• Мәдениет
  • 30 Қаңтар, 2020

Өнерге өріс қажет

Еліміз егемен болып, өз болашағын өз қолына алғаннан бастап, өнер адамдарының көкейінде бір-ақ арман тұрды. Ол, Ресей империясы кезінде, содан соң, Кеңес заманында орындалмаған көкейкесті ой еді. Ешқандай халықта жоқ айтыс өнері, еш ұлтта жоқ күй тарту өнері, қайталанбас эпостық жыр  айту және дара ән айту өнері, барлық өнердің тәуелсіздік алғаннан кейінгі шарықтап дамуы, өркендеуі, дүниежүзіне кіршіксіз, саф күйінде таралуы басты мақсат болып айқындалды. 

Ресей империясы тұсын, демек ХVІІІ-ХІХ ғасырларды өнердің алтын ғасырлары деп айтып кеткен өнер зерттеушілері бар. Кеңес Одағы ке­зінде де қазақ өнерінің дамығанын жоққа шы­ғара алмаймыз. Ал тәуелсіз елдің табысының қан­дай болатынын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ата-бабаларымыздың жазу-сызусыз, жады арқылы ұрпағына қалдырып кеткен өнерін адал, таза кейпінде болашаққа табыстай аламыз ба деген үлкен сұрақ алдымызда тұр. Қаншама зұлматты басынан кешсе де жауына ұлтарақтай жер бермеген, бодандықтың ауыр зардабын көрсе де мойымай, өнерін атадан балаға, ұстаздан шәкіртке жалғастырған өнер майталмандарының арманын іске асыруға бәріміз міндеттіміз. Жалпы айтқанда, өнерге билік тарапынан үлкен қамқорлық керек. Қолдау болмаған өнер өшіп қалады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демей ме халық. Теледидарда беріліп тұратын «Алтыбақан», «Домбыра үйренейік», «Сегіз қырлы», «Саз толғау», «Дала-думан», «Әлі есімде», «Телқоңыр», «Сыр перне» және т.б. керемет хабарлар көрермен мен тыңдарман көздерінен жоғалып кетті. Бұл хабарлар ­келешек ұрпаққа ұлттық тәрбие беретін, жақсы жол көрсететін хабарлар болатын. Теледидарда қазір беріліп жүрген жалаңаштанған қыз-қырқындарды, құлағына сырға таққан жігітсымақтарды, көрермен көзінше алысып-жұлысып, бір-бірінің шаштарын жұлып жатқан, беттерін тырнап жатқандарды көріп отырған жеткіншектер қандай тәрбие ала алады.­ Сонда бұл кімге керек? Рейтинг жинаған түрлері осы ма? Осындай сұрақтарға жауап таба алмай жүрген жайымыз бар. Кешегі оңтайландыру саясаты кезінде талай музыка мектептері жабылып, байларға сатылып, кинотеатрлар мейрамханаларға, түнгі клубтарға айналып, балалар бос уақытын өткізетін үйірме таппай сенделіп кеткенде, ақсақалдар мен балалардың арасын дәнекерлейтін орта буынның өнерпаздары азайып, көбі қаржы тапшылығынан және басқа да себептермен өнерді тастап, басқа салаға кетіп қалған болатын. Уақыт орнында тұрмайды, жоғалтқан нәрсені орнына келтіру оңайға соқпайтыны рас. Оңтайландыру саясаты айналып өткен мемлекеттер жоқтың қасы. 1991 жылы Түркия елінде болғанымызда бір түрік өнертанушысы «сендер, қазақтар, өздеріңнің ұлттық аспаптарыңды тартасыңдар, қандай бақыттысыңдар, біздің түріктің ұлттық аспаптары мұражайларда тұр, тартатын адам таппай отырмыз» деп еді. Сол оңтайландыру бізді де айналып өтпеді, талай зиянын тигізіп кетті, өнер мектептері, үйірмелер жабылды. Әсіресе, ауылдық жерлерде­ мәдени ошақтарға қара құлып тағылды, ал қазақтың қарадомалақтары ауылда тұратыны белгілі. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Жақсы мен жаман қатар жүреді ғой. 2006 жылы Алматы қаласында «Күй керуені» атты фестиваль өтті. Көптен бері бір-бірін көрмеген күйшілер көрісіп, арқа-жарқа болып қалды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2007 жылы «Мәңгілік сарын» деген антология шықты. 2010 жылы «Қазақтың 1000 күйі» атты антология жарық көрді. «Қазақтың 500 күйі» деген антология жоспарда бар. 2011 жылы «Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл» атты антология басылып шықты. Қазақстанның мәдени күндері көптеген мемлекеттерде өтіп жатыр. 2017 жылдан бастап шілде айының бірінші жексенбісі «Домбыра күні» болып белгіленді. Теледидарда «Домбыра» телеарнасы ашылды. 2018 жылы «Күйшілер одағы» құрылды. Мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Еліміздегі музыкалық жоғары, орта оқу орындары, өнер мектептері өз халдерінше жұмыс жасап жатыр. Осындай іс-шаралар молынан болса деп тілейміз. Өнер зерттеу саласында қазақтың алғашқы акаде­мигі Ахмет Жұбанов «қазақ балалары оқысын, өнерге жақын болсын» деп, 1964 жылы тұсауын кескен Алматыдағы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернаты ұлтымыз­дың ұлттық өнері жолында аянбай еңбек етіп келеді. Әр жылы үміткерлер көптеп келіп ­жатады. Білікті, білімді ұстаздар шертіп жүріп, таңдап алады. Ұстаздардың қажымас, талмас еңбегі бір қарағанда көзге көрінбеуі мүмкін. Бірақ сол дарынды балалар 12 жылда үздік өнерпаз түлек болып шығып, Қазақстанның ғана емес, басқа шет мемлекеттердің оқу орындарына түсіп жатыр. Демек, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мемлекеттік бағдарламаның орындалуына А.Жұбанов атындағы музыка мектебі ұстаздарының қосып жатқан үлесі өте зор. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ сені таспен атады» деген сөз бар. Өткенді ұмытқан халықтың бүгіні де, болашағы да болмайды. Біз өткеннен үлгі-өнеге ала отырып, болашаққа қадам басамыз. Демек, ұлттық өнерімізді ­дамыту арқылы еліміздің болашағын айқындау өнерпаздардың басты міндеті болып қала бермек. Біз еліміздің келешегіне зор үмітпен қараймыз.

Ерболат Мұстафаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

2385 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы