• Тіл
  • 06 Ақпан, 2020

ҰЛЫ ДАЛА ТІЛІ

Смағұл ЕЛУБАЕВ

Елбасы Н.Назарбаевтың соңғы жылдары жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші ұлттық рухани жаңғыруға жол ашты. Ұлттық жаңғыру бодандық заманда бордай тозған болмысымызды, ұлтанға түскен рухымызды тірілтуге бет алған жалпыхалықтық қозғалыс тудырды. Соның арқасында осы соңғы жылдарда ұлттық мәдениетіміз әлемдік аренада белсенділік танытты, әдеби жауһарларымыз әлемнің 6 тіліне аударылды, тарихымызды түгендеген толыққанды киножобалар шықты, шет тілдерден ­­­­ ЖОО-на­ арналған 100 оқулық аударыла бастады. Биыл бұл қозғалысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жариялаған Абайдың 175 жылдық, әл-Фарабидің 1150 жылдық, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойлары іліп әкетіп жаңа белеске көтерді. Бүгін біз бұл мақаламызда осынау алып бәйтерек ұлт руханиятының алтын діңгегі ана тіліміздің тағдыр-талайы кеше, бүгін және ертең деген тақырыпта сөз қозғадық.

КЕШЕ

Тіл мәселесі қазақ қауымын Қазақстанда автономиялық ­рес­публика құрылған 1920 жылдан бастап алаңдата бастапты. Өйткені советтік Қазақстанды сол 1920 жылдан 1960 жылға дейін қырық жыл қатарынан 15 басшы басқарып, соның 14-і қазақ тілін білмейтін, Кремль жіберген қызыл комиссарлар болыпты. Олар орыстілді болғандықтан Қазақстанда іс-қағаздары орыс тілінде жүріпті. Қазақ қоғамында содан «орыс тілін білмесең өспейсің» деген қағида қалыптасыпты. Оның үстіне 30-жылдардағы ақсүйек ашаршылық қосылып, бұл апат Қазақстанда қазақтың ­санын ғана емес, тіліміздің қолдану ­аясын да ойсырата кемітіпті. Сондықтан сол апаттың орнын толтыруға бағытталған кез келген демографиялық шара – қазақ тілін құтқаруға аздап та болса себі тимек. Мысалы, өткен ғасырларда шетел асқан отандастарымызды елге қайтару тәрізді ел мен тілді түгендейтін үдеріс тоқтамауға тиіс. Осы тұрғыдан, бала тууды көбейту, көп балалы аналарға қамқорлық, қазақ өкіметінің, әрине, күн құрғатпай айналысар қасиетті борышы болуға тиіс. Осы орайда, бір келеңсіз құбылыс пайда болды. Ол – елімізде орын ала бастаған кері эмиграция. Жастар арасында барған сайын белең ала бастаған жұмыс іздеп шетел асу үдерісі. Бұл халқы аз Қазақстан үшін қатерлі үдеріс болуы мүмкін. Бұл үдеріс тоқтамаса түптің-түбінде демографиялық проблемаға айналып, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндірмек. Сондықтан бұл құбылыстың пайда болу себептері зерттелсе, оны тоқтату жолдары анықталса, сөйтіп, жедел шара қолға алынса дейміз. Кешегі Кеңес өкіметіне тағы ­айналып соғар болсақ, ол Қызыл өкімет Қазақстанда қазақ тілін тұншықтыру, қазақтілді балабақша, мектептерді тұншықтыру саясатынан өле-өлгенше бас тартпай кетті. Тың игеру жылдарынан ­бастап Қазақстанда 700 қазақ мектебі ­жабылды. Сол кездегі ­астанамызда жалғыз ғана қазақ мектебі ­болды. Оның өзінде сырттан келген ­малшы балалары оқитын. Біз сол балалардың бірі болдық. Ол мектепке алматылықтар баласын бермейтін. Баламыз «орыс тілін білмесе адам болмай қалады» деп. Әлі есте, 80-жылдары зиялы қауым­ның айқай-шуымен әрең дегенде Алматыда қазақтілді бір бала­бақша ашылды. Қазақтілді бұл балабақшаның ашылуын ком­мунистік идеология Қазақстан­дағы интернационализмге берілген соққы деп бағалады. Ұлт тілін қорлағандар интернационалист, қорғағандар ұлтшыл атанды. Ол ­отаршыл ­машина осылайша қазақ­тың ұлттық иммунитетін ­таптады. Қала қазақ­тары ана тілінен ­айырылып, жаппай орыстана ­бастады. Қазақтың сағы сынуға айналды. Ұлт өзін-өзі қорғау иммунитетін жоғалта ­бастады. Үйде де, түзде де ұлттық құнды­лық­тарға сатқындық жасау ұят емес, ­үй­реншікті әдетке айнала бастады.

Бұл жерде біз өткенге түгел топырақ шашқалы отырған жоқпыз. Заманауи Қазақстанның қалыптасуына Кеңес өкіметі қосқан үлес те аз емес. Жаппай сауатсыздық жойылды. Қазақтар орыс тілі арқылы әлемдік өркениетке ­терезе ашты. Мәдениет, ғылым дамыды. Қазақстан индустриалды республикаға ­айналды. Ұлы орыс әдебиетінің ықпалымен қазақ жазба әдебиеті қалыптасты, өзінің ­«алтын ғасырын» бастан кешті. Біз, сынасақ, советтік идеологияның ­орыстандыру саясатын сынаймыз. Бұл саясат ақыры Қызыл империяның да өз түбіне жетіп тынғаны белгілі. 1989 жылы қырқүйектің 22-сінде аса күрделі тартыста Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің сессиясында сол кездегі Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың және зиялы қауымның жанайқай, маңдай терімен қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Тіл жанашырлары сол күндері «тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды, тіл проблемасы енді өзінен-өзі шешіледі» деп мәз болды. Сөйтсек, бұнымыз балалық екен. Тіл кеселі тым асқынып кеткен екен. Оны одан бері ­зымырап өте шыққан отыз жыл көрсетті.

БҮГІН

Тіл заңы қабылданған соңғы отыз жыл ішінде, әрине, атқарылған жұмыс та аз емес. Қазақ мектептерінің саны кеңестік кезбен салыстырғанда екі есе өсті. 2 мыңнан асты. 2018 жылы бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндердің 89 пайызы қазақ мектебінің табалдырығын аттады. Балабақшалардың дені мемле­кеттік тілге көшті. Эфирде қазақша хабарлардың үлес-салмағы артты. ­Ат­қарушы органдарда мемлекеттік тілді үйрететін курстар ашылды. Тілді үйрену мен дамыту бағдарламаларына бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Жыл сайын тіл конкурстары өтіп жатыр. Ендеше, не жетпейді? Тілді ­үйрене­мін деушілерге қыруар уақыт, қаржы бөлінді. Осылайша отыз жыл өтті. Ендеше, отыз жыл бойы орыс тілінен шыға алмай отырған тілдік мешеулікке не себеп?! Шалақазақтарға ана тілін үйренуге отыз жыл неге аздық етті?! Алматы мен астанамызда ана тілін білмейтін қазақтардан неге әлі аяқ алып жүргісіз?! Сонда, өткен отыз жылдың нәтижесі қайда!? Жер шетінде тұратын жапон студенті ана тілімізді он айда үйреніп алды! Ал Қазақстанда тұратын қазаққа өз тілін үйренуге отыз жыл неге жетпеді? Демек, мәселе уақыт пен қаржыда емес екен. Мәселе, ниетте екен. Онда тағы да сұрақ туады, «Қала қазақтарында қазақ тілін үйренуге деген ниет неге жоқ?» деген. Оның табаны күректей екі үлкен себебі бар. Бірі – санаға советтік идеология сіңірген «қазақ тілі – кем тіл» деген шовинизмнен. Екіншісі; Қазақстанда ешкім, еш жерде сенен мемлекеттік тілді талап етпейтіндіктен. Талап етілмеген тілді үйренуге деген ниет те болмайды. Миллионға жуық шала тілді қазақтың ана тіліне ­мойын бұрмауының басты себебі осында. Орыстілді қазақтар үшін күнделікті өмірде де, қызметте де алдынан шығып жатқан қазақ тіліне деген қажеттілік жоқ. Қажеттілік жоқ жерде отыз жыл тұрмақ, отыз ғасыр өтсе де тіл үйренуге деген ниет туындамақ емес. Орыстілді қазақтар «орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады» деген Конституция бабын алға тартып бет бақтырмайды. Қол сілтейді. Олардың жетесіне «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген Елбасы ұраны да жетпей қойды. Қысқасы, шалақазақтар қазақ болудан қашады. Орыстілді болып қала бергісі келеді. Қазақстан орыстілді мемлекет болса дейді. Қазақ тілі өлсе дейді. Бір шалақазақ ғалым қазақ тілі туралы; «Дайте спокойно умереть этому языку!» деп ұрандағаны да есте, тоқсаныншы жылдары. Нәтижесінде қала қазақтары тілдік тұрғыдан совет заманында қалай болса, әлі де сол күйінде. Бұл ұлтсыздықтан қалай, қашан құтыламыз? Белгісіз. ­Сонда бүгінгі күннің ұраны болған бірлігіміз қайда, бір қазақтың өзі өз елінде екіге бөлініп отырса, екі тілде сөйлеп отырса?! Бұл ұлттық кеселден айығуға билік неге асықпайды? Әлде, бір қазақтың екіге бөлінгенін қасірет деп білмейміз бе? Ми жетпейді. Әлемдік тәжірибеде қай елде де мемлекеттік тіл ішкі бірлік кепілі. Дамыған ­елдер осы қағидамен өмір сүріп жатыр. Ал Қазақстан халқы болса бір-бірін ұққысы келмейтін екі тілдік ортада өмір сүруде. Бұл екіге бөліну бір күн ­болмаса бір күні қопарылуы мүмкін бомба үстінде отырғанмен бірдей емес пе?! ­Идеалында тіл бірлігі ел бірлігі болуға тиіс еді. Мемлекеттік тіл Қазақстан халық бірлігінің кепілі болуға тиіс еді. Бұ арманға қашан жетеміз? Оған кім кедергі? Сөйтсек, кедергі – өзіміз екен. Мемлекеттік тіл саясатымыз­дың солқылдақтығы, жалтақтығы екен. ­Мысалы, ағымдағы Тіл заңы мемлекеттік тілді ешкімнен ­талап ­етпей қалғып-мүлгіп ойдай отыз ­жылды өткізді. Бұл ­шалажансар жазылған заңнан санамыздағы жазылмаған заң күшті болып шықты. Советтік санадағы «орысша білмесең өспейсің» деген жазылмаған заң күшті болып шықты. Қараңыз, бүгінгі ­лауазым иелері 100 пайыз орысша сайрайды. ­Орысшасы, тіпті орысты жаңылдырады. Олардың арасында өз ойын қазақша шебер жеткізе алатын шешендер жоқтың қасы. Сонда, бұл шенеуніктер өскелең ұрпаққа қандай өнеге береді?! Әлімсақтан қазақ сөзге тоқтаған халық. Бұ халық – қашанда өз тізгінін сөз тізгінін ұстағандарға берген. Өз тізгінін сөз тізгінін ұстаған шешен-билерге берген. Соларды төбеге көтерген. Өйткені тіл халық жүрегінің кілті болса, сол кілтпен билер жұрт жүрегіне жол тапты. Содан халық: «Өнер алды – қызыл тіл» дейді. Бұл қағиданы бүгінгі шенеуніктер ұмытпауы керек еді, Құрандай жаттап алуы керек еді. Өйткені халық сенің қашанда түріңе қарап емес, сөзіңе қарап бағалайды. Сөзден басталған ісіңе қарап бағалайды. Бүгінде біз кешегі сөз сүлейлері Майқы би, Махамбет, Абай, Жамбыл, Мұхтар, Әбіштер әспеттеген толғауы тоқсан қызыл тіліміздің қадірін кетірдік. Оған немқұрайды қарадық. Нәтижесінде жұрт алдында жайдақ сөйлейтін болдық. Ал қала қазақтары болса, қазақ тілін қойыртпақтаудан, тіптен, алдына жан салмайды. Бұлар бүгінде не қазақша емес, не орысша емес, лингвистика ­тарихында болмаған бір гибрид «шалақазақ тілінде» сөйлейді. Тіл майданындағы бұл келеңсіздіктен төбемізге көтерген Тәуелсіздік құтқаруға тиіс еді. Құтқара алмады. Ащы шындық. Өкініштісі, бұл шындық Тәуелсіздікке дақ түсірді. Көршілерімізге күлкі етті. Бірақ бұл Тәуелсіздік тудырған келеңсіздік емес еді. Кешегі қызыл саясаттан қалған келеңсіздік еді. Сол келеңсіздіктен ана тілімізді арылту Тәуелсіздіктің тарихи міндеті еді.

ЕРТЕҢ

Тіл майданындағы бүгінгі ісіміз – ертеңіміздің кепілі. Яғни бүгінгі тіл тағдыры – ертеңгі ел тағдыры. «Қазақ тілі!» деп қақылдап отыруымыз содан. Өйткені Қазақстан – қазақ тілінің жер бетіндегі жалғыз Отаны. Ол деген сөз, қазақ тілі Қазақстанда өспесе, еш жерде өспейді деген сөз. Сондықтан да оны заң жүзінде қорғау Қазақстан мемлекетінің міндеті. Орыс тіліне келсек, ол – ­Ресей заңымен қорғалған, БҰҰ-ның бір жұмыс тілі. Сондықтан да орыстар, орыс тілінің болашағына сенеді. Оған төніп тұрған қауіп те жоқ, қатер де жоқ. Бұл тіл Қазақстанның қорғауына мұқтаж емес. Керісінше, бұл тіл Қазақстан төрінде ­табаны күректей жүз жыл ұдай тайраңдаумен келеді. Тәуелсіз Қазақстанның ресми төрін тіптен үй иесі қазақ тіліне де ­берер емес. Қараңыз, Қазақстанға келген ­шетел елшілері, сондықтан да Қазақстан басшылығымен орысша сөйлеседі. Бұл дәстүр айдай әлем алдында біздің мемлекеттік тіліміздің өз елінде өгей, мүшкіл халын білдіреді. Қазақ тілі Қазақстанда ресми түрде жұмыс істеп тұрғанда ғана оған деген сенім артар еді, сұраныс артар еді. Ендеше, Қазақстан басшылығы ресми кездесулерді өз жерімізде өз тілімізде жүргізуге тиіс. Елшілер түсінбесе оларға түсіндіретін аудармашылар бар емес пе?! Өз үйімізде өзімізге керек болмаған тіл өзге жұртқа қалай керек болмақ?! ­Ендеше, өзге жұрт бізді құрметтесін десек, алдымен өзімізді өзіміз құрметтеуіміз керек! Қазақстан Парламенті бұған дейін өз заңдарын өзге тілде – орыс тілінде қабылдап келді. Бұл масқара практиканы доғаратын кез жетті. Өйткені бұл үрдіс Қазақстанда қазақ тілінің беделін оңбай түсірді. Қазақ тілі заң қабылдауға жарамсыз тіл екен деген жаңсақ пікір тудырды. Тіл білмейтін басшылар барлық кінәні қазақ тіліне аудара бастады. Ақиқатында олай емес. Бұл қазақ тілінің кемшілігі емес. Бұл осы салаға жауапты шенеуніктердің кемшілігі. Шарасыздығы, шалалығы. Бұл қазақ тілін кемсіткен советтік ­отаршыл саясаттың жалғасы. Бұл практика Тәуелсіздік беделіне дақ түсірді. Біз ұлт жанашырлары атынан «Осы, отыз жыл орысша шүлдірлегеніміз жетер! Отаршыл жүйеден қалған бұл практиканы доғару керек!!!» дейміз! Биылғы жылдан бастап өкімет барлық заңдарды мемлекеттік тілде дайындап, парламент ол заңдарды мемлекеттік тілде қабылдауы керек деп білеміз. Ол үшін, ең алдымен, ­басшы мемлекеттік қызметкерлер түгел екі тілден: мемлекеттік және ресми тілден емтихан-тест тапсыруы керек. Тілдік тұрғыдан сауатсыз шенеуніктер орындарын білікті мамандарға босатуы керек. Тіл білмейтіндерге сауат ашуға отыз жыл мерзім берілді емес пе?! Бұл аз мерзім бе?! Қазақстан Конституциясы ­Қазақ­стан азаматтарын тілдік ­тұрғы­дан кемсітуге жол бермейді. Және Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің ана тілін дамытуына жағдай жасады. Бүгінге дейін іс жүзінде ұлтаралық тіл қызметін орыс тілі атқарып келді. Ендігі жерде мемлекеттік тілді де іс жүзінде ұлтаралық тілге айналдыратын мезгіл жетті. Бұ жайлы өз Жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашық айтты. «Қазақстанда қазақ тілінің ұлтаралық тілге айналар кезеңі де алыс емес» деді. Ендеше, сол межеге қалай жетеміз, қашан жетеміз? Идеалында мемлекеттік тіліміз осы отыз жыл ішінде ұлтаралық тілге ­айналуы керек еді. Бірақ бұл ­арман ­арман күйінде қалумен келеді. Сондықтан да тіл жанашырларының ­дабылы отыз жыл ұдай бір күн де толастаған емес. Ендеше, ендігі жерде бұл арманды ақиқатқа айналдыру керек! Бұл майданда батыл қадамдар ­жасалуы керек! Әрине, бұ тұста қазақ тілін менсінбейтіндер бас көтеруі заңдылық. Бірақ өз көлеңкемізден қорқып жалтақ­таумен отыз жыл өтті емес пе?? Қашанғы жалтақтаймыз?? Мәңгілік ұлт мүддесі қайда? Жүз жыл империялық езгі көрген қазақ тілінің еңсесін көтеретін мезгіл жетті. «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдайтын мезгіл жетті. Бұл Тәуелсіздік логикасы. Мемлекеттік тілді білуді Ата Заңымыз Қазақстанның барлық азаматтарына міндеттейтін мезгіл жетті.

Мемлекеттік тіл Қазақстан халқы бірлігінің кепілі болуға тиіс еді. Бұ арманға қашан жетеміз? Оған кім кедергі? Сөйтсек, кедергі – өзіміз екен. Мемлекеттік тіл саясатымыздың солқылдақтығы, жалтақтығы екен. Мысалы, ағымдағы Тіл заңы мемлекеттік тілді ешкімнен талап етпей қалғып-мүлгіп ойдай отыз жылды өткізді. Бұл шалажансар жазылған заңнан санамыздағы жазылмаған заң күшті болып шықты. Советтік санадағы «орысша білмесең өспейсің» деген жазылмаған заң күшті болып шықты. Қараңыз, бүгінгі лауазым иелері 100 пайыз орысша сайрайды. Орысшасы, тіпті орысты жаңылдырады. Олардың арасында өз ойын қазақша шебер жеткізе алатын шешендер жоқтың қасы. Сонда, бұл шенеуніктер өскелең ұрпаққа қандай өнеге береді?! 

Құрметті оқырман! Байқасаңыздар бүгін біз бұ мақаламызда «мемлекет» ­деген терминді жиі айтып отырмыз. Оның сыры мынада: қазақ тілін жетпіс жыл ұдай езгілеген отаршыл мемлекеттік машина еді. Ендігі жерде бұл тілдің еңсесін көтеріп қатарға қосу да, тек, тәуелсіз мемлекеттік машинаның қолынан келеді. Онсыз құр ұрандардан нәтиже шықпайды. Бұған дейін біз Қазақстандағы тұрақ­тылықты ойлап тіл саясатында тым сақ болдық. Отыз жыл ұдай тіл жанашырларын сабырға шақырумен болдық. Алайда төзімнің де шегі бар екені белгілі. Ақсақал академик М.Жолдасбеков, сондықтан да: «Қазақтың үміті ақталмаса, елде тыныштық сақталмайды» дейді. Мемлекеттік тілге деген ендігі жердегі немқұрайдылық, бұдан әрі біз мәпелеген сол тұрақтылықтың өзіне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан да ендігі жерде елдегі тұрақтылық пен татулық үшін де мемлекеттік тіл мәселесін шешуіміз ­керек. Мемлекеттік тілді өзінің мәртебелі төріне шығаруымыз керек. Басқа жол жоқ. Өйткені мемлекеттік тіл мерейі – Тәуелсіздік мерейі. Мемлекет басшысы тілімен айтқанда: «Қазақ тілі – қазақтың жаны». Ал ана тіліміз үшін жанымыз ауырумен келеді! Ендеше, көп созбай тіл реформасын бастайтын мезгіл жетті. Ол мектептен басталуға тиіс. ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Қазақ тілін реформалау керек!» деді. Ендеше, бұл реформаны неден бастау керек? Қазақстанда бұған дейін мектептер қазақтілді және орыстілді болып екіге бөлініп келді. Біздіңше, бұдан әрі мектептер екіге бөлінуді тоқтатуы керек. Олар бірігуге тиіс. Ол үшін, ең ­алдымен, мемлекеттік балабақшалар түгел мемлекеттік тілге көшуге тиіс. Бұл ­идеяны кезінде И.Тасмағамбетов өкіметте жүргенде ұсынған. Бірақ қолдау таппады. Алдымен балабақшада бірыңғай мемлекеттік тілде тәрбие алған балалар ары қарай мемлекеттік мектептерде де бірыңғай білім алуы керек. Мемлекеттік мектептер жас ұрпаққа ұлтына қара­мастан бірыңғай бағдарламамен білім беруге көшуі керек. Сонда мемлекеттік мектепті бітіріп шыққан балалар ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді толық меңгеріп шықпақ. Ол үшін бұл бірыңғай мектептерде пәндердің 70 пайызы қазақ тілінде қазақ латыншасымен берілуі керек. 30 пайызы орыс тілінде орыс кириллицасымен берілуі керек. Кириллица неге керек? Кириллица алдағы жас ұрпақтың осы әріппен 70 жыл ұдай халқымыз жасаған бай әдеби, мәдени мұрадан қол үзіп қалмауы үшін керек. Ал ағылшын тілі тек жоғары ­сыныптарда ғана жүрсе дейміз. Бұл мемлекеттік мектепті бітірушілер сонда ұлтына қарамастан қазақ, орыс тілдерін толық меңгеріп шығар еді. Ағылшынша да хабардар болып шығар еді. Сонда, бұл ­интернационалды ұрпақтың алдағы өмір жолында тілдік проблема болмас еді. Олар біздер тәрізді бір-бірін түсінбейтін екі параллель кеңістікте өмір сүрмес еді. Олар балабақшадан бастап бірыңғай білім ордасында бір-бірінің тілін түсініп, бір тәрбие, бір тілдік ортада қалыптасар еді. Сонда мемлекеттік тілді білу мемлекеттік органдарда қатаң талап етіле бастаған кезде бұл балалар болашақ өмір жолында тілдік тұрғыдан еш қиындық көрмес еді. Ол деген сөз, олар сондай-ақ ұлтына қарамастан, еңбек нарығында тең құқылы болады деген сөз. Ол деген сөз, мемлекеттік тілді еркін меңгерген олар қаласа, болашақта Қазақстанның ең жоғарғы билігі президенттік билікке де үміткер бола алады деген сөз. Қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері де қазақтардай Қазақстанды шынайы сүйіп хас патриот болып шығар еді. Рухани бірлігі үйлескен Қазақстанның болашағын біз осылай елестетеміз. Ендеше, ел табалдырығын аттаған осынау 2020 жылды неге «Мемлекеттік тіл жылы» деп жарияламасқа?! Күллі қазақстандықтар үшін қазақ тілін білу – біріншіден біздің ұлттық бірлігіміздің кепілі. Ұлы Дала жаны – алтын сандық, қазақ тілі сол сандықтың кілті. Сол кілтке ие болғандар Ұлы Даланың рухани қазынасын ашады. Ұлы Даланың өзіне тән болмысын ашады. Ол әлемді ашқан жан оны еріксіз сүйеді. Өйткені Ұлы Дала рухы – тұнып тұрған тазалық. Ұлы Дала тілінде сөйлеген өзге ұлт өкілдерін Ұлы Дала да өз құшағына алар еді. Өзінің риясыз махаббатына бөлер еді. Бұл құпияны Ұлы Дала тілін білгендер біледі. Қазақ елінің тілін білу қазақ жерінде тұрып жатқан кім-кімдер үшін де баламасыз байлық. Бұл мақала осы рухани байлықтан Елімізде ешкім де тыс қалмаса екен деген тілектен туды. Қазақстан тек қазақтар үшін ғана емес, қазақ жерінде тұрып жатқан барлық ұлт өкілдері үшін де Жерұйық мекен болса екен деген тілектен туды.

1318 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы