынас. – Алайда билік пен халық арасындағы қарым-қатынастарды бірден түбегейлі өзгерте алмаймыз. Енді не істеу керек? – Шүкір, біздің мемлекетте ақша бар. Мұндай жерде ешқандай саяси тұлға өзінің мансабымен тәуекелге бармайды. Мұндай өз­геріске бастайтын көшбасшылық баяу жүр­гені жақсы. Ендігіде түсіндіру жұмыстары көп жүруі керек. Халық жауапкершілікті өзі алуы қажет. Әркім өз күнін өзі көреді дегенді жете түсінгені абзал. Сонда ғана халық биліктің нағыз иесіне айналады. Билік пен халықтың арасындағы дис­функцио­налдық қарым-қатынасты айтпа­ғанда, Кеңес өкіметінде идеология мықты болды. Адамдар қарны тойып тамақ жемесе­ де болашаққа сенді, ортақ құлшыныс, мемлекетшілдік рух аясында бірікті. Себебі Кеңес өкіметі идеологияға көп көңіл бөлді. Ал біз идеологияға көңілді қай деңгейде бөліп отырмыз? Біздің идеологиямыз бір жыл аясындағы той тойлаумен шектелуде. Халық та осы ағында. Ол да бір жылдық отбасылық жоспарын той жасау, құдалықпен өлшейді. Иә, қазір идеологиямен емес, әлеуметтік мәселелермен айналысып кеттік. Ешқандай мемлекет әлеуметтік мәселені шешкен емес, оны халықтың өзі шешеді. Бізге қандай көшбасшылық керек деген сұраққа, көшбасшы – қазаншы сияқты болуы тиіс. Мәселен, қоғамды қазан деп алайық. Қазандағы тамақ пісу үшін отты дұрыс жағу керек. Отты аз жақсаң, тамақ піспей қалады, көп жақсаң күйіп кетеді. Демек, ондағы отты реттеп отырасыз. Қоғам үшін от деген не? От – қоғамдық ашық талқылар. От қайда болады? От ең алдымен Парламентте болуы керек. Ол жақтан мен керемет отты, яғни талқыларды байқай алмадым. Тағы бір от БАҚ-та ­болады. Бірақ ол жақтан да оттың жалыны сезілмейді. Қазір билік қолында бар адамдар сол отты көсеп, жандыруға тиіс. Әлеуметтік қайшылықтарға қатысты ақпараттарды жабуға тырысамыз. Ол мәселе пісуі керек қой, ол биліктің емес, халықтың мәселесі емес пе? Бала шұңқырға түсіп кетсе, шетелде оны күні бойы көрсетеді. Баламызға қалай қарап жүрміз деп халық ойланады, талқылайды, піседі, құндылықтарын қайта қарайда, халық сол қателіктен сабақ алады. Қателігінен сабақ алмайтын адам ақымақ қой. Біреудің қателігінен де сабақ алуды үйренгеніміз абзал. Біздің қоғам біреу тұрмақ, өз қателігінен сабақ алмайды, өкініштісі сол. Себебі от өшіп қалған, қара қазан қайнап жатқан жоқ. Қай жерде не оқиға өткенін, оның немен аяқталғанын білмейсің. Бәрі жақсы, тыныш. Мұндай тыныштықтан қауіптену керек. Себебі тұрақтылық тоқырауға алып келеді. – Алайда «Сауд Арабиясында халық түк жұмыс істемейді екен, әрбір дүниеге ­келген балаға бәленбай миллион доллар құйып қояды» деген пікірге біздің халық көбірек қайырылатындай көрінеді. Сондай өмірді көбірек үлгі тұтатындай... – Сауд Арабиясы ғана емес, біздің ел де сондай. Тұтынып отырған тауарымыздың, ­киген киіміміздің өзімізге көп қатысы жоқ шығар. Алдымызда он нан тұрса, соның біреуіне ғана қатысымыз бар, қалғаны біздің еңбегімізбен келген нан емес. Ол Қазақстанның 150 кен орнынан құйылған байлықтың арқасы. ­Солардан шығып жатқан кен елге айлық болып, зейнетақы болып тарайды. Сауд Арабиясында да солай. Елі игіліктің үстінде отырса, ол Сауд Арабиясы азаматтарының ақылдылығынан, білімді, біліктілігінен емес, сол жердің асты-үстіндегі байлықтың арқасы. Мынандай жағдайды елестетіп көріңізші. Қазір үлкен ғылыми орталар энергетиканы алмастыра алатын ­инновациялармен айналысып жүр. Бір уақытта мұнайды алмастыратын қор, мысалы,­ сутек табылады. Суды құйып аласыз да, көлігіңізбен жүре бересіз. Сауд Арабиясының, біздің мұнаймыздың құны сонда көк тиын болмай ма? Бәріміз қоңыз теріп кетеміз ғой. Қазақ деген халықтың тағдырын 150 кенішке байлап қойғаннан не ұтамыз? 150 кеніш ­жабылып қалса, біз ұлт ретінде ­жойыламыз ба? Қазақстанда қанша адам бар, сонша адамға ұлт ретіндегі тағдырымыз байланысты болуы қажет еді. Мәселен, ­Германия. Немістер ­«Мерседес» шығарады. «Мерседес» жердің астынан шықпайды ғой. «Мерседесті» жасайтын бірегей технология 50 мың адамның басында «сақтаулы». Сол елу мың адамның мыңы елден кетіп қалсыншы, әлгі көлік шықпай қалады. Ал бізде қалай? Қазақстанның байлығы сіз бен бізге тәуелді емес. Яғни Қазақстанның тағдыры дәл қазір бізге байланысты емес. Сіз бен біз Қазақстаннан кетсек, ешкімнің қылы қисаймайды. Тіпті он миллион адам елден кетіп қалса, кеніштер жұмысын жалғастыра береді. Ол жерде істейтін адам болмаса ­шетелден адам жалдай салады. Қазақстанның байлығы осы ел азаматтарының ақыл-ой, білім-білігіне тәуелді болуға тиіс. Өкінішке қарай, бізде дамыған елдердің халқының ­басында бар білім-білік жоқ. Сондықтан да біз дамыған ел емеспіз. Үлес салмағы артып келе жатқан қазақ тілінде білім алған қазақтарды одан әрі дамыту үшін тағы да қазақ тілінде мазмұн керек. Қазақ мазмұнымен бір емес, он емес, дәл қазір мыңдаған адам айналысса да артық етпейді. Сөзімді жалғастырсам, міне, біздің елде адамның қадірінің төмен екенінің бір себебі осыдан шығады. Сауд Арабиясы көрсеткіш емес, ол біз сияқты құрдымға кетіп бара жатқан елдер­дің қатарында. Ел боламыз десек, өз ақылы­мызбен, өз білімімізбен күн көріп үйренейік. Денсаулығымыз, білім алуымыз, тіпті жақсы өмір сүруіміз үшін жауапкершілікті де өзгеге артпай, өзімізге сеніп үйренгенде ғана біз адамдарымен санасатын, адамдары құрметті, адамдары бағалы елге айналамыз. – Жарайды, жағдайды өзгерту керек екен. Алайда жеке бизнеске тәуекел ету үшін де жағдай, сол бизнесті жүргізе аламын деген құлшыныс, сыбайлас жемқорлық жолымды кес-кестемейді деген сенім керек емес пе. Бізде өз күнін өзі көруге арналған нақты тетіктер бар ма? – Тетікті кім жасауы керек? «Мен жұмыс істеуім үшін мемлекет не істеп жатыр» ­деген психологиядан да арылайық.Жұмыс істемеудің себебіне емес, жұмыс істеудің ­жолын үйренсек, қане?! – Сөзіміздің басында кітаптың мазмұнын аударумен айналысатыныңыз туралы айттыңыз. Идея қайдан келді? Екіншіден, мұндай кітаптарға сұраныс бар ма екен? – Идеяға, сөзімнің басында айттым, өз өмірім себеп болды. Алматыға келгенде орысшаға шорқақ болдым. Тағы орыс тобына түсіп, төрт жыл оқыдым. Ағылшынша оқып отырып, мағынасын орысша-ағылшынша сөздіктен іздейсің, орысшасын да түсінбей, орысша-қазақша сөздікке жүгінесің. Бір қиналып отырғанымда «Қайда істесем де, қазақ тілін мазмұнын арттыратын жұмыспен шұғылданам» деп өзіме серт бергем. Бұл енді өмірлік миссияма айналып кетті. Осыдан он екі жыл бұрын adebiet.kz деген сайт аштым, оған бірер жылда бірнеше миллион адам кірді. Тоғыз жыл бұрын «Почему важно знать, ­говорить на казахском языке» деген кітап жаздым. Бұл жұмысты Америкада да жалғастырдым. Бала кезден қалыптасқан дағды, кез келген кітаптың астын сызып оқитын едім. Америкада­ да ағылшынша кітаптардың астын сызып отырып оқыдым. Кейін әлгі кітаптың астын сызған тұстарын конспектілеп, телефоныма сақтап алатын болдым. Керек кезінде ашып оқи қоясың. Сөйтіп жүргенде АҚШ-та саммарилер өте танымал екенін білдім. Кітапты түгел оқып отырғысы келмейтіндер кітаптың қалқып алған қаймағымен, яғни саммариімен таныса салады. Астын сызып жазып алып жүргенім сол саммари екен. Елге келген соң көшбасшылық, маркетинг, менеджмент, өзін-өзі дамыту, тәрбие, саясат, экономика, табыстылық деген сияқты әртүрлі тақырыптар бойынша бір кітапқа он кітаптың мазмұнын басып шығарсақ қайтеді деп ойладым. Әрі кітапты тұтас аударуға қаражатым да жетпеді. Ең болмаса қысқаша мазмұнымен тарай берсе екен дедім. Әуелі ағылшынша summary-ін жасап алып, оны қазақша, орысшаға аудар­дық. Бастапқыда қазақша ғана шығарсақ дегенбіз. Кейін зерттеп қарасақ, орыс тілді аудиторияның төлем қабілеті жоғары. Ендеше, ресейліктер не үшін біздің аудиторияға қызмет етуі ­керек дедік те, дайын тұрған орысшасын да шығардық. ­Демек, былтыр қазақ-орыс тілінде үш кітаптан, алты кітап шығардық. Енді оның электронды­ қосымшаларын жасап жатырмыз. Өз қаражатымызбен, бір кітапты шығарып, одан түскен ақшаны екінші кітапқа салып, жұмыс істеп жүрміз. Ал кітаптардың өту мәселесіне келсек, кез келген өнімнің өлшемі – нарық. Сондықтан ақырындап нарыққа икемделіп жатырмыз. Ел-жұрт бәліш секілді ыстық қалпында таласа-тармаса алып кетіп жатыр деп айта алмаймын. Алайда өз оқырмандары қалыптасып келеді. Қазақтың жақсы бір мінезі бар, білімге құштар халықпыз ғой. Демек, біздің кітаптар да өз оқырманын табады деп ойлаймын. Summarybook-тармен қатар, қазақша жүз бестселлер деген жобаны бастадық. Ол жоба бойынша өз күшімізбен Деил Карнеги, Ли Куан Ю, Луиза Хей, Виктор Франкл, Ник Вуйчичтің кітаптары сияқты он кітап аударып жатырмыз. – Істеріңіз оңынан болсын. Алайда осы күні аударма саласында жаңа бір толқын келе жатқан секілді көрінеді. Себебі аударма­ ісіне араласқандар көп. Ұлттық аударма ­бюросы бар, жақын арада Моңғолиядан қоныс аударған Раиса Қадер де аударма ісіне ден қойып, бірнеше кітапты тәржімалады, сіздің кітаптарыңызды да осы көштің қатарында. Ағартушылықтың дәл осы аударма саласына неліктен қызығушылық көп, оның басқа да бағыттары бар емес пе еді? – Оның бір ғана жауабы бар. Қазақстанда 18 миллион адам тұрады. 18 миллион адамның мазмұн жасау қабілеті әлемдегі 7 миллиард адамнан төмен. Жеті миллиард адамның ойына­ келгенін, олардың өмір бойы жиған білімін біз қайта ойлап таба алмаймыз. ­Велосипед ойлап табудың да қажеті жоқ. Қазір қала мен қаланың арасы жақындаған, білім мен білімнің шекарасы қалмаған заманда­ өзгелер зерттеп қойған дүниені неліктен қазақ тіліне аудармасқа? Адамзаттың көзі жеткен шындықты қазақтың баласы өз тілінде неге оқымасқа? Жалпы жер бетінде контент ­жасаушы ел санаулы ғана. Айталық, қаламның жаңа түрін жасау үшін ең құрығанда қазіргі қаламды жасай білуің керек. Қазіргі әлемде бар білімді алдымен игеріп алмай, жаңалық аша алмайсың. Ол білімді игерудің ең оңай және арзан жолы – бар әдебиетті, мейлі ол fiction, әлде nonfiction болсын, аудару ісі. Басқаларды білмеймін, дәл өзім «Меломанды» қазақшалағым келеді. Біз шығарған сапалы кітаппен ол кітап дүкенінің сөрелері толып тұрса, оқырманы табылады. Ең алғаш рет шетелге барғаным есіме түсіп отыр. Словакияға 2005 жылы бардым.­ Бес-ақ миллион халқы бар, шағын ғана ел. Таңғалғаным – әлемнің жаңа кітаптарын ­словакша аударып қойған. Олар ағылшыншаны жақсы біледі, демек, ағылшын тілінде де кітап оқи алады, сонда да, дүниенің жаңалығын словак тілінде тасқа басып алған. Прокатпен келетін киноларды да словакша аудартады. Қазақстандағы қазақ тілінде сөйлейтін жастардың маргиналданып­ бара жатқанының бір себебі – олардың ­сауатын ашатын контент, мазмұн жетіспейді. Адам болу – жаңаны үйрену деген сөз. Ал жаңа дүние болмаса, не маргиналданып кете бересің, не амал жоқ, өзге тілді үйреніп, сол тіл арқылы дамисың. Міне, сондықтан бізде кітапты аударатын орталықтардың, Ұлттық аударма бюросының кем дегенде бірнешеуі құрылуы керек. Біз әлі күнге орыс тілінде бар кітаптарды аударып жатырмыз. Енді әлемнің қандай да бір елінде жаңа кітап шықты ма, қағып алып аударып отыратындай болу керек. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ

5608 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы