• Қоғам
  • 30 Қаңтар, 2020

ҚАТЕРЛІ ДЕРТТІҢ АЛДЫН АЛУҒА БОЛАДЫ

Былтыр Алматы облысында 2835 адам қатерлі дертке шалдығып, оның ішінде 1108 адам онкологиялық аурудан көз жұмған. Статистикалық деректерге жүгінсек, сүт безі, ­жатыр мойыны, өкпе, тері, асқазан, тоқ ішек обырлары алдыңғы орында. Қатерлі ісіктің үлес салмағының артуы науқастың өз денсаулығына салғырт қарап, жұрттың арасында­ «аты жаман ауру» атанып кеткендіктен бойын қорқыныш билеп, күйзеліске түсуінен екені белгілі.

Жақында Түркітілдес журналистер қорының ұйым­дастыруымен Алматы аймақтық көпсалалы клиника басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өткізіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Денсаулық сақтау саласындағы жасалып жатқан жұмыстарды халыққа түсіндіріп, «басты байлық – денсаулық» екеніне ­назар ­аударту арқылы денсаулық мәдениетін көтеруді, қоғамдық сананы­ жаңғыртуды әркім өзінен бастауы қажеттігі айтылды. Алматы аймақтық көпсалалы клиникасының директоры­ Саяхат Олжаевтың айтуынша, елімізде денсаулық сақтау ­саласына ­барынша көңіл бөлініп, жұмыс атқарылып жатқанына қарамастан, тұрғындар өз денсаулығына мән бермей, селқос қарап, ауруы әбден дендеп, асқынған кезде ғана қаралады екен. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2008 жылдан бері қатерлі ісік ауруын ерте анықтау мақсатында тегін скрининг енгізілгенін, соған қарамастан ХХІ ғасырдың өзінде емші-балгерге жүгініп, ауруын асқындырып алатындардың қатары ­сиремей отырғанын қынжыла жеткізді. «Біз рак ­деген сөзден қатты қорқамыз. Керісінше, аурудың алдын алып, ­ертерек емделсе, жүз пайыз құлан-таза айығып кетеді. Мұндай жағдайда үкіметтен артық шығын шықпайды. Бірақ науқастың іштен тынып жүріп, ең соңғы 4-сатысына жеткенде еміне шипа іздеп келетіні өзегіңді өртейді. Мәселен, біздің клиникада 2018 жылы 8473, ал былтыр 8928 науқас диспансерлік есепте тұрды. Оның ішінде жатыр мойны обырымен 2018 жылы 809, былтыр 867 науқас тіркелгенін ескерсек, пайыздық мөлшердің артып отырғанын көруге болады. Дәлірек айтқанда, дәл осы жатыр мойны обырымен 238 науқас стационарлық ем қабылдаса, оның 178-і ерте сатысында, 46-сы үшінші сатысында, 14-і төртінші сатысында емделіп шықты. Демек, бірінші сатысында ерте диагностикалауға арналған бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 80 пайыз болса, екінші сатысы – 60, үшінші сатысы – 30, төртінші сатысы – 8 пайыз ғана» дейді Саяхат Тәуірбекұлы. Көп жағдайда жатыр мойны ісігін 40-60 жастағы әйел-аналар асқындырып алатын көрінеді. Жастың ұлғаюына байланысты­ болатын гармондық өзгерістер кезінде көбірек кездеседі екен. Алматы аймақтық көпсалалы клиника директорының медициналық көмектің сапасын бағалау ­бойынша орынбасары Рәш Шалбаева, әсіресе ауылда тұратын аналардың денсаулығына алаңдайды. «Қазақы менталитетте апаларымыз жатырынан қан кеткенде балалары мен келініне, ұлы мен қызына ашық айтуға ұялып, жасырып жүрсе, ­жастар беймезгіл уақытта қан кетсе де алаңсыз жүре береді. Екі жағдайда да бірден дәрігерге қаралып, аурудың алдын алу керек» деген маман, ана мен қыздың арасында жасырын сыр болмауы қажеттігін тілге тиек етті. Бұл ауру түрі 25 жастан кейін ұлғаятыны, ал науқасқа шалдыққандардың жеті пайызы отыз жастағылар екені аян. Маман тапшылығынан болар, жергілікті жердегі дәрігерлердің кейбірі қатерлі ісікті ажырата алмайтын жағдай кездесетінін алға тартып, жекеменшік емханада емделемін деп уақыттан ұтылатын науқастарға денсаулыққа айрықша назар аударуды­ ұсынды. Мәселен, жақында өңірден келген әйел алғашында жекеменшік емханада емделіп, оған ыстық екпе салып, дәрі беріп, теріс ем жүргізген. Әбден әлсірегеннен кейін ғана онкологиялық орталыққа келген ол кісі ауруын асқындырып алғанына қарамастан, 2-3 күннің ішінде нәтиже болмағанын айтып, ақ халатты абзал жандарға кінә артып, арада түсінбестік жағдай туындағанын, өкінішке қарай, кінәраттың барлығын дәрігерге аудара салатындар кездесетінін меңзеді. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлердің денсаулығына қарауға мойны жар бермейтіні де рас. Мәселен, дәрігер болсын, мұғалім болсын, журналист болсын, уақыттың тапшылығын желеу етіп, селқостық танытады. Ашығын айтқанда, мұндай жағдайдың соңы өкіндіріп жататынына дер кезінде мән бермейміз. Мемлекет қатерлі ісікке шалдыққандарға тегін көмек беретінін, әр емделушіге орташа есеппен 10-12 миллион­ теңгеге жуық қаражат бөлінетінін көзі қарақты оқырман біледі. Мәселен, аталған мекемеде былтыр осы салаға 106 миллион теңге бөлінген екен. Айтпағымыз, қатерлі ісіктің негізгі 20 мың түрі бар екенін, шалғайдағы елді мекендердің онкологиялық орталықтарға қаралуға мүмкіндігі бола бермейтінін баса айтқымыз келеді. Бұл тұрғыда Алматы аймақтық көпсалалы клиникасының онкологтарынан арнайы Мониторинг және бағалау тобы құрылып, Алматы облысының оңтүстік бөлігіндегі ауылдарға жылына төрт рет шығып, арнайы тексеруден өткізіп тұратынын естіп, көңіл орнықты. Арнайы барып, жағдай жасалған күннің өзінде көпшілігі тексеруге келуге уақыт таппай, немқұрайлылық танытатын көрінеді. Бұған дейін адам папилломасының вирусына қарсы вакцина қоғамның наразылығын тудырған еді. 2013 жылы Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау мен Павлодарда 11-12 жастағы қыз балаларға осы вакцина салынып, дау-дамайдан кейін тоқтатылған болатын. Ал мамандардың айтуынша, бұл жатыр мойны қатерлі ісігінен қорғанудың тиімді жолының бірі екен. Тоқетерін айтсақ, мемлекеттен арнайы бөлінген қаржыны ­орнымен пайдаланып, профилактикалық тексеру мен цитологиялық скринингтен толыққанды өтіп, денсаулықты күтуді отбасынан бастауды қолға алсақ, ұтарымыз көп болар еді.

Бағдагүл Балаубаева «Ана тілі»

1591 рет

көрсетілді

32

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы